ВЕРНУТЬСЯ

          «Күзетшіден бастап, министрге дейін кез келген қызметкерді
одан гөрі қабілетті де іскер адаммен ауыстыруға болады. Ал жақсы әкені ешкіммен
де алмастыру мүмкін емес.»

В. Сухомлинский, Орыстың  атақты  ұстазы

Қашанда қазақтың 
отбасында, жас ұрпақ тәрбиесінде әкенің алар орны биік болған.Өкініштісі
сол, бұл дәлелдеуді қажет етпейтін айқын да қарапайым ақиқат аяқ асты етіліп
келеді. Оның өзіндік себептері де жеткілікті.

Ең басты себеп- солтүстіктегі көршіміздің қазақ даласын ұзақ
уақыт отарлауында жатыр. Әлі де отаршылдықтың зардаптары толық жойылған жоқ.
Жуық арада жойыла қоюы да қиын.Себебі тәуелсіздік алғаннан бері елімізде
отарсыздану үрдісі жүргізілген де емес.

Отаршылдықтың зардабының бір себебі неде? Мәселен, көрші
ұлттың салт-дәстүрінде әкені, азаматты қадірлеу, оның отбасындағы орнын зор
тұту үрдісі атымен жоқ. Оны айыптаудан да аулақпыз.Сондықтан қазақтан діні де,
ділі де, тілі де бөлек бұл ұлтта өзге христиан халықтары секілді әйелге
табынушылық басым. Оның түп тамыры христиан дініндегі Ғайса пайғамбардың шешесі
Мәриямға табынуда жатыр. Ал мұсылман 
дінінде Ғайса пайғамбар ретінде құрметтелгенімен, Мәриямның атын да,
затын да жоғары қою болмаған. Өйткені ол Аллаһқа серік қосу ретінде, күнә деп
саналады.Демек, ислам діні әйелге табынбайды, тек оны сыйлайды. Сыйлаудың
табынудан қаншалықты айырмашылығы барын айтып түсіндірудің қажеті болмас.

Міне, әйелге көзсіз табынудың қасаң саясат арқылы да,
тұрмыстық қарым-қатынас арқылы да біздің қазақ қоғамына кеңінен  (өзге иісі түркі жұртында ондай жоқ немесе
мүлдем бәсең) салдарынан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық отбасының біртіндеп
берекеті кетіп, бұрынғының даналары мысқылдап айтқандай: «қатын-би, сиыр- пұл»
бола бастады. Ал соңғы 73 жылға созылған коммунистік қасаң саясат : «ер мен
әйел тең» деп байбалам салып, іс жүзінде қазақ әйелін, ана мен жарды,
әпке-қарындасты отбасынан жұлып алып, өзінің қандас бауырына, азаматына ,
тірегіне қарсы қойды, баласын бетімен жіберді...

Осы орайда жерлес жазушы, ардагер ағамыз Жанғали
Нәбиуллинның ащы да әділ мына пайымдауына кезек берген дұрыс : «Қара ниеттілер
не десе, о десін, ата-бабаларымыздың әйел-қыздарға деген көзқарасының ықылым
заманнан-ақ түзу болғаны ақиқат. Қыз баланың дүниеге келуінен бастап, оның
бойжетуі, ұзатылуы, келін боп түсуі, бала сүюі, абысын, бәйбіше, әже
атануларының қай-қайсысы да жеке-жеке зерттеуді қажет ететін үлкен кезеңдер...
Егер қазақ әйел-қыздарын күң (!) ретінде ұстаған болса, «келін», «жеңеше»,
«апа», «қарындас», «ана», «құдағай», «құдаша» «әже» деген сияқты сыйластық
қарым-қатынасты білдіретін, жүрекке әркез жылы, тамаша атауларды қалай ойлап
тапқан?».

Дұрысында ата-бабамыздың ардақты салтында « ер мен қатын
тең» немесе «тең емес» деген бүгінгідей даурықпа байбалам (гендерлік
саясат-соның бір көрінісі)  атымен
болмаған. Қазақ қоғамында ер-азаматтың өз орыны, әйел-ананың өз орыны болып,
ерекше қастерленген.Ал сол қалыптан ауытқыған некен-саяқ мүттәйімдерді қазекең
«қызтеке» және «еркекшора» деп, мысқылдап, (қазір ондайлар біздің қоғамда
«құрметтеле» бастапты) көзге шыққан сүйелдей етсе керек...

Нәтижесінде ғасырлар бойғы саяси-рухани тоқпақтан соң,
көптеген қазақтың ер-азаматы өзінің қоғамдағы, отбасындағы қасиетті міндетін
сезінуден қалып, «бесінші» үй жануарына (мал, құс, ит, мысықтан басқа) айнала
бастады. Әсіресе, соңғы 30-40 жылда. Биліктен де,  қоғамнан (партком, кәсіпком, заң орындары
т.б.) да, адуын қатынынан да қатты қысым көрген талай қазақтың жайсаң
азаматтары ішінен тынып (рухани сүйеніш болар-ислам діні де қуғынға ұшырады
ғой), бар өшін арақтан алып, азып кетті. Оның үстіне өздері де ішкіш Н.
С.Хрущев, Л.И.Брежневтер ел билегесін, не оңсын? Ақырында «Маскүнемнен
маскүнем   туады» деп, көненің бір
ғұламасы айтқандай, қазіргі қазақ ер-азаматының кемінде 70-75 пайызының, «тең
құқылы» қатын-қалаш, қыз-келіншектердің едәуір бөлігінің «жынды судан»
жиіркенбеуі-жүздеген жылдарға созылған ұлтсыздандыру саясатының нақты
нәтижесі.(Тағы да айта кету керек, мұндай жаппай азып-тозу өзге иісі түркі
ұлттарының тарапынан тіпті  де байқалар
емес. «Тең құқылық» дегенге де олар  күле
қарайды.)

Міне, егемен елімізге жиырма жыл толуы да жақын. Демек,
ер-азаматтың қоғамдағы, отбасындағы тиесілі орнына қайта оралуына жағдай
жасайтын уақыт жетті. Әйтпесе, біз таяу арада қоғамымыздағы белең алып отырған
рухани керенаулық пен дағдарыстан сірә да құтылмаймыз. Қазіргі жастар мен
балалар арасындағы маскүнемдік пен есірткіге елігушілік, ажырасудың азаймауы,
тастанды балалардың көбеюі, тұрмыстық қылмыстардың өсуі, мектептегі
тәрбиесіздік, тағы басқа келеңсіз құбылыстардың негізінен отбасындағы және
қоғамдағы әке беделінің болмауынан немесе төмендігінен туындап отырғанын тек
зағиптар қана көрмеуі мүмкін.

Келешекте асыл азамат, абзал әке, ардақты ата болып өсер
ұлдарды өсіріп, тәрбиелеу мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін. Бұл үшін керегі- ұлттық
тәрбиені алдыңғы орынға шығару, мектептегі жас ұрпақ тәрбиесін «көкірегі
сезімді, тілі орамды» жандарға, әсіресе соған лайықты ер- азаматтарға сеніп
тапсыру. Ер-азамат ұстаздардың басым көпшілігін мектепке қайтармай, іс оңға
баспайды.Сол үшін қажетті ең басты шарт-олардың жалақысына белгілі бір мөлшерде
үстеме қосу. Басшысынан қосшысына дейін тек әйелден жасақталған мектептен, оқу
орнынан ұлдар нағыз азамат, Отан қорғаушы және отағасы болып тәрбиеленіп шығады
айта алмаймыз. Тағы бір ұсыныс. Сонау патшалық Ресей кезеңінде орыстың
ұл-қыздары бір-бірінен бөлек мектептерде оқып, тәрбиеленіпті. Яғни, ұлды тек
Отан қорғаушы, ел азаматы ретінде ғана емес, сонымен отағасы болуға қа жетті
баулыған екен. Ал қыздарға тиісінше келешек әйел-ана, әйел-жарға керекті
дағдылардың бәрі бойына сіңірілсе керек. Қазір көршілеріміз осындай тарихи үлгі
жөнінде тек сөз қозғап қана қоймай, тәжірибе ретінде қолға да алып жатқан
көрінеді. Сондай-ақ, Кеңес Одағында И. Сталиннің кезінде де ұлдар мен қыздар
бөлек оқытылатын мектептер болыпты. Соның бәрі де еріккеннің ермегі емес қой...

Қазақтың біртуар ұлы, ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев бірде:
«Әке - балаға деген ыстық махаббат пен 
үлкен жүректің иесі» деген екен. Өзі де әке, аяулы азаматтың осы асыл
сөздеріне ешқандай алып-қосарымыз жоқ....

Марат  Оразғалиев,

                                                                       зейнеткер,

 Әкемнің еңбекқорлығы мен төзімділігі, адалдығы есімнен
кетпейді.Төрт ұл, төрт қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай
өсірді. Бүгінде өзім  әке әрі ата болсам
да, әкемнің бейнесі мен үшін қашанда биік...

Гүлжан  Жұмақаева,

                                                                 
зейнеткер,

 Мен үшін жақсы әкенің тұлғасы заңғар шыңмен тең. Өйткені өз
әкем тап сондай абзал жан. Қазір арамызда болмаса да, біз бес ұл, үш қыз
әкеміздің алдында мәңгілік қарыздармыз. Өмірімдегі бар жақсылықтың қайнар көзі-
әкемнің өнегесінде.

 ... Бірде қазіреті Әбу Хұрайра былай депті: «Жүргенде  әкеңнің алдына түсу - ерсі қылық. Әкеңнің не
артынан жүр, не оң жағында жүр.Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тарт.Тамаққа
алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да, жасқап, оның көңіліне селкеу
түсірме».

 Жанғали  Нәбиуллин,

                                                             
жазушы.

  «...Ол да баяғы
әйел-қыздарға теңдік әперген болып, «не шықса да, осы пәледен шығады. Сондықтан
оның үйде де, түзде де құйрығын бұрап отырған дұрыс» деп шешіп, еркектердің
төбесінен қарауыл қойған  Кеңес
өкіметінің зұлым саясатына келіп тіреледі».