ВЕРНУТЬСЯ

(Темірхан Медетбековтің ақындығы туралы)Өлеңнің сиқыры бар!..Егер, сен поэзияны шын сүйген болсаң - өлеңін беріліп оқуыңа қашан да көндіріп, қасыңнан табылатын «өз» ақындарың болмақ!.. Мен үшін сондай сиректің бірі - өзімнен бір жас қана ұлылығы бар, Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне түсіп жатқан Темірхан замандасым!..Жақында оның жыр-жинақтарын тағы бір парақтап оқып шықтым... Сонда неге екенін қайдам Қазақ университетінің тіл-әдебиет бөлімінде оқыған (1966-71) жастық жылдарым, осы Темірхандар поэзияғға келген кезеңнің сағынышты суреттері көз алдымда көлбеңдеп тұрып алғаны...Сол жылдарда университеттің филология факультетінің жанында ұлы суреткер Мұхтар атын иеленген әдебиет үйірмесі жұмыс жасады. Сол бір әдебиет отауына барып тұруды әлдеқашан танылып, атағы шығып кеткен қаламгерлердің өздері де шет көрмеген!.. Себебі, үйірменің жиындарына барғанда – олар сол кезең әдебиетіндегі жас күштердің бет-бағдарына барлау жасаумен қатар, өздерінің де қай тұста, қай шамада келе жатқандарын аңғарып, өздерінше ой түйіп жүретін Онда - өлең-көштің дәупірімдерінен бастап, сары ауыз балапандарына дейін жыр оқитын!.. Өйткені, ондай биік дәрежелі поэзия мектебі – Алматының еш жерінде болған емес!.. Мен шығармашылық ерекшеліктері жағынан бір-біріне еш ұқсамйтын атақты ақындар: Мұқағали Мақатаев пен Төлеген Айбергеновті, Өтежан Нұрғалиев пен Сағи Жиенбаевты, Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиевты, Фариза Оңғарсынова мен Марфуға Айтқожинаны сол үйірменің жиындарында тыңдағанмын!.. Ол жылдарда өлеңқұмар студент біткеннің аузында талантты ақын Марат Отаралиевтың да аты жүрген!..Сол кештердің қызулы сәттерінде керік кеуде, алып тұлға, асқақ үн, ай маңдай ақын Мұқағали аға оқыр жырының бірін «Қайран жеңгем» деп атап бастап, өлеңінің өн бойында тыңдаушысының жан-жүрегін шайқап-шайқап, теңіздей толқытып, сан күйге салып барып:-Сағынып жүрсің бе, әлде, қадірлім-ай,Баяғы жастығыңды майданда өлген!.. – деп тоқтағанда- жанарымызға жас толып, орнымыздан тұра келіп қол соғатын жаны нәзік бозбала біз едік!.. Сол бір жылдарда қазақ поэзиясының қазіргі көзі тірі классигі Өтежан Нұрғалиевтің де орда бұзар отызын кешіп жүрген шағы еді!.. Өтежан ағамыз сонда тентек көздерінен жалын шашырап тұрып:   Мен өмірде домбыраның тиегін –   Биігірек ұстағанды сүйемін!..  Адамдарға жетсе екен деп дауысым –Сар садақты сәл қаттырақ иемін!- деп ширыққанында – тұла бойымыз от аралап өткендей күйіп-жанып қалатын да біз едік!..Егер, біз адамды - өзінше бір әлем, өзінше бір жұмбақ десек, сол жұмбақтың жұмбағы – ақындар!.. Сондай шешуі қиын жұмбақтың бірі – кейін марқұм болып кеткен Жұматай Жақыпбаев болған. Сол Жұматай, сырбаз, төре, ерке Жұматай мінберге баяу басып шығып, миығынан күліп тұрып, майда үнмен жай бір әзіл сөзді жүрдім-бардым айта салғандай қылып қана:  -О, Ләйлі!..  Мен – саған Мәжнүн емеспінЖынданып кететін!.. деп өлең жолдарын тізе жөнелгенінде – сол сөздердің астарында қанша мұң мен сырдың жатқанын кезінде сезіндік пе, сезінбедік пе білмеймін!..Кеңшілік Мырзабеков (ол да марқұм болып кетті ғой!..) жұрт алдына шығатын да өлеңді – мінберді жығып кетердей болып арындап, қызуланып, асып-төгіліп оқитын!..         -Мен де күлемін,         Сен де күлесің.         Ол да күледі –         Бәріміз күлемізТабиғат берген қауқармен! – дегенінде – зал толы жұрттың жарыла күліп отыратыны бар еді-ау!.. Жасырып қайтейін, ол күлегештердің көпшілігі – ақынның әлгі сөздерінде жатқан астарлы философияны аңғара алмағаннан, «табиғат берген қауқардың» жоқтығынан күлетін!.. Қай ақынның қау жұмбағын – қуыс кеуде жай пенденің қайсыбірі анық ұғынып, біліп болған!..Әрқайсының талант деңгейі әрқилы болғанымен, сол жыр кештерінде құнан-дөнендерін алғаш бәйгеге қосып, әдеби ортада әжептәуір таныла бастаған Темірхан тұстас: Зейнолла Тілеужанов, Нұркенже Хасенов, Серікбай Оспанов, Нұрлан Оразалин, Серік Тұрғынбеков, Жарасхан Әбдірашев, Сейсен Мұхтарұлы, Күләш Ахметова, Дәутәлі Стамбеков, Несіпбек Айтов секілді жастардың арасынан сол кезде Қазақ педагогикалық институтының тарих бөлімінде оқып жүрген өз ауылдасым Орақ Байғалиевты да оқта-текте көріп, көңілім қуанып тұрар едім!..         -Жас едім мен, жауқазын ем, бозала таң, бозбала,         Махаббаттың сөздері әлі көп айтылып тозбаған.         Қызғалдақты қырларға алыс қызық қуып бармағам,         Арғымақтай арманға асау қолымды әлі созбағам.         Кенет.., тегі, жаймашуақ болу керек, бір күні,         Тұр екенсің жанарыңда бір тамшы жас іркіліп.         Содан кейін кеудеме бір күмбір етіп – күй толқып,         Содан кейін кеудемде бір құйын ойнап жүр, күнім!..Сырт қарағанда, тұлғасы нардай болып көрінетін нән Орақтың ақын жүрегінен сол жылдарда осындай нәзік, мөп-мөлдір жәудір жырлар үзіліп түскен!..Әдебиет кештеріне Алматының әлдебір бұрышында отбасымен пәтер жалдап тұратын, педагогикалық институтта оқитын Темірхан да анда-санда келетін. Жыр толғайтын жас ақындар арасында жарықшақ, бірақ, арғы жағында әлдебір қуатты, бұлқынысты дүмпу қатар шығып жататын оның даусы да айрықша естіліп тұрар-ды!.. «Кеме келсе – қайық судан шығар» дегендей, осы дауыстың салмағы – «өзім» деп жүрген талай мықтымның мысын басып тастағанын көзім көріп, жүрегім сезген!.. Себебі, ол – қазақ поэзиясына ойы-сойы, бітім-болмысы бөлек ақын болып келді ғой!..Жыр кешіне бір келгенінде ол баршамызды таң қалдырған «Отыз алты градус» деген өлеңін оқыды!.. «Отыз алты градусы несі!» деп, алдымен, өлеңнің атының өзін таң көріп, сосын, «градуспен - бұл шіркін не айтпақ?» дегендей, жұмбақ кешіп отырған бір жұрт... Бақсақ оның айтпағы: «қарт па, әлде бала ма, хан ба, әлде қара ма, ер ме, әлде, қор ма, мейлі кім болса-болсын, бәрінің де қызуы – отыз алты градус» деген оқыс ой екен ғой!..         -Дүние жатыр аласұрып, аунақшып,         Отыз алты градуста қайнаған!..Әлгі өлеңнің тобықтай түйіні – осы. Ақын біткеннің әлімсақтан жырлап келе жатқаны, алдымен, адам. Бірақ, адам – объектіге тап осы қырынан келіп, оны тап осылайша күтпеген бұрылыс жасап жырлаған ақын Темірханға дейін болмаған!.. Ендеше, мұны – ақынның жаңалығы, дүниені тек өз көзімен көре алған даралығы демейтін не жөніміз бар?!.Әдетте, ақындардың, әсіресе, жастықтың жалаулы шақтарында махаббат тақырыбына көбірек ден қоятыны белгілі жай. Бұған олардың осы бір мәңгілік тақырыпты жазбасына қоймайтын жастығы – себепші!.. Бұған – олардың басқа тақырыптарға шама-шарқы жете бермейтін тәжірибесіздігін қосыңыз!.. Бір кереметі, Темірхан ақын поэзияға келген бастау жылдарының өзінде-ақ, қатарластарына қарағанда есейгендік танытып, махаббаттан өзге өмір құбылыстарын да көбірек құнттапты. Ол махаббат тақырыбына келсе де – тек қана өз жолымен келіпті!.. Ойымыз орнықты болсын, ақынның жастығында жазған «Махаббатқа естелік» деген өлеңінен үзінді оқып көрелікші:         -Әлі есімде сол көктемнің сол түні,         Нөсер шуы, найзағайлар жарқылы...         ...Мәңгі есімде қалсын деді-ау бұл көктем,         Екеумізге қарап алып құрметпен,         Найзағайын жарқылдатып әр тұстан-         Аспан бізді асығыс түсірген-ді суретке...Байқасаңыз, бұл өлеңде Темірханнан басқа ақындардың махаббат жырларындағы «мен мұндалап» жүретін гүл де, жас жігіттің қыз-қалқаға жүрегін ұсынған елжірек сөздері де жоқ. Соған қарамастан оның оқушыға беретін әсері, әлгі жырлардан артық болмаса еш кем соқпайды!.. Рас, өлеңнің «орындалысы» олқылау, бірақ, онда көктемнің найзағайы жарқылдаған нөсер-шулы түнінде жапырақтарынан су сорғалаған ағаш түбіне тығылған, махаббаттың мастығымен табиғаттың осы бір оқыс мінезін де елей қоймаған қыз-жігіттің сезім кереметі бар!.. Бұл жарық жалғанның қараңғы түндерінде қыз-жігіттің нешемесі «найзағайын жарқылдатқан аспанның астында асығыс суретке түскен» шығар-ау!.. Сондай сәтті Темірхан ақын ғана дөп басып, жырына азық қылған ғой!..Алпысыншы жылдардың аяқ тұсында республикалық әдеби газетімізде қазақ сөз өнерінің толағайы Әбіш Кекілбаев «Тани білсек – талант көп» деген шағын мақала жариялады. Сонда кім көрінген үшін ауыз ауыртпайтын сарабдал сыншы ағаның назарын – поэзиямыздағы кейінгі толқын арасынан үш жас ақын ерекше аударған екен!.. Сол үштің бірі – Дүйсенбек Қанатбаев, екіншісі – Кеңшілік Мырзабеков те, үшіншісі – Темірхан Медетбеков болуы кездейсоқтық емес-ті. Оны Темірхан ақын кейінгі шығармашылық жолында мықтап дәлелдеді де!..Сөйтіп жүргенде біз: «Медетбеков оқуын тастап, отбасымен Маңғыстау асып кетіпті!.. Сол жақта Ералиев (қазіргі Құрық М.Б.) деген жерде тұрып, қатардағы жұмысшы-барлаушы болып істейді екен!..» деген оқыс хабарды естігенімізде – ерекше таңданған жоқпыз!.. Себебі, өлеңі де , өзі де мәрт ақыннан мұндай қадамды күтуге әбден болатын еді!.. Содан соң-ақ, қазыналы түбек – ақын жүрегінің қазығы да, өлең-жырының азығы да болып кетті!..         -Тұрсың сен бар жақта, бар тұста –         Сорларда, мекенде көнерген.         Шыныққан сан аптап, сан қыста,         Шығасың алдымнан жұмысшы –         Маңғыстау, мұнара денеңмен!..         Әлі де сан жазық, сан алап         Сен шығар – тұғырлар.         Тулайды қан болып,Тұлғаңды аралап трасса, құбырлар!..-деп жазды ақын «Жұмысшы Маңғыстау» деге өлеңінде. «Тұлғасын трасса, құбырлар қан тамырлары секілді аралаған мұнара денелі жұмысшы Маңғыстау!..» Өзін мұншама қанық бояу, күрделі де тың жаңалықты теңеумен суреттегенді – ақынның жырлау объектісі «Маңғыстау» тап бұған дейін көрмеген шығар!.. «Мұнайшы-барлаушылар», «Астан-кестең ашуланды Атырау», «Көшпелі вагондар», «Киіз үй», «Жұмыс киімі», «Түйелер», «Дүниені дүрліктіріп жұлқылап», «Шежіреші» «Геологтар», «Құм көші», «Жерлес теректерге» - бұлардың қай-қайсысы да ақынның Маңғыстаудың өткені мен бүгінінен ойып алған салмақты жырлары. «Маңғыстау желін сағынғанда» деген өлеңінде ақын:         -Мен өзіңсіз тұншығып,Тымырсық боп барамын!.-деп ағынан жарылады. Бұл – ақынның «екінші тынысын» ашқан Маңғыстауға деген сағынышы!..Энциклопедияларда жанартауға (вулкан) –«ежелгі грек мифиологиясындағы от құдай» деген анықтама берілген екен. Олар өздерінің ерекшелігі жағынан: жалын шашып, тұрақты атқылап тұратындар, сөнгендер және су астында дүмпіп, бұлқынып жататындар деп – үш түрге бөлінетін көрінеді. Егер біз әрбір талантты ақынды – бір-бір От құдайы немесе Жанартау деп қабылдасақ, онда өз басым Темірханды – бар «қайратын» сыртқа көп шығара бермейтін, тереңдегі арпалысының өзімен-ақ тартып, дүмпіп, бұлқынып жататын «құпиялы» жанартауға ұқсатар едім!.. Өлең сөздің сөздің «тілін» білген адамға – ақынның бұл ерекшелігі ол жазған талантты жырлардың көпшілігінен-ақ аңғарылып тұрады. Ойымызды ақынның «Телеграф» сымы үзілген жерде» деген өлеңінен алынған үзінді арқылы тиянақтап көрейік:

  • Сымдар, сымдар, кеңістікті әжімдеп,

 Дүниенің денесінде оралған –Үзілді ме дауылдардан, бораннан?..Жіп-жіңішке өне-бойын аралап,Қайғылы бір хабар  өткен кезінде-Үзілді ме аласат бір салмақтан?!.Өлеңнің нақ «Темірханы» - әлгі «бұлқынып жатқан жанартауы» қай жерінде?.. Әрине, телеграф сымның аты – сым емес пе, оған өз бойынан өткен хабардың қайғылы-қайғысыздығынан келіп-кетер не бар?! Бірақ, Темірхан жырлауында - әлгі сымның қайғылы хабардан үзіліп түскенін көресің де, соған сенесің де!.. Бұл жерде жансыз сымға жан беріп, жүрек беріп, сол арқылы оқушысының да жүрегіне салмақ салып, оның ақыл-ой-сезімін билеп алған – ақынның әлгі біз айтқан ерекшелігі – «бұлқынып жатқан жанартау» талантының құдіреті!..Үлкен ақындардың – таланты таңқыларды өзіне еліктіріп, үйіріп алатын кереметі бар екенін көріп жүрміз. Кезінде Темірханның да ондай еліктеушілері болған!.. Бірақ, қазақ сөз өнерінің қадау-қадау құмбылдарының бірі Асқар Сүлейменов айтқандай: «Стильсіз жазушы, өз стилін таба алмаған жазушы – іріге еліктеп, калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады». Олар Темірхандардың әлгі айтқан «бұлқынып жатқан жанартауының» маңайынан да жүре алмайды!..Сөз жоқ, әр ақынның поэзия әлемінен алар орны – шығармаларында айта алған философиялық ой шамасымен де өлшенеді. Егер ақын ондай тереңдікке бара алмаса – ол өмір-алыптың қыры мен сырын аша алмай, тек сырт көрінісін төңіректеген құрғақ қызықтаушы деңгейіндеде қалар еді!.. Темірхан ақын өлеңдерінде аракідік өзіндік философия айтуға да талпыныс жасап отырады.         -Махаббаттан, өлеңнен, сағыныштан-         Адам кейде гүлдейді елуінде.                                  («Адам кейде»...)         Немесе:         -Қалған кезде керексіз боп өмірге –         Жоғалтады иттің өзі иттігін.                            («Қаладағы иесіз иттер»)Біз бұл үзіктерден, ақын - Темірханмен бірге, философ – Темірханды да көреміз. Кезінде біреулер бұл ақынға бағыттап: «Өз аты Темірхан болғаны секілді, оның жазатыны да кілең техника, темір-терсек, өлеңдерінде техникалық терминдерді көп қолданады», - дегендей, жойдасыз сын айтты. Басқа ақындар «техникадан» поэзия таба алмаса – оған Темірхан кінәлі ме екен?! Шындығына келсек, ол – темірдің құрамын, физикалық немесе химиялық қасиеттерін емес, сол темірмен істес болмауы мүмкін емес бүгінгі заман адамының жаны мен жүрегін жазып жүрген жоқ па?!. Техника заманында- техникалық терминсіз жыр жазу мүмкін бе?!.Темірхан - өз өлеңдерінде әлгі айтқан, «техника» әлеміне ғана емес, адам жанының нәзік құбылыстарына да бара алған ақын.         -Үңірейіп жан дүнием тұр қазір –         Ымырттағы аңғал-саңғал қыстаудай...         Немесе:         Есітемін түкпірінен жанымның –         Байғыз даусын сұңқыл қағып жылаған.Жалғыз қалған адамның «ымырттағы аңғал-саңғал қыстаудай үңірейген, жан түкпірінен сұңқыл қағып жылаған байғыз даусын естіген» көңіл-күйі. Өз басым Темірханның жоғарыдағы өлең жолдарынан ерек суреткердің қолтаңбасын танимын!..Ақын табиғат суреттерін жасауға да тек өзіне тән даралықпен барады. «Қаладағы қалың тұман» деген өлеңге назар салыңыз:         -Тартып тұрған секілді анау бір жігіт         Темекісін су астында тұрып ап.Әрине, өмір олай болмайды. Бірақ ақындық қиял-күштің мықтылығы сондай – бұл суретті қабылдамасына қоймайды!..         -Тұман кенет ашылды да, қала –         Жер үстіне қалқып шықты қайтадан.Әлгінде ғана су астында қалып, демі тарылғандай болған оқушы енді кеңстікке шығыпғ «уһ» деп кеудесін кере дем алғандай күй кешеді!.. Бұл да Темірханның – ақындық бір «сиқыры».Кезінде бұл ақынның атына: «Т.Медетбековтің өлеңдерінде әуен-әуез, саз жоқ, қолданатыны – жай прозалық тіркестер ғана»,- деген сын айтылғаны да есімде. Сонда менің: «Темірхан – Қасым Аманжоловтай  скрипкашы емес қой. Жұмекен Нәжімеденов пен Жұматай Жақыпбаевтай домбырашы емес қой, оның өлеңдерінде әуен-саз қайдан болсын, жаңағы сын – орынды айтылған сын екен-ау»,- деп ой түйгенім бар. Кейін, жүре келе, бұл ойыма күмәнмен қарағандай, тіпті, одан бас тартқандай болдым!..      Енді, осының себептерін тарқатып көрейін. Иә, домбырашы-музыкант ақын Жұматайдың алғашқы өлеңдерінде әуен-саз мол болды!.. Оның өзінен-өзі ән мен күйге сұранып тұратын әуезді жырларын тек тыңдай бергің келетін!.. Сол Жұматай марқұм қысқа өмірінің соңғы жылдарында әлгі әуен-сазды азайтып, салмақты ой мен мұңға ден қойды! Неге?.. Ал, Жұмекен ағамыз мықты музыкант бола тұра, өлеңдегі әуенділікке әуелден де көп құмартпаған!.. Ол өз поэзиясында біраз үзіліс жасап, сол аралықта: «Ақ шағыл» «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» секілді романдарын жариялап, енді өлеңін одан әрі жалғастырғанда – бұрынғы азғантай әуен-сазын да тастап, прозалық  дерлік тіркестерге ауысты. Бір кереметі, оның ұлы өлеңдері де поэзиясында осы «прозалық» сипат бел алған тұста дүниеге келді! Неге?.. Біздіңше, оның себебін Жұмекен ақынның өлеңдерінде әуен-саз барынша азайғанымен, есесіне оларында ішкі динамика мен тереңдік, ондағы бетке шыға бермейтін, бірақ оқушысын «тұтқыннан» шығармайтын қуатты шарпылысты сезімдер мен ой толқындарының ерекше күшейгендігінен іздеуіміз керек шығар!.. Осы ретте, мен әуезді өлеңді – жанартаудың көзіндей арбап, от шашып тұратын түріне ұқсатар едім!.. Ал, өлең ешкімге «тәуелсіз», дара таланттардың қолынан шыққан жағдайда, пәлендей әуен-сазсыз-ақ немесе тереңде бұлқынып жатқан жанартау қуатымен-ақ жаныңды баурап алар-ды!.. Бұл ретте менің жанымды: «заманы құбылып, қайшылығы молайып тұрған ғасырдың соны ақындары да күрделі ойларға бастайды-ау, асылы, олардың қорғасын- ойлары әуен-сазды өлеңге сын да бермейтін шығар-ау!»- деген ойлар баурайды.Кейінгі жылдарда Өтежан ағамыздың (Нұрғалиев) өлеңдерінде де әлгі «прозалық» сипаттың бел алып жүргені бекерден-бекер дейсіз бе?!. Мұның бәрі мені: «Ж.Нәжімеденов, Ө.Нұрғалиев, Т.Медетбековтердің ақындық табиғатында, шығармашылық ізденіс жолдарында бір-біріне, алыстан болса да үн қатысып, ұғынысып қалатын бір туыстық бар-ау, олар әуен-әуезден саналы түрде қашқақтаған екен-ау!»- деген ойға тірейді. Әрине, бұлай дегенде: «ақынның бәрі осыларға ұқсасын, әуен-саздан аулақтасын!..» демейміз... Асылы, кімге қай жол қолайлы, оны әр ақынның талант табиғаты мен ізденісі белгілер болар!.. Біздіңше, бұл – қазақ поэзиясы зерттеушілерінің арнайы назар аударуларына тұрарлық, елеулі мәселе!..Егер, біз: «Үлкен ақындардың шығармашылығы кілең мықты өлеңдерден тұрады», - десек – қателесер едік. Оларда, керемет жырлармен қатар, тәуір, тіпті, ортанқол өлеңдер де бола береді!.. Себебі, өз басым шабыт пырағы ылғи бабында тұратын ақынды білмеймін!.. Мүмкін, содан да шығар, кейбір өлеңдерінде Темірханның шұбалаңқылыққа ұрынатыны бар... Егер, өлең шумақ сайын күшейе түссе – оған не сөз бар!..  Менің «қызық үшін» ақынның, сондай өлеңдерінен бірқатар шумақтарды алып тастап, ықшамдап, сосын қайталап оқығаным бар... Одан әлгі жырлардың салмағы жеңілдемеген секілді... Темірхандар – болашақтың ақыны!.. Сондықтан, оның өлеңдерін қайта қарап, сүзгіден өткізгені теріс болмас еді!..Мен Темірхан ақынды – қазақ өлеңінің Абай бастаған үркердей ұлылар тобына  қосып, әлек болмаймын!.. Оның, баста болмағанымен, кеуде тұстан ойып алған өз орны бар!.. Екінің бірі өлең-сөзден дәме қылатын қазақ деген халықтың ортасынан шығып, мұндай биікке көтерілу – қай сөз зергері үшін де үлкен мәртебе!..Темірхан замандасымыз қазақ поэзиясы алыптарының бірі Жұмекен Нәжімедеов дүниеден өткенде шығарған «Ақын жүрегіндегі жарылыс» деген жоқтау-жырында:-Күресіп енді өтермізКеткенше жүрек жарылып!- деп серт сөзін айтқан екен!.. Ол осы сертіне қашан да адал болып келе жатқан ақын!Темірхан ақын жыр-тұлпарын бұдан бұрын да Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне қосып көріп еді... Жүйрік көп қой! Онда сәті түспеген... Бұл сапарда да бәйге жолына кілең «ығай мен сығай» шыққан ба қалай?.. Дегенмен, Темірхан – таланттың жөні бөлек қой, бөлек!..                                                   («Үш қиян» газеті.                                                         15.12.2000 ж)