ВЕРНУТЬСЯ

    Қазақ жазушыларының кітаптары сирек жарық көріп, қазақ
тіліндегі газет-журналдар оқырман қолына бірде тиіп, бірде тимей жатса да, қайсар
халықтың сағы сынар емес.

Түрі - ұлттық, мазмұны - халықтық XX ғасырдағы халық ауыз әдебиетінің
басты қағидасы - «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ».

Маленков берген байталды,

Хрущев келіп қайта алды.

Айналайын Брежнев,

Байталымды қайтарды,

- деп, Кеңес Одағының он жылдық саяси өмірін төрт жол өлеңге
сыйғызған халық шынында да талантты емес пе!

1986 жылдың 19 желтоқсаны болатын. Елдің еңсесі түсіп,
Алматы көшелерін белгісіз үрей жайлаған уақыт еді ғой. «Айнабұлақ» шағын
ауданында тұратын үш көрші такси ұстағанбыз. Жүргізуші бір саусағы сәбидің
білегіндей алпамсадай жігіт ағасы екен. Қыстың көзі қырауда өз жағындағы
терезені ашып тастап, жалаңбас, көйлекшең отыр. Салмағы 130-140 келідей бар-ау
деймін, шүйделі желкесі мен тұтасып жатқан жалпақ жауырыны сәл қозғалса болды,
сары «Волга» лықсып кетеді. «Бала-шағамызға аман-есен жетсек болар еді», - деп
бізде зәре жоқ.

- Әй, жігіттер, - деді бір кезде таксист, - Колбин туралы
анекдот естідіңдер ме?

«Е, е... анау болды ғой» деген ойдың салқыны етімізден өтіп,
сүйегімізге жетсін. Үндемедік.

Бір қазақ Мәскеуге барғанда, шаштаразға кіріпті. Бас
терісінің құйқасы менікіндей қыртыс-қыртыс болса керек. Шаштараз кәрі еврей көрінеді.
Әлгінің шашын алып жатып: «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы кім болды?»
деп сұрайды.

- Колбин, - дейді қазақ. Араға біраз уақыт салып барып,
шаштараз әлгі сауалын тағы қайталайды.

- Колбин, - дейді қазақ ұнатпай. Шаштараз да бір жақ жаппас
екен. Біраздан соң «Қазақстан Компартиясының...» дей бергенде, зығырданы қайнаған
қазақ: Колбин, Колбин! - деп айғайлап жібереді.

- Міне, біз де болдық, - депті шаштараз айғайлап отырған қазақтың
иығынан қағып. - Менің жұмысымды жеңілдетіп бергеніңізге рахмет. Әлгі сұрағыма
ренжімеңіз. Өйткені «Колбин» дегенде, төбе шашыңыз тік тұрады екен!..

Қорыққан кісіде қайбір оңған күлкі болады ғой дейсіз. Соны
сезді ме, бізді межелі жерге жеткізіп салған жүргізуші: - Әй, жігіттер, мен тыңшы
емеспін. Жиырма жылдан бері №3 таксопаркте істеймін. Аты-жөнім Дәнекер Құлынтаев,
- деді.

Қазір соқаға өгіз жегіп, қол орақпен егін орып, шалғымен шөп
шауып жатқан қырдағы елдің ішінде де небір азаматтар жүр ғой. Заң орнында
істейтін досымнан Демесін деген ақсақал туралы «хикая»   естідім.

Кеңес заманында да, қазір де көліктен түспей жүрген бір
шенеунік ел аралап жүріп, Демесін ақсақалдың үйіне тап болады. Ауылдың баяғы күйі
қайдан болсын, қысылған үй иелері «сусын ішіңіз» деп айран ұсынады. Қой басын мүжіп
үйренген мырза: «Малдарыңыз бруцеллез емес пе?» деп, ернін аққа тигізбей, кері қайтарады.
Бұрын-соңды мұңдай кесірлікті көрмеген келіні сасқалақтап: «Ата, мына кісі
ішпеді ғой», - деп, Демесін ақсақалға қарайды.

-  Е, балам, «мұрны
сасық сиыр судан жиіркенеді». Өзің іше сал, - дейді атасы. Басекеңе ерген ел
жігіттері сасады. Олар: «Деке, бұл кісі әкімнің орынбасары ғой...» деп мәймөңкелеп
келе жатқанда, ақсақал: «Еттің-бәрі қазы болмас, иттің бәрі тазы болмас». Өстіп,
жөнін айтпайсыңдар ма?» - деп ащы тілін тағы да бір сұғып алады. Шамданған
шенеунік: «маңайдың бәрі малдың қиы...» деп елді бүреді. Жергілікті басшыларды
бұқтырып алған соң, Демесін ақсақалға шұқшияды.

- Бұған не дейсің?

-  Мен не дейін, -
депті Демесін қарт мырс-мырс күліп. - «Қарғаны қайырып, қазға салсаң, қарқ етіп
боққа түседі» деген рас екен.

Әңгіме ушығып бара жатқан соң, менің досым: «Ақсақал, ел басқарған
азаматқа тіл тигізу дұрыс емес. Ертең істі болып кетесіз. Заң қазір жөнсіз сөйлегенді
жазалайды» деп әңгімеге араласады.

-  Қарағым-ау, мен не
айттым? - депті Демесін ақсақал. Менің меншікті сөздерім: «е, балам... өзің іше
сал», «өстіп жөнін айтпайсындар ма?», «мен не дейін... рас екен» ғана. Қалғаны
халық мәтелі. Заңға тартсаң, мақал-мәтелді тарт. Алдымен мақал-мәтелді соттап
алсаңдар, Демесін қайда қашады.

-  Ақсақал, менікі
жаны ашығандықтан айтылған сөз. Есіңізде болсын деген ескерту ғой, - деп досым
басын арашаласа, Демесін ақсақал: «Айналайын-ай, «Қазанға жолама күйесі жұғар,
ақымаққа жолама, бәлесі жұғар» деп, тұр екенсің ғой, - деп қолынан ұстайды.

Естері шыққан ел жігіттері әлгі шенеунікті ортаға алып, қашуға
айналады. Сонда Демесін ақсақал: «Бай баласы мақтанса, жылқыдан жорға міндім
дейді; би баласы мақтанса, парадан шапан кидім дейді». Құр қол қайттық деп,
ренжімей аттаныңдар. «Сұмырай келсе су құриды» деген қолайсыз уақытта
кездескенімізді қарашы», - деп шығарып салыпты.

Нарық шіркін қалтасы жұқа кәріпті жеңсе жеңер, бірақ парықты
жеңе алмас.