ВЕРНУТЬСЯ

Рухани қазынасы (өлең-жыры, ән-күй және тарихы) жете зерттелмей, жалпақ қазаққа кеңінен танылмай, Қазақстан ауқымында әлі күнге лайықты бағасын ала алмай келе жатқан Маңғыстаудың бір байлығы - әндері. Әнді – адамның жаны десе де болады. Сол «жанымыздың» жайы қалай?.. Кейінгі жылдарда бізді осы сұрақ ерекше мазалайтын болды. Оны басты себебі - ән мәтіндерінің (сазын айтып отырған жоқпыз. Авт.) белгілі бір қалыптасқан тәртіпке түспей, әр әншінің аузынан әрқалай шығып жүргендігінде. Жаһандану толқыны күннен-күнге бел алып, қазақтың дәстүрлі өнері кейінге ығысып бара жатқан қазіргі кезеңде бұл әрине алаңдарлық жағдай!..Мойындауымыз керек, кезінде бұл бағытта әжептәуір ізденіп, Маңғыстау ән керуенінің бұйдасын қолымызға ұстатқандай қылып кеткен бір тұлға болса, ол – белгілі өнерпаз, өлкетанушы Шыртанов Ізбасар ағамыз еді. Оның нақты мысалы – сол Ізекең жинастырып, құрастырып, алғысөзын жазып, 1994 жылы Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының тікелей араласуымен Ақтау баспаханасынан шағын таралыммен шығарған «Маңғыстау әуендері» жинағы. Аталған жинаққа ұзын саны 21 ән енген. Кейінгі жылдарда Ізекеңнің мәнді ісін тәп-тәуір жалғастырып жүрген бір азамат бар. Ол – музыка маманы, суретші Тілегенов Алтынбек деген ініміз. 2001 жылы Алматыдағы «РОСТ» баспасынан осы Алтынбектің құрастыруымен «Адайдың жеті қайқысы» деген шағын жинақ шықты. Бас-аяғы 15 ән енген бұл кітапшаның безендірілуі жаман емес. Сондай-ақ онда жеті сазгердің – автордың өзі салған суреттері бар. Өкініштісі, «Маңғыстау әуендері» секілді бұл жинақтың да таралымы тым аз.Бүгінде бұл тарапқа Айтберген Жаңбыршиев, Светқали Нұржан, Балсұлу Қондыбай секілді өнер адамдары ат ізін салып жүр. Көріп отырғанымыздай, Маңғыстаудың дәстүрлі әндерін жинақтап, ізеуірттеп жүргендердің қатары тым сирек. Әзірге қолымыздағы елеулі еңбектер солар ғана болғандықтан жуырда І.Шыртанов құрастырған «Маңғыстау әуендері» жинағы мен А.Тілегеновтің «Адайдың жеті қайқысы» кітапшасын салыстыра отырып, ізеуірттеп шықтық. Сараптама барысы қос жинақтың бірінде кеткен олқылықтың орнын – көп жағдайда екіншісі арқылы толтыруға болатынын көрсетті. Нәтижесінде өз тарапымыздан бірқатар ұсыныс-пікір айтуға да мүмкіндік туды. Егер, оқырманның жасалған салыстыру- сараптамаға сондай-ақ, біз айтқан пікірлерге  алып-қосар дәлелді де құнды ойлары болса - ән өнеріміз үшін олжа деп түсінеміз.                                                                            Автор.1.Өскімбай Қалмамбетұлы. Ақын да, сазгер әнші-күйші де өздері болып келетін «жеті қайқының», әрине, жалпы қыңыры жоқ. «Жүйріктен жүйрік озар – жарысқанда» дегендей, сол жетеудің арысында ойымызға алдымен оралатыны - Өскімбай.Аталған қос жинаққа айтулы өнерпаздың үш әні енген. Солардың бірі – «Кербез Айша» Оның қос мәтініне зер салсаңыз – алғашқы шумақтың бірінші жолында аздаған айырма барлығы көрінеді. Ән сөздерінің сол тұсын оқиық:1.Жүрмісіз аман-есен, құрбым Айша?              («Маңғыстау әуендері»).2, Алыстан іздеп келдім, кербез Айша.             («Адайдың жеті қайқысы».)Біздіңше, дұрысы – соңғы нұсқа. Себебі, біріншіден, әннің шығу тарихына қатысты айтылып-жазылып жүрген белгілі әңгіме бойынша, Өскімбай – Айшаның атағын алыстан естіп, іздеп келеді. Бұл нұсқада сол әңгіме нақтыланып тұр. Екіншіден, мұнда әнге ат болған «Кербез Айша» тіркесі де «мен мұндалайды». Сонымен бірге, «Маңғыстау әуендеріндегі» бірінші «Кербез Айшаның» мәтінінен тағы бір аңғарылған жайт бар Ол - ән сөзінің аяқталмай автор (Өскімбай) ойының тиянақталмай қалатыны. Мәтіннің соңғы жолдарына қараңыз:3.-Жолдасым қасымдағы сыбырлайды:«Айшаның қытығына тиші»-дейді.Одан әрі не болады?.. Белгісіз. Себебі, әннің бітер жері (финалы) жоқ. Өнер мұраларын жинақтаушылар алдағы уақытта осыны мықтап ескерсе!..Енді Өскімбайдың аталған жинақтарына кірген «Жеті бұлбұл» әні туралы. Бірінші шумақтың алғашқы екі жолына назар салыңыз:4. –Жиналып жеті  әнші желе жеттік,Бірігіп серілікпен елге жеттік.         («Маңғыстау әуендері»).5.-Жиналып жеті әнші желе кеттік,Бірігіп серілікпен елге жеттік.         («Адайдың жеті қайқысы»).Мұнда да нақтысы – соңғы нұсқа. Себебі, «Маңғыстау әуендерінде» «жеттік» сөзі орынсыз қайталанған.Аталған жинақта осы әннің екінші шумағының екінші жолы: «Өнерді жасымыздан өрнек еттік»,-деп келсе, «Адайдың жеті қайқысында»: «Өнерді жасымыздан ермек еттік»,- түрінде берілген. Біздіңше, осы екі нұсқадан да мәтінге үйлесіп тұрғаны –«өрнек еттік». Ал, «ермек еттік» тіркесі бірінші шумақ соңындағы тап осындай тіркесті ретсіз қайталап, бөтендік танытып тұрғандай.Өскімбайдың жинақтарға кірген соңғы әні – «Жирен жорға». Бас-аяғы-екі шумақтан тұратын ән «Маңғыстау әуендерінде» былай берілген:         -Тоғыз жыл сені, жирен, қолға бақтым,         Төгілтіп талай тойда жорғалаттым.         Алысты жақын еткен жануарым,         Теріңді тебінгіден сорғалаттым.          Суырылып көп алдында шығамын деп,         Күн демей, балшық демей, омбалаттым.         Теңселіп талай топта алған жүлде,         Мінеки, ақырында сорға баттың!..Егер, соңғы шумақтың бірінші жолындағы «алдында» сөзін – «алдына» деп дұрысына өзгертсек – бұл нұсқаның еш кемі жоқ.Есесіне, «Адайдың жеті қайқысындағы» мәтінде кейбір олқылықтар бар. Олар: «тебінгіден» сөзінің – «тебінгідей», «омбалаттым» сөзінің – «омбылаттым», «баттың» сөзінің – «баттық» болып кеткені. 2. Жылгелді Теңізбайұлы. Нәзік лирикасымен тыңдаушының жүрек қылын шертетін бұл өнерпаздың «Дәурен» атты әні», «Маңғыстау әуендері»  жинағында болмағанымен, «Адайдың жеті қайқысына» кірген. Оның мәтінінен пәлендей олқылық байқамадық.Жылгелдінің белгілі «Құнан нар» әні аталған екі жинақта да бар. Соған біршама тоқталыңқырап кетпесек болмайтын тәрізді. Алдымен, әннің алғашқы шумағының екінші жолына көз тігіңіз:-Берейін керек десе, құмарларға.         («Маңғыстау әуендері»).Біздіңше, «керек болса» дегеннен гөрі – «керек десе» деген тіркес, стильдік тұрғыда мәтінге етене.Осы шумақтың үшінші жолында да айырма бар. Қараңыз:-Ит дауыс бұрығыдай аңқымайды.         («Адайдың жеті қайқысы»).Дұрысы, «аңқымайды» емес, «аңқымайсың» болуы керек. Себебі, бұдан – баяғы жастық шағыңдағы «ит дауысына» қарата сөйлеген қайқының көңіл-күйі нақты көрініп, өлеңнің поэтикалық қуаты артқан.Осы шумақтың төртінші тармағы былай келген:-Жас келіп, қартайған соң амал бар ма?..         («Маңғыстау әуендері»).-Жас жетіп, қартайған соң, амал бар ма?..         («Адайдың жеті қайқысы»).Осы жолдардағы «жас жетіп» дегенге қарағанда  «жас келіп» тіркесі ән мәтініне стильдік тұрғыда табиғилау. Сондай-ақ соңғы тіркестегі екі сөздің («жас» пен «келіп») үндесуі, алдыңғысымен  («жас» пен «жетіп») салыстырғанда жарасым тапқан. Бұл жерде жалпы поэзияда, соның  ішінде, ән мәтіндерінде дауыс, дыбыс үндестігі заңдарының сақталуы қажетті шарттардың бірі екендігін ескергеніміз жөн.Мәтіннің осы жолындағы «амал бар ма?..» деп келетін соңғы тіркес бізді ерекше ойландырды. Себебі, бұл тіркес («амал бар ма?..») өлеңде айтылатын оймен мағыналық тұрғыда үйлескенімен, бірінші-екінші жолдар соңындағы «құнан нарға» және «құмарларға» сөздерімен толық ұйқасқа түсе алмай, әсем әннің көркемдігіне көлеңке түсіріп тұр. Сөз болып отырған екі жинақ өз алдына, «амал бар ма?..» тіркесін осы әнді республикалық теледидардан айтып жүрген белгілі әншілеріміз де қолдануда. Біздіңше, Жылгелдідей әмбебап өнерпаздың мұндай әлсіз ұйқасқа барып, өз әнін орынсыз ақсатуы мүмкін емес!.. Сондықтан, әннің соңғы жолына: «Жас келіп қартайғаннан сұрау бар ма?..» деп сәл-пәл өзгеріс жасауды ұсынамыз. Бұдан әннің көркемдік бітімі (ұйқасы да, мағынасы да.Авт.) ұтпаса, ұтылмас еді!..         Енді әннің екінші шумағына келейік:         Құнан нар жүк көтермейді бел кеткен соң,         Кең жайлау құлазиды-ау ел кеткен соң.         Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды,         Дірілдеп, аяқ-қолдан әл кеткен соң.(«Маңғыстау әуендері»).         Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,         Ен жайлау құлазиды ел кеткен соң.         Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды,         Дірілдеп, қол-аяқтан әл кеткен соң.(«Адайдың жеті қайқысы»).    Осы қос мәтіндегі мына тіркестерді: «қара нар» емес – «құнан нар», «жүк көтермейді» емес – «жүк көтермес», «ен жайлау» емес – «кең жайлау», «ел көшкен соң» емес – «ел кеткен соң», «қол-аяқтан» емес – «аяқ- қолдан» деп қалыптастыруды ұсынамыз..«Құнан нар» әні «Маңғыстау әуендері» екі шумақпен шектеледі. Ал, «Адайдың жеті қайқысында» оның:         -Бұл әнді сатып алдым құнан нарға,         Беремін өз бәсіне құмарларға.         Кешегі өтіп кеткен жиырма бес жас,Күн қайда енді қайтып бұлаңдарға! – деп келетін үшінші (соңғы) шумағы бар. Әннің орындаушылары ендігі жерде осы шумақты да ұмытпай қосып айта жүрсе дейміз.Шолтаман Байсарыұлы. Әзірге көпшілікке бұл өнерпаздың «Дәләйшім» әні ғана белгілі. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» дегендей, осы жалғыздың өзінен-ақ оның өмірден өзіндік ой түйіп, пәлсапа айтуға бейімдігі көрінеді.Біз, білгенде, «Дәләйшім» әнінің алғашқы шумағы (дәл нұсқасы. Авт.) былай келетін:         -Екеу-екеу мінеміз тал кемеге,         Екеу қайтып сиямыз тар кемеге?         Он сегіз бен жиырманың арасында         Ауытқиды ит көңіл әр немеге!..Өкініштісі, «Маңғыстау әуендерінде» осы шумақтың «тал кемеге» тіркесі – «сал кемеге», «әр немеге» тіркесі – «әр кемеге», сондай-ақ, «Адайдың жеті қайқысында»: «ит көңіл» тіркесі – «көңліміз» болып жаңылыс жазылып кеткен.         Біздіңше, бұл әннің екінші шумағы (дұрыс нұсқасы):         -Қара бұлақ қайнаған тастан шығар,         Айқын жүйрік жұлқынған жастан шығар.         Аяғыңды жігіттер аңдап басың,          Алыс емес, дұшпаның – достан шығар!- деп келуші еді«Адайдың жеті қайқысында» бұл шумақтың: «қайнаған» сөзі «қайнары», «айқын» сөзі –«алқын» делініп, қателікке жол берілген. «Маңғыстау әуендерінде» -бұл шумақ мүлдем жоқ.         Әннің соңғы шумағындағы ақырғы жолға назар салыңыз:         -Қол ұстасып жүрсек те жап-жалаңаш.         («Маңғыстау әуендері»).         -Қол ұстасып жүрсем де жап-жалаңаш.         («Адайдың жеті қайқысы»).Осындағы «жүрсек те»,  мен  «жүрсем де» тіркестерінің мағынасын мәтін ішінде салыстырып көргенде – соңғысы дұрыстыққа келеді.4.Тұрсын Алдашұлы. «Маңғыстау әуендері» жазған алғысөзінде І.Шыртанов бұл өнерпаздың шығармашылығына орай: «Әндерінен жастық жалын еседі» - деген екен. Қос жинаққа кірген үш әнін бажайлау үстінде бұл пікірге біз де ден қойдық.Сол үштің бірі – «Айырық» әні. Әннің алғашқы шумағының соңғы жолы «Маңғыстау әуендерінде»:-Бар еді қыз-қырқынға қайырымым, - деп дұрыс жазылған. «Адайдың жеті қайқысында» осы тармақтың соңғы сөзі «қайырымыз» болып, қиыс кеткен.Енді әннің екінші (соңғы) шумағына тұтас назар аударыңыз:         Жасымнан құмар болдым ым мен жымға,         Қарадым көзді сүзіп құрбыларға.         Өнердің өзенінен жүзіп өттім,         Халқымның өкпесі жоқ бұл Тұрсынға.         («Маңғыстау әуендері»).Біздіңше, ұйқасы олпы-солпы болып тұрған мұндай шумақты дәл осы күйінде Тұрсын ақын шығарды деуге келмейді!.. Бұл, асылы, ән мәтінін жеткізушілерден кеткен қателік шығар!..  «Адайдың жеті қайқысындағы» нұсқаның бұдан айырмасы – біреу ғана. Ол – «ым мен жымға» тіркесінің – «ән мен жырға» деп алынып, мәтін көремдігінің бұдан да нашарлап кеткені!..Сөз олып отырған мәтінді бүгінгі мықты ақындарға жөндетіп, «сыңғырлатып» алуға болар-ақ еді!.. Бірақ, ондай жағдайда автор сөзінің «сүйегіне» біраз нұқсан келмек!.. Әлде, «барымен базар» болып, сол күйінде жүре бере ме?.. Тұрсынның  «Оймауыт» әні екі жинақта да екі шумақпен берілген. Соның алғашқы шумағын оқиық:         -Оймауыт, сары мауыт, мауыт-мауыт,         Сарымды сағынамын ауыт-ауыт.         Есіме, беу қарағым, сен түскенде –         Құладым Ақбозаттан есім ауып.         («Маңғыстау әуендері»).         -Оймауыт, сары мауыт, мауыт-мауыт,         Жарымды сағынамын ауыт-ауыт.         Есіме, сен түскенде, беу қарағым,         Құладым Бозжорғадан есім ауып.         («Адайдың жеті қайқысы»).Аңғарсаңыз, соңғы нұсқадағы «жарымды» дегеннен гөрі, алдыңғы нұсқадағы «сарымды» деген сөз ойға сыйымды, поэтикалық тұрғыда күштірек көрінеді!.. Неге бұлай деп отырмыз?..Әдетте, «жар» деп-жігіттің қосағын, әйелін айтады. Асылы, автордың «сарымды» деп отырғаны – сары алтындай бойжеткен – қыз болса керек!.. Оның солай екені («қыз» екені. Авт.) соңғы шумақтың екінші тармағынан («Беремін қызға сарқыт тойған болып») да көрініп тұр.«Беу қарағым» тіркесі... Үндестік заңын ескергенде, үшінші тармақтағы «беу қарағым» тіркесінің лайықты орны – жолдың ортасы болуға тиісті.«Ақбозат» және «Бозжорға»... Асығына жастық әнін жолдаған Тұрсындай қайқы-серінің мінгені, «Ақбозаттан» гөрі, «Бозжорға» («Адайдың жеті қайқысы») болса керек!..Тағы бір ескертпе. Соңғы шумақтағы дұрыс берілген «қойған» сөзі – «Маңғыстау әуендері» жинағында «тойған» болып, орынсыздау алынған...Т.Алдашұлының үшінші әні: «Маңғыстау әуендерінде» - «Көл қайнар»,  «Адайдың жеті қайқысында» - «Тас астау», «көл қайнар» аталған көрінеді. Біздіңше, әннің атын – «көл» мен «қайнарды» біріктіріп, «Көлқайнар» деп алған дұрыс. Себебі, «Көлқайнар» - жердің аты, біріккен сөз. Екіншіден, осылай алғандда - әннің аты әрі ықшамдалмақ, әрі сұлулана түспек!.. Үшіншіден «Тасастау» сөзі мәтіннің ішінде былай да «менмұндалап» жүр. Сол да жетеді!..Оңтайы келіп тұрғанда, осы пікірімізді тиянақтауға қызмет ететін мына бір деректі еске ала кетелік. Маңғыстаулық қаламгер Дүйсен Бекмұратовтың көрнекті қайраткер Тобанияз Әлниязұлы өмірінің соңғы күндерінен сыр шерткен «Көлқайнар, сені сағындым!..» деген новелласы бар. Сондағы  «Көлқайнар» - Тұрсын Алдашұлының сөз болып отырған «Көлқайнар» әні...Біз осы әннің бірінші шумағы мен қайырмасының үш нұсқасын (І.Шыртанов, А.Тілегенов және Д.Бекмұратов нұсқалары.Авт.) салыстыра отырып, дәл мәтін төмендегідей болады деген тоқтамға келдік.         -Қандай жақсы Маңғыстау қыс-қыстауға,         Күнаралап суарып, жылқы ұстауға.         Наурыз туа көші-қон жайын айтып,         Көшіп барсаң, Көлқайнар – Тасастауға.         Қайырмасы:         Көлқайнарға, Көлқайнарға,         Қара жерде жақсы екен жылқы айдарға.Өкінішке орай, дұрыс мәтіндегі: «жайын» сөзі – «жайлы» («Маңғыстау әуендері») және  «жайнайтұғын» («Адайдың жеті қайқысы») «көшіп барсаң»  тіркесі – «көшіп алсаң». «Қара жерде» тіркесі – «Қара жорға» («Адайдың жеті қайқысы»), «жылқы айдарға» тіркесі –«жылқы айдауға» («Маңғыстау әуендері» және Д.Бекмұратов) нұсқасы болып, жаңылыс жазылып кеткен.Әннің екінші шумағын оқыңыз:         -Қынай белді қыздар-ай, қиылған қас,         Бірге отырып жақсы ғой ішілген ас.         Құмырсқа бел торымен келгеніңде –         Күліп шықса алдыңнан бір қолаң шаш.               («Маңғыстау әуендері»).         Қынай белді қыздар-ай, қиылған қас,         Бірге отырып жақсы ғой ішілген ас.         Тобылғы мен торы атпен барғаныңда-         Күліп шықса алдыңнан бір қолаң шаш.           («Адайдың жеті қайқысы»).Біздіңше, осы екеуінің көңілге қонымдырағы – «Маңғыстау әуендеріндегі» нұсқа.5.Досат Бәймембетұлы. Жеті өнерпаздың бір биігі – Досат. Оның шырқау дауысты қажет ететін құмбыл әндерін - әншінің әншісі ғана жеріне жеткізе алса керек!..«Досаттың ырғымасы» аталатын әйгілі ән – А.Тілегенов шығарған кітапшада бар да, І.Шыртанов жинағында жоқ. Есесіне, «Маңғыстау әуендеріне» енген «Досаттың әні»- «Адайдың жеті қайқысынан» орын таппапты. Біз бұл екеуін алғашында: «Бір-бірінен аттары ғана бөлек – бір ән шығар?..» - деп топшылағанбыз. Бақсақ, мәтіндері бір-біріне мүлдем соқпайтын әр басқа шығармалар болып шықты!.. Бұлардың мәтіндерінен пәлендей олқылық байқалмады.Досаттың маңғыстаулықтар арасында көбірек тараған және бір әні – «Босмойын». Дәстүрлі әндердің көп жағдайда он бір буындық (қараөлең ұйқасымен. Авт.) өлшемде шығарылатыны белгілі. Соған қарамастан аталған жинақтардың екеуінде де «Босмойынның» алғашқы шумағының үшінші жолы буын саны – 12 («Құс жас-тық, пат-ша-йы, көр-пе, бел-ден- ма-мық»   болып, ән өлшеміне сыйыспай қалған. Осыны («Құс жастық, патшайыдан – белден мамық»- деп, сәл өзгертіп алса – жарасып кетпес еді?..         Шумақтың соңғы жолында да «кінәрат» бар. Қараңыз:         - Жатады қандай жігіт сол қойынға?..         («Маңғыстау әуендері»).         -Жатады қандай жігіт бұл қойынға?..         («Адайдың жеті қайқысы»).         «Сол қойынға – бұл қойынға». Әрине, дұрысы – алдыңғысы!..Бұл ән «Маңғыстау әуендерінде» - бас-аяғы екі шумақпен шектелсе «Адайдың жеті қайқысында» - бес шумақты қамтиды.Соңғы жинақтағы мәтіннің үшінші шумағында: «Құрбылар, қылаңытып қайда болдың?» -деп келетін тармақ бар. Біздіңше, осындағы  «қайда болдың?» тіркесін – «қайда жүрсің?» деп ауыстыру керек. Шумақ мәтініне – осы тіркес етене.         «Босмойынның» қос жинаққа да енген соңғы шумағы былай келеді:         -Көкжарда, көп жатқанда, ай жатармыз,         Самаурын саздың суын қайнатармыз.         Осыдан салқын түссе елге кетіп,         Көздерін босмойынның жайнатармыз.         («Маңғыстау әуендері»).          -Көкжарда, көп жатқанда, ай жатармын,         Самаурын саздың суын қайнатармын.         Осыдан аман-есен елге жетсем –         Көздерін талайлардың жайнатармын.         («Адайдың жеті қайқысы»).Бұл екеуінен көңілге анық қонатыны – «Маңғыстау әуендеріндегі» нұсқа. Екінші нұсқаның кемшіліктері былай да көзге ұрып тұрғандықтан – оларды тізбелеп жатпадық!..Досаттың тағы бір айтулы әні бар. Оның аты – «Маңғыстау әуендерінде» - «Жамал», «Адайдың жеті қайқысында» - «Жамал-ай» деп беріліпті. Осыны «Жамал» деп орнықтырған жөн. «Ай» шылауының мәтін ішінде болмаса, ән атына қажеті жоқ!..Алдымен әннің бірнші шумағының үшінші жолына назар аударайық:-Бірге отырған ауылың көшіп барады.         («Адайдың жеті қайқысы»).Мұндағы «ауылың» - «Маңғыстау әуендерінде» «ауылым» деп алынып, қиыс кеткен.         Енді әннің қайырмасына қараңыз:         -Жамал-ай, Жамал-ай,         Не жаздым қалқам, саған-ай?!.         («Адайдың жеті қайқысы»).          -Жамал-ай, Жамал-ай,         Не жаздым саған, сәулем-ай?!         («Маңғыстау әуендері»).Қай тұрғыдан алғанда да, үйлесіп тұрғаны – алдыңғы нұсқа.Екінші шумақтың үшінші-төртінші тармақтарына көңіл аударыңыз:         Кезең жерде кез болған едің, Жамал,         Айдын көлдің аққуы саған ұқсап.         («Адайдың жеті қайқысы»).         -Қасіретіңе, ақ Жамал болдым риза,         Айдын көлдің аққуы саған ұқсап.         («Маңғыстау әуендері»).Дұрысы бірінші нұсқа. Себебі онда берік мағыналық тұтастық бар. Сондай-ақ одан қыз-жігіттің кездесу суреті көңілге ұялап қалатыны тағы бар. Соңғы нұсқа оған қарағанда, әлсіз көрінеді.Әннің: «Ақ көйлектің етегін алтындаған» - деп басталатын соңғы шумағын «Маңғыстау әуендерінен» көре алмадық. Есесіне, ол «Адайдың жеті қайқысында» бар болып шықты. Әншілер – мұны ескере жүргей.6.Тастемір Боранқұлұлы. Айтулы өнерпаздың туған жерге деген ыстық сезім төгіліп тұратын «Маңғыстау» әні аталған жинақтардың екеуіне де кірген. Бірақ, мәтіндерінде аздаған олқылықтар бар. Мысалы, бірінші шумақтың: «Ортадан шауып шыққан тұлпар едік», - деген үшінші жолындағы «тұлпар едік»,- деген үшінші жолындағы «тұлпар едік» тіркесі «Маңғыстау әуендерінде» - «тұлпар едім» болып, жаңылыс кеткен. Бұл жердегі сөз, Тастемірдің бір өзіне ғана емес, ағасы, әйгілі ақын Нұрым екеуіне ортақ болы тұрғандығы ескерілмей қалған.Соңғы шумақтың алғашқы жолы «Маңғыстау әуендерінде»:«Маңғыстау, ойың терең, тауың биік», делінсе, «Адайдың жеті қайқысында»: «Маңғыстау ойың терең, қырың биік»,- үлгісінде келеді. Біздіңше, дұрысы – соңғы нұсқа. Себебі, «ой» сөзінің дәл антонимі, «тау» емес, «қыр». Екіншіден, Маңғысту таулары – пәлендей биіктігімен ерекшеленбейді.Соңғы шумақтағы: «Айналып кете алмадым көзім қиып» -деп келетін екінші жол Тастемірдің бұл әнді Маңғыстудан аттанып бара жатқанда  (әлде аттанар қарсаңда.Авт.) шығарғанын аңғартады. Соған сәйкес, автордың осы шумақтың 3-4 жолдарында («Маңғыстау әуендері»).         -Маңғыстау, сені тастап кеткеннен соң-         Көзімнің жүре алмаспын жасын тиып,- дейтіндей жөні бар. Ал, «Адайдың жеті қайқысындағы» нұсқа:         -Маңғыстау, сені тастап кеткеннен соң-Көзімнің жүре алмадым жасын тиып,- деп- қателікке ұрынған. Неге бұлай деп отырмыз?.. Себебі, бұл нұсқа бойынша, ән, Маңғыстауда емес, қайқының барған жерінде – басқа жақта шығарылғандай көрінеді. Екіншіден, жоғарыдағы мәтін ішінде, «жүре алмаспын» дегенге қарағанда – «жүре алмадым» тіркесінің поэтикалық қуаты әлдеқайда әлсіз.Әннің: «Сұрасаң руымды – Жаманадай», - деп басталатын екінші шумағы «Маңғыстау әуендеріне» енбей қалған. «Адайдың жеті қайқысы» жинағына кірген осы шумақты - әнсүйер көпшілік ескеріп айта жүргей!..7. Әділ Өтеғұлұлы. Бұл – «жеті қайқы» арасында әндерінің асқақ өрлігімен ерекшеленіп тұратын тұлға.Оның «Әділдің қара әні» атты шығармасы екі жинаққа да екі шумақпен кірген. Өкініштісі, әннің: Ой, дөңгей, мына дөңгей, дөңгей-дөңгей», - деген жолдан басталатын шумағы «Адайдың жеті қайқысында» орын таппаған. Сондай-ақ, әннің: «Барады аулым көшіп жаймаменен» - деген жолдан бастау алатын шумағы «Маңғыстау әуендерінде» жоқ. Сондықтан, ендігі жерде қолда барды толық пайдаланып, әнді үш шумақпен айту керек.         Енді әннің екі жинақта да бар мына шумағына қараңыз:         -Түйемді ойтаң жерге шөгергенім,         Соңына салқамдықтың көп ергенім.         Жарты құрт жанқалтадан жарып жеген         Құрбыдан сөйтіп жүріп не көргенім?..         («Маңғыстау әуендері»).         -Түйемді ойпаң жерге шөгергенім,         Соңына сылқымдықтың көп ергенмін.         Жарты құрт жанқалтада жарып жеген         Құрбыдан сөйтіп жүріп не көргенмін?..         («Адайдың жеті қайқысы»).Екі нұсқаны салыстыру, алдымен: «ойпаң» және «ойтаң» сөздеріне назар аудартады. Әділ «ойпаңды» біле тұра «ойтаң» сөзін таңдапты. Неге?..Себебі, Маңғыстауда «ойпаңның» орнына – «ойтаң» деп те қолданыла береді. Бұл жерде автордың маңғыстаулық екенін ескеріп қоялық.«Салқамдықтың» - «сылқымдықтың». Жұптас келтіріліп отырған бұл сөздердің мағынасына тереңдеп бойласаңыз – алдыңғысының орынды қолданылып тұрғаны аңғарылады. Әділдей ел еркесі қайқы-серілерге, әрине, салқамдық тән!.. Өз басым «сылқым»  деп сырты жылтыр, іші бос «бойы бұлғаңдарды» (Абай) түсінемін.«Жанқалтадан» - «жанқалтада» Бұл екі сөздің алдыңғысы – мәтінге барынша кірігіп, өз орнында тұр.Әділдің «Жайма қоңыр» деп аталатын әні «Маңғыстау әуендеріне» кірмеген көрінеді. Есесіне, бұл ән «Адайдың жеті қайқысы» жинағында бар. Ондағы ән мәтіні де көңілге қонады.А.Тілегеновтің «Адайдың жеті қайқысы» кітапшасы – жоғарыда сөз болған жеті өнерпазбен шектеледі. Ал, І.Шыртанов құрастырған «Маңғыстау әуендері» жинағында –олардан басқа да бірнеше маңғыстаулық әнші-сазгердің шығармалары қамтылған. Енді соларға тоқталып көрейік.Қайып Қорабайұлы. Заманында Ақбөбек-Қайып оқиғасының ел аузында аңызға айналып, кейін бірқатар әдеби шығармаларға өзек болғаны белгілі. Десек те, қос ғашықтың трагедиялық тағдырын өлмес әндері арқылы тап Қайыптың өзіндей бере алған ешкім жоқ!..Ән сұңқарының «Маңғыстау әуендері» жинағына ортақ тақырыпта енген үш шығармасының (екеуі –«Ақбөбек», біреуі – «Дариға-ай» деген атпен кірген.Авт.) мәтіндерінен олқылық байқамадық.«Маңғыстау әуендерінен» орын алған төртінші ән – «Жадау көк». Өз жинағына жазған алғысөзінде І.Шыртанов ағамыз: «Жадау көк» әнінің шын аты – «Жалау көк». Жастар жағы сайқымазақтандыра айтамыз деп, «Жадау көк» қылып жіберген», - дейді. Ол кісі солай дей тұра, өз айтқанын өзі терістегендей, жинағында әннің атын «Жалау көк» емес, «Жадау көк» деп беріпті. Ән мәтінінде де «Жалау көк» тіркесі еш жерде кедеспейді, бірыңғай «Жадау көк» болып келеді. Зерттеуші ағамыздың жоғарыдағы пікірімен келісу қиын. Себебі, дүлдүл Қайып әннің атын да, затын да кезінде әбден біліп туғызған!.. Бұл жерде,  «Жадау көк» делініп отырған, әрине, Қайыптың астына мінген аты. Әннің сазы мен мәтінінен көңілі де, астындағы аты да жадау ғашық жардың ащы зары төгіліп тұрған жоқ па?! «Жадау көк» дегеннен ән – жадамайды да, сайқымазақтанбайды да, қайта, тереңдеп, салмақтанып, күшейе түседі!.. «Жалау» деген сөздің бұл әнге түк қатысы жоқ!.. Енді әннің мына жолдарына назар салыңыз:         -Самдағы елден келемін керге мініп,         Алтын тоға, оқ басты ерге мініп.         Өлі айрылмай Бөбектен – тірі айрылдым,         Одан жақсы еді қалғаным жерге мініп.Осындағы «жерге мініп» дегені – «жерге кіріп» болуы керек. Шумақтағы соңғы «мініп» сөзі, асылы, баспаханадан кеткен қателік!..         Смағұл Кенжәліұлы. Жинақта бұл автордың екі әні бар.         -Астыма мінген атым – Құлақасқа,         Құдыққа шеген салдым құламасқа.         Ауылың бірге отырған көшіп барады,         Беріп кет сақинаңды сағынбасқа.Бұл – «Әләушан» әнінің бірінші шумағы. Осындағы «сағынбасқа» деген соңғы сөз алдындағы «әріптестерімен» ұйқаспай, әнді әжептәуір ақсатып тұр. Ақындық алымы әннің басқа шумақтарынан айқын көрініп тұрған өнерпаздан мұндай олақтық кетуі мүмкін емес сияқты. Сондықтан, «сағынбасқа» сөзін –«жыламасқа» деп ауыстыруды ұсынамыз.С.Кенжалыұлының сұлу суретке толы «Су сарай» әнінен ақындық шеберлік байқадық. Әннің аты да тың көрінеді. Шығарманың мәтінінен – қандайма бір кемшілік аңғарылмады. Насихаты кемдіктен-ау осы ән құлағымызға шалынбай жүр!..Нәрік Жарылғасұлы. Бұл өнерпаздың аталған жинаққа «Нәріктің әні» деген атпен кірген шығармасында ұйқастың әлсіздеу тұстары ұшырасады. Дегенмен, одан ән пәлендей әлсіреп тұрмағандықтан, сол-күйінде-ақ айта беруге болатындай.Халық әні «Қарагөз» Бұл – І.Шыртановтың «Маңғыстау әуендері» жинағына енген соңғы шығарма. Өлеңі мен сазы бірнен-бірі өтіп, жаныңды нәзік желпіп, еркелеп тұратын бұл әннің маңғыстаулық нұсқасын кезінде  Беріш Қазихан жеткізген. Оны көп жылдардан бері айтулы әншіміз Күріш Тасболат шабытты орындап жүр. Ән мәтінінен – мін таппадық.                 ТҮЙІН-СӨЗ1.Біз сөз қылған екі жинақ Маңғыстаудың дәстүрлі әндері топтастырылған арнаулы әдебиеттердің алғашқы қарлығаштары болғандықтан, оларда бірқатар олқылықтардың орын алуы – заңдылық. Алдағы уақытта бұлардың орнын – басқа сазгерлеріміздің шығармалары да қамтылған, толықтырылған жинақтар басар. Біздіңше, оларды құрастырып, баспаға дайындау барысында білікті музыкатанушы мен поэзиялық талғамы жоғары әдебиетші-маманның (немесе, ғылымға бейімі бар ақынның.Авт.) берік одағы керек. Кей жағдайда жинақты құрастырушыларға тарихшы-маманның кеңесі қажет болуы да мүмкін. Жинақ құрастырудың да ғылым екенін естен шығармауға тиіспіз!..2.Жоғарыдағы «Маңғыстау әуендері» жинағы грамматикалық және пунктуациялық қателерден аяқ алып жүргісіз. Ондай кемшіліктен «Адайдың жеті қайқысы» да кұр емес. Егер олардың дайындауына филолог-мамандар араласқанда – жинақтар, сөз жоқ, сауатты да салмақтырақ болып шығатын еді.3.Ән жинақтарын құрастырушылар осы бағытта бұрын-соңды айтылып-жазылған ой-пікірлерді саралап, пайдалы дегендерін іс барысында ескеріп отырса – түпкі нәтиже жаман болмас-ты.(«Үш қиян» газеті.20.04.2006 ж.)