ВЕРНУТЬСЯ

Жоғарғы талдап өткен омоним, синоним, архаизм, шет сөз, диалектизм,
неологизм - бәрі де өз мағынасында қолданылатын сөздер тобына жатады. Көркем
тілдердің басқа түрлері өмір құбылысын сурет арқылы көзге елестету міндетін
қойса, өз мағынасында қолданылатын сөздерге ол міндеттер қойылмайды.

Эпитет те, теңеу де ең алдымен өмір құбылысын сурет арқылы көрсететін
көркем сөздер саналады және әдеби шығармаларда мейлінше жиі кездеседі.
Сондықтан олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталуға тура келеді.

 Адамның не заттың, не
табиғат құбылыстарының өзгеше белгілерін көрсету, олардың бейнесін оқушылардың
көз алдына елестету, ой-қиялына әсер ету үшін қолданылатын            көркем сөздердің бір түрін  эпитет
дейді.

  Мысал үшін бірнеше үзінділер
келтірелік:

 

 Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып, дымқыл тұман жерді
басқан.

                                                                                         (Абай)

Жұп-жұмыр жұмысшының білегі бар,

Тап-таза таптық ойы, тілегі бар,

Қып-қызыл Ленин туы бір қолында,

Бір қолда балға, орақ, күрегі бар. 

                                                                                 (Асқар)

Ала тау қаусырма өркеш шөгіп
жатты,

Алабын ақ шудамен бүркеп жауып,

Арда өскен асау аңдар аясында

Асыр сап ойнап жатты ауық-ауық.  

                                                                               (Әбділда)

Жалпақ жауырын, мүйіз қол, жуан балтыр...

 Бұл келтірген үзінділердегі курсивпен басылған сөздердің бәрі де эпитетке
жатады.

Эпитетті қолданғанда, жазушылар жай қолдана салмайды. Белгілі мақсатпен
қолданады. Жазушының қолданған эпитеттері, суреттеген нәрсесіне өзінің
қатынасын көрсетеді. Біз келтірген мысалдағы ақындардың қолданып отырған
эпитеттері олардың таптық мүдделерімен байланысты. Жалпақ жауырын, жуан балтыр, жұп-жұмыр жұмысшының білегі бар
дегенде, мұндағы эпитеттер ойланбай алына салған нәрсе емес.

Дүниені қайта жасаушы, алып күш жұмысшылардың кім және қандай адам екенін,
оның еңбек пен теорияны қатар ұстай алатындығын көрсету үшін оларды басқаларға
үлгі ету үшін қолданып отыр.

Эпитет жазушының суреттеген құбылысымен белгілі жағдай, кезеңдермен
байланысты боп отырады. Қуанышты, шаттық, жігер туғызу үшін жазылған
әңгімелерде эпитет бір түрлі, қапалы, көңілсіз өмірді суреттеу үшін екінші
түрлі эпитет қолданылады. 

 

 Меңіреу,                               Саңғал тау

Мылқау,                                Сай-саланың

Қимылсыз,                            Нелер миллион жыл ұйықтап

Мүлгіген,                              Сұр көрпесін
тұйықтап,

Мәңгі,                                    Ең аяғы ит,

Даланың,                               Құс та     

Адыр,                                     Басынып
оны иықтап,            

Белес,                                    Аштырмаған
қабағын

Биік құз.                                

(Сәбит)

Мысал үшін осы
үзіндіні алсақ, мұндағы эпитет, олардың адамға беретін әсері алдыңғы
өлеңдердегі эпитеттерден өзге. Өйткені Сәбиттің бұл үзіндіде алға қойған
мақсаты қазақ еңбекшілерінің өткен кездегі, қараңғылықтың тырнағынан бүріліп,
қармағына ілінген, езіліп жаншылған, кім болса соған жем болған күндерін
суреттемекші. Сондықтан өткен күннің суретін беру үшін, ол соған лайықты, сол
күндегі қазақ еңбекшілерінің басынан кешірген ауыр тұрмысын көзге елестетеді.
Сондықтан бұл үзіндідегі эпитеттерде: меңіреу, мылқау, мүлгіген, мәңгі, сұр
(көрпе) боп келеді. Бұлар ескі өмірді суреттеу үшін қолданылған эпитеттер
болса, енді жаңа өмірді суреттеген өлеңдерден тағы бір мысал келтірелік.

 

Лахути, сал көзіңді,
жайнады бақ,

Ол бақта жайқалып тұр гүл, қызғалдақ.

Жұпар иіс бой балқытып, ойды тербеп,

Күміс шық жалтырайды
маржандай-ақ.

(Жамбыл)

Жамбыл - совет дәуірінде қайта туған жыршы. Ол - ескі қара күнді де,
бүгінгі бақытты, шат, гүлденген өмірді де өз көзімен көрген тарихтың әр
кезеңіне өзі айғақ қарт ақын. Ол бүгінгі өмірге қуанады. Совет дәуірін
шаттықпен суреттейді. Сондықтан да бүгінгі бақыт шыңына шыққан өмірді суреттеу
үшін алған оның эпитеттері де қуаныш, шаттықты көзге елестетін сөздер боп
келеді.

Совет халық әдебиетінің алыбы атанған Жамбыл, басқа совет ақындары да
өздерінің өлеңдерімен де, жеке образдарымен де өз табының, пролетариат табының,
еңбекшілердің жырын жырлайды, сол идеяларына жеке образдар, оның ішінде
эпитеттерді де лайықтап алады.

Ескертетін бір нәрсе - эпитетті болсын, суреттеу құралының  басқа түрлері болсын, сол шығарманың жалпы
идеясымен байланыстырып, кім жазды, қай кезде, нені көрсетпек, - осыларды біле
отырып тексеру керек.

Эпитеттің және бір түрі - тұрақты эпитет. Тұрақты эпитет деп көпшілігіне сол нәрсеге тұрақталып, бекілген
эпитеттерді айтады.

Мысалы: Қызыл ту, қызыл әскер, шұбар
төс
т.б.

Бұл өлеңдерде де кездеседі.

Мысалы:

 

Мүйіз қара жұдырық,

Тоқпақтай болып жұмылып,

Бүлкілдеген бұлшық ет,

Денеде бұлт-бұлт жүгіріп.

                                                     (Сәбит)

Миллион жұмыр күш білек...

Ерегіскен дұшпанға,

Қызыл сырлы жебе едім.

                                                     (Махамбет)

Қорамсаққа қол салды,

Бір салғанда мол салды,

Көп оғының ішінен

Сұр жебе деген оқ алды.

                                                     (Батырлар
жырынан)

Осы келтірген үзінділердегі курсивпен басылған эпитеттер, көбіне сол
сөздерге қосақталып айтылады. Мысалы: жұдырықтың алдындағы мүйіз; жебенің алдындағы қызыл
сырлы
, сұр т.б.

Батырлар жырында жебе деген сөздің алдында көбінде екі эпитет жүреді.
Жебеге осы екеуі тұрақталып, бекілген.

Жебе деген сөзді қай жерде қолданса да, не қызыл сырлы, не сұр жебе
деп келеді.

Мүйіз қол, күш білек деген сөздердегі мүйіз, күш
эпитеттері көбіне еңбек етушілерге тән, еңбек етуші адамдарға бекілген
эпитеттер деп айтуға болады.

Төс деген сөздің алдындағы шұбар
деген эпитет еңбекшілерге мүлде қолданылмайды. Патшадан шен-шекпен алған тек
езуші, қанаушы байлар табының адамына ғана бекіген, соларға ғана айтылатын
эпитет. Осылар сықылды эпитеттерді тұрақты эпитет дейді.

Эпитет болатын көбіне сын есім (ақшыл
бұлт, ащы дауыс, Қызыл ту
). Кейбір зат есімдер: (күміс ай, алтын күн, меруерт жұлдыз), есімше, көсемше етістіктер: (қайнаған күн, жайнаған күн, гүлденіп,
аймалап
), көбіне осылар сықылды затты анықтайтын сөздер болады.

Бірақ тілдегі барлық сын есім, барлық анықтайтын сөздер кез келген жерде
эпитет бола бермейді. Өйткені сын есім жай ғана өз мағынасында қолданылса, бір
нәрседен екінші нәрсені айыру үшін ғана айтылса, ол эпитет болмайды. Эпитет
болу үшін сол нәрсені анықтай көрсетумен қатар, сол эпитеттің тигізетін әсері
болуы керек. Сондықтан сын есімдердің, анықтайтын сөздердің кейбірі нәрсенің
жай ғана сынын, қалпын көрсетсе, кейбірі эпитет болады.

Мысалы: қара, қызыл, ақ, биік, аласа,
толқынданған, ақшыл
деген сөздер бір жерде эпитет болса, екінші жерде
эпитет болмайды. Бұлар суреттеген нәрсенің әсерін күшейту үшін, оқушы сол
нәрсенің суретін көз алдына елестету үшін қолданса, эпитет болады. Бұны біз
жоғарыда айттық.

Ал олай болмай, нәрсенің жай қалпын, сынын білдіру үшін қолданса, эпитет
емес, сын есім не анықтайтын сөздер ғана болады.

Эпитет сықылды көрінсе де, эпитет болмайтын сөздер:

Әуеде ұшып жүрген қара қарға,

Үй жанында жүретін ала қарға.

Ішінде көп сиырдың қасқа сиыр -

деген өлең сөйлемдердегі: қара, ала, қасқа деген - сын есім не
анықтауыштар, эпитет емес.

Екінші бір контексте сол сөздер эпитет болады. Мысалы:

 

Ақ
қағаз, қара сия, қалам алдым.

Жұп-жұқа ақшыл бұлттар күнді ұзатты.

 

Қағаз бен сияның алдындағы ақ, қара,
бұлттың алдындағы жұп-жұқа бұл жерде
жай қалпын білдіру емес, сол нәрсенің әсерін күшейту үшін қолданылып отыр. Ақ қағаз, қара сия, қалам алдым дегенде, жазу үшін қара қағаз емес, ақ қағаз алғанын
көрсету мақсатымен айтылған сөз емес, жазуға отырғандағы көріністі көзге
елестету үшін образ жасау үшін қолданылып отыр. Сондықтан бұлар эпитет болады.

Өткен шақтық есімше не көсемше етістіктер арқылы жасалынатын эпитеттерді
талдағанда мұқият болуды керек ететін бір нәрсе - олар сөйлемде көркемдік үшін
бір нәрсенің бейнесін көзге елестету үшін қолданылып отыр ма, әлде жай қалпын
ғана білдіре ме, міне, осы екеуінің шегін айыра білу. Егер олар бір нәрсені
көркемдеу үшін қолданылса - эпитет, тек жай қалпын көрсетсе - эпитет емес.

 

Адасқан күшік секілді,

Ұлып жұртқа қайтқан ой.

Өкінді жолың, бекінді,

Әуре болма, оны қой!

                                                 (Абай)

Осы үзіндіде үш эпитет бар. Адасқан,
ұлып, өкінді
жол. Адасқан күшік секілді деген жолдағы адасқан өткен шақтық есімше етіс арқылы
жасалынған. Жай күшік емес, адасқан
күшік.
Ұлып жұртқа қайтқан ой
деген жолдағы ұлып өткен шақтық
көсемше жай қайтқан ой емес, ұлып қайтқан
ой
. Бұл жерде адасқан, ұлып -
эпитет. Өйткені негізгі айтайын деген пікір жалыққан ой туралы болса, ондай
ойды, басқа кездердегі ойлардан өзгеше түрде етіп, ерекше жекелеп көрсету үшін
әлгі сөздер көркемдік жұмысын атқарып отыр. Өмір картинасын немесе портрет
жасау үшін эпитет, әсіресе күрделі эпитеттер, көп қолданылады. Бір жолда бір
ғана емес, бірнеше эпитеттер қатар келсе, оны эпитеттің күрделі не ұлғайған
түрі дейміз.

Мысалы:

 

Шоқпардай кекілі бар, қамыс
құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

                                                                           (Абай)

Осы төрт жол өлеңді алсақ, шоқпардай
кекілі
бар деген сөйлемдегі бір теңеуден басқасының бәрі де эпитет.

   Жазушы бір нәрсені көркемдеп суреттеу үшін ол нәрсенің өзгешелік белгілерін
көрсетпей-ақ, оны екінші нәрсемен салыстырып та суреттей алады. Бұл салыстыруды
теңеу деп атайды.

Теңеудің өзіне тән ерекшелігі - белгісіз нәрсені белгілі нәрсеге салыстыру
арқылы көзге елестету.

Мысалы:

 

Дауылпаз

Нажағайдай жарқылдайды.

Оқтай зымырап, бұлтқа енеді.

                                                         (Горький)

Осы келтірген үзінділердегі нажағайдай,
оқтай
деген теңеу арқылы бізге белгісіз дауылпаздың қимылын көзімізге
елестетеміз.

Теңеулердің көпшілігі зат есімге, есімше етістікке жалғанған -тай (-тей), -дай (-дей), -ша, (-ше)
және -дайын (-дейін) жұрнақтары
арқылы жасалады.

Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке мысалдар келтірелік.

 

Оның сөзі көкте жанған жұлдыздай.

Оның сөзі - желден жедел
найзағай,

Оның сөзі күндей күліп, жарқырап,

Сақталады жүрегімде ол ұдай.

                                                                           (Жамбыл)

Отқа төккен тұздай боп,

Сықырлап сынған мұздай боп

Жарылды бір күн қабығы.

Қанаты қызыл бүлістей,

Тұяғы болат күмістей,

Шықты қыстың алыбы.

                                                      (Сәбит)

Желектей желіп желпінді,

Желқомдай жырттым жеріңді,

Түбіттей түтіп бұлтыңды.

Таспадай тілдім толқынды,

Бағынбай кеннен нең қалды?

                                                        (Тайыр)

Тотыдайын таранған,

Сұңқардайын сыланған,

Сұлу жібек, арма екен?

                                                      («Қыз
Жібек» жырынан)

Болатша дірілдеген жалын көрген,

Бір күңгірт тартып және оттай жанған.

                                                       (Абай)

Бұл келтірген мысалдардан екі нәрсенің (теңейтін нәрсе мен теңелетін
нәрсенің) сыртқы ұқсастығы болғандықтан, теңелетіні көрінеді. Бірақ бұл -
әңгіменің тек қана сыртқы жағы. Шынында, теңейтін зат пен теңелетін заттың не
себептен, не үшін теңелгенін тереңірек алып қарасақ, оның түпкі қазығы
жазушының көздеген мақсатымен байланысты болып шығады.

Әр таптың жазушысы, эпитет сықылды, теңеуді де өзінің дүниетануына, таптық
тілегіне сәйкес етіп, оқушыға өзінің әсерін тигізу мақсатымен қолданады.

Сәбит «Ақ аюында»:

 

Теңіз беті қорыққандай етті қалш-қалш.

Жағада жер сілкінте ойнады марш.

Чапаевтай зор дауыс - гудок,

Қиқу салды келіп,

                        кемеге

                                   деп:

                               «Шагом
марш!» -

дейді.

Сәбиттің бұл жерде гудоктың даусын Чапаевтың даусына теңегендегі мақсаты -
пролетариат революциясының жолында құрбан болған қайтпас ер, пролетариат батыры
Чапаевтың атын көпшілікке тарату. Көпшілік оның ісімен таныссын деген мақсат.
Сол үшін теңеп отыр.

Дәуірдің өзгеруі, әр таптың саяси, шаруашылық тілектеріне байланысты
теңеулер де өзгеріп отырады. Бір дәуірде не бір әлеуметтік жағдайда көпшіліктің
көңілін аударған теңеулер, не күшін жоғалтып, не ұсталудан тіпті шығып қалады
да, оның орнына жаңа теңеулер кіреді.

Бұрынғы бес биенің сабасындай,
байлардай
деп келетін теңеулер бүгінде қолданудан шығып қалды. Бұлар
қолданыла қалса, ұнамсыз, жаман мағынада ғана қолданылады.

Октябрь революциясынан бергі туған жаңа теңеулер өте көп. Мысалы, Лениндей, Чапаевтай, социализм қарқынындай,
Сұлтан Баймағамбетовтей, космонавтай, Днепрдей
т.б. Сонымен қатар кей
жағдайда белгілі бір кезеңдерге байланысты туатын жаңа теңеулер болады. Мысал
үшін Тайырдың «Өмір сөйлейдісінен» мына бір үзіндіні келтірелік:

 

Күй тілейді социалды мүліктерім,

Тоздарда төлден өскен түліктерім.

Қойлардай айыр тұяқ қаламымды,

Сондықтан маңыратып жүгірткенім, - 

 

дейді.

Мұндағы қойлардай айыр тұяқ деген
теңеу - жаңа теңеу. Қойдың тұяғы ертеден келе жатса да, мұнан бұрынғы қазақ
поэзиясында қаламын қойдың тұяғына теңеген ақынды табу қиын. Ақынға бұлай
теңетіп отырған  Қазақстандағы жаңа
жағдай. Қазақстанды Шығыстағы социалистік мал шаруашылығының алдыңғы қатардағы
базасына айналдыру керек деген партияның жаңа ұраны, сол ұран шыққаннан кейін
ғана ақын қаламын қойдың тұяғына теңеп отыр.

Теңеудің ішінде болымсыз теңеу дейтін болады. Бұнда бір затты екінші затқа
теңегенде, болымсыз мағына шығарады, мысалы: Ол онша әдемі жігіт емес. Дегенмен
бір көруге сиықсыз адам сықылды да емес. Денесі томардай жуан да емес. Тал
шыбықтай жіңішке де емес т.б.

Жалпы теңеу, оның ішінде болымсыз теңеу өлеңде де, қара сөзде де кездесе
береді. Есте болатын бір нәрсе - жазушының жалпы тіл, оның ішінде эпитет,
теңеулері де, оның шыққан ортасымен байланысты болады. Өндірісте, ауылда өскен
жазушының тілі, эпитет, теңеулері де көбіне сол ортадан алынады. Сондықтан тіл,
образ қолданыстарына қарап, қандай ортадан шыққан ақын, жазушы екендігін білуге
де болады. Мысалы:

 

Топта бір нұрың балқиды

Сарыатанның айындай...

Еркелейсің, жан сәулем,

Қысырдың қызыл тайындай.

                                                             (Халық өлеңі)

Бұны шығарушы адам белгісіз болған күннің өзінде теңеу, эпитет тағы басқа
жақтарына қарап, бұл өлеңді шығарушы мал шаруашылығымен тіршілік еткен ортадан
шыққан шыққан ақын деп, кім де болса айта алады.

Өмірдің әртүрлі жақтарын суреттеу үшін эпитет, теңеулер жазушыға тіл
құралының негізгісінің бірі боп саналады. Пушкин, Горький, Абай, Сәкен, Ілияс
сықылды үлкен суретші, ірі ақындардың еңбектерінде эпитет, теңеулерін де көп
кездестіреміз.

Мысал үшін Абайдың «Аттың сыны» деген өлеңін алалық.

Бұл өлең түгелге жақын эпитет пен теңеуден құралған деп айтуға болады.
Көркем тілдің басқа түрлері бірен-срандап қана кездесуі мүмкін.

Эпитет, теңеулерді Пушкиннің, Горькийдің, Абайдың, Махамбеттің, Жамбылдың
т.б. классиктердің қолданыстарын алсақ, төтенше көзге түсетін нәрсе негізгі
мақсаттарына лайықты түрде алынады. Горький өткен өмірді, қанаушы таптың
адамдарын суреттеу үшін, соларға тән және оларды жексұрын етіп көрсететін
теңеу, эпитеттерді қолданады. «Артамоновтардың ісі» деген романның бір жерінде:
«...бұжыр бетінде сарғылт жез сықылды көзі бақырайған, дымқыл сақалды поп...»,
- дейді. Оның бұнан басқа да тамаша үздік эпитет, теңеулері көп және әртүрлі,
әр жағдайға, әрбір адам образдарына тең боп келеді.

 

Ескерту: -тай
(-тей), -дай (дей)
сөзге
жұрнақ ретінде жалғанса ғана теңеулік мағына береді. Ал көсемше етістік боп
келген жерлерде теңеулік мағына бермейді.

Үндей деген сөзді алсақ, -дей - бір
сөйлемде теңеу жұрнағы, екінші сөйлемде теңеу мағынасын бермейді.

Мысалы, Сұңқылдап даусың шықты
сыбызғы үндей
дегенде, -дей - теңеу жұрнағы, теңеулік
мағына береді. Ал Теңдікке шақырған соң
өзін үндей
дегендегі -дей
теңеулік мағына бермейді. Бұл арадағы үндей
- көсемше етістік. Басқалар да осы тәрізді. Сондықтан теңеу жұрнақтары
кездескен жердің бәрі теңеу бола береді деп қарамай, сол жұрнақтар теңеулік
мағына беріп тұр ма, жоқ па, сол жағын да абайлау керек.