ВЕРНУТЬСЯ

     Нұрқан Тоққожаұлы — менің аталас ағам. Қаршадайынан ат жалын тартып мініп ел басқарды, шаруашылыққа араласты. Бір сөзбен айтқанда жиырмасыншы, отызыншы жылдарғы ауыл өміріндегі ұлы өзгеріс, бет бұрыс оқиғалардың шүйгінінде жүрген белсенді еді.
  Бір мың тоғыз жүз отыз бірінші жылы күзде жанды-жақты семьясын алып Түмен жағына көшіп кетті де, отыз төртінші жылы елге оралды. Салып жатқан балшық үйлері бітпегендіктен, күздің қара суығы болса да киіз үйде отырған. Мен іштен көшіп келген ағайынға жиі барамын. Әрине, он екі жасар баланы қарсы алып төрге шық деп ешкім де қолпаштамайды. Шай ішіп жатса жеңгелерім ұсынған ыстық бауырсақты жеп, маздап жанған отқа қарап, анда-санда арқамды бір қиқаң еткізіп есік көзінде тұрам ғой. Арқамды қиқаңдата беретінім — үстімде лыпам жоқ. Әлде қашан тозып қалған көйлегімнің сырмалы тік жағасы мен омыраушасын мойныма саламын да, жалаңаш етіме шапан киемін. Менің көптен бері осылай жүретінімді Нұрқан ағам сезетін
болса керек, бір күні шай ішіп жатқан үстіне кіріп дағдылы орным — есік көзінде тұрған едім, үстіндегі жейдесін шешіп алды да, жағасынан бүріп маздап жанған отқа дөңгелете ұстап, қағып-қағып менің қолыма ұстатты:
— Үйіңе бар да қазір мына көйлекті киіп ал.
— Жазған бала, бір-ақ көйлегің қалды ғой, өзің не киесің? — деп анасы Мәлике қарсылық білдірді.
— Бір жөні болар, апа...
  Менде ес қалған жоқ. Жүгіріп үйге келдім де, тозған көйлегімнің сырмалы омыраушасы мен жағасын лақтырып тастап, аға көйлегін киіп қойқаңдап далаға шықтым.
  Содан бері аттай елу бір жыл өтті. Бірақ Нұрқан кигізген кейлекті өле-өлгенше ұмыта алмайтын шығармын деп ойлаймын...