ВЕРНУТЬСЯ

        Бұл күн өзіне қаншалықты қатерлі боларын Нағым ақсақал
сезген де жоқ. Түстен кейін үйінің жанындағы бау-бақшада істеп, шаршағанын сезген
қария сәл бой сергітіп алу үшін сыртқа шыққан. Айналаға көз салып, мамыр айының
май тоңғысыз жұпар ауасын жұтып ұзақ уақыт тұрды. Сонан соң, есік алдындағы
сәкіге отыра кетті...

...Жақып пен Сағат алдын ала уәделескендей, түс кезінде
орталық азық-түлік дүкенінің жанынан ұшырасты. -Привет!-деді Жақып өзіне өзіне
қарап ыржиып, екі езуі құлағына жеткендей болған Сағитқа;-Хал қалай? -

-Онша емес. Пахан ренжіп, маған «Маг әпермеймін» деді.
Әуелде уәде еткен...

-Не үшін?-

-«Не үшін», «не үшін?» дейді ғой...Әрине, әлгі Арғынбаев
сияқты «үлгілі», «озат» оқушы болмағаным үшін. Бар пәле математик Кларадан
шықты...

-Өй, сол қарт қыз да соңыңнан қалмайды. Бізде не шаруасы бар
осы?! Оқығымыз келмейді и все!-

-Соны айтам-дағы. Завуч емес, директор емес, соған не керек?
Әлде Арғынбаев сияқты жұртқа жақсы көрінгісі келетін шығар...

-Арғынбаевты қойшы. Қоңқайған мұрнына көзілдірігін іліп
алып, кітапханадан шықпайды өзі. Күні бойы сарсылып, кітап оқығанша, мына біз
сияқты таза ауада, екі қолды қалтаға салып жүрген жақсы емес пе?!-.

Олар бес-алты минут бойы үнсіз, дүкен жанында тұрды. Сәлден
соң, Жақып:-Сонымен магтан қағылдым деші,-деді күлімсіреп.

-Иә, қиын боп тұр.-

-Неге?-

-Джекки Чанды енді қайдан көреміз? Өзің білесің, мені басқа
телесериалдар тіпті де қызықтырмайды.

-Ал мені солар да қызықтырмайды. Шіркін, ішкенге не
жетсін?!-

 -Оны мен жек көреді
деп ойлайсың ба? Шөлмекті сораптап қойып, темекіні бұрқырата отырып, каратэ
қарасаң, артық па?-

-Әй, қоймадың ғой тіпті.

Сәл аз-кем үнсіздікті Сағат бұзды:-Әлі белгісіз. Паханның
қайтымы шапшаң. Мамам араласса, «видакты» алып береді, қайда кетсін?!...-

-Ол не, мамаңнан қорқа ма?!-

-Жоқ. Қорықпайды, тыңдайды.-

-Өй, өйтіп былдыратқанша, дұрысын айтсаңшы. «Тыңдайды» емес,
қорқады.-

-Ал, қорықты делік. Сонда немене?-

-Тек жәй айтамын. Әйтеуір өз әкем анамнан өлердей қорқады.
Басы үшін қорқады. Өйткені ол дайындаушы ғой. Өзің білесің, қосымша табысы бар
дегендей. Ептеп ішіп те қояды. Анам соны біліп алған, қит етсе, «милицияға
жаптырамын, анда барамын, мында барамын» деп, сес көрсетеді...-

-Біздікі, әрине, олай деп айтқан емес,- Сағат сәл кідірді
де, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді,-Бүгін не істейміз?-

-Білмеймін...Киноға бармасақ....-

-Ой, баяғы үндінің фильмі ме? Өлердей жалықтым. Онан да
ептеп...ұрттап жіберсек қайте ді?...-

-Тап қазір ме?-деп, Жақып таңдана сұрады.

-Иә, қазір. Арақ аламыз ба әлде портвейн жақсы ма?-

-Сатушылар бере қойса?-

-Е-е-е. Оларға бәрібір емес пе?! Көзді жұмып, сатып
жібереді.-

-Онда жақсы. Сенде ақша бар ма?-

-Бар. Саспа, қалта мол.-

-Менде аздау. Осы күні анам ақша бермейді. «Менен жасырып,
темекі тартасың» дейді.-

-Жасыратын несі бар? Біздің пахан темекі тартатынымды
біледі. Бірде айтқаны бар: «Еркексің ғой, темекі тартқың келсе, тарт! Тек
мұғалімдердің көзіне түсе көрме! Әйтпесе мектепке шақыртып, мезі қылады».-

Ондай әкеден айналмайсың ба?..

Екеуі дүкенге кіріп, бір шөлмек арақ және бір шөлмек шарап
алып шықты. Аз-маз ақшасы жетпей қалған, сатушы Аққыз апайы абыржыған да
жоқ:-Ештеңе етпес. Дүкенге жиі келесіңдер ғой. Бірде есептесе қоярмын.-

Дүкенде тұрған үлкендер де қолдарына шөлмек ұстағандардың
кімдер екенін көріп тұрса да, көрмегендей түр білдіріп, үн қатпады. Жастар
есіктен шығып кетісімен, толық денелі, қарасұр қатын қатулана сөйледі:-Осы
жастарға не болып барады?  Бұғанасы
қатпай жатып, шөлмекке үйір.- Неге екені белгісіз,ешкім де әлгі әйелдің сөзіне
назар аударған жоқ....

Ешбір кедергісіз ойлағанына қолы жеткен Жақып пен Сағат
балалар бақшасының ойын алаңында отырып, арақты да, шарапты да бөліп ішті.
Басқа орын жетпегендей, олардың балабақшаның ойын алаңын алуын да түсіну қиын. Әлдебір
бүлдіршіннің қалдырып кеткен ойыншық машинасына қағазға оралған шұжықтың
кесегін қойып, екеуі ұзақ уақыт бойы балпылдап сөйледі. Не айтқандарын өздері
де білмейді. Уақыт өткен сайын бозбалалардың көздері қызарып, тілдері ұзара
түсті. Біраздан соң, тәлтіректеп, орындарынан тұрды...

-Әй, ж-ж-Жақып,-деді күрмеліңкіреген Сағат,- анау шөлмектің
түбінде бірдеңе қалып қойыпты. Біржола ішіп, бітіріп кетейік-тағы...-

-Сол бір-екі жұтымға бола бөгелеміз бе?-деді серігінен гөрі
өзін сәл сергек сезінген Жақып,- Жүр, көшеге шығайық. Бой жазып, жүріп
қайтайық.-

-Ж-ж-жақсы. Ке-ке-кеттік...-

Бір-бірінен айрылып қалатындай, тас қып құшақтасып алған
екеу көшеде тәлтіректеп келеді. Жанынан өткен-кеткеннің бәріне сүзіле қарайды
да, әрі қарай ілби береді. Жақыпқа тіпті көшенің екі жағындағы биік теректер өз-өзінен
тербеліп тұрғандай көрінді. Бір шөкім бұлт жоқ, шайдай ашық аспандағы
қызғылт-сары күн де қосарланып көзге елестей ме, қайтеді?! Көктемнің тұп-тұнық
, жып-жылы, таза ауасын сұрықсыз екеуден аңқыған күлімсі иіс пен балағат сөздер
тұмшалап тұрғандай сезіледі. Есірген екеудің екіленуінен қымсынғандай болып,
көп ұзамай күн де өзін кенеттен шыға келген селдір бұлттардың тасасына
жасырды...

Ұрынарға қара таппай келе жатқан Сағат пен Жақыпқа ойда
жоқта қолында қалың да үлкен кітабы бар Арғынбаев ұшыраса кетті. Тәлтіректеген
күйі Жақыпқа сүйенген Сағат оны көріп, одырая қалды:- Әй, төрткөз! Мында кел!-

-Келмеймін. Өз жөндеріңмен жүре беріңдер. Менде не
шаруаларың бар?-

-Ей, мынау не дейді?- Аузынан ақ ит кіріп, қара ит шыққан
Жақып Арғынбаевты жағадан алуға ұмтылған, анау шапшаң қимылмен қолын қағып
жіберді. Енесінен жаңа туған жас қозыдай қиралаңдай қозғалып, Сағат та жетті.

-Өй, төрткөз! Сен бізді неге сыйламайсың? Бізден артықсың
ба? Кластаспыз ғой...-

-Сендерді «кластас» деуге аузым бармайды. Мыналарың не?
Бірақ, сендерге... Кәне, жіберіңдер мені! Қылжақтасып тұратын уақытым жоқ.-

-Ах, солай ма?- деп, әншейінде байыпты Арғынбаевтың бүгінгі
төтен батылдығына ызасы келген Сағат жұдырығын сілтеп қалды. Жұдырық бетке
тиіп, көзілдіріктің быт-шыты шықты. Әп-сәтте сынған көзілдірігін лақтырып
үлгірген Арғынбаев қолындағы кітабымен Сағаттың басынан ұрды. Екінші соққыны
беріп үлгірмеген Сағат кенет басының қатты ауырғанын сезініп, есеңгіреп тұрды.  Жақып ырылдаған күйі Арғынбаевтың жағасынан
ала түсті. Былай сырт көзге нәзік көрінген кластасы да берісе қоймады. Ақыры
Жақыптың құрсауынан сытылып шықты. Оның қолында жыртылған көйлек жағасының бір
шеті жүрген болатын...

...Кенет алыстан үрейлі дауыспен көшені басына көтерген
дабыл үні естілді. -Ойбай, милиция келіп қалды!-деп, Жақып төбелесті қоч салып,
Сағатқа жүгірді. Есін енді жиып, Арғынбаевқа дәу жұдырығын сілтегелі тұрған ол
тоқтай қалып, айналаны мұнартқан көзімен бір шолып өтті:-Қа-қайдағы милиция?-

-Әй, ақымақ, дауысын естімеймісің? Әне, тура осында келе
жатыр,- деп, Жақып Сағатты бұрылтпастан қолынан сүйреп, көшенің қараңғылау
қалтарысына қарай зулай жөнелді...

...Төбелестің басталмай жатып, тына қалғанына таңырқаған
Арғынбаев жерге бір түкірді де, анадайда ортасынан ашылып жатқан кітабын қолына
алып, жөнімен тарта берді.

Қалтарысқа бұлар келіп жеткенде, жандарынан өрт сөндіру
көлігі бажылдаған және зулаған күйі өте шықты. Дауысы бұрынғыша құлақты жарып
барады. Айналаға жалтақтай қарап, екеуі біраз тұрды. Сағат сонан соң Жақыпқа
алара қарады:- Кент(кейде ол Жақыпты осылай атайтын) ми-милицияң қайда?  Көрінбейді ғой. Қап, бәлем, сен сүйремегенде
, әлгі Таңаттың екідегісін есіне түсіретін едім...-

-Таңатың кім? А-а-Арғынбаев па?!...-деді самарқау үнмен
Жақып. Өзіне сүйкімсіз көрінген Арғынбаевтың есімі Таңат екенін де ұмытып
қалыпты...

Олар көп тұрған жоқ. Дабырлай сөйлесіп, ілгері жүрді. Көп
ұзамай көшенің бір қалтарысында қызара бөртіп тұрған екеуге ұшырасты.
Жергілікті көлік кәсіпорнының жүргізушілері Есенбай мен Болатайды тани кетті.
Болатай Жақыптың көршісі болатын.

-Көрші,-деді ол Жақыпқа,- мына ақтың шөлмегін тауыса алмай
тұрмыз. Тіпті көмейден өтпейді. Жерге төгуге обал...

Ықылық ата сөйлеген ол шөлмегін бозбалаларға ұсынды.
Жиырмадан баяғыда асқандардың өздерімен тең санап, арақпен сыйлағанына Жомарт
пен Сағат мәз болып, тіпті қоразданып қалды. Тең ортасына келген «ащы суды» әп-сәтте
жұта салған әлгілерге риза пішінмен Болатай:-Жарайсыңдар! Жігіт болып
қалыпсыңдар!- деп, арқаларынан қағып-қағып қойды...

Көңілдері көншіген Сағат пен Жақып дабырласа сөйлесіп, алға
қарай жүрді.Көшедегі өткен-кеткенге сөзбен бір тиісіп қалады. Әңгімелерінің
арасына былапыт сөздер де емін-еркін еніп кетіпті. Әсіресе, қастарынан
бойжеткендер өткенде, әйел намысына тиерлік сөз тіркестерін барынша айтып
салып, соңынан өздеріне-өздері мәз, қарқылдап күледі. Біраздан соң, Сағат
жағымсыз барылдаған даусымен әдепсіз ән айтуға кірісті. Осы кезде олар Нағым
ақсақалдың үйінің тұсына келіп қалған-ды...

...Көшені басына көтеріп, даурыға сөйлеген екі бозбаланы
Нағым ақсақал алыстан байқады. Олардың бейбастақтығы жүрегіне шаншудай қадала
кетті. Бірден олардың жанына барып, ескерту жасағысы келіп еді, белгісіз бір
ішкі сезім тоқтатқандай болды. Бөгде біреу құлағына сыбырлап тұрғандай:
«Қайтесің соларды?! Ондайлар аз ба, қазір?! Босқа байланыспа!». Алайда құлағына
әдепсіз әннің сөздері келіп жетісімен-ақ, еріксіз орнынан қалай тұрып кеткенін
өзі де байқамады. Жәйлап басып, көшенің ортасына келді. -Балаларым, бұларың
не?! Көшеде адам өзін өзі осылай ұстай ма? Үйлерің қайда, ата-аналарың
кімдер?...-

-Что, старик?-деп Жақып сұрқия күлкімен бет-аузын тыржитты.
Сағат болса, үнсіз көзін аларта, қарияға жақындай түсті:-Кент, что он фрайром
хочет быть?-

-Сендер, бұл әдеттеріңді қойыңдар, қарақтарым! Қазір барып,
үйлеріңе демалсаңдар қайтеді?! Сөйтіңдер, айналайындар...-деп, Нағым ақсақал
екеуіне тіл қатты. Біраз үнсіз тұрғасын Сағат ызалана сөйледі:-Слушай,
сен...қарт... Бізде не шаруаң бар? Бар, кет осы арадан...-

-«Кетің» не, шырағым?-деп, қария алға ұмтылып еді, дәл тиген
қатты соққыдан көзі қарауытып кетті. Тағы да соққы тиді. Қария жерге құлады.
Сағат пен Жақып өршелене, басын қалақалауға да халі келмеген қорғансыз жанды
тепкілей бастады...

Сыртқа қартын іздеп шыққан Хадиша әже көз алдында болып
жатқан сұмдықты көріп, сәл аңтарылып қалды. Сонан соң бері шапты. Келе сала,
Жақып пен Сағатты итергіштеп, қартын арашалуға тырысты. Осы кезде бойжеткен
немересі телефон шалуға көршінің үйіне жүгіре жөнелді. Зіңгіттей екі бозбалаға
әлі жетпеген Хадиша жандарынан өтіп бара жатқан екі жігіттен көмек сұраған.
Олар:-Шеше, айып етпеңіз, асығыс едік,-деді де шапшаң басып, оқиға болған
жерден алыстағанша асықты. Амалы құрығасын, Хадиша әжей тағы кері бұрылып,
Сағатты жерде бүктетіліп жатқан жұбайына жақындатқысы келмей, итергіштей берді.
Қайдан келгенін кім білсін, осы сәтте жиырма бестер шамасындағы ұзын бойлы,
қара торы, тарамыстау жігіт жүгіріп жетті де, әлі де қартты төмпештеп жатқан
Жақыпты желкесінен алды. Оған жалт қараған Жақыптың зәресі ұшып кетті.
Ол-Арғынбаевтың немере ағасы Әскербек еді. Оның аудан чемпионы, кәнігі бокшы
екенін Жақып жақсы білетін.-Ах, жексұрындар! Күші кем, әлсіздерге тиіскенді
көрсетейін сендерге!- деп, тістене сөйлеген Әскербек Жақыптың басын көтеріп
жіберді де, иегінің астынан нық ұрды. Шалқасынан түскен ол орнынан тұра алмай
қалды. Көзін бір ашқанда, Сағаттың жер құшып жатқанын көрді. Әскербек болса,
шалды көтеріп, үйіне алып бара жатыр.

Сүт пісірім уақыттан соң, Жақып орнынан әрең көтерілді. Жағы
аштыртпайды. Бір жағына қарай қисайған сияқты. Құдды біреу темір қысқашпен
қысып тұрғандай. Тәлтіректеп жүріп Сағатқа таялды. Ол әлі ыңырсып жатыр.
Ырсылдап-ысылдап Сағатты орнынан көтеріп тұрғызды. Дәл сол минуттарда бұлардың
жанына милиция көлігі де келіп тоқтады...

...Жақып пен Сағаттың тұтқындалуы ата-аналары үшін төбесінен
жәй түскендей болды. Әсіресе, Жақыптың шешесі Қатира өзін қоярға жер тапқан
жоқ. Әлсін-әлі көзі шатынап, біресе телефонға жабысады, біресе диванға отырады.
Креслода өзінен-өзі үнсіз, саусақтарын еріксіз бір-біріне және отырғышының
жақтауына ұрғылап отырған күйеуі Кенжебайды көргенде булығып, шаңқылдап ала
жөнелді:-Әй, сен миғұла (соңғы жылдары ол күйеуін осылай атауды шығарған)! Ал
не істеп отырсың, креслода?! Жалғыз ұл болса, тұтқында, сенің шалжиып отырғаның
мынау. Қайран, жалғызым-ай! Үйде шұжық, зефир, торт жейтін қарашығым қазынаның
көк сорпасы мен қара нанына қарап қалды-ау...

-Не дейсің маған, Қатираш-ау?!  Біреулермен хабарласып көргенмін. Нәтиже
шықпады. Керек десе, баламды кепілдікке де босатқан жоқ...               

Жақыптың әке-шешесі осы оқиғадан соң, қайда басын ұрарын
білмей, абыржып жатқанда, аудандық ауруханада жатқан Нағым ақсақалдың өмірі
қараңғы бөлмеде әлсіз жанған шырақтың жарығындай боп, үзіліп кете жаздап тұрды.
Қатты соққыға жығылған ол екі-үш күнге дейін есін де жимады. Емдеуші
дәрігерлер: «Миына қан құйылып кетуі мүмкін» деген қауіппен қарияның жанынан
екі елі кетпеді.

Соңғы күндері өзара жиі кездесіп, кеңескен Жақыптың да,
Сағаттың да әке-шешелері өкпелерін қолына ұстап, аурухананың алдын берген жоқ.
Ойлары, көксегендері, арман-тілектері-Нағым ақсақалдан кешірім сұрап, ұлдарының
күнәсін жеңілдету, реті келсе, жазадан құтқарып жіберу. Алайда бас дәрігер
Ғиният рұқсат етпегесін, Нағыммен жолыға алмады. Енді оны қойып, төртеуі
Хадишаны мазалауға кірісті...

Үйіне, шалының анау-мынау істерін тындыруға келген Хадиша
әжей өзін күтіп отырғандарды тосын көргенде аңтарылып қалды. Тіпті аузына сөз
де түспей қалған сияқты. Бейтаныс ер адам, екі қатын -бәрі де үлде мен бүлдеге
бөленіп, сәнді киінген. Жұпынылау келген үйдің қабырғаларына мұрнын шүйіріп,
менсінбеген пішінмен қарайды.

Хадиша күтпеген қонақтарға ернін жыбыр еткізіп, болар-болмас
қана ізет білдірді де, бәрін көзімен шолып өтті. Кейуананың көзі түскенге сәл
ығыстанғандай болған еркек қатындарға жүзін бұрды. Қатындар болса, бір-бірімен
тұспалға толы көзқараспен қас-қағым 
сәтте өзара «алмасып» алды да, аз-кем үнсіздіктен соң, Қатира сөзін
бастады:-Понимаете, апа...-

Екі жақтың ымырасыз «келіссөзі» тым ұзаққа созылды. Не үшін?
Ол өздеріне ғана белгілі. Қатира ниетін жасырған жоқ, бірден ашық айтты: «Сот
болмауы тиіс, бола қалғанның өзінде ол кісі талап қоймаса...». Ақысына
күпсінген қатындар ақша да, иран кілемін де, алтын да ұсынып жатыр...

Хадиша өзін мүлдем жалықтырып жіберген бұл қырқылжыңның
бауын шорт кесті:-Алтының да, ақшаларың да өздеріңе! Дүние-мүлік, алтын-ақша
қартымнан қымбат па, мен үшін?! Шырақтарым, саудаласып тұратын уақытым жоқ.
Жолдарың әне, есік анау, дереу үйді босатыңдар!-Келгендер жауар бұлттай
түнерген күйі табалдырықты тебіне аттап, есікті тарс жапты.

Енді олар Жақыптың әкесінің досы, ауатком төрағасының
орынбасары Саттар Жаппаровты жағалады. Ол да бірден көне қоймады. «Қазір қиын,
бірін бірі аңдыған адам. «Қызмет бабын пайдаланды» деп, біреу жоғарыға қарай
түртіп жіберсе, не істеймін?» деді Саттар кабинетіне келіп отырған Жақыптың
әкесіне ыңылдай сөйлеп.

-Сәке, өзіңнен басқа барар тауым, басар жерім жоқ. Қайтейін,
балалықпен істеген ғой. Оның үстіне аздап ұрттағасын. Кезінде кім тентек
болмады, өзің айтшы...? Өсе келе, түзеледі ғой. «Ер мойнында қыл арқан
шірімейді» деген, өзің ретін тауып көмектеспесең... Биыл мектеп бітіретін де
жылы еді...-

-Тергеушісі кім? Іс кімнің қолына түсіпті?-

-Лейтенант Елтай Есенов деген біреу. Сөйлесіп көргенмін,
иілетін жанға ұқсамайды. «Бәрін сот шешеді» деп тақылдап отыр...-

-Елтай ма? А-а-а, онда сөйлесу бекер. Ешкіммен де ымыраға
келмейтін жігіт...

-Онда сот пен прокурорды...-

-«Сот пен прокурор» деймісің? Мағжан ғой, прокурор. Тап
сырмінез кісі емес, бірақ сөйлесіп көрейін. Сот Бәкең ғой, алпысқа таялған.
Ұл-қыз өсірген, өмір көрген адам, мүмкін түсінер жағдайды... Айтпақшы,
Арғынбаев кім осы? Оның мұнда қандай қатысы бар?

-Өй, біреу ғой. Біздің баланың сыныптасы. Сол күні көшеде
көріп, бала ғой, ойнаған болар, аздап нұқып жіберіпті. Енді соны көрдің бе?
Түймедейді түйедей жасап...-

-Кенжақа, бір мезгіл шындықтың бетіне тура қарасақ қайтеді?!
Сен айтқандай, олар «нұқып жібермеген» ұрған. Түсінесің бе, ұрған?! Орта
дәрежелі жарақат түсірген. Қылмыстың үстіне қылмыс жамалды деген сөз. Ол да
сотқа арыз беріпті...-

-Әй, балалық-ай! Ақыры осылай болады деп кім ойлаған?!
Апырмай, енді не істеймін? Сәке, соңғы үмітім сенде...-

- Жақсы, жақсы. Қолымнан келгенінше көмектесемін...-Кенжебай
Саттардың кабинетінен көтеріңкі көңілмен шықты. Тіпті есік алдындағы хатшы
қызға әзіл тастап та үлгірді...

Бұл күндері Жақып пен Сағат оқыған мектептің директоры Иван
Коновалов пен сынып жетекшісі Мария Андреевна да жанталаса әрекет жасады. Көп
құзырлы орындарға телефон шалынып, адамдарға нұсқау берілді, өтініштер айтылды.
Мария Андреевна дереу Сағат пен Жақыпқа жағымды мінездемелер жазып, Елтайға тапсырды.
Елтайды бұл мінездемелер қанағаттандырған жоқ. Ол Мария Андреевнаны шақыртып
алып, нақты мінездеме беруді талап етті. Мария Андреевна амалсыздан мектеп
директорына барды...

Маусымда болған мұғалімдер кеңесі Сағат пен Жақыпты
мектептен шығарды. Қыркүйекте екеуі сотталып, «итжеккенге» жөнелтілді.
Талапкерлерден сот мәжілісіне тек Арғынбаев мен Әскербек қана қатысқан еді.

...Арада ай өткесін, ұзақ емделген Нағым қария да
ауруханадан шықты. Дәрігерлердің ем-домын көп алса да, бір құлағы естімей
қалды...

«Жұт- жеті ағайынды» дейді, сол рас. Ұлдарын алып кеткеннен
кейін көп ұзамай ойда жоқта Кенжебайдың «Жигулиі» өз-өзінен өртеніп кетті. Қатира
«біліктілігінің жетпеуіне байланысты» жұмыс орнынан босап, үйде қолын қусырып,
бос отырып қалды. Жасына жетпей, үйде қалай қамалып отырсын, Саттардың
көмегімен әйтеуір шағындау бір мекемеге орналасты. Бұдан былай кексе қатын
бұрынғыдай бес саусағына бірдей алтын сақина, жүзік салуды қойып кетті...