ВЕРНУТЬСЯ

(Әбіш Кекілбаевтың саясатшылығы жайында шағын сөз)Кезінде облыстық «Маңғыстау» газетінен орын тимеген бұл мақала бұдан бес жыл бұрын (23.10.1995 ж.) – Республика Парламентінің Мәжіліс сайлауы алдында – депутаттыққа үміткер Ә.Кекілбаевтың туған жері Маңғыстауға келуіне орай жазылған. Бұл – қабырғалы зерттеу емес. Бар болғаны үміткердің саясатшылық қырына аз-кем назар аударылған насихаттық сипаттағы мақала ғана.Туған жер!.. Сенің алдыңда – бала да бала, дана да бала!.. Адамдар бір-бірінен артық болса болар, бірақ жер басқан пенденің ешбірі өзіңнен ұлық та болып, биік те болып көрген емес, туған жер!..Мұны, әсіресе, Әбіш аға қандай кішіктікпен және  қалай тап басып айтқан десеңізші!..«Сөйтсем, мен дәл сол арада туыппын. Мен туған жер – мен туғанда біздің үйдің тігілген орыны екен. Көйлегімді шешіп жеті рет аунап тұрдым. Енді мен бұл араны өмір-бақи ұмытпайтын көрінем. Енді мен бұл араны, көзімді байлап қойса да, табатын көрінем. Енді тағдыр мені кең дүниенің қай қиырына айдаса да – бұл араға тапжылтпай тауып келе алатын көрінем. Енді мен туған ата-анамды қалай жақсы көрсем – жұмыр жердің осы бір пұшпағын да сондай жақсы көретін көрінем. Өйткені, ол маған өмір сыйлапты, мынау кең дүниені түгел сыйлапты. Сөйтсем, ол жылы мен жетіге келген екем. Сөйтсем, мен сол күннен бастап аяғымның астындағы мыңқ етпейтін қара нардай мығым жерге зер сала қарайтынды шығарыппын. Зер сала қараған сайын қара жердің жұмбағы көбейе түседі. Сол жұмбақты шешуге бола ма екен сірә?»(«Ұйқыдағы арудың оянуы».1979 ж.)Атакүлдік Маңғыстауының өткені мен бүгінін және ертеңін ғылыми зерделеген зерттеу кітабында туған жердің қадір-қасиетін осылайша да бір толғаған сөз жампозы бүгінде жер мен ел-жұмбақтың, адам-жұмбақтың, өлең-жұмбақтың, мың шешуі демейік, жүз шешуін тапқан сұңғыла-абызға, дүлдүл қаламгерге, данагөй саясатшыға – елім-қазақтың маңдайына ұстар қадау-қадау қара нарларының біріне айналып отыр!..Өткен жылы Әбіш аға өзінің қасиетті топырағынан Республика парламентіне мүшелікке ұсынылғанда – оның заңғар тұлғасын, биік беделін пәс еткісі келген біреулердің: «Ой, Кекілбаев деген, бар болғаны жазушы ғана ғой, одан саяси қайраткер қайдан шықсын!..» дегендей пікірсымақ айтқаны бар! Иә, Кекілбаев – жазушы және жазушы болғанда қандай!.. «Қазақстанның  халық жазушысы» атағын тұңғыш алғандар қатарындағы дарабоз, «Үркер», «Елең-алаң» романдары үшін Республика Мемлекеттік сыйлығын алған жүлдегер жазушы!.. Әлгіндей сөз жүгірткендердің, әрине, ақын мен жазушының, ғалымның, өнер адамдарының, басқаларға қарағанда халқына жан-жүрегімен әлдеқайда жақын тұратынын әлде, білмегені, әлде, білгісі келмегені де!.. Заманында Әз-Жәнібек ханға ақылшы болған Асан-Қайғы бабамыз, одан беріде үш жүздің атынан сөз айтқан: Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, немес Абылай ханға жөн сілтеп, мемлекет ісіне ықпал еткен Бұқар жыраулар – асыл сөзді қайратты қару еткен саясатшылар да емес пе еді?!. Заманында Шоқан мен Абайдың да саясатқа қол қойғанын, тіпті ел басқару ісіне де араласқанын білмейміз бе?.. Кешегі бұлағай-бурыл заманда алдымен халқына жалынды сөзімен қызмет қылған: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин секілді қаламгерлер де сол саясаттың тайқазанын қайнатпады ма?.. Кекілбаевты «бар болғаны –жазушы ғой»... деп үлкен саясат әлеміне олқы санап жүргендер сол Кекілбаевтың «Үркері» мен «Елең-алаңы» орыс патшасына бодан болған қазақ заманының көркем шежіресі ғана емес, сол дәуірдің саяси сыр-сипатын да терең толғаған үздік туындылар екенін бағамдап, пайымдап көрді ме екен?!.«Ылғи бір елге бағдар жасау, тек саяси тәуелсіздікке ғана емес, экономикалық тәуелсіздікке де қысымды күшейте түседі». («Тырау-тырау тырналар». 1973 ж.)Ә.Кекілбаев отыздың ішіне жаңа кірген жс шағында жапон еліне барған жолсапарынан жазған осы кітабында-ақ көпті көрген аққаптал саясатшылар деңгейіндегі осындай салмақты сөзді айта алған ғой!.. Тәуелсіз де жас Қазақстан мемлекетінің өз экономикасын өз бетінше дамытып кетуге қапелімде қуат-күші жетпей, шетел инвестициясына ділгер болып отырған бүгінгі күнінде – саясатшы Кекілбаев бұдан жиырма екі жыл бұрын шегелеп айтып қойған жоғарыдағы көреген ойдың ащы шындығы жатқан жоқ па?..Аталмыш кітабында жапон жұртының арғы-бергі тарихына, мәдениетіне, мемлекеттік құрылымы мен елдік салт-дәстүр ерекшеліктеріне асқан білімдарлықпен, қаламгерлік және саясатшылық зерделілікпен талдау жасаған Ә.Кекілбаевтың: «Шұлықты да, саясатты да жалаңаш әйелдің суреті арқылы өткізеді», деп сын айтқаны және бар Кейінгі жылдарда дамудың нарықтық жолына біз де бет алдық. Қатты «дамып» бара жатқанымыз сондай – теледидардан көретініміз де сол, тіпті үйіміздің қақ төріне іліп қоятынымыз да сол  - «жалаңаш әйелдің суреті!..» Біздің қазақ – материалдық байлықтың жолында – жан қазынасын құрбан етіп, рухани жалаңаштанып қалмаса болғаны да!.. Кезінде жапондар өміріне орай көреген қаламгер-саясатшы айтқан жоғарыдағы сөздердің – бүгінде бізге осындай ой түйіндетіп, сақтандырар жайы да бар ма қалай?..«Бұрын көрмеген жердің - ой-шұңқыры көп». Әсіресе, нарықтың бастау кезеңінде Қазақстанға айқын жол көрсетердей боп – шетелдерден кімдер келіп, кімдер кетпеді!.. Ә.Кекілбаевтың «Бетерден де бетер бар» деген салмақты еңбегі – осы бір талмау тұста жазылып, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Бұл шығармасынан біз, шаршысына толған саясатшы Кекілбаевты ғана емес, зерттеуші, тарихшы, заңгер, парламентар, социолог, экономист Кекілбаевты да таныдық!.. Батыс-шығыстағы өркениетті елдердің бұрын өткен жолы, яки, нарыққа өту кезеңіндегі мол тәжірибесі дейсіз бе, біздің қазақтың осы бастау сапарда тек өзіне лайықты жолды таңдап ала білуінің ділгірлігі дейсіз бе, президент, парламент және сот билігінің дербестігі мен тұтастығы және онсыз демократиялық мемлекет құрудың мүмкін еместігі дейсіз бе – қазіргі күрделі  уақыттың сан-сапат жұмбақты сұрақтарына жауап іздеген зерделі оқушы бұл еңбектен - өз қажетін тапқан болатын!.. Сонда сұңғыла зерттеуші-саясатшы ұсынған құнды тұжырымдар біздің Республикамыздың нарыққа өту барысында, іс-тәжірибесінде ескерілді ме екен – күмәндіміз!.. Біздің білуімізше, кезінде бұл еңбекке орай республикалық баспасөзде жалғыз адам – премьер-министрдің сол кездегі орынбасары Қ.Сұлтанов қана үн қосып, ой айтқан. Өкінішке орай, оның өзі де Ә.Кекілбаев деңгейіндегі терең талдау – тұжырымдарға маңайлап бара алмаған!..Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» деген еңбегінің жарық көруіне орай республикалық баспасөзге берген сұхбатында Ә.Кекілбаев: «Қоғамдағы ынтымақ – жас тәуелсіз мемлекет үшін ең басты саяси құндылық болып табылады»,-деп және бір өзіндік түйін жасаған. Шындығында да, бүгінгі Қазақстанның басты тірегі – осы ынтымақ пен бейбітшілік болып отырғанын көрмеуіміз мүмкін бе?!Өткен жыл еліміздің Президенті мен Үкіметіне де, Кекілбаев бастаған Парламентіне де оңайға соққан жоқ. Әсіресе Үкіметтің атына сын көп айтылды. Әрине, қазіргідей ел басына ауыр салмақ түскен кезде: «Бұл қалай болды?»-деп және айта алмаспыз. Бас-аяғы бір жылдың ішінде елеулі іс тындырған парламент таратылып кетті. Ол да өзіміздей ет пен сүйектен жаралған адам баласы ғой, қаншама көнтерілі дегенмен, өзі басқарған құрылымның таратылуы – Кекілбаевқа да оңай тиді дейсіз бе?!. Нар тұлғалы азамат сонда да сыр бермеген, алтын сабырын сақтаған! Оның осы қасиет қалпын сол күндерден кейін көп ұзамай «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан да аңғарғанбыз...Өткен жылы Парламент сайлауы қарсаңында Әбекеңнің (қасында маңғыстаулық белгілі азаматтардың бірі Дүйсенбі Әріпов пен танымал ақын Светқали Нұржанов бар) Жетібай кентіне келіп, сайлаушылармен өткізген кездесуі, сонда берген саяси сабағы – есімізден кетпейді!.. Сонда бір оқырманның: «Әбіш аға, сіз соңғы жылдарда саясатқа шындап бет бұрдыңыз. Сөйтіп жүргенде – оқушы жұртыңыз жазушы Кекілбаевты жоғалтып алмас па екен?»-деп «қызық» сұрақ қойғаны бар... Сонда үміткердің сайлаушыға берген жауабы мынау: «Мен қазірде елу бес жастамын. Ел басына күн туған мынадай алмағайып кезеңде саясатқа араласпай қала алмадым. Дәм-тұз таусылмаса, жазушылық кәсібіме алпыстан ары да уақыт жетер-ді..» Ойланып көрсек, оқырманның әлгі сауалы асығыстау қойылған да секілді. Саясатқа анық бет бұрған кейінгі жылдары, оның ішінде Парламентке төраға болған өткен жылы, шетелдерге делегация бастап барған сапарлары мен Алматыда жатжұрттық меймандарға жасаған саяси қабылдаулары – қаламгер-саясатшы Кекілбаевтың жүрегінде ізін қалдырмады, оның шығармашылық ойына азық болмады деп айта аламыз ба?.. Сол көзбен көргендерінің, бастан кешкендерінің күндердің күнінде том-том құнды кітаптарға айналып, оқырманын қуантпасына, рухани қазынамызды және байытпасына – кім күмән келтірер?! Бүгінде терең философияға суарылған талантты шығармалары дүниенің төрт бұрышын аралап кеткен Әбіш Кекілбаевтың аты заманымыздың әлемдік деңгейдегі сарабдал суреткерлері дат Кнут Гамсун, швед Август Стриндберг, американдық Джон Голсуорси, орыс Михаил Шолохов, жапон Рюнескэ Акутагава, қазақ Мұхтар Әуезов, австриялық Франц Кафка, француз Альбер Камию, қырғыз Шыңғыс Айтматов, колумбиялық Габриель Гарсия Маркес, неміс Герман Гесселермен қатар тұр!.. Бүгінде салмақты саясатшы Кекілбаевты да алыс-жақын шет елдердің басым көпшілігі таниды!..Оның талантына зор құрметпен қарайтын жұрты – жақында үлкен қуанышқа бөленді! Ол - Әбіш Кекілбаевқа ЮНЕСКО-ның Бас директоры, ақын, қоғам қайраткері Федерико Майор және Алматы мен Семей  архиепископы Алексиймен бірге, республика Президентінің 1995 жылғы Бейбітшілік пен рухани  татулық сыйлығының берілуі. Президент Жарлығында көрсетілгендей, ол – мұндай биік құрметке: «Қазақстан халқының тарихына, рухани мұрасына құрмет сезімін қалыптастыратын терең әдеби және публицистикалық шығармалары үшін» ие болып отыр!.. Ұлы суреткердің, салмақты саясаткердің ерен еңбегінің мемлекеттік деңгейде тағы да бір мойындалғаны деген осы да!..Үлкен саясаттың тайқазанына түскендердің басында бола беретін пәтуасыз талас-тартыс, асығыс сөйлеп, артық кету сияқты әрекеттер саясаткер Кекілбаевтың нар тұлғасына мүлдем жат екені – кім-кімге де айқын аңғарылса керек-ті!.. Мысалы, оның қаламгер ретінде атақ-даңқы шет жұрттарға кеңінен мәлім әріптесі А.Солженицынның саясат майданындағы оғаш қылықтарын – жалпақ жұрт жақтырып отырған жоқ!.. Аты әлемге мәшҺүр ақын, лингвист-ғалым О.Сүлейменовтің саясатшы ретінде жасап жүрген кейбір мәлімдемелері, шынымызды айтқанда, қарнымызды аштырады!..Ертеректе жазылған «Күй» повесінде Әбіш ағаның «Ноқталы пенде, тірлігіңде тебіспе. Өлім екпе, өмір ек. Жарық жалғанның мән-мағынасы сонда»,-деп мәңгілік ой айтқаны бар еді-ау!.. Бір ғажабы, ол – саясаткерлік сапарында да осы темірқазық – жұлдызынан маңдай аударып көрген емес!..-Әбіш Кекілбаев Парламент депутаттығына үміткер болып - өз туған жері Маңғыстаудан түсуге бел буды!.. Артық туған перзентінің - өз жерлестерінің де, қалың қазағының да көңілін қалдырған жері жоқ еді!.. Қайта сол асыл ұлы қашан да, қайда да туған елінің даңқын асырып, абырой – айдынын аспандату жолында тер төгіп келеді емес пе?!. Мерей – жұлдызың биіктей берсін, Әбіш аға – нар аға!..