ВЕРНУТЬСЯ

Маңғыстау ауданының оралығы Шетпеге бара қалсаңыз басында -дулыға, үстінде – сауыт, бір қолында – шоқпары, алыстарға қырағы көз тігіп, шалқақ та мығым отырған ер Досанның ескерткішін көресіз!.. Ол әрине, қалай болса солай жасала салынған дүние емес!.. Сол отырысының өзінен-ақ кеудесін кернеген кек пен сыртқа тепкен қайраттың, қайтпас қайсарлықтың лебі есіп тұрғандай!.. Дегенмен, ескерткішке – бірдеңенің, нақтысы «біреудің» жетпей тұрған жайы бар!.. Басқа жұртты білмеймін, өз басым көрген сайын ойлаймын: « Ер Досан – ана бір бұлағайлы жылдарда өзімен бірге қол бастасқан қандыкөйлек жолдасы Исасын іздеп, жалғызсырап отыр-ау!..» - деп... Маңғыстаудың кеудесін жатқа бастырмайтын бостаншыл жұртының басынан кешкен сол бір қанды оқиғаларды халқымыз қашан да: «Иса-Досан көтерілісі», - деп келген!.. Әлі де солай деумен келеді!.. «Халық айтса – қалпы айтпайды!..» Соған қарамастан кешегі тәуелсіздік алған жылдарда жоғарыдағы көтерілістің қос көсемінің бірі, ел басқарған қайраткер, өзі ақын, өзі би Иса Тіленбайұлының тарихи еңбегін бағалауда – солақайлықтар жасалды!.. Исасыз Досан – халықтың жадына да, тарихқа да жасалған қиянат!.. Қателікті, уақыт ұзатпай түзету қажет!..Нақты ұсыныс: заманында өмірдің от пен суын қатар кешкен Иса мен Досан бүгінгі ұрпақтарының көз алдында (ескерткіште) бірге тұрғай!..