ВЕРНУТЬСЯ

           ...Асқар Құсайыновты 1982 жылдың қоңыр күзінде тұңғыш рет
көрдім. Орта бойлы, ақ сары, үлкен қой көзді, 
толқынды бұйра шашты жігіт. Біздің аудандық «Октябрь туы» газетінің хат
бөліміне баяу басып кірді де, тоқтай қалды. Амандасты, қолын ұсынды. Алақаны
жып-жылы екен...

Содан кейін әріптес болып кеттік. Бізден бұрын көрші
аудандағы «Орда жұлдызы» газетінде жүргізуші, корректор, әдеби қызметкер болып
еңбек етіпті. Сөйтіп 11 жыл бойы бірге әріптес ретінде қатар жүргенімізде,
уақыттың қалай өткенін байқамай қалыппыз. Кейін басқа жұмысқа ауысқанда да,
сәлем-сауқатымыз үзілген емес. Кездескенде емен-жарқын әңгімелесіп қаламыз.
Өзіңе қылтанақтай да қиянат жасамаған, бет жыртыспай, тату-тәтті жүрген жанды
қалай ұмытарсың?! Ал Асқар-тап сондай азамат. Бәріміз сияқты жұмыр басты пенде
болса да, мінезінен еш кінәрат табу қиын.

Асқар ініміздің бір қасиеті-көп алдында көріне сөйлемейді,
жаратылысынан көпірме сөзге жоқ. Бір сөйлеп кетсе, әңгімесі түзу, бұралқы ойдан
ада. Біреуді көпірте мақтаудан да, жерге тығып, жамандаудан да аулақ. Әр
нәрсеге пайымдауын білдіреді де қояды. Екінші бір ерекшелігі-біреудің сөзіне
еріп, топқа қосылуды, өсек-аяңды білмейді. Бір ұжымдағы адамды да, жаңадан
келген әріптесті де шеттету немесе оны жатырқауды жаны сүймейді. Сол қасиетінен
шығар, тап сол жылы жұмысқа келген жас жігіт, өзімен тегі бір Дәулеткерейге
бірден бауыр басып, тез достасып кетті...

Ол алғашқыда мақала жазуға қиналып жүрді. Мүмкін арнаулы не
жоғары білімі болмағасын сыңайлы. Ал аудандық газет сол жылдары берілген
мақаланы толассыз, жалмап жұтатын бейне бір «қалтырауын». Тек «Әкел де әкел!»
деп, аузын ашып тұрады. Қатардағы тілші ретінде Асқар да соған үлгіріп тұруы
қажет. Күн және апта сайын жол санау тағы бар. Өл, тіріл-бірақ күніне кемінде
250 жол мақала жазып, тапсыруға міндеттісің...

А. Құсайынов сол қиындықты қажырлы еңбегімен жеңген азамат.
Күні-түні отырып, жаза беруден жалыққан жоқ. Облыстық, республикалық
басылымдарды, өзінің ұжымдағы аға әріптестерінің жазғанын ерінбей оқып, содан
үлгі алды, үйренді. Рас, жәй жазды, бірақ өндіріп және сапалы жазды.

Әрине, жағымды мінезі мен еңбекқорлығы үшін оны бүкіл газет
ұжымы сыйлап, жақсы көріп кеткені өз-өзінен түсінікті. Міне, сол редакция мен
баспахана ұжымының көңілінен шыққан Асқар осыдан өзіне  жар да тапты. Тасқала ауданының түлегі
Меңсұлу атты қара торы бикеш оған жар болу үшін маңдайына жазылған екен.
Үйлесті, көңілдері жарасты, үйленді Ұл сүйді, қыз өсірді, ұрпақ қызығын көріп
отыр бүгінде...

Шіркін, сол сексенінші жылдардың қызықты күндері қандай
еді?! Естен кетпейді. Шағын аудандық газеттің ұжымында Жанғали Мырзәлиев
(бүгінде марқұм) пен Дәулеткерей сынды ақындар болды. Жауқазындай жас жігіт
Манас Жармұқанов та қыза-қыза келе, жыр шумақтарын жазып тастайтын. Күнде
пікірталас, күнде бір жаңа ой. Біраздан соң, жауапты хатшымыз Бөкең (Болат
Зәкәрин): -Әй, таластарың бітпеді ғой, кабинетті босатыңдар!-деп, зілсіз үнмен,
жастарды шығарып жіберетін. Бүгінде сол Дәулеткерей мен Манастарың қозы қарын,
тұлғалы азаматтар. Жанғали қайтыс болды, ал біздің қаһарманымыз Асқардың шашы
ақ селеу. Уақыт деген жендет кімді аяйды!?...

Сонау кездегі ауыр жылдарды өзгелермен бірге Асқар да
басынан өткерген. Аудандық газеттен көпшілігі кетіп, санаулы жандар қалғанда да
қобалжыған жоқ. «Көппен көрген ұлы той», бәрін басынан өткізді, бәріне төзді.
Міне, 28 жыл бойы сол аудандық газетте (қазіргі «Шұғыла») еңбек етіп,
журналистік таңдауынан айнымай келеді. Тіпті жоғары білімі болмаса да...

Сонау жылдары газеттің бұрынғы редакторы Қайырғали
Қуанәлиев: «Асқар, оқуға түс! Жоғары білім ал, ертең кеш қаласың» деген-ді.
Асекең жәй басып, жалпақ алып жүргенде, елде М. Горбачевтың қайта құру емес,
«қайта қыруы» басталып кетті. Сөйтіп, үлгіре де алған жоқ...

Елуді еңсерген Асқар-Орда өңірінің түлегі. Жері шұрайлы, суы
бал татитын Орданың Сейітқали ауылында өсіп-өнген. Әкесі Орынғали-қарапайым  еңбек адамы. Оны кезінде әкесінен жетім
қалғасын, қазақтың тұңғыш тракторшы әйелдерінің бірі, қайсар да қажырлы Қабира
Құлбарақова марқұм тәрбиелеп өсіріпті. Асқар да соның тәлім-тәрбиесін көрген.
Анасынан жасынан жетім қалса да, А. Құсайыновтың жүрегі қараймаған екен.
Керісінше ол тағдырға мойымай, адамды адамша сыйлап өскен, соған дағдыланған.
Енді сол қасиеті ұл-қыздарына дарыса ше?

Атам қазақтың «Өзі жақсыға бір орын бар» деген терең
мағыналы сөзі осындайда еске түседі. Ол өзін-өзі өмірден де, кәсіптен де тапқан
адам. Бәріміз секілді ендігі үміті-ұл-қыздарында. Сол үмітің ақталсын, ардақты
азамат Асқар!