ВЕРНУТЬСЯ

         Жарқын талант,
ержүрек батыр, ісімен де, сөзімен де кейінгі ұрпақтарын таңғалдырған Махамбет
Өтемісов қазақ әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады. Ол оқырмандарының
эстетикалық құмарын қандыратын, ерлік сезімге тәрбиелейтін өзінің асқақ
поэзиясын езілуші қара халықтың тілек-мүддесін жырлауға арнады. Сондықтан да
оның асыл мұрасы ел жүрегінен орын алды. Әдебиетіміздің өрлеу жолындағы белгілі
асқар биігі болды. XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті өзінен бұрынғы ауыз
әдебиетінің негізінде, оның ежелгі дәстүрін дамыта отырып өсті. Жалғыз Абай не
Абай мектебін жалғастырушылар болмаса, басқа сол дәуірде өмір сүрген ақындардың
бәрі де халық поэзиясының ықпалында болды. Әрине, ауыз әдебиетінің өзі де
бірыңғай ағыммен дамыған жоқ. Онда да екі түрлі бағыттың жолы сайрап жатты.
Тарихи әдебиет өкілдері де осы бағытта кейінгілерге мұра қалдырды. Солардың
ішінде демократтық бағыттағы ауыз әдебиетінің дәстүрін жалғастырған да, кезінде
оған революциялық сипат берген де, идеялық көркемдігі жағынан ең жоғарғы
дәрежеге көтерген де Махамбет Өтемісов.

Махамбет өзіне
дейінгі халық әдебиетінің барлық табыстарын толық меңгеріп, кемшілігін
қайталамай, өз бетін, өз стилін айқындап, әдебиетте көрнекті үлгі қалдырған
ақын. Оның образдары, сөз тіркестері - кейінгілерге көрнекті өнеге. Өзі бар
кезінде де, өзінен кейінгі, тіпті күні бүгінге дейін де Махамбетке еліктеуші
ақындар жоқ емес. Махамбет поэзиясының идеялық мазмұнының халықтығы, көркемдік
ерекшеліктерінің оригиналдығы және өткір үздіктігі қашан да болса тот баспайтын
саф алтын тәрізді. Сондықтан да ол - заманнан заманға жалғаса беретін шығарма,
ол өзінің оқырмандарын да, үйренушілерін де жоғалтқан емес.

Махамбет Өтемісов
1804 жылы Батыс Қазақстан, бұрынғы Орда ауданы Бекетай құмы деген жерде туған.
Ол кезде бұл өлкені бөкейліктер не ішкі Бөкей ордасы деп атаған. Қазір Жәнібек
ауданы.  Махамбеттің кәрі әкесі -
Құлмәлі. Руы жағынан Жайық берішке жатады. Құлмәліден Өтеміс пен Шыбынтай
туған. Өтемістің балалары көп болған. үлкен ұлы Бекмағамбеттен басқасы түгелдей
халық көтерілісіне қатысып, ханға қарсы күресте сөзімен де, ісімен де қару
көрсеткен, сол жолда көпшілігі құрбандыққа ұшыраған батырлардың қатарында
болған. Махамбет - Өтемістің екінші ұлы. Жасынан бастап-ақ ол өзінің жарқын
таланты, әр өнерге қабілеттілігі арқасында айрықша көзге түсіп, ауызға ілінген.

Махамбет жасырақ
кезінде хан ордасында болады. Оның бір себебі: ағасы Бекмағамбет ханның он екі
биінің бірі болуы да, екіншісі, үздік ақындық қабілетінің болуы. Ол кездегі
хан, сұлтандардың салты сарай маңына жақсы ақындарды жинап, оларды өз жыршылары
ету болатын. Тарлан шалған Байтоқ, Жанұзақтардың жастары жетіп, базары
өткендігін сезінген хан жас ақынды соларша баулуға тырысса керек. Қысқасы,
Махамбет бірнеше жылдай хан ордасының маңында болады. Бізше, ақынның келешегі
үшін бұл жайттың екі түрлі пайдалы жағы болғанға дейін ұқсайды. Біріншіден,
ханның алғашқы әйелінен туған Зұлхарнайын атты баласының қасында жүріп,
Орынборда болған кездерінде орысша тіл үйреніп хат таныған, екіншіден, хан
ордасының ішкі өмірімен жақсы танысып, неше түрлі зұлымдықтардың тірі айғағы
болады.

Кедей семьясынан
шыққан езілуші халықпен біте қайнап бірге өскен, нәзік жанды, жасынан зерделі
ақын кедей, шаруаларды әр алуан алым-салықтармен зар қақсатқан билердің шексіз
жауыздықтарының түп-тамыры Ордада жатқандығын, олар ұйымдасқан берік бір топ
екендігін көзімен көріп, ақын сол ортадан жерініп, зығырданын қайнатып, хан,
сұлтанға деген өшпенділігін күшейте түседі.

«Махамбеттің
Жәңгірге айтқаны» атты өлеңінде:  

Хан емессің, қасқырсың,

Қас албасты басқырсың,

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын!

Хан емессің ылаңсың,

Қара шұбар жылансың,

Хан емессің аянсың,

Айыр құйрық шаянсың! - дейді.

Бұл - ақынның Орда
маңында жүргенде, бір үлкен жиында бетпе-бет айтқан сөзі. Бұдан кейін
Махамбеттің Ордада қалуының мүмкін еместігі өзінен-өзі белгілі. Осы оқиғаның
ізі суымай-ақ Махамбет ханға наразылар тобына қосылып, алғашқы көтерілушілерінің
басшы адамдарының бірінен саналады. Түрме есігін бірінші рет көргенде Махамбет
25-ақ жаста. 1836 жылы 10 декабрьде Орынбор губернаторы Перовский тарапынан
келген тергеушіге берген жауабында: «Бұдан 6-7 жыл бұрын Орал шекарасынан
жасырын өткендігім үшін патша өкіметі адамдарының қолына түсіп, екі жылға жақын
(1829-1831) Калмыков түрмесінде отырып, 1831 жылы холера ауруы кезінде түрмеден
қашып шықтым», - десе, 1836 жылы Орынбордың генерал-губернаторына жазған
хатында Жәңгір: «Исатайдың ең жақын досы, ең бірінші кеңесшісі, ол сойқанның ең
бірінші жәрдемшісі болған Махамбет Өтемісов деген қазақ менің Зұлхарнайын деген
ұлымның жас кезінде, Орынборда оқып жүргенде қасында болды, бірақ ол мүлде
бұзылған адам болғандықтан, мен оны қуып жібердім1, - деп жазған.

Бұл фактілер
Махамбеттің езілуші шаруалар көтерілісінің алғашқы (1829 жылғы) ереуіліне де
қатысқандығын толық айқындайды. Сол жылдардан бастап Махамбет хан, сұлтандарға
қарсы қарулы күреске әзірленуші Истатай Тайманов тобына қосылып, қолбасыларының
бірі есебінде жұмыс атқарады. Хан, сұлтандар мен билерге қарсы болған халық
наразылығы әрі экономикалық, әрі рухани қысымшылықтардан туған болатын.
Тарихшылардың айтуынша, сол кезде Бөкей ордасы қазақтарының пайдалануындағы
алты миллион төрт жүз мың десятина жерден 1830-40 жылдары Жәңгір ханның әмірі
бойынша 4500 мың десятина ең жақсы жерлер би-феодалдар мен сұлтандарға бөлініп
берілген. Мысалы, хан өз меншігіне 400 мың десятина жер алып, Мүшеғали және
Шынғали Орманов сұлтандарға 700 мың десятина, Бабажанұлы Қарауылқожаға 340 мың
десятина жер берген.

Ғасырлар бойы
атамекені есебінде қоныстанып келген жерлерінен хан бұйрығы бойынша қош
айтысып, құмдық пен шөлдікті мекендетуге мәжбүр болған шаруалардың хал-жайы жыл
санап, ай санап нашарласа, осының үстіне атап-атап алатын хан салығының саны
12-ге жеткен. Қара халықтан жиналатын ханның бір жылғы соғым салығының 4 мың
жылқы немесе 24 мың қой есебінен болу фактісінің өзі-ақ халықты қанаудың қанша
дәрежеде шектен асқандығын көрсетпей ме?

Сонымен қатар хан,
сұлтан, би-феодалдардың өз тарапынан халыққа көрсеткен рухани қысымшылықтары да
аз болмаған. Сәл нәрсені сылтау етіп, ат-шапан айып алулары өз алдына, ондай
жазаға праволары болмаса да, дүре соғу шараларын да қолданған. Міне, осылар
тәрізді әрі экономикалық, әрі рухани қысымшылықтардың негізінде шаруалар
көтерілісі туды да, ол көтеріліс халық батырлары Исатай мен Махамбетті жарыққа
шығарды.

Хан, сұлтандар және
олардың сойылын соғушылардан жәбір-жапа көрушілер Исатай батырдың маңына
жиылып, аз жылдың ішінде-ақ ауыр қолға айналды.

Исатай Тайманов 1815
жылдан бастап-ақ ханмен араздасқан-ды. 1830 жылдарға шейін хан, сұлтандардың
қиянатынан екі рет жазаланған-ды, түрмеде де отырып шыққан. Ал Жәңгірдің хандық
тізгінге ие болған жылдарынан бастап, (1824) араздығы өрши түспесе, әлсіреген
жоқ. Хан кейде оны әртүрлі саясат қолданып, өзіне қаратпақшы да болған. 1834
жылғы Исатайдың өзіне, ол басқаратын беріш руына арнаулы жер жоспарын сызып,
сол жоспардағы жақсы жер, жайлы қоныстарды қалай пайдаланамын десе де ерікті
деп рұқсат, кеңшілік беруі Жәңгірдің сұмғұла саясатының бір көрінісі еді.

___________________

1А.Ф.Рязанов. Восстание Исатая Тайманова, Ташкент, 1925. 

Хан, сұлтандарға
қарсы халық наразылығының күшейе келіп, шарықтау шегіне жеткен кездері - 1836-37
жылдар. Исатай, Махамбет бастаған шаруалар тегіс қаруланып, 3 мыңнан астам
қарулы жасақпен хан ордасын қамап алып, Жәңгір ханның алдына халық тілегін
орындау мәселесін қояды. Заңсыз меншіктенген жерді, зорлықпен тартып алған
малдарын қайырып беруді, Қарауылқожа, Балқылардың елге жасаған жәбірліктерін
тексеруді, оларға шара қолдануды талап етті. Егер халық қойған тілектерді
орындамаса, хан ордасының шабылатындығын мәлімдейді. Хан көтерілушілердің
барлық талаптарын түгел орындамақ болып, бір жағынан, уәде беріп, ант-су ішсе,
екінші жағынан, Астрахан, Орынбордан патша әскерлері келіп те үлгереді, ал олар
Орданың өз адамдарынан құрылған отрядтармен күш біріктіріп, Исатай, Махамбет
бастаған шаруалар көтерілісін басуға жедел кіріседі. Исатай, Махамбет бастаған
әскер қаруларының нашарлығына, әскери білімдерінің жоқтығына қарамастан,
жауларына бірнеше ай бойы ерлікпен тойтарыс береді. Бекетай құмындағы халық
әскерлерінің ерліктерін Орынбордан келген қаралаушы отрядтың бастығы
подполковник Геккенің өзі мойындады.

Қысқасы, 1837 жылдың
ноябрь айынан бастап декабрьдің 12-не дейін қаша ұрыс сала соғысып, Астрахан,
Орынбордан келген патша әскерлерінің де, хан, сұлтандардың да отрядтарына қарсы
тұрады. Ақыры қаруы мықты әскери күштерге төтеп бере алмай, лажсыз Жайықтың бергі
бетіне өтуге тура келеді. Қастарында адам аз болса да, жауларымен соғыса
отырып, Жайықтың бергі бетіне, Гурьев облысына өтті де, 1837 жылдың декабрь
айынан 1838 жылдың май-июнь айларына шейін бұл жақтағы елдерді ханға қарсы
күреске шақырып, тағы да көп қол жияды.

Бұлардың көтеріліске
әзірленіп жатқанына өзінің жасырын тыңшылары арқылы әбден қанық ежелгі
жауларының бірі Баймағамбет Айшуақов (Жайықтың бергі бетінің сұлтаны)
Орынбордың генерал-губернаторы Перовскийге Исатай туралы күнбе-күн хабар
жеткізіп тұрды. Исатай, Махамбеттің қалың әскері Кил өзенінің бойына тегіс
жиналып, ең соңғы шабуылға әзірленіп жатқанын Баймағамбет мәлімдеп, тез әскер
жіберуін сұрады. 1837 жылғы ішкі Ордада болған көтерілісті басқандығы үшін
полковник атағын алған Гекке бұларға қарсы Орынбордан тез аттанады да, Ақбұлақ
өзенінің бойына Исатай, Махамбеттердің барлауға шыққан аз ғана жасағына кез
келе кетеді. Оның ішінде Исатай, Махамбеттің өздері де барлығын білген Гекке,
Баймағамбеттер тұс-тұстан шабуыл жасап, берік қоршауға алады. Бұл оқиға 1838
жылы 12 июльде Ақбұлақ өзені бойында болған. Сол күні соғыста Исатай қаза
тауып, аз ғана отряды апатқа ұшырайды. Бір-екі жолдасымен қамауды бұзып шыққан
- жалғыз Махамбет қана. Ол Кил өзені бойында қалған көп қолды өзі бастап,
патша, хан әскеріне қайта шабуыл жасамақ болады. Бірақ ұйымдасуы нашар, әр
елден жиылған көпшілік бас сауғалап, Махамбет келгенше тарап та үлгереді.
«Сұмдықты қара тана бастайды» дегендей, Исатай, Махамбеттерге Хиуа хандығына
қарайтын елдерден келген отряд бастығы Қайыпқали Ешимов болады. Исатайдың
өлімінен хабар алысымен-ақ, ол қаша жөнелді. Сол қашқаннан Қайыпқали Хиуадан
бір-ақ шығады.

Енді Махамбетті
ұстап алу әрекеті басталады. Оның басын әкеліп берушілерге бәйге жарияланады.
Әйтсе де Махамбет күресін тоқтатпайды. Өзінің жалынды жырларымен халықты ханға
қарсы үгіттеп, халқы үшін қаза тапқан ерлерді емірене жырлайды.

1838 жылы 12 июльден
бастап 1840 жылға шейін Махамбет Хиуа хандығымен шектес Назар, Шүрен елдерінде
болады. Бұған екі түрлі архив материалы дәлел: бірі - Махамбеттің 1839 жылы сол
елдерде жүріп достарына жазған хаты1 және 1839 жылы ноябрь айында
Махамбетпен кездесуі жайлы Хиуа шекарасында әскери экспедицияны басқарған Егор
Петрович Ковалевскийдің естелігі.2

Ковалевскиймен
кездесуінен кейінгі Махамбет туралы архив мәліметтері оның 1840 жылы Гурьев
өлкесінен Бөкей ордасының шегіне жасырын өтіп, жауларынан кек алмақ болғанын,
Жәңгір ханның сұрауы бойынша, Орынбор генерал-губернаторы Орал қаласының әскери
атаманына Махамбетті қалай да ұстауға бұйрық бергенін, ақыры соңына түсіп
жүріп, 1841 жылы 4 мартта Жайықтың Гурьев бетін мекендеуші Тілекеев деген
қазақтың үйінде жайбарақат отырғанда ұстағанын, 17 мартта Орынборға айдатқанын
баяндайды. Ісі әскери сотқа тапсырылады. Орынбор түрмесінде бес айдай
отырғаннан кейін, ісі тексеріліп, сот болады. Сот Махамбетті ақтайды. Оның екі
түрлі себебі бар: біріншіден, соттың, көтерілістің басылғанына үш жыл өткеннен
кейін болуы. Кезінде (1838 жыл) көтеріліске қатысушыларға кешірім (амнистия)
жарияланған-ды, енді мәселені қайта қоздыруды патша өкіметі керексіз деп
табады. Екіншіден сол көтеріліс жылдары Көтібаровтардың тұтқынында болған
хорунжий Шустиков бастаған қазақ-орыс отрядын тұтқыннан босатуын Махамбет тілге
тиек етеді. Махамбеттің бұл жауабының шындығын сотта сол кезде отрядтың ішінде
болған подпоручик Аитов растайды.

Босатуын босатса да,
Махамбетке берілген жолдама қағазына қарағанда, одан әлі де болса
генерал-губернатордың сескенетіні аңғарылады. «Шекараға жақындамау үшін даланың
алысырақтау жеріне жіберу керек» деп шекара комиссиясы ұйғару шығарып, Кіші
жүздің орта аймағын билеуші сұлтан-правитель Арыстан Жантөринге нұсқау беруі
осыны дәлелдейді.

__________________

1А.Ф.Рязанов. Восстание Исатая Тайманова, Ташкент, 1925, 9-бет.

2 Е.П.Ковалевский. «Странствователь по суше и морям», С.П.Б. 1843 г., І книга,
82-84-беттер.   

  Тұтқыннан
босағансын да Махамбет хан, сұлтандарға қарсы шығуын тоқтатпайды. Ақыры, 1846
жылы қас жауы Баймағамбет Айшуақов оның басына тағы да бір мың сом бәйге тігіп,
не тірі, не өлтіріп басын әкелушілер көп ақша алатындықтарын жариялайды. Ондай
адам Баймағамбеттің өз төңірегінен табылады. Көп жылдар тыңшылық, сатушылық
жұмыстарын атқарушы Ықылас Төлеев дейтін қаныпезер, өзінің сенімді серіктерімен
ақынның үйіне барып, абайсызда қылышпен шауып өлтіреді.

Сөйтіп, өзінің аз
өмірін халқының бостандығы жолына жұмсаған батыр, жалынды ақын, ақыры, 1846
жылы дұшпандардың қолынан қапыда қаза табады. Сүйегі сол өлген жеріне қойылады.
Бұрынғы Қараой, қазір Махамбет ойы делінеді. Қазір Гурьев облысы, Махамбет ауданы.

Махамбет шығармалары
саны жағынан көп болмаса да, оның сапасы, идеялық көркемдігі жағынан мәні зор.
Бір сөзбен айтқанда, Махамбет өлеңдері - ХІХ ғасырдың бірінші жарымындағы хан,
сұлтан, би-феодалдарға қарсы Исатай бастаған шаруалар көтерілісінің айқын
айнасы. Оның өлеңдерін оқығанда, шаруалар көтерілісінің алғашқы өрлеу кезеңдері
де, күрес жолдарындағы халық батырларының ерлік қимылдары да, көтерілістің
апатқа ұшырағаны да, күресушілерге жауларының қолданған қатал шаралары да,
жеңіліс тапқаннан кейінгі ауыр хал, қиын жағдайлардың бәрі де сол қалпында
суреттелінеді.

Махамбет, шын
мәнінде, өз халқын, өз отанын сүйген патриот ақын. Әр сөзі қанаушы хан, сұлтан,
би-феодалдарға қарсы айтылып, өмір шындығының бір бөлшегі тәрізді көрінеді.
Халықтың ауыр тұрмысын жеңілдету үшін 
ақын өзінің «Жәңгір ханға айтқан сөзі» деп аталатын өлеңінен бастап, қарулы
күреске шақырады.

Беркініп
садақ асынбай,

Біріндеп
жауды қашырмай,

Білтеліге
доп салмай,

Қорамсаққа
қол салмай,

Қозы
жауырын оқ алмай,

Атқан
оғы жоғалмай,

Балдағы
алтын құрыш болат

Балдағынан
қанға суармай,

Қасарысқан
жауына

Қанды
көбік жұтқызбай,

Халыққа
тентек атанбай,

Ерлердің
ісі бітер ме? -

Қай кезде болсын  күрес оңайлықпен қолға түспейді. Талай
қиыншылық, ауыр азап, зор бейнеттерді бастан кешіруге тура келеді. Ақын бұл
жайтты да халыққа ескертіп, үлкен іс үлкен төзімділікті керек ететіндігін ашық
айтты:

 

Толарсақтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығарға,

Қас үлектен туған кәтепті

Қара нар керек біздің бұл іске.

Қабырғасын қаусатып,

Бір-біріндеп сөксе де,

Қабағын шытпас ер керек

Біздің бүйткен бұл іске.

Тап осы идеяны ақын
«Ереуіл атқа ер салмай» деген әйгілі өлеңінде бұдан гөрі де тұжырымдырақ
жырлайды. Халық мүддесіне шын берілген ерлер «Қу толағай бастанбай» іс бітіре
алмайды деп түйеді. Толағай моңғолша
бас деген сөз. Ақын ел игілігі үшін күресушілер басын бәйгеге тігіп, өлімге бел
бууы керек деген пікір ұсынады және өзі де, оның серіктері де осы сертті толық
мәнінде орындап, ерлікпен өле білді. Әрине, бұл тәрізді революциялық қарқын,
өжеттік, ерлік ақынның тек өз басының ғана өршілдік қасиеті емес, титығына
жеткен халық кегінің күрес жылдарында сыртқа тепкен бір алуан көрінісі болатын.
Көпшіліктің арман-тілегін терең сезінетін ақын осы жайтты ерлікке үндейтін сөз
образдары арқылы жұртшылыққа шебер жеткізе біледі. Махамбет өлеңдері өз кезінің
сәулесі, көтерілістің айнасы дегенде, әсіресе екі түрлі шындық айрықша
сезіледі. Езушілікпен байланысты өмір шындығы және халықтың үстемдік етушілерге
қарсы келісімге келместік, наразылық, өшпенділігі анық көрінеді.

Көтерілістің алғашқы
кезеңін ақын өзінің күресті аңсаған өршіл романтикалық қалыпта жыр етсе,
көтеріліс апатқа ұшырап, хан, сұлтандар тарапынан қатты жазалау шаралары
қолданылып, көтеріліске қатысушылардың басы айдауға, малдары тонауға түскен
күндерін тарихи шындыққа дәл, оқырмандарының жан жүйесін тебірентерлік дәрежеде
суреттейді. Әрине, ел басына кездескен ауыр хал, қиын жағдайларды өз қалпында
көрсету, үстем таптың қаныпезер, қара жүрек істерін беттеріне басып, халық
мұңын жырлау, әсіресе көтеріліс жеңіліс тапқан жағдайда оңай емес-ті.

Исатай өлгеннен
кейін хан, сұлтандардың ең қауіпті жаулары Махамбеттің ізіне шам алып түсті.
Басына ақша тігіп, бәйге жариялап, қалайда қолдарына түсіруге күш салды.
Жасырын тыңшылық жіберіп, солар арқылы ұстамақшы болып әрекеттенді. Осылай
сүргінде жүрсе де, өз халқының адал ұлы Махамбет бас кетер деп тіл тартпады.

Міне алмаған алағай,

Шыға алмаған
далаға-ай,

Атаңа нәлет Жәңгір
хан,

Қара қазақ баласын

Шетінен тізіп
айдады-ау,

Орынбор деген
қалаға, -

деді. Ақынның бұл сөздері сол кез, сол
жағдайдың нақтылы шындығы болатын. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін хан,
сұлтан, би-феодал, қожа-молдалар бірлесе отырып, Исатай, Махамбеттердің соңына
ерушілерге ойларына келгенін жасады. Істің ақ, қарасы тексерілмеді.
Мал-мүліктерін, адамдарын тұтқынға алып, ату жазасына бұйыру үшін Орынборға
айдатты.

Сөз асылын тере
білген жалынды ақын ел басындағы сұрапыл күндерін тап өзінің болған қалпында
жан-жүрегімен егіле жырлады:

Мұнар
да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан
шыққан шұбар күн,

Буыршын
мұзға тайған күн,

Бура
атанға шөккен күн.

Бұлықсып
жүрген ерлерден

Бұрынғы
бақыт тайған күн.

Қатарланған
қара нар

Арқанын
қиып алған күн.

Алма
мойын аруды

Ат
көтіне салған күн.

Бұландай
ерді кескен күн,

Буулы
теңді шешкен күн.

Сандық
толы сары
алтын,

Сапырып
судай шашқан күн...

Тұс  қыла көр, құдайым,

Біздің нақ
мейманасы
тасқанға

Біздің
ер Исатай өлген күн...

Бұл үзіндіден
байқалатын бір жайт - сөз образдарындағы поэтикалық контраст. Буыршын дағдыда
мұзға таймайды, бура атанға шөкпейді. Бірақ ақын тап осылай болды деп суреттейді.
Сөз қолданыстарының бұлай болып келуі өмір шындығын дәл ұқтырады.
Оқырмандарының ой-сезіміне әсер ету үшін де әрі шебер, әрі орынды. Исатай,
Махамбет бастаған көтерілістің мақсаты биік, арманы жоғары еді. Бірақ жағдай
бұлардың ойлағандарына керісінше келіп, үлкен жеңіліс, ауыр қазаға ұшыратты.
Сондықтан да ақын өзінің айтайын деген ой-пікірлерін поэтикалық контрасқа
құрған.

Біз жоғарыда,
Махамбет 1838 жылдан 1840 жылға шейін Хиуа шекарасындағы Назар, Шүрен елдерінде
болды дедік. Көтерілісті басқарушылардың көпшілігі өлімге, қуғынға ұшырап,
амалсыздан басқа елдің суын ішіп, дәмін татуға тура келетіндігін аңғартып, «О,
Нарынында» ақын:

 Арғымаққа оқ тиді

Қыл мықынның түбінен.

Ер жігітке оқ тиді

Ауыз омыртқаның түбінен.

Қайтейін енді, дүние-ай!

Жалғыз да кетіп барамын

Қасымда көмектің кемінен, -

дейді. Көтеріліс жеңілгеннен кейін,
енді бас көтертпеу шарасын ойлаған хан мен оның таяғын соғушылар, кімде-кім
аяғын қия басса, оған мейлінше қатал жаза қолданды. Сондықтан Махамбетке ерушілер
аз болды. Ол Назар, Шүрен елдеріне ауады. Кеше ғана соңына сансыз әскер ертіп,
хан тұқымдарының тобасын шақыртқан батыр ақынға бұл жағдай оңай соққан жоқ. Осы
бір көңіл күйін: 

Абайламай айырылдым

Ар жақтағы елімнен.

Анау Нарын деген жерімнен.

Тірі кеттім демеймін,

Кем болмады өлімнен, -

дейтін өлеңін алсақ,
әлі де болса, ол күресті аңсайды. Тек бас қамын ойлап, жай жүрмегендігін
көрсетеді. «О, Нарын» өлеңінің аяғын:

Алтын жақсам жарасар,

Жылтыраған күміске.

Он екі ата Байұлы1,

Жиылып келсе бұл іске.

Алты сан алаш2 ат бөліп,

Тізгінін берсе қолыма,

Заулар едім бір көшке, -

деп бітіреді.

 

__________________

1Он екі ата Байұлы - ру аты.
Кіші жүздің көпшілігі - Байұлы - он екі атаға бөлінеді.

2Алты сан алаш - бүкіл қазақ
деген ұғымда.

 

Махамбет Орал, Орынбор,
Орда, Астрахан қалаларынан алысырақ жатқан Назар, Шүрен елдерінен әскер жиып,
жаз шыға Жәңгір ханның ордасына шабуыл жасауды негізгі мақсаты еткен. Бұл 1839
жылы еліндегі достарына жазған хатынан да мәлім десек,

Баданамды баса
бөктеріп,

Күн-түн қатып
жүргенмін

Ана Нарында жатқан

Жас баланың қамы
үшін, -

дейтін жолдар да осыны аңғартады.

Махамбеттің шын
реалист ақын екендігін көрсететін фактілер тек оған қарсы топтың жауыздықтарын
көрсетумен немесе халық басына төнген қара күндерді суреттеумен ғана
шектелмейді. Ақын көтеріліс кезіндегі өздерінің істеріндегі қате-кемшіліктерін
де жасырмайды. «Әй, Махамбет, жолдасым» деген өлеңінде өзінің қатты сыйлайтын
досы, көтеріліс кезінде бедел етіп ұстаған қолбасы батыры, кейін өлімін аза
тұтқан аяулысы, көп өлеңдерінің өзекті тақырыбы болған Исатайдың өз
қателіктерін монологі арқылы өзіне мойындатады. Келешек ұрпақ бұл қателікті
қайталамауы керек дегендей ой тастайды:

            Ауыр
әскер қол ертіп,

            Жасқұсты
барып төнгенде,

            Арыстандай
ақырған

            Айбатыма
шыдамай,

            Хан баласы жылады-ай:

            «Жанымды қи!» - деп сұрады-ай;

Ақкөңіл аңқау жүрекпен,

Беремін деп мен тұрдым!

Көк бедеуді бауырлап,

Шабамын деп сен тұрдың...

Хан
сөзіне сенгенім,

Он күн
сүрек бергенім

Әскерімді
таратып,

Он бір күнге қаратып,

Бекетай
құмға келгенім, -

дейді.

Мұны тарихи документ те
растайды. Хан елшілері он күн шартты мезгіл сұрап келгенде, Исатай ханның
тілегін беру жағында болады да, Махамбет оған қарсы шығып, тез шабу керек
дейді.

Подполковник Гекке өзінің
Перовскийге 1837 жылғы 5 ноябрьде жазған хатында: «Хан ордасына аман-есен
келдім. Исатай өзіне ерген жасағымен Ордадан 8 километр жерде.
Исатайларды «Әне келіп қалды, міне келіп қалды» деп күткен Орда маңындағылардың
үрейі ұшуда көрінеді. Ат төбеліндей топты менің келуім сергіткендей болды.
Әскерсіз өзім ғана келіп, оларға тигізерлік көмегім жоқ болса да, хан сол менің
келгендігім үшін де қатты қуанды»1, - деп жазды.

Жоғарғы біз келтірген «Әй,
Махамбет, жолдасым» деген өлеңнің басқа шумақтарында баяндалған, суреттелген
жайлардың тарихи мәліметтерге дәл келетіндігіне таңғалмасқа болмайды. Белгілі
тарихшы А.Ф.Рязанов өзінің кітабының бір жерінде: «Көтерілістің жаны болған -
Махамбет Өтемісұлы»2, - десе, екінші бір жерінде хан мен Геккенің
әскеріне тұтқынға түскен бір адам былай деп жауап беріпті: «Мен  Сарт Еділұлына Шынғали Орманов сұлтанға
өзің  барып, кешірім сұра дедім, ол
көнгендей болып еді, бірақ Махамбет Өтемісұлы: «Өлгің келсе, соны жаса», - деп
керісінше кеңес берді. Содан кейін Сарт айнып қалды»,2 - дегенді
айтады.

Өлеңде: «Көк бедеуді бауырлап,
шабамын деп сен тұрдың» десе, «Хан баласы - ылаң, қара шұбар жылан, құйрығын
бастың, басын ез. Шап! Шаппасаң, шабыласың», - деп айтыпты-мыс дейтін афоризм
ел аузында күні бүгінге дейін сақталған. Ханның сұраған он күнін беру былай
тұрсын, Махамбет олармен қатынасты мүлде үзіп, шабу керек деп, турасынан
айтқан. Басқа да қолдаушыларға хан, сұлтандармен енді тілге келу өліммен тең
екенін аңғартқан. Жоғарғы Сарт Еділұлы жайлы тарихи факт де сол кездегі
шындықтардың бір көрінісі.

Исатай, ақыры, ханның сұраған
он күнін береді. Осы күндердің ішінде Астрахан, Орынборлардан әскер де келіп
үлгереді. Бұны тарихшылар көтеріліс жолындағы Исатайдың жіберген үлкен қатесі
деп жүр. Өйткені қызумен келген көтерілісшілердің қарқындары қайтып қалады.
Іштерінде батырға наразылықтар туады. Екінші, он күн ішінде бір жерде жата
алмай, тарап кеткен қол нақ керек кезінде жиналып үлгере алмайды.

Сөйтіп, «Әй, Махамбет,
жолдасым» өлеңі - 1837 жылғы шаруалар көтерілісінің бір алуан шындық көрінісі.
Бұл өлеңнің төл сөз, батырдың монологі ретінде берілуінің де өзінше мәні бар.
Біріншіден, тірісінде де, өлгеннен кейін де қатты құрметтеген адамы Исатайдың
өзін сөйлетіп, қатесін мойындату болса, екінші жағынан, батырдың өзіне тән
кейбір мінездерін де сипаттайды. Бұл өлеңнен Исатай әрі сенгіш, әрі бірбет, өз
дегені болмаса, басқаның айтқанына көнбейтін, қарыспа және сөзіне берік адам
болып көрінеді. Мінезінің біржақтылығынан ол талай опық жеген. Ақын осындай
жайттарды еске түсіріп, көтерілісті бастаушы қолбасының жіберген қапылық,
«әттеген-ай» түрінде болса да сынап, болған шындықтарды жасырмай өз тұрғысында
баяндайды.

Махамбет өлеңдерінде
қамшының өзегіндей тартылып жатқан идея - қанаушы тап өкілдеріне қарсы өзінің
және халықтың ________________

1  Рязанов «Исатай Тайманов көтерілісі», 1925, 60-бет.

2Бұл да сонда., 73-бет.

өшпенділігін, олармен еш уақытта келісімге келмейтінін
жеріне жеткізе

жырлаушылық. Сол дәуірді алсақ, бұл мәселеге бүкіл шығыс
елінде Махамбетпен ешкім таласа алмайды.

Баймағамбет сұлтанның
алдында, тұтқын дәрежесінде тұрып:

Қыларың болса, қылып қал,

Күндердің күні болғанда

Бас кесермін, жасырман, -

деген сөздерінде қаншама өшпенділік, ерлік жатыр.
Көтерілістің программасын және халықтың қайнаған кек, кернеген ыза, келісімге
келместік, іштей бекіністерінің куәсы дерлік өлеңі - «Махамбеттің Баймағамбет
сұлтанға айтқан сөзі». Өлеңінің аяғында:

Хан баласы, ақсүйек,

Ежелден табан аңдысқан

Ата дұшпан сен едің,

Ата жауың мен едім.

Ежелгі дұшпан ел болмас,

Етектен кесіп жең болмас!

Хан баласы, ақсүйек,

Байеке,
сұлтан сен болып,

Сендей
нарқоспақтың баласы,

Маған оңаша жерде жолықсаң,

Қайраңнан алған шабақтай

Қия бір соғып ас етсем,

Тамағыма
қылқаның кетер демес ем, -

деп бітіреді. Оның
өзінше мынадай тарихи себебі де бар. Қазақ даласына Шыңғыс ұрпақтары хан болып,
өз үстемдіктерін жүргізгеннен бермен қарай, әр кезең, әрбір тарихи жағдайға
байланысты езілуші халық оларға өздерінің наразылықтарын білдіріп отырды. Хан
тұқымдарымен тізе қосып, қара халыққа ұдайы экономикалық және рухани
қысымшылықтар көрсетіп келген қазақтың өз ішінен шыққан би-феодалдарға да
халықтың ой-санасына қатқан кек еш жібіместік дәрежеге жеткен-ді. Демек,
жоғарғы үзінді осы шындықтың бетін ашады. Езушілер мен езілушілер арасында өлім
болуы мүмкін, бірақ келісімге келуі мүмкін емес деген қорытынды шығарады.

Махамбеттің  қысқа өмірі күреспен өтті. Талай трагедиялық
ауыр халдерді өз басынан кешірді. Көтерілістің апатқа ұшырауы, Исатай, Ерсары, Қалдыбайлардың
соғыста қаза табуы, өзімен бірге туған бауырларының бірі майданда өліп,
бірнешеулері Сібір айдалуы, соңына ерушілердің мал-мүліктері конфескелеуге
ұшырап, тұтқынға алынуы, семьясынан айырылып, өз басының өле-өлгенше
қуғын-сүргінде болуы бір адамға аз қайғы, жеңіл жүк емес. Әйтсе де осылардың
барлығына ақын ерлікпен төзе білді. Сары уайымға салынып, өлім іздеген жоқ,
өмір іздеді. Өмірінің үзілер кезіне шейін ол күресті аңсады. Тіпті элегиялық
сарында жазылған лирикасының өзінде де ақын жан сезімін, өз басының
күйініш-сүйінішін айта келіп, сөзінің аяғын әрдайым оптимистік романтика
рухында бітіреді.

«Ұлы арман» деген
өлеңінде ақын:

Желп-желп еткен ала ту

Жиырып алар күн қайда?!

Орама мылтық тарс ұрып,

Жауға аттанар күн қайда?

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген,

Арғымақтан туған асылды

Баптап мінер күн қайда?

Алаштағы жақсыдан

Батасын алып, дәм татып,

Түлкідейін түн қатып,

Бөрідейін жол тартып,

Жауырынына мұз қатып,

Жалаулы найза қолға алып,

Жау
тоқтатар күн қайда? -

деп арман етеді.

Бұл, сөз жоқ,
элегиялық өлең. Мұнда жабылыңқы көңіл күйі анық сезіледі. Бірақ ол өмірден
түңілмейді, риторикалық сұрақ түрінде кешегі күрес күндерін аңсайды. Әлі де
болса ақын «Жалаулы найза қолға алып, жау тоқтатуға әзір тұрғанын көрсетеді.

Осы пікірін
«Жайықтың бойы көк шалғын» дейтін өлеңінде ақын бұдан гөрі аша түседі:

Жайықтың бойы көк
шалғын,

Күзерміз де
жайлармыз,

Күлісті сынды
күреңді,

Күдірейтіп күнде
байлармыз.

Құдай істі оңдаса,

Ісім жөнге келген
күн,

Қамалаған көп
дұшпан,

Әлі де болса қойдай
қылып айдармыз.

Көп жылдар күресті
басынан өткізген ақын өмір құбылысын, тартыстар тәжірибесін бақылай келіп:

Атадан туған аруақты ер

Жауды көрсе жапырар,

Үдей соққан дауылдай.

Жамандарға қарасаң,

Малын көрер жанындай.

Жүйрік аттың белгісі,

Тұрады құйрық, жалында-ай,

Айтып-айтпай, немене,

Халық қозғалса,

Тұра алмайды хан тағында-ай! -

деген қорытынды
шығарады. Халық күшіне берік сене білді.

Хан, сұлтан,
би-феодалдар қаншама мықтысынып, қара халықты қанаса да, күш халықта деген
идеяны кейінгілерге өсиет есебінде қалдырды. Өздері жете алмай кеткен ұлы
армандарын келешек ұрпақ орындайтынына сенді және халық үшін күрескерлердің
қандай сипаты болуы керек деген сұраққа да өз жауабын беріп кетті. «Туған ұлдан
не пайда?» деген өлеңінде:

Ақ жұмыртқа, сары уыз,

Әлпештеп қолда өсірген

Туған ұлдан не пайда?

Қолына найза алмаса,

Атаның жолын қумаса, -

десе, «Ұл туса»
деген өлеңінде қолына найза алып, ата жолын қуарлық ұлдың қандай болатындығын
көрсетеді.

 

Асылдан болат ұл туса,

Екі жақ болып келгенде,

Егескен
жерде шарт кетер.

Жауырынан
өтін алса да,

Жамандарға жалынбас, -

деді.

Қандай қиын, қандай
трагедиялық жағдайды басынан кешірсе де, ол пессимизмге салынған жоқ.
Өле-өлгенінше келешекке сенумен болды да, ұрпақтарын халық кегі үшін күреске
шақырды. Өмірінің соңғы жылдарының бірінде жазылған «Бағаналы терек» өлеңінде:

Бағаналы терек жарылса,

Бақыраш жамап болар ма?

Қарағайға қарсы бұтақ біткенше,

Еменге иір бұтақ бітсейші,

Қыранға тұғыр қыларға!

Ханнан қырық туғанша,

Қарадан бір-ақ тусайшы,

Халықтың кегін қусайшы,

Ақырып теңдік сұрарға! -

деді.

Бұлар - оптимистік
романтика сарынындағы өлеңдер. Жалпы ақын өлеңдерінің идеялық, көркемдік
жағынан түйіндесек, өз кезіндегі халық өмірінің айнасы дерлік дәрежеге
көтерілген, революцияшылдық, күрес рухындағы поэзия екендігін көреміз. Махамбет
өлеңінің құндылығы реализм әдісімен прогрессивтік романтизмнің бір бүтін нәрсе
болып біте қайнауы байқалады.

Исатай образы. Халықтың ауыз
әдебиетінде, әсіресе эпостық поэмаларда, отаны үшін өлімге басын байлаған батыр
образдары аз емес. Бірақ ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиетіміздің
тарихын алсақ, ерлікті дәріптеп, батырлардың образын жасауда өзіне шейінгі
халық әдебиетінің табыстарын қайталамай, Махамбет шын мәніндегі реалистік образ
жасады. Ол бізге Исатай образын қалдырды.

Махамбет өлеңдерінде
Ерсары, Қалдыбай тағы басқалардың да ерліктері сөз болады. Бірақ оның
өлеңдеріндегі басты образ - Исатай. «Тарланым», «Мінкен ер», «Тайманның ұлы
Исатай», «Исатай сөзі», «Қызғыш құс», «Исатай деген ағам бар», «Мұнар күн»,
«Соғыс», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» өлеңдерінде де Исатайдың
ерлік істері, патриоттық, азаматтық қасиеттері жырланады.

Исатай - тек әдеби
герой емес, тарихи адам. Ақынның өзі айтқандай, ол - қайтпас ер, қаһарман
батыр, хан, сұлтандарға қарсы бұқара күресін ұйымдастырушы, даңқты қолбасы.
Исатайдың халық көпшілігіне жақындығы ел арасындағы беделін арттырады да, оның
сөзіне беріктігі, тұрақтылығы, езілуші шаруалардың арман, тілегін, мұң, зарын
ұға білуі, солар үшін неге болса да әзір екендігін сөзбен емес, істе дәлелдей
алушылық оның соңына халық ерерліктей негізгі қасиеттер болып саналады.
Көтеріліс оның жеке басындағы кейбір кемшіліктерді түзеп, бойындағы асыл
қасиеттерін жарыққа шығарды. Батыр күрес үстінде өсті. Ол өзінің бас қамын
емес, халық қамын, ел мүддесін ойлады. Бұл тәрізді үлкен адамгершілік қасиет
оның ісіне көрік, атына даңқ қосты.

Тарихшы А.Ф.Рязанов:
«Исатай батыр өмірін осы халықтың күресіне құрбан етті. Ешқандай қиыншылық,
оның ісі жөніндегі қаңқу сөздер, ешқандай жеке басының қайғысы, оның темірдей
еркін қайыстыра алмады. Ол соғыста бір баласынан айырылды, бір әйелін қазаға
ұшыратты және әйелі мен екі ұлын дұшпанның қолына түсірді. Бұлар зор қайғы еді.
Бірақ олар да батырды мойыта алмады, қайта оның жүрегіндегі өжеттілік пен кекті
қайната түсті; өзінің және халықтың жауларынан көрген қайғы, азаптары оны
шынықтырып жіберді»1, - деп жазды.

 Махамбет өлеңдерінде де Исатай әрі көтеріліс
көсемі, әрі батыр, әрі ақылды,  халық
тілегін жеке басының мақсатынан жоғары санайтын, көздеген арманына жету жолында
қажымай қайрат көрсететін, басқалардан бір бөлек, шоқтығы биік жан етіп көрсетіледі.

«Тарланым» өлеңінде:

Таудан мұнартып ұшқан, тарланым,

Саған
ұсынсам қолым жетер ме?!

Арызым
айтсам өтер ме?

Арыстаным, көп
болды-ау,

Саған
да менің арманым!

Кермиығым,
кербезім,

Керіскендей
шандозым!

Құландай
ащы дауыстым,

Құлжадай
айбар мүйіздім!

Қырмызыдай
ажарлым,

Хиуадай
базарлым!

Теңіздей
терең ақылдым!

Тебіренбес
ауыр мінездім! -

дейді.

Әңгіме Исатайды ерекше көзге түсетін етіп, батырға лайықты тұлға, мінез, әдемі портрет жасауында ғана емес, ақынның оған деген терең сүйіспеншілікпен қарауы, жүректен
шыққан жылылықтың лебі бетке тигендей сезілуінде.

Айқайласа белдік байлаған,

Астана жұртын айналған,

Атына
тұрман болсам деп,

Жұртына
құрбан болсам деп,

Адырнасын
ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан
оғы Еділ, Жайық тең өткен,

Атқанда  қардай
боратқан,

Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан

Арыстан еді-ау Исатай,

Бұл фәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен.

______________

1А.Ф.Рязанов. Исатай Тайманов көтерілісі, 1925, 98-бет.

Бұл жердегі
«жұртына» деген сөзге хан, сұлтан, би- феодалдардың ортағы жоқ. Ақын синекдоха
арқылы жалқы ұғымның

орнына жалпы ұғымды қолданады. «Жұрты»
- оның езілген шаруа, еңбекші халық. Исатай бір сөзінде:  

Қорлықта жүрген халқыма,

Бостандық алып берем деп, -

айтса, Баймағамбетке айтқан сөзінде:                                          

Таудағы
тарлан шұбар біз едік,

Исатайдың барында,

Қара қазан, сар бала,

Қамы үшін қылыш
сермедік, -

дейді. Махамбет
Исатайдың ерлігін суреттеу үшін оны әр жағдайда алып көрсетеді:

Қабырғасын
қақыратқан,

Тебінгісін тесе
атқан (оқ)

Біздің қайсар
батырдың

Жүрегін сөйтіп
оятқан.                               

            Соғыс
кезіндегі бұл тәрізді қиындық басқаларды шошындырса, Исатайды өжеттендіре
түседі. «Ерлік әр жерде емес, тар жерде» 
деген халық мақалын батыр іс жүзінде растайды. Қасына ерген қарулы
жасақтың басына ауыр хал, қиын минут туғанда ол өз өмірін бір тиынға санамай,
түтеген оқтан таймай шауып, қамал бұзады. Таңғалдырарлық ерлігінің және бір
себебі - өзінің ежелден қанды көйлек жолдастары Ерсары мен Қалдыбайдың оққа
ұшулары.

Жөнелмей
батыр не қылсын,

Ерсары
мен Қалдыбай,

Екі
арыстан тең өлді, - деп,

жан серік жолдастары
үшін батырдың өлімге қарсы шапқандығын көрсетеді. Ақынның Исатайды терең сүюі,
егіле, емірене жырлауының негізгі себебі - оның өн бойындағы жақсы қасиеттері
езушілердің қанды тырнағынан халықты босатуға жұмсалуы. Бұған ақынның барлық
өлеңдері айғақ. Исатайдың патриоттығын айқындауда «Мінкен ер» айрықша орын
алады:

Күншығыстың астында,

Күнбатыстың тұсында,

Қарындасым барды деп,

Қабырғасын сөксе деп,

Қанын судай төксе де,

Қайыспас қара нарды деп,

Маңдайынан күн өтіп,

Жауырыннан жел өтіп,

Күн астынан жеткен ер.

Айтып-айтпай,
не керек,

Исатайды
өлтіріп,

Серкесінен
айырылып,

Сергелдең
болды
біздің ел.

Исатайды ақынның тереңнен
сүйіп, тебірене жырлауының түп тамыры батырдың ел үшін еткен ерлік істерінде
жатқандығының бұл өлең куәсы тәрізді.

Жалпы алғанда, Махамбет - лирик ақын. Оның өлеңдерінде
негізгі өзінің көңіл күйі мен ел сезімі ұштасып жатады. Сондықтан оның лирикасын, ең алдымен, әлеуметтік сарындағы, саяси лирика деп атауға
тура келеді. Қоғамның тапқа бөлінуінің негізінде таптық
күрес туады да, сол таптық күрес саяси, таптық жырларды туғызады. Қоғамның
тапқа бөлінуі және сол тапқа бөлінудің негізінде туған тап күресі қазақтың
фольклорынан айқын көрінеді. Соған қарағанда саяси лириканың бастамасы ауыз
әдебиетінде жатыр. Демек, Махамбеттің саяси лирикаларының бір тамыры фольклормен
байланысты. Жалпы, саяси лириканың өзіне тән ерекшелігі өз ой-пікірлерін, үлгі-насихат
істерін көпшілікке тарату, белгілі бір таптың алдында тұрған тілек-мүддесін
көркемсөз арқылы көпшіліктің сана-сезіміне жеткізу, үгіт арқылы оларға әсер ету
болса, Махамбет поэзиясында бұл ерекшелік қатты сақталады.

Бірақ саяси үгіт
поэзиясын жасаушы қазақ әдебиеті тарихында жалғыз Махамбет қана емес, басқалар
да болды. Солармен салыстырғанда, Махамбеттің тағы бір ерекшелігі - оның бір
сырлы, сегіз қырлылығында. Махамбет өлеңдері тек жалаң, құрғақ үгіт емес, оның
өлеңдерінде жалынды, саяси өткірлік пен терең ой, нәзік сезім өзара ұштасып,
біте қайнасып жатады. Махамбет өлеңдерінде бұл үшеуінің жігін ашып, бөліп алуға
болмайды. Осы қасиет Махамбетті көтеріліс туын көтерген әрі жалынды үгітші, әрі
ардақты ақын етті. Бұл мазмұн Махамбет өлеңдерінің құрылысы мен түріне де әсер
етті. Түр - мазмұнның түрі болуы қажет деген шартқа Махамбет поэзиясы толық
жауап бере алады. Оның: «Ереуіл атқа ер салмай», «Мұңайма», «Айныман» деген
өлеңдері мазмұнына түрі сай, жалынды үндеу сөздерге толы. Махамбеттің досын
мақтап, дұшпанын сынаған өлеңдерінің мазмұны күрес идеясын жыр ету болса, өлең құрылысы
да отты, өткір сөздерге толы, қаратпа сөздер, сұраулы сөйлемдер, не жырлай
арнау, не сұрай арнау немесе риторикалық сұрау болып келеді. Мысал үшін
«Мұңайма» деген өлеңін алайық:

Ханның ісі қатайды,

Азамат ерден мал тайды,

Қанды көбе киініп,

Бір Аллаға сиынып,

Ұрандап жауға тигенде,

Кім жеңері талай-ды,

Жолдастарым, мұңайма?! -

Ту түбіне тұлпар
жығылса,

Шаппаған нәмәрт оңар
ма?

Қарындастың қамы
үшін,

Қатын менен бала
үшін,

Қайырылмай кеткен
жігіттің

Өзін кәпір алғаннан

Талам деп айтсам
болар ма? -

дейді ақын. Мұндағы «азамат,
жолдастарым» деп, достарына қайырыла сөйлеу, екінші үзіндіде риторикалық сұрау
түрінде құру, өзінің айтайын деген пікіріне дәл, күреске шақыру тілегіне сай. Махамбет
өлеңдерінде бұл тәрізді үгіт өлеңдермен қатар, лириканың басқа да түрлері бар.
Ақынның бірқатар өлеңдері жоқтау үлгісінде құрылған.

Қазақ фольклорында
дүние салған адамның тіршіліктерін, іс-әрекеттерін әр жағынан алып, толық
баяндап жырлайтын жоқтаулар, естіртулер көп кездеседі. Махамбет өлеңдерінің
кейбіреулері фольклорда кездесетін жоқтау өлеңдерінің қысқа түріне жақындайды.
Исатайдың өліміне арнаған «Тарланым» деген өлеңін алсақ, жалпы жоқтаулардың
әдісімен батырдың өміріндегі әр алуан іс, амал, қасиет, мінездерін санап
көрсетеді. Бірақ мұнда да  Махамбеттің
өзіне тән кейбір ерекшеліктері бар. Махамбет өлеңдерінде Исатайдың өмірін жалпы
алмайды, оның өмірінің  әлеуметтік-таптық
жақтарын алып, батырдың езілуші халық, қара шаруа, еңбекшілердің мүддесін
қорғап, феодал, ақсүйектерге қарсы шыққан, шын мәніндегі халық қамқоры болған
жақтарын айрықша көрсетеді. Мырзалық сықылды жақтарына ақын тоқталмайды. Махамбеттің
жоқтау өлеңдерінің фольклормен  байланысы
барлығы сезіледі. Өйткені эпитет, метафора, теңеулерін алсақ, көбіне
фольклордан алынған поэтик тілдер.

Махамбеттің кейбір
өлеңдері философиялық тақырыпқа негізделген:

Қоғалы көлдер, құм, сулар

Кімдерге қоныс болмаған.

Саздауға біткен құба тал

Кімдерге сайғақ болмаған.

Басына жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған.

Таңдап мінген тұлпарлар

Иесін қайда жауға салмаған.

Құландар ішпес бұршақ қақ

Кімдерге шербет болмаған.

Садағына сары шіркей ұялап,

Жау іздеген ерлердің

Қайда
басы қалмаған.

Ішелік
те желік,

Мінелік
те түселік,

Ойналық
та күлелік,

Абайласаң,
жігіттер,

Мынау
жалған сұм дүние,

Кімдерден
кейін қалмаған? -

деп,
риторикалық сұрай арнау түрінде айта келіп, өмірге өзінше қорытынды жасайды.
«Толғау» деген өлеңінде де өмірді шоли келіп, өзінің одан
түйгендері мен ойын баяндайды. Бірінші шумағында ақын
термелеп, тыңдаушыларының назарын ақыл, кеңесіне аударады да, онан
кейінгі шумақта ақындық шабыттың шарықтау, ойдың серпуінен туған терең
пікірлер айтылады, үшінші шумақта хан-төренің тағдыры халықпен байланысты,
былайынша
айтқанда, оларды жоқ ету халықтың қолында деп, халықтың зор күш
екенін еске салады. Ең соңғы жолдарда ақын былай деп өзінше қорытынды жасайды:

Батыр
болмақ ойлан-ды.

Айқайласып
жауға ти.

Тәңірім
білер, жігіттер,

Ажалымыз
қайдан-ды.

Махамбеттің бақыт пен тағдырдың айнымалы
екендігін философиялық түрмен қорытқанын мына өлеңінен де көруге болады:

Бұл
дүниенің жүзінде

Айдан
көркем нәрсе жоқ:

Түнде
бар да, күндіз жоқ.

Күннен
көркем нәрсе жоқ:

Күндіз
бар да, түнде жоқ.

Мұсылманшылық
кімде жоқ,

Тіл
де бар да, дінде жоқ.

Көшпелі
дәулет кімде жоқ,

Бірде
бар да, бірде жоқ.

Азамат
ерлер кімде жоқ,

Еріккен
күні қолда жоқ,

Заманым
менің тар болды,

Тура
әділдік биде жоқ,

Бәрін айт та, бірін айт

Қаумалаған қарындас

Қазақта
бар да, менде жоқ.1

Бұл тәрізді эпифоралық ұйқас, синтаксистік
параллелизмге құрып, образдарына философиялық мән беру, ақынды бұл дәуірде
дұрыстық, әділдік жоқ деген қорытындыға әкеп тірейді де, сондықтан ақын
жалғыздық көріп, қасіретке ұшырайды.

Мұнан кейін Махамбеттің кейбір өлеңдерін,
әсіресе оның өмірінің соңғы кезіндегі шығармаларын - элегиялық өлең деуге
болады. «Абайламай айырылдым», «Нарын» және басқа сол сияқты өлеңдер өткенді
еске түсіруге арналған, жан қасіретін, ақынның жалғыздық қайғысын,
тарыққан көңілін білдіретін элегиялық мотивті өлеңдерінде
адамның
басына бір зұлым тағдырдың қара бұлты төніп тұрған сияқты.

Мен
тауда ойнаған қарт марал,

Табаным
тасқа тиер деп,

Сақсынып
шыққан қиядан.

Қайыңның
басын жел соқса,

Қаршыға
құс қайғырар;

Балапаным суға кетер деп,

Мамығын төккен ұядан,

О
дағы біздей болған сорлы екен, - 

дейді
ақын. Махамбеттің элегиялық өлеңдері аса суретті, тамаша,
көркем. Ақынның
элегиялық өлеңдері тек жалаң өз қайғыруының сәулесі емес, басқа
түскен сол кездегі ауыр халдердің айнасы болды. 

Кейбір өлеңдерінде ақын туған елін,
бүгінгі Қазақстан жерінің табиғат байлығының әдемі көріністерін, ен даланың,
асқар тау, шыңырау қиялардың айбатты пішінін суреттейді. Өлеңнің көп жерлерінде
ақын көшпелі, мал баққан, ит жүгіртіп, құс салып аңшылық құрған өз
елінің сахарасындағы  жан-жануар, аң-құстарды суреттеуге
көбірек көңіл аударады. Бірақ  ел,
табиғат байлығын, жан-жануарлар әлемін суреттегенде, олардың тек көркемдік
сипатын ғана көрсету үшін немесе тек сұлулық үшін ғана
суреттемейді. Мұнда ақын ел тағдырымен байланысты өзі басынан кешірген қиын-қыстау кезеңдердегі ойын, сезімін оқушылары толық
сезінетіндей ету үшін

______________

1
«Махамбет өлеңдері». Алматы, 1939,116-бет.

қолданады:

 

Назар  қайтқан күн болған.

Жібектен бауы көнеріп

Ақ сұңқар ұшқан күн болған.

Бағаналы боз орда

Еңкейінкі күн болған.

Телегей-теңіз шалқыған

Қоғалы көлдер суалып,

Тізеге жетер-жетпес
күн болған.

Жапанға
біткен бәйтерек,

Жапырағынан
айырылып,

Қу
түбір болған күн болған.

Алқалаған
жер болса,

Азамат
басы құралса,

Мәшурат
кеңес сұралса

Мәшурат
берер  ер едік;

Исатайдан
айырылып

Алқалай
келген кеңесте

Дем
құрыған күн болған.

Бұл тәрізді элегиялық өлеңдердегі көркем
образдардың қайсысын алсақ та, ақынның айтайын деген негізгі идеясына бағыныңқы.
Исатай өлгеннен кейін, күрес арқылы жетеміз деген мақсат орындалмай, көтеріліс
жеңілгесін, хан, сұлтан, феодалдар халықты бұрынғыдан бетер езіп, ел басына
ауыртпалықты
күшейте түсті. Бұл жағдай ақынның поэзиясынан орын алмауы мүмкін емес еді.
Ақынның бірқатар өлеңдеріндегі қайғының элементі жоғарғы халмен байланысты
болды десек, Махамбеттегі  элегиялық
өлеңдердің негізі сол ақиқат жағдайлар деуге болады. Бірақ бұл
сарындағы ақын өлеңдерінде, жауына деген өшпенділік бар, сөнбес кек бар,
жолдас-жорасына дем беріп, өмірден түңілмеуге шақырып, болашаққа сенушілік
бар.  Міне, осылардың жиынтығы келіп,
Махамбет өлеңдерін сары уайымнан аулақ етеді.

Ал құрылысы жағынан Махамбет өлеңдері, негізінде,
жыр ағымы, яғни 7-8 буынды өлеңдер болып келеді; қара өлең ұйқасымен
келетін 11 буынды өлеңдер бірен-саран. Бұл өлеңдерінің  тақырыбы, суреттемек оқиғасы, идеялық
мазмұнымен байланысты. Махамбеттің поэзиясының алдына қойған мақсаты - халықты күреске
шақыру, ерлік  қимылдарды жыр ету. Өлең
құрылысы жыр ағымымен келуі осы жайлармен де байланысты. 11 буынды өлеңнен гөрі
7-8 буынды өлең түрі Махамбет тақырыбына қолайлы.

Махамбет өлеңдері туралы
соңғы жылдары жазылған кейбір мақала, еңбектерде Махамбеттің өлеңінің құрылысын
«байыту», «түр санын көбейту» мақсатымен шумақ, буын туралы «жаңа пікірлер»
кездесіп жүр. Бұл ізденулер - жаңа бір материалдар тауып, соның негізінде
жаңалық ашу емес, жұқалап айтқанда, жалған қиялдың көрінісі.

Жалпы өлең құрылысы, оның
шумағы, тармағы, бунақ-буыны, ұйқасы - бәрі де белгілі бір заңдылыққа
негізделінеді. Өлеңге тән ол заңдылық бұзылса, өлең - өлең болмайды. Сондықтан
шумақты, не буынды, не ұйқасты әркім өзінше бұрмалай, өзінше құрастырып, оның
негізінде «жаңалық ашуға» болмайды. Бірнеше жолдар ішкі логикалық мағына
жағынан байланысып, дыбыс үйлестігі (ұйқасы) жағынан қиюласа келіп, біткен бір
синтаксистік ойды білдіреді. Бұл - әр өлеңнің шумағын айқындауда біздің негізгі
тірегіміз болуы керек.

Қазақ өлең құрылысында
шумақ екі жолдан бастап, төрт, алты, сегіз, он, одан да көп жолдардан құралуы
мүмкін. Мысалы, Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» деп басталатын өлеңі 19
жол, соның бәрі - бір-ақ құрмалас сөйлем. Ең аяққы «Ерлердің ісі бітер ме?»
деген жолына шейін ой бітпейді:

        
Ереуіл атқа ер салмай,

            Ерлердің
ісі бітер ме?

            Егеулі
найза қолға алмай,

            Ерлердің
ісі бітер ме? -

тәрізді етіп құрсақ, оның өлеңдік қасиетінен еш нәрсе
қалмаған болар еді.

«Ереуіл атқа ер салмай»
өлеңінің әр жолы құрмалас сөйлемнің компоненті ретінде айтылады. Ой толқынының
қарқын күшін әлсіретпей бір тыныспен бітіру, сол арқылы тыңдаушыларына өлеңнің
әсерін күшейту мақсатынан туғандығы сөзсіз. Ендеше, оны басқаша құрастыру
мүмкін емес.

Кейде баспа орындарының
қателігінен, кейде бұрынғы ақындардың өлеңдерін жинап бастырушылардың
салақтығынан өлеңнің шумағына, яғни синтаксистік ойдың бітуіне қарамай, қалай
болса солай шумаққа бөле салушылықтар бар. Бұл, бір жағынан, өлеңнің ой,
сезімге әсерін әлсіретсе, екінші жағынан, шумақ туралы оқырмандардың түсінігін
шатастырады. Екеуі де зиянды.

Өлеңнің буынын талдау да
ерекше мұқиттылықты керек етеді. Бұл - әсіресе жыр ағымымен жазылған 7-8
буындар аралас келетін өлеңдерін талдағанда есте болатын жайт.

Мысалы, Махамбеттің:        

          5                   3

Еменнің  түбі //
сары  бал,

           5                     3

Еріскен  көңіл // бәрі  бап.

              
6                        3   

Жоғарыдан  төмен //
төгейін,

         4                 3

Керегіңді // теріп 
ап,

         4                          3  

Қасыма ерген // жолдастар,

          4                          4

Антың бұзып // айырылма,

           4                   3

Зейініңді // бермен сал, -

деген өлеңін алсақ, 
7-8  буын араласып келіп, жыр
ағымына жататын өлең екендігін көрсетеді. Бірақ жыр ағымы дегенде тек 7-8
буынның араласып келуі ғана деп, осымен шектелсек, дұрыс болмас еді. Бұл -
Махамбет өлеңдерінің негізгі түрі. Оның кейбір өлеңдері 7-8 буынды тармақтар
болып келеді де, кейбір тармақтардың буын сандары сегізден де асып кетеді:

             4                   3

Толарсақтан  // саз  кешіп

             5                     3

Тоқтамай  тартып //  шығарға

             
6                      3

Қас  үлектен  туған // кәтепті

              
5                      5

Қара  нар  керек  // біздің 
бұл  іске, -

деген шумақтың соңғы екі жолдарының 9-10 боп келетін буын
сандары 7-8 буынды жолдардың ішінде кездесіп отыр. Бірақ мұны басқаша бір
шумақ, басқа бір буынды өлеңнің өзінше бір түрі деп қарауға болмайды. Оны жыр
ағымының өзіне тән ерекшелігі деп қарауымыз керек.

Махамбет  өлеңдерінде 
небарлығы төрт түрлі ұйқас бар. Қара өлең ұйқасы (а-а-в-а), шұбыртпалы ұйқас (а-ааааа),
кезекті ұйқас (а-в-б-в), ерікті
ұйқас. Мысалы:

 

Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай,               (а)

Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай                      (а)

Зеңбірек үш атқанда дарымады,                             (в)

Құдайдың міне қара сақтағаны-ай.                        (а)

 

ІІ

Ереуіл атқа ер салмай,                                               (а)

Егеулі найза қолға алмай,                                          (а)

Еңку-еңку жер шалмай,                                               (а)

Қоңыр салқын төске алмай,                                       (а)

Ерлердің ісі бітер ме?                                                   (в)

 

ІІІ

Аспандағы  бозторғай                                      (а)

Бозаңда  болар 
ұясы,                                                    (в)

Бозаңның  түбін 
су  алса,                                             (б)

Қайғыда  болар 
анасы.                                                 (в)

Қара  лашын, 
ақ  тұйғын,                                             (г)

Қайыңда 
болар  ұясы,                                                  (в)

Қайыңның  басын 
жел  соқса,                                     (д)

Қайғыда  болар 
анасы.                                                 (в)

 

ІV

Алты  күндей 
алаулап,                                                   (а)

Он  екі 
күндей  ой  ойлап                                               (а)

Ақылды
алпыс  жаққа  қаштырып,                                 (в)

Ақыл 
жөнге  келгенсін,                                                   (б)

Толғай-толғай  жүгірген,                                                 (г)

Топырақты  суырған,                                                       (г)

Ертеңнен  салса,  
кешке  озған,                                      (д)

Ылдидан салса, төсте озған,                                           (д)

Қой  мойынды,  көк жұлын                                            (е)

Томаға 
көздік  асқа  азбан.                                              (д)

Көк 
құлынды  жетелеп,                                                  (ж)

Қисық 
жерден  төтелеп,                                                 (ж)

Қабырға,  қол  сөгіліп,                                                      (и)

Арғымақ  ат  бүгіліп...                                                      (и)

Әзіреттен ант ішіп,                                                           (и)

Ақыретті  жанға 
байланып,                                            (к)

Талай  жүрдік 
далада                                                      (л)

Әділ  жаннан  түңіліп, -                                                  (и)

 

Бұл өлеңде де жыр ұйқасы
бар. Бірақ ол жоғарғы қара өлең ұйқасы, шұбыртпалы немесе кезекті ұйқастардай
белгілі тәртіппен келмейді, ой толқынына қарай, қай жерде реті қалай келсе,
солай ұйқасып отырады.

Ерікті ұйқас та ескі
заманнан келе жатқан ұйқас түрі. Халық жырларының көпшілігі ерікті ұйқасқа құрылады.

Махамбет өлеңдерінде осы
төрт түрден басқа ұйқас жоқ. Қазіргі бізге мәлім ақын өлеңдеріндегі ұйқастың
түрлері - тек жоғарғы келтіргендер. Оны бұрмалаудың, жасанды шумақ, ұйқастар
жасап, Махамбетті түрі жағынан байытамын деудің ақынға да, халыққа да керегі
жоқ. Махамбет ондай орынсыз мақтаушылыққа мұқтажданбайды. Ол - барымен-ақ
Махамбет! Махамбет поэзиясы тіл көркемдігі жағынан да Абайға шейінгі қазақ
өлеңдерінің биігі болып саналады. Қандай ақын болсын, ең алдымен қойылатын
шарт, өлеңдеріндегі қолданылатын сөз образдарының тек сыртқы сұлулығы емес,
логикалық мәні, қолданылған образдың өмір шындығына дәл келуі не дәл келмеуі,
міне, осы болуы керек.

Көркемсөзді әр ақын-ақ
табуы мүмкін. Бірақ өмір шындығына дәл келмесе, қандай сұлу сөз болсын, ол
оқырмандардың эстетикалық сезімін оята алмайды. Тілдегі реализм деген, түптеп
келгенде, образдардың өмір шындығымен жымдасып, біте қайнасып жатуында. Ұлы
ақындардың сөз образдары - өмірдің бір бөлшегі. Төркінін қуаласақ, тұрмыстың
өзі де дәл сондай, нақтылы шындық екендігін көреміз.

Лермонтовтан Абай аударған
«Қанжардың» бір жерінде:

Болатша дірілдеген жалын 
көрген,

Бір күңгірт  тартып
және оттай жанған, -

 

деген жолдардағы сөз 
образдарында қаншама шындық жатыр? Сүйген жігітіне тіл қата алмаған жас
сұлудың айырылысар жердегі көзінде ойнаған құбылыс арқылы оның ішкі сезім
дүниесін жалын көрген болаттың жүзіндегі өзгерістерге теңеу арқылы көзге
елестетудің көркемдігі, шеберлігі өз алдына, ал осы  образдың өмірдегі шындығына келсек, дәл солай
емес деп кім айта алады? Жалын көрген шын болаттың  дір етіп, әуелі күңгірт тартып, сосын
жасылдана түсетіні  нақтылы өмір
шындығынан алынған емес пе?

            Абай образдарының өмір шындығына
дәлме-дәлдігі - Махамбет өлеңдеріне де тән сипат.           

Арғымақтың
баласы

Аз
оттар да, көп жусар:

Талаудан татқан дәмі 
бар.

Азамат ердің баласы

Аз
ұйықтар да, көп жортар:

Дұшпанда
кеткен ары мен

Барымтаға  түскен 
малы  бар, -

 

деген
үзіндіні алсақ, мұндағы сөз образдардың қайсысы болса да, өмір
шындығына дәл келетіндігі шексіз. 

            Махамбет шығармаларының тілі әрі көркем,
әрі өткір, әрі күшті болуымен қатар, әр сөзі орынды, әр жағдайдың өзіне  лайықты да сәйкес, соған тән  болып келеді. Оның сөз
образдарының
күштілігі логикасында, мазмұнға бағыныңқылығында.        

Күн қақты ердің астында,

Көп жортатын күлік бар.

Көн садақтың ішінде,

Көбе бұзар жебе бар.

Қарайғанның, жігіттер,

Бәрін кісі демеңіз,

Көпе күндіз талтаңдап,

Түзге шықпас ердер бар.

Махамбет өлеңдерінде көркем
тілге тән өрнек-айшықтың қай түрін болсын кездестіреміз. Өз мағынасында
қолданылатын сөздер, троптың түрлері, фигура, оның алуан түрлері т.б. оның
поэтик тіліне тән және бір ерекшелік - нұсқалылығы. Не қазақ поэзиясында бұрын
қолданылмаған, не өте сирек кездесетін образдар. Сөздерінің саралығы,
образдарының үздіктігі жағынан өзінен бұрын да, өз кезінде де Махамбетпен тең
келетін ақын болған емес.

Әсіресе, Махамбетте ерекше
көзге түсетін бір жайт - поэтик тілдердің өзара байланыстарының шебер
қиысушылықтары.

Кермиығым, 
кербезім,

Керіскендей 
шандозым,

Құландай  ащы  дауыстым,

Құлжадай 
айбар  мүйіздім,

Қырмызыдай  ажарлым,

Хиуадай  базарлым,

Теңіздей  терең 
ақылдым,

Тебіренбес 
ауыр  мінездім, -

деген үзіндіде метафора, 
теңеу,  эпитет  бір-бірімен 
байланыстылығын  көрсек,     

Адырнасын  
ала   өгіздей  мөңіреткен,

Атқан   оғы  Еділ-Жайық  
тең  өткен.

Атқанда 
қардай  боратқан,

Көк   шыбығын  қанды 
ауыздан   жалатқан -

Арыстан 
еді-ау  Исатай!

Бұл  фәнидің  жүзінде,

Арыстан  одан  кім 
өткен?! -

деген  үзіндіде  теңеу, метонимия, метафора,  әсірелей 
теңеу, эпитет,  таза  әсірелеуді  
кездестіреміз.  Не  барлығы 
7-8   жолдың  ішінде 
бір-бірімен  тығыз  байланысты 
бірнеше   көркем сөздердің  қабат 
келуі,  түр жағынан алып қарағанда  да,  ақынның
асқан  шеберлігін  көрсетеді. Бірақ  оның 
шеберлігі  тек  қана сөз табуында  емес, образдарының  айтайын деген ой-пікірінің тығыз
байланыстылығы мен ақынның таланттылығында, сөздерінің  көркемділігі де осында.

Махамбет өлеңдерінде
психологиялық параллелизм, шендестіру, әсіресе жиі кездесетін поэтикалық тілдің
бір түрі - риторикалық сұрау басым орын алады. Оның негізгі себебі -
оқырмандарына ой тастау. Қойылған сұрақтарға әркімнің өзі жауап беруін талап
ету. Жоғарыда жанрмен байланысты келтірілген мына бір үзіндіні тілі жағынан
талдап көрейік:

Орай да борай қар жауса,

Қалыңға боран борар ма?

.    .  
.    .   .  
.   .   .   .

Қайырылмай кеткен жігіттің,

Өзін кәпір алғаннан -

Талам деп айтсам болар ма?

Сұрай арнаудан риторикалық
сұраудың айырмасы - жауабы көңілде тұрушылық. «Қалыңға боран борамайды»,
«Қатын-балаға қайырылмай кеткен жігітті» солай деуге болады деген жауапты әр
оқырман-ақ бере алады. 

Қысқартып айтқанда,
Махамбет қандай ой-пікірді айтса да, қандай өмір құбылысын суреттесе де жеріне
жеткізе, ар жағында ештеңе қалмағандай, ол тақырыптарды одан асырып ешкім
суреттей алмайтындай етіп суреттейді. Махамбеттің тілі жөніндегі келтірген
мысалдар - оның тілінің байлығына, әр сөзінің орындылығына, мазмұнымен тығыз
байланыстылығына, көркемдік дәрежесінің құндылығына ешкім де таласа алмастай
факт. Махамбет өлеңдерінің халық мүддесіне арналып, оның ой-армандарын жырлауы,
жан сезімдерін тербетерлік ерекше көркемдігі, ағыл-тегіл тіл байлығы, тыңдаушы,
оқушыларын еріксіз ертетін оптимистік-романтизмдік сарыны, әрбір сөз
образдарының өмір шындықтарына тән болуы ел жүрегінің жылы жерінен орын алады.
Махамбет өлеңдерін тірі кезінде де, өзі өлгесін де естіген адамдарының жатқа
білмейтіндері аз болмаған. Орал, Гурьев, Ақтөбе облыстары, Астрахан, Орынбор
қолтықтарының ақындары Махамбет сөздерін жатқа білген.

Біз 1938 жылы Орда ауданына
(қазір Жәнібек) Махамбет туралы материал жинауға шыққанымызда ақынның өлгеніне
жүз жылдай уақыт өтсе де, Орда мен Жаңғалада Махамбет өлеңдерін жатқа білетін
қарапайым адамдардың көп екенін білдік. Бірқатарын кездестіре алмадық. 1930-31
жылдардағы Қазақстанда болған асыра сілтеудің қырсығынан кейбіреулері жер ауып
кеткен, кейбіреулерімен жұмыс бабымен кездесіп (он шақты адам), сонда да
олардан 800 жолдай өлең жазып алдық. Олар 1948 жылы «Махамбет Утемисов» (орысша)
атты Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы шығарған жинақтарға енгізілді. Содан
бері Махамбет жинақтарында басылып келеді. Олардың жиналуы, зерттелуі туралы
бұрынғы еңбектерде кең түрде айтылғандықтан, біз бұл жерде тек кейбір жайларды
ғана сөз етпекпіз.

Махамбет өлеңдерінің Ішкі
Бөкей ордасына көп тарағаны сонша, олар тек жырды кәсіп еткен ақындар ғана
емес, жай адамдар, кемпір-шал, жас жігіттеріне шейін біледі екен. Солардың
ішінде, әсіресе Бекқазы мен Қайролла қарттардың айтқандарының ғылыми тұрғыдан
зерттеу жұмысы үшін айрықша мәні бар.

Бекқазы Орда ауданы
Мешітқұм дейтін жерді мекен етеді екен. 1843 жылы туған. 1939 жылы 85 жаста.
Бекқазы ақын болмаса да, жасынан өлең жаттап, көп ақындардың сөздерін жадында
сақтаған, өте есті, жазылмаған кітап сияқты кісі болып шықты. Махамбет сөздерін
ол жасынан жатқа біліпті. Ақынның көптеген жаңа өлеңдерін біз осы Бекқазыдан
жазып алдық.

Қайролла Төлеев Батыс
Қазақстанның Жанғала ауданындағы «Бірлік» колхозының мүшесі, 1868 жылы туған,
1938 жылы 70 жаста. Бұл Махамбет сөздерін 19 жасынан бері жатқа айтады екен. Екеуі
де хат танымайды. Бекқазы Махамбет өлеңдері баспаға басылып шығудан 65 жыл
бұрын білсе, Қайролла Төлеев басылуынан 38 жыл бұрын білетіндігін айтты.
Бұлармен сөйлескенде, Махамбет өлеңдерінің 1925 жылы Ташкентте шыққан баспасы
қолымызда болды. Жыршыларға айтқызғанда салыстыру үшін өзіміз кітапты қарап
отырдық. Ғажап бір нәрсе, мына айтушылар мен басылып шыққан Махамбет
өлеңдерінің арасында айырмашылық жоқтың қасы.

Мұраттың немесе Ығылманның
айтуларынан түсіп қалған, сондықтан басылуына енбеген бірен-саран жол,
бірлі-жарым шумақтар болмаса, айтушылардың сөздері басылып шыққан өлеңдерімен
дәлме-дәл шықты.

Бұл кішкене шегіністің мәні
- Махамбет өлеңдерінің жиналу, жазылу тарихын айту емес, ақын сөздерінің халық
санасында қаншама берік сақталғандығын аңғарту. Өлгеніне жүз жылдай уақыт өтсе
де, оның сөздерін өз қалпында сақтап айтып жүру халықтың оны қалай қадір
тұтқандығын байқатарлық нақтылы фактілер болып табылады. Махамбеттің 1958 жылы
басылған өлеңдер жинағына 1957 жылы табылған тағы да 9 жаңа өлеңі енді. Олардың
да Махамбеттікі екенін әдебиет жұртшылығы түгел мойындады. Осылардың барлығы да
Махамбет туындыларының өлместік асыл мұра екендігіне дәлел.

Біз бұл жерде ақындығы жоқ,
хат білмейтін адамдар туралы тоқталдық. Ал Орал, Гурьев, Ақтөбе облыстарының
ақындары Махамбетті түгел дерлік жатқа білген дедік. Олар Шернияз, Қуан,
Төлеген, олардан кейінгі Кішкене Қобыланды, Базар жырау, Мұрат, Ығылман
Шөреков.

1925-1939 жылдарда жеке
кітап болып басылып шыққан Махамбет өлеңдерінің жинағы әуелі Мұрат, одан кейін
Ығылман Шөреков арқылы алғашқы рет жарық көрді. Жоғарғы ақындар Махамбет
өлеңдерін тек жаттаушылар ғана емес, одан үйренушілер де. Олардың әрқайсысы -
әр алуан және ақындық қабілеттері әртүрлі сатыдағы ақындар. Сондықтан еліктеу,
үйренулері әр басқа. Бірақ Махамбеттен өздерінше үйренуге, «Болмасаң да ұқсап
бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, бәрі де Махамбетке ұқсауға тырысқан. Кейбіреулерінің
өлеңдерінен Махамбеттің әсері айқын сезілсе, кейбіреулерінде сөз образдары,
ырғақ, екпіндері махамбетке ұқсаса келеді. Мысалы, «Ел ауа» деп аталатын халық
көтерілісіне қатысып, соғыста өлген Кішкене Қобыландының «Шекті Көкше ақынмен
айтысы» дейтін өлеңінің мына бір жерін алалық:

Суырғанмен күліңді

Сындырғанмен беліңді

Қызыл ордың басында...

Емен желке батырдың

Ат көтіне салып өлтірген,

Еркек болсаң сен сонда

Алып па едің құныңды, -

деген сөздеріндегі өжеттік, батылдық, айтайын деген ойын
жеріне жеткізе сөйлеу Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан өлеңін еске
түсіреді.

  Мұраттың
Махамбетке арнаған сөздерінің бірінде:

Еділде тұрып оқ атса,

Жайыққа оғын жоғалтқан.

Жайықта тұрып оқ атса,

Еділге оғын жоғалтқан, -

 

деп келетін сөздері Махамбет өлеңдерін еске түсіреді.
Махамбетті жақсы білген және көп еліктеген ақынның бірі - Базар жырау. Оның
тілге шешендігі, әсіресе жыр ағымы, жеті буынмен келетін өлеңдерінің құрылысы,
сөз шеберліктері көп жағынан Махамбетке ұқсас. Базардың «Кермиығым, кербезім»
деген өлеңінің алдыңғы екі жолы:

 

Кермиығым, кербезім,

Керілген аттай шандозым, -

 

деп басталады. Махамбетте:

 

Кермиығым, кербезім,

Керіскендей шандозым.

 

Кейде Базар жырау Махамбет
өлеңінің бірнеше жолдарын өз сөздерінің басында эпиграф ретінде қолданады да,
ар жағын өзінше толғап:

Айдан ару нәрсе жоқ,

Түнде бар да, күндіз жоқ.

Күннен ару нәрсе жоқ,

Күндіз бар да, түнде жоқ.

Мұсылманшылық кімде жоқ,

Тілде бар да, дінде жоқ.

Көшпелі дәулет кімде жоқ,

Біреуде бар да, бірде жоқ.

Іздегенмен таппайсың,

Осы күні белгісіз,

Талайдың орны мүлде жоқ, -

деп, арғы жақтарын өзінше жырлап, өзінің көзқарасын
көрсетеді. Махамбет поэзиясының идеялық, көркемдік жағын үйренуге көп
талаптанған және кейбір талабы сәтті де шыққан ақынның бірі - Ығылман Шөреков.
Оның «Исатай-Махамбет» атты тарихи көлемді поэмасының Махамбеттің әсерімен
жазылғандығы сөзсіз. Мысалы, Махамбеттің жауға шапқан жерін былай суреттейді:

Бәйге Тарлан астында,

Жалғыз айыл төсінде...

Ата аруағын қоздырып,

Айырылды батыр есінен.

Тұра алмады дәт тұтып,

Кездескен соң өшімен.

Ағатайлап ат қойды,

Аянсын батыр несінен.

Баспа шекпен үстінде,

Бәйге Тарлан астында, -

деп келеді. Махамбет Исатайдың жауға шапқан жерін:

Исатайдың сол күнде

Ақтабан аты астында,

Дулығасы басында,

Зығырданы қайнайды,

Астына мінген Ақтабан

Ақ бөкендей ойнайды...

Толғай-толғай оқ атқан,

Он екі тұтам жай тартқан

Қабырғасын қақыратқан,

Тебінгісін тесе атқан,

Тізгінінен кесе атқан
(оқ)...

Біздің қайсар батырдың,

Жүрегін сөйтіп оятқан,

Сонда батыр жөнелді, - деп суреттейді.

Бұл екі суреттеуді
салыстырсақ, әрине, айырмасы үлкен. Махамбеттің сөздері кесек жатыр.

Тек революцияға дейінгі
ақындар ғана емес, қазақ совет поэзиясында да Махамбеттен үйренушілер, оның
өлең құрылысын, образ қолданыстарын, жалпы стиль ерекшеліктерін өзіне үлгі
етушілер аз емес. Мысалы, күні кеше ғана арамыздан кеткен халқымыздың қалаулы
ақыны Жароковтың «Қан орда», «Күн тіл қатты» поэмалары Махамбет стиліне көп
жақтарынан жақын келеді. Талантты ақындарымыз Хамит Ерғалиев, Қалижан
Бекхожиндардың соғыс кезіндегі жазған кейбір өлеңдері Махамбеттің «Мұнар да
мұнар, мұнар күн» өлеңін еске түсіреді.

Бұл деректер Махамбеттің
өзінше творчестволық стилі бар және өзінен кейінгі ақындарға үлгі, өнеге бола
алатын, өзіне еліктеуші, өзінен үйренуші шәкірттері бар революцияға дейінгі
классик ақындарымыздың бірі деуімізге право береді. Бірақ бұл мәселе әлі күнге
қолға алынбай, қаға берісте қалып келе жатыр. Махамбеттің стиль ерекшелігін,
оның қазақ поэзиясындағы өзіндік дәстүрін дамытушылардың кімдер екендігін
кеңірек қамтып, терең зерттеуді қолға алу - кейінгі жастардың міндеті. Жыл
сайын саны да, сапасы да артып, қаулап өсіп келе жатқан ғылыми зерттеуге
қабілетті жастардың бұл мәселеге бүгін болмаса, ертең көңіл аударатындығына
сеніміміз мол. Ұлы орыс халқының атақты
революционер-демократ сыншыларының бірі Н.А.Добролюбов өзінің бір мақаласында
әдебиеттің міндетін былай деп баяндайды:

«Жалпы алғанда, әдебиет -
халық үшін күресетін құралдың бірі, оның міндеті үгітте, ал оның шын бағасы -
қалай үгіттеумен дәріптеледі».

Сол айтқандай, Махамбет
поэзиясының ең күшті, ең құнды жағы халық үшін қызмет етуінде, еңбекші
бұқараның мүддесін іске асыруға күш салуында. Мұны біз жоғарыда көрсетілген
Махамбет өлеңдерінің әлеуметтік мәнін талдаумен 
байланысты дәлелдеуге күш салдық.

Махамбет көтерілісші халық
ақыны болды. Ол хан, сұлтан, би-феодалдарға қарсы күрескен еңбекші халықтың
арман-тілегін, ой-мүдделерін жырлады. Оның үгіттік, азаматтық лирикасына
тақырып болғанда халықтық осы мәселелер және оның үгіттік күшінің қандай
дәрежеде екендігін айқындайтын ерекшелік те ақын өлеңдеріндегі идеялардың
жұртшылық тілегімен қабысуында.

Жәңгір ханға батыр тек
қылыш, найзамен ғана қарсы шапқан жоқ, ол өзінің жалынды жырларын да найзаша
шаншып, езілушілердің ой-сезімін оятты. Бұл жолда оның асқақ, үздік сөздері
таптырмас өткір құралдың бірі болды. Оның үгітшілік өлеңдері үгіт жұмыстарын
атқарды.

Әрине, бұл айтылғандардан
Махамбет өлеңдерінің жай үгіттік қана мәні болған екен деп ұғып қалуға
болмайды. Махамбеттің көркемсөздің ұстасы, шешендіктің үлгісі, адам жан
дүниесінің суреткері болуы оның шынайы поэзия жасаушы ақын екендігін, оның
туындылары оқырмандарына эстетикалық тәрбие берерлік үлкен құрал екендігін
мойындатады.

Көркемөнердің ерекшеліктері
мен мәнін түсіндіре келіп, Н.Г.Чернышевский: «Искусствоның өзіне тән жалпы
сипаты - өмірді өз қалпында көрсету, искусствоның негізі де осында; кейде
искусстволық шығармалардың басқа да мәні болады, ол - өмірді түсіндіру, көбіне
олар құбылыстары туралы үкім мағынасында болып келеді»1, - деді.

Ұлы сыншының осы пікірін
Махамбет творчествосына жанастырсақ, оның өлеңдері өз кезінің айнасы екендігіне
де, езушілерге халық атынан шығарылған үкім екеніне де шек келтіре алмаймыз.

Махамбеттің шын мұрагерлері
- совет елі. Оның өлмес творчествосы өз иесінің қолында.