ВЕРНУТЬСЯ

        ...1945 жыл, қаңтар аяғының аяғы. Алдыңғы жылдың аяғында
Арденн тауларында немістерден тұтқиыл да тегеурінде соққы алған
ағылшын-американ одақтастарының тынымсыз талап-тілектерінен соң, мерзімінен 8
күн бұрын шабуылға шыққан кеңес әскерлері сәл дамылдап жатқан-ды. Кенет
майданның арғы шебінен поляк партизандарынан жаушы келді. Олар майдан шебінен
60 километрдей жерде, Польшаның бұрынғы астанасы Краков қаласының іргесінде
орналасқан нацистердің аса ірі өлім лагері-Освенцимнен жеткен боп шықты.
Бұрынғы тұтқынның айтуынша, нацистер өлім лагерін жарып жіберіп, тірі қалған
бейбақтарды құртып жіберуді жоспарлапты. Егер әлде де бір-екі күн кешіксе,
жау  ниетін жүзеге асырмақ. «Бақытсыздар
сіздерден көмек күтеді!» деді жаушы сөзін түйіндеп. Соны естіген сардарлар да,
сарбаздар да мазасы кетіп: «Біз оларды құтқаруымыз керек!» десті. Бойларын
ізгілік сезімі кернеген кеңестік жауынгерлердің мақсатты ойын жоғары әскери
басшылық та қолдады. Қақаған аяз бен бұрқыраған боранға (Польшада сол жылы қыс
қатты болса керек) қарамастан, сан ұлтты орыс әскері шабуылға шықты. Немістердің
өршеленген қарсылығын, әсіресе Освенцимнің тұсындағы қатты тосқауылды
елеместен, орыс танктері өлім лагерін қоршаған тікенек сымды бағанасымен бірге
қопара, ішке басып кірді. Көп ұзамай көлемі 500 
га аумақты алып жатқан азап пен ажалдың орны, жер бетіндегі тозақ  азат етілді. Өзінің азат етушілерін орнынан
тұрып, қарсы алуға да дәрмені жоқ бишараларды кеңес жауынгерлері балаша көтеріп
алып, емханаларға жөнелтті. Әсіресе тірі аруаққа ұқсаған балаларды көргенде,
кейбір жауынгердің көзіне жас үйіріліпті.

Сөйтіп, сол жылдың 27 қаңтарында Освенцим азат етіліп, қатігез дұшпан
құртып үлгірмеген ондаған мың адам тірі қалды. Жүректеріне мейірім шуағы
ұялаған біздің ата-бабаларымыз осылай адамзаттың алдындағы рухани парызын өтеп,
мәңгілік алғысқа  ие болған-ды. Табиғаттың
дүлей күші де, жаудың жанталасқан қарсылығы да, қарулас жолдастарының қайғылы
қазасы да олардың жолына бөгеу болған емес...