ВЕРНУТЬСЯ

ҚАЗАҚТЫҢ ҰРАН- ЖЫРЫ!..(Қазақстан Гимнінің сапалық деңгейі хақында)   Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің  Ұлттық рәміздеріміздің қатарында өмір сүріп келе жатқанына таяуда – сегіз жыл толады екен... «Уақыт – төреші» деген рас. Кейінгі кезде баспасөз бен теледидарда Гимн сапасының нашарлығы жөніндегі әңгіме күшейіп тұр!..   Бір «қызығы», біздің оқушы назарына ұсынып отырған бұл мақаламыз – бұдан сегіз жылға жуық бұрын – Республиканың Гимні жаңа қабылданып, баспасөзде жарық көргеннен кейін-ақ ұзамай жазылып, республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жолданған дүниеміз еді. Аталған газеттің редакторы: «Таяуда ғана қабылданған Гимн туралы іле-шала қайта әңгіме қозғаудың жөні жоқ»,- деді ме, әйтеуір мақаланы баса алмаған!..   Арада қаншама жылдар өтті, дегенмен сол сөзіміз ескірмеген секілді, қайта, оның «дәурені» енді туған секілді!..  Асылы, ел арасында әлдеқашан қалыптасып кеткен көзқарастан ығысатын болса керек, бүгінде біреулер Гимн мәтінінің нашарлығын сол кездегі саяси жағдайға жауып, жауырды жаба тоқығысы келеді... Бірақ, «нашарлықтың» түн төркіні онда емес еді ғой!..   Теледидардан сөйлеген енді біреулер: «Көршілес Ресей әлі күнге өз Гимніне мәтін таба алмай жүр, ал біз болсақ!..» деп, ауызбайлық айтады... Ормандай орыс  - таппай жүрген жоқ шығар!.. Әйтпесе бізге ұқсап, көрінген сөзге жармаса кетуді білмей жұр дейсіз бе?!.   Сонымен, «ескі мақаланы» оқып көріңіз...                                                                                     Автор.   Айтпасыма қоймаған мазасыз ойларымды ортаға салып, ағымнан жарылсам деп отырмын, қазағым!.. Менің бұл әңгімемнің талайларға жайсыз тиетінін сеземін. Дегенмен, қаншама атақты, беделді десек те, жеке адамдардың абырой-әжетінен гөрі, елдік, ұлттық мүдде биік тұрмаушы ма еді?! Мен қолыма қалам алғанда – осы бір салиқалы ойға табан тіредім!..   Республика жұртшылығына белгілі, тарихқа таяуда ғана кеткен 1992 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің жаңа нұсқасы бекітіліп, күшіне енді... «Бекитін дүние бекіп, болары болып кеткенде – бұл не сөз!» - деп шоши көрме, көпшілік!.. Мемлекеттік Ұранымыз – Елдік жырымыз ойдан шығып, көкірекке қонып, жүректі тербеп жатса – «той өткенде – даңғыра» қағып неміз бар?!       -Еркіндік қыраны, шарықта,        Елдікке шақырып тірлікте!        Алыптың қуаты – халықта,        Халықтың қуаты  - бірлікте!   Қазақтың «азуын айға білеген» ақберен ақындары-ау, қара сөздің қаймағын ішкен прозашылары мен әдебиетшілері – ау, Махамбет пен Абайды, Мағжан мен Ілиясты, Қасым мен Мұқағалиды, Жұмекен мен Төлегенді, Жұматай мен Кеңшілікті көкірегіне құйған талғамы биік зерделі де зиялы жұртым-ау, өздерің айтыңдаршы, Гимнге қайырма болған осы шумақта сезімді селт еткізер күш-қуат бар ма?! Талантсыз, шабытсыз, отсыз, қансыз жазылған, бесенеден белгілі аксиома- пікірлерді өлең өлшеміне кәсіби кәнігілікпен айдап апарып түсірген жай әншейін тақылдақ тақпақ емес пе бұл!? Ақындықты өнердің шыңына балап, Әулие көрген қазақтың Гимні (Ұран –Жыры) осындай болса  - жетіскен-ақ екенбіз!.. Егер осы Гимнді ғайыптан пайда болып келіп, әлгі Абайлар, Мұқағалилар оқып, тыңдап көрсе қайтер еді, күлер ме еді, жылар ма еді!? Әттең Бердібек Соқпақбаев айтқандай «Өлгендер қайтып келмейді»,- ғой!..   Гимннің соңғы шумағы:   -Талайды өткердік, өткенге салауат,- деп басталады да, кенеттен:   - Келешек ғажайып, келешек ғаламат! – деп көкке шырқап шыға келеді! Осындай көпірме көбік-сөзден жүрек айнитындай болған жоқ па едік, жұртым-ау!..   Менің ұғымымда Гимн– классикалық деңгейде жазылған өлең болуы керек. Олай болмаса – оның несі Гимн?! Ал біздің таяуда бекіткен «дүниемізде» - классиканың жұғыны да байқалмайды!..   Әрине, қай дүние болмасын, өзінің жаратушысына тартпай тұрмайды! Гимн мәтінін қолымызға алып, авторларының кімдер екеніне көз жүгірткенімізде-ақ көңілімізге күмән кіргенін жасыра алмаймын!.. Гимнге авторлық жасаған төрт ақынның бірі – аты жалпақ жұртқа белгісіздеу Жадыра Дәрібаева көрінеді. Біз оның өлеңдерін газет-журналдардан сиректеу болса да, ұшыратушы едік. Ортанқол ғана ақын. Тап, Гимн туғызатын жүйріктің түрінен емес-ті!.. Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев. Бұлар – қазақ өлеңінің қашаннан белгілі сарбаздары емес пе еді?..Сөйте тұра Гимн мәтіні әлсіз шыққан!.. Сонда бұлай болып шыққаны осы  үштіктің Гимн жазар тұсқа тап келген кездейсоқ сәтсіздігі ме, әлде қолдарынан бар келгені осы ғана болғаны ма?! «Бары – да сол, нары да –сол!..» Біздің бұл сұраққа берер айқын жауабымыз осы! Әрине, мұндай кесімді пікір дәлел-негізсіз айтыла салмаса керек. Сондықтан ойымызды тарата отырайық. Бұл үшеудің ең атақтысы да, таланттысы да, әрине, Қ.Мырзалиев. Біздіңше, оның ақылды да, ойлы өлеңдерімен жұрт жүрегін жаулап, дәуірлеген тұсы – алпысыншы жылдар. Біз оның «Ой орманы», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары» секілді тамаша жыр жинақтарын ұмыта қойған жоқпыз. Себебі, жол жылдарда поэзияға қатты құмартқан, өзіміз де өлеңге талап қылған жас өрім студент болғанбыз. Қадыр ағамызға Қазақстан комсомолының сыйлығы берілгенде – сол сыйлықты өзіміз алғандай қуанғанымыз әлі есімізде! Өкінішке орай, Қадыр ақын жетпісінші жылдар басталғасын-ақ өзін-өзі қайталап, жүріп өткен ізін шиырлай берді. Берегіректе оған Республиканың Мемлекеттік сыйлығы да берілді. Бірақ, одан өзгерген ештеңе жоқ. Асылы, Қадыр - өлеңді салқын ақылға, айтпақ ойға құрып, сезім мен сурет оттылық жағы жетіспей тұратын ақын. Оның осы қолтаңбасы – Гимн мәтінінен де көрініп тұр.   Тұманбай Модағалиев. Қадыр алған қос сыйлықты бұл да қанжығасына байлаған ақын. Тұмағаңның сыршыл жырлары, әсіресе жастар жанын баурап, аты ауыздан түспеген жылдарды неге ұмытайық!.. Т.Молдағалиев шығармашылығының шыңы – сол алпысыншы жылдардың аяқ шенінде жарық көрген «Зулайды күндер», «Жүрегім менің сапарда» жыр жинақтары болды. Өкініштісі сол, ұзамай ол да белгілі дәрежеде, Қадырдың кебін киді. Ақын шығармашылық тұрғыда өспеді, қайта айтары да, әсері де аз ащы ішектей шұбатылып келетін өлеңдері – оқушыны жалықтыратын болды!.. Қайтейік, Гимнге ол да құрық салыпты!..   Қазақта өлең жинақтарын ең көп шығарған ақындардың бірі – Мұзафар Әлімбаев болуы мүмкін. Айтпақшы, ол да Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Өз басым ақындарды, кітабының санына немесе алған сыйлығына бола емес, талантына жығылып оқушы едім!.. Не пәленің барын білмеймін, Мұзағаңның жазғандарына бұрын-соңды ішім жылып көрмепті!.. Бұған, асылы, ағамыздың, өзіне қарағанда, деңгейі жоғары әріптестері (арасында өз тұстастары ла, інілері де бар) «кінәлі» болады да!.. Гимн «шаруашылығына» сөйткен Мұзағаң да араласқан көрінеді!..   Біз әдебиетті тек классиктер ғана жасамайтынын түсінеміз. Қазақ поэзиясының тарихында бұл ағаларымыздың да өздеріне лайықты орындарының барлығына, әсте шек келтірмейміз!.. Бірақ қазақтың: «қолың көтермейтін шоқпарды – беліңе қыстырма!, - деген сөзін де естен шығара алмаймыз!..   Бұрынғы Мемлекеттік Гимнді (мәтінін жазған авторлар: Ғабит Мүсірепов, Қайым Мұхамедханов, Әбділда Тәжібаев) – жарты ғасырға жуық серік қылған екенбіз. Обалы кәне, партиялық идеологияға бағындырылған сөз демесек, сол Гимннің поэзиялық әсер-қуаты – біздің жаңа қабылдаған дүниемізден көш ілгері болатын!.. Соның мына бір-екі жолына ғана назар аударайықшы:    -Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда –      Лениндей күн шығып, жарқырап атты таң...   Әттең, саяси-идеялық «тұздығы» күшті, әйтпесе, мұны көркемдік тұрғыда әлсіз сөздер деп айта алмасақ керек-ті!..   Заманында КСРО Гимнінің 12 буынды өлең үлгісімен жазылғаны белгілі. Оның «шапағаты» бізге де тиіп, кезінде Қазақстан Гимні де сондай өлең өлшемімен жазылған. Енді жаңа Гимн жазылар қарсаңда: «Сол бұрынғының музыкасы (жазғандар: Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди) қала берсін, тек соған жаңа мәтін жазылсын!,-деп біржақты ұйғарым жасалғаны бар. Көріп отырғанымыздай, композиторлар құрамының әр ұлттың өкілдері болуы керектігіне тағы да мән беріліп, баяғы «интернационализм» саясаты Гимнімізге тағы да жармаса кетті!.. Сөйтіп, мәтін жазатын ақындар 12 буын мөлшеріне тағы да бағынуға мәжбүр болды!.. Мұның, белгілі дәрежеде ақындардың мүмкіндігін шектегені анық. Әрине, мықты талант қандай үлгі - өлшемді де бағындырып, поэзиялық тұрғыда қуатты дүние жасай алады! Өкінішке орай, бізде нақты істің нәтижесі бұған керісінше болып шықты ғой!.. Сонымен біздің бұл тұста ашып айтатын түйінді пікіріміз мынадай: Қазақ Гимнінің мәтіні де, музыкасы да қайтадан жазылуға тиіс!.. Енді, алдымыздан: «Оның өлең өлшемі қандай болуы керек?» - деген сұрақ та шығады. Әрине, қазақ өлеңі - өлшем түрлеріне жарлы емес!.. Десек те қазақ үшін бір буынды қара өлеңнің орны бөлек!..    -Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,     Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген!- деген сөзді классик ақынымыз Мұқағали Мақатаев жайдан-жай айтпаған! Егер қазақтың ән қазынасына назар аударсаңыз – оның небір інжу-маржандары осы өлшемнің аясында туғанын байқар едіңіз!.. Өз басым он бір буын дегенде: әр тармағының бунақтары – 3-4-4 үлгісінде келетін өлшемге ерекше ден қоямын. Себебі, ол: ақынға - әнге лайық өлең туғызу мүмкіндігін молынан береді!    Гимн әңгімесінен шығарып айтар және бір пікіріміз – ендігі жерде әсіре «коллектившілдік» ауруынан арылу қажет!.. «Коллективтен» - дүбәра, құрама дүние ғана туады! Өнердің біртұтас құйма туындысын – жеке адамдар жасайтынын ұмытпасақшы! Бір ақын – бір композитор – екеуінің ғана үйлескен бірлігі, біздіңше, нағыз Гимнге апарар сенімді жол – осы!..   Гимн мәтіндерінің соңғы байқауында – сарапшылар алқасына қанша ақынның шығармасы түсті?.. Олар кімдер?.. Бұл сұрақтардың жауабы бізге белгісіз... Дегенмен, таңдау (сапалы мәтіндерді ғана айтып отырмыз) – аз болған секілді!.. Әйтпесе, жоғарыда қабылданған мәтінге тоқтап, тап соған Гимн мәртебесін беретіндей басымызға не күн туды дейсіз?!. «Ал, сонда Гимн жазуға қабілеті мол жететін ақындар мен композиторлар бар ма бүгінгі қазақта?» - дерсіз, көпшілік! Болғанда қандай!.. Қазақ поэзиясында өз басым Сырбай Мәуленов пен Қуандық Шаңғытбаевты дара қоямын. Сырағаң мен Қуан-аға, жастары ұлғайып келгеніне қарамастан, жүгірісінен танбаған, өлеңдерінің іші күйлі, сырты сырлы, жыр сарайларына жарықшақ түспеген жүйріктер!.. Аға ақындар: қазақ өлеңінің тайпалған жорғасы Сағи Жиенбаевтың, өзегіңе өрт болып түсетін Өтежан Нұрғалиевтың шығармаларын бей-жай оқу мүмкін бе?.. Қазақ поэзиясында қомақты іс тындырған орта буын өкілдері: өлеңмен сурет салатын Дүйсенбек Қанатбаевты, азаматтық тұғыры қашан да биік Темірхан Медетбековті, өлең – тұлпарын дәйім қиынға салып жүретін адуын жүйрік Иранбек Оразбаевты кім білмейді?!. Осы мықтылардың арасында Мемлекеттік сыйлық алғаны – жалғыз Сырағаң екен!.. Басқаларына сыйлықтың үлкені тұрмақ, «комсомолы» да бұйырмапты!.. Себебі, көп жағдайда, оларға өлермендігі басым пысықтар жол бермеген!..   Соңғы бес-он жылдың бедерінде қазақ поэзиясына қоғам мен адамның ұңғыл-шұңғылын тереңнен қопарып, қазып айтатын күрделі ойдың ақындары келді. Біздіңше: Есенғали Раушанов, Мейірхан Ақдәулетов, Светқали Нұржанов, Тыныштықбек Әбдікәкімовтер осы қатарда. Бұл төртеуден қазақ өлеңінің күтері көп. Біз үшін Әбубәкір Қайранов, Ертай Ашықбаев, Шәмшия Жұбатова сынды талантты ақындар жазған дүниелер де бір төбе. Қазақ жырының жайлауына: Сабыр Адаев, Жұмабай Күлеев, Темірғали Көпбаев, Гүлнәр Салықбаева, Оңайгүл Тұржанова секілді анық талантты жастар ат басын тіреп, өлең қостарын тігіп жатыр...  «Иә, қазақта Гимн жазуға құдіреті жететін мықты ақындар бар ма?.. Бар болғаны қандай!..   Ал, Гимн жазатын композиторлар дегенде, ойымызға: азаматтық әуендерге жиі бой ұрып жүрген Нұрғиса Тілендиев, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Әсет Бейсеуов, Ілия Жақанов, Теміржан Базарбаев, Ескендір Хасанғалиев, Жақсыгелді Сейілов, Жанбота Тұяқбаев, Табылды Досымов секілді таланттар оралады!..   Бүгінде радио мен теледидарды өлеңі шатты-бұтты, сазында қазақ рухы жоқ әуенсымақтар жайлап барады!..Сондайларды «туғызған» дүбәра-дүмшелер  Гимн «ауылынан» аулақ жүрсін!..  Соңғы Гимн қабылданар қарсаңда: «Гимн болуға лайықты дайын әндеріміз тұрғанда – уақыт кетіріп, жаңадан шығарма туғызудың не қажеті бар?» - деген де пікірлердің шаң бергенін білеміз. Бұл орайда көп адамның ойына Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтей қос шебердің қолынан шыққан әйгілі «Менің Қазақстаным» әнінің оралғаны да жадымызда. Бұл бағытта біз де біраз ойланып көргенбіз. Сөз жоқ, «Менің Қазақстаным» - халық пен бірге жасасып келе жатқан мықты ән!.. Бұл әнді біз де сүйсініп айтамыз!.. Бірақ, ол - әуелден Гимнге арналып жазылмаған!.. «Менің Қазақстаным – Гимн болуы керек»,- деп жүрген туысқандар біздің: «Болған үстіне – болсын!» - деген игі тілегімізден туған пікірімізді теріске жорымағай!.. Біздіңше, Гимн, балаға да, ересекке де – барша адамның айтуына ыңғайлы, баршаның талғамынан шығатын, оның үстіне барынша терең шығарма болуға керек!.. Ал, біз сөз қылып отырған бұл шығарманың музыкасында, негізінен балаларға лайықты ойнақы да жеңіл, салтанатты сипат басымдау. Сонысына сай, ән өлеңінің әрбір тармағы – 6 буынмен ғана шектеліп, тым келте қайырылады!.. Сөйтіп, әнде, тұтастай алғанда тақпақтық сипат басымдау болып шығады!.. Мұндай сипат әннің сол тұрысында - өз табиғатына жарасып тұрғанымен, Гимнге артылар салмақты жүкті көтере алмайды!.. Сондықтан, біздіңше қаншама керемет ән болғанымен, «Менің Қазақстанымды» - Гимнге айналдырудың жөні жоқ!..     Гимн қабылданар қарсаңда, басқа жұрттың ойына оралды ма, оралмады ма, білмедік, біздің назарымызды аударған бір ән болды. Ол – белгілі композитор Өмірбек Байділдаев пен Мақсұтбек Ниязбековтің (өлеңін жазған) шығармашылық одағынан туған «Туған ел» деген ән еді!.. Осы шығарманың салмақты сазы байыпты да, нәзік азаматтық әуені – Гимнге сұранып-ақ тұрғандай көрінген. Өлшемі де: жоғарыда өзіміз айтқан 3-4-4 бунақты, 11 буынды қара өлең үлгісінде. Әттең, «Туған елді» жазған ақын, өлеңінің «техникалық» жағын келістіргенімен, керемет әуенге сай – керемет поэзия туғыза алмаған екен!.. «Менің Қазақстаным» секілді, «Туған ел» де өз орнында мықты ән!.. Бірақ, Гимн емес!.. Себебі, ол да әуелден Гимн болып жаратылмаған!.. Гимн –Гимн болып тууға керек!.. Басқа жолдың бәрі жасанды!.. Жасандының жайы белгілі...    Мақаламыздың мақсатынан туатын және бір ұсыныс –пікіріміз – «Гимн» сөзінің қазақша баламасына қатысты болып отыр. Бүгінгі баспасөзімізде, одан басқа да бұқаралық ақпарат құралдарымызда «Гимнге» балама ретінде – «Әнұран» сөзі қолданыла бастады. Бір қарағанда, осы сөздің өзі-ақ көңілге қонатын секілді. Қадеге жарай беретін секілді... Ал, осы сөздің мағынасына тереңірек ой жүгіртсек ше?.. Біздіңше, « Әнұран» - «Гимнге» толық балама бола алмайды!.. Себебі, мағынасы да, беретін әсері де «Гимннен» еш кем түспейтін – «Ұран -Жыр» деген ып-ықшам сөз тіркесі бар!.. Ойымыз дәлелді болсын, осы екі баламаның: «Әнұран» мен «Ұран-Жыр» мағыналарын сөз тіркесі құрамында салыстырып қарайықшы... «Қазақтың Әнұраны». «Қазақтың Ұран-Жыры». Мағыналық және сезімдік әсер күші жағынан осы екеуінің қайсысы «Гимн» ұғымына етене жақын тұр?.. Әрине, сөз жоқ, соңғысы – «Ұран-Жыр»... Қазақ бабамыз, әдетте, әнмен емес, жырмен ұрандаған!.. Гимн (Ұран – Жыр) айтылатын ұранды жерде, әннің емес, жырдың «жалы» биік тұрады!.. Әнде –жекелік сипат басым, содан да – оның салмағы жеңілдеу, жырда – елдік (жалпылық) сипат басым, сондықтан да – оның «тұзы» ауырлау!.. Ендігі жерде «Гимннің» мағынасын – «Әнұран» секілді әлсіз сөзге қор қылмайық!.. «Ән» мен «Ұранның» зордың күшімен біріктіріліп тұрғаны болмаса, мағыналық байланысын былай қойғанда, түрлік тұрғыда да үйлесіп тұрғаны шамалы!.. «Гимннің» теңі – «Ұран-Жыр!..»                           Түйін   Енді мақаламыздан туындаған жинақты пікірлерімізді ортаға салайық. «Ұлттық Мемлекеттік Гимндер - әр елдің Мемлекеттің эмблемасы болып табылады»,- дейді «Қазақ совет энциклопедиясы». Қазақ - өлең сөздің кемеңгері Абайды, саз өнерінің әулиесі Құрманғазыны туғызған талантты халық!.. Ондай халықтың Ұран-Жыры неге әлсіз, неге осал болуға тиіс?!. Егер, менің Мемлекеттік Ұран-Жырын айтып тұрған сәтімде жан-жүйемді қозғап, жүрегімді толқыта алмаса, жанарыма жас келтіріп, елдік, ұлттық сезімімді оята алмаса – оның несі Ұран-Жыр!.. Ал, біздің таяуда қабылдаған Ұран-Жырымызда – ондай құдіретті күш жоқ!.. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыс қайтадан қолға алынуы керек, жалғастырылуы керек!.. Алдымен поэзия мен музыканы барынша терең түсінетін, тамыр-таныстыққа бұрмайтын турабилерден – Республикалық сарапшылар комиссиясы құрылса!.. Сосын, осы комиссия сарабынан өткен, яки, Ұран-Жыр болудан анық үміткер шығармалар (мәтіні – нотасымен бірге) «Егемен Қазақстан» газетінде үзбей жарияланып, Республикалық теледидардан тұрақты (әрқайсысы бірнеше реттен) орындалып тұрса!.. Істің барынша жүйелі де жинақы жүруі үшін ол шығармалар тек осы ақпарат құралдарында ғана халық талқысына салынса!.. Мемлекеттік Ұран-Жырды таңдап алу тарихи оқиға болғандықтан, онда жеңімпаз болған ақын мен композиторға – айта қаларлықтай сыйлық жасалса!.. Сондай-ақ, осы мақсатта жақсы шығарма туғызып, жүлдегер болған авторлардың еңбегі де ескерілсе!.. Біздіңше, бұл дегеніңіз, талантты қадірлей білу ғана емес, халыққа патриоттық тәрбие де беру деген сөз!.. Тағы да қайталап айтамыз, Ұран-Жырды таңдап алу – арзан науқанға айналып кетпегей!.. Мықты Ұран-Жыр туғызу үшін – бір жыл мерзім жететін шығар деген ойдамыз!.. Егер, онда да халық ойынан шығатын үздік шығарма тумаса – асығыстыққа ұрынудың еш қажеті жоқ!.. Таңдау мерзімін тағы да ұзарту керек!.. Әйтеуір, тағы да өкінішке ұшырап, екі жұмыс қылып жүрмейік!..   Тәуелсіз қазақтың «елім!» деп еңіреген біртуар ақындары мен сазгерлері, мен сіздерді осы бір қасиетті істен тартынбауға, бойларыңдағы Жаратқан – Алла берген талант-дарынды осы жолға аянбай жұмсауға шақырамын!.. Керметті – ел таниды!.. Кереметті жасаңдар, таланттар!..        (Мақала 25.01.1993 ж. жазылып, жеті жылдан соң – 24.11.2000 ж. «Үш қиянда» жарық көрді).