ВЕРНУТЬСЯ

(Ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияның назарына.)Адам баласымен бірге жасасып, оған рухани азық болып келе жатқан өнер түрлерінің қатарында сәулет пен мүсін туындылары да бар. Егер, ол шын өнер жаратылысы болса – оның адамдарға берер тәрбиелік-эстетикалық сыйын қандайма бір өлшемге сыйғызу мүмкін емес!.. Сан жылдар қызыл империяның қысымында келген қазақ жұртында – ескерткіштер мен монументтер тұрғызу мәдениет тым баяу дамыды!.. Өз дегенін діттеген өктем саясат, негізінен, өлі дүниелердің тууына, жағдай жасады!.. Сол дәуірде орын тепкендерінен Алматыда – Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовке қойылған ескерткіштер болмаса, пәлендей елеулі туындыны еске түсіруіміз қиын!.. Қазақстан өз алдына ел болған кейінгі жылдарда да - әзірге ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп болмай тұрған секілді. Дегенмен, мүсіншілеріміз бен сәулетшілеріміз ізденістен мақұрым деу – шындыққа сыйспас! Алматыда – Мұқағали ақынға, Ақтөбеде - Әбілқайыр ханға, Атырауда – Исатай мен Махамбетке қойылған ескерткіштерді «жақсы» десіп жүрміз. Осы қатарға бәлкім, белгілі қоғам қайраткері Тобаниязға арналып Ақтауда орныққан ескерткішті де ( шебері – Қ.Байғазиев) қосуға болатын шығар?..Есесіне Абылай, Кенсесары хандарға соғылған мүсіндердің сын көтермейтіндігі туралы – баспасөзде жиі жазылып жүр. Заманында мықты саналған Алматыдағы Абай ескерткішіне де сын айтылуда. Асылы, бұл – талғам талаптың өсе бастағанының нышаны болса керек!..