ВЕРНУТЬСЯ

(Пәлсапа орнына)***Өзімшіл  адам - өзінен басқаны көрмейді!.. Себебі – көңілі соқыр! Көңілі соқырдан –көзі соқыр артық!.. ***Ашудың емі – сабыр. Аурудың да емі – сабыр. Қазақ айтқан: «Ажалға да – сабыр!..»***   Л.Толстойдың «Крейцер сонатасын» оқығанымда – студент едім... «Музыка – ақыл-ойды топастандырады», - деген сөзіне қайран қалдым!..Бір күні Бибігүл Төлегенованың концертіне тап болдым!.. Концерттің соңында әнші – «Бұлбұлды» шырқады!. Әннің шарықтаған тұсында –көзімнің жасы тұрмады!.. Тіпті, демім тарылып кеткендей болды!.. Күшті дауыстың «сиқыры» («музыка» деп түсініңіз!..М.Б.) – адамның жан-сезімін тұтқындап алады екен ғой!.. «Топастанған ақыл-ой»- далада қалады екен ғой!..                                            ***Қызғаныштың – көзі жаман!.. Ондай көзден: кеңдік – күтпе, теңдік – күтпе, кемдік – күт!..                                            ***Көкбет қатын – былағайлап аққан таудың суы секілді. Ықты-жарды білмейді!..                                            ***Азуын айға білеген: Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, Махамбеттерге қарағанда, қазақтың Өтежан Нұрғалиевтен өзге қазіргі ақындары – қоянның көжегіндей ғана!.. Олардың рухы да, тәуекелі де, шындығы да – жұпыны!.. Солардың бірі – менің өзім!..                                            ***Жоқ беделді – қолдан жасамайды!.. Қолдан жасалған бедел де – түбі тесік кемең де бір!..                                            ***«Ажал оғы – балдан тәтті!..» Қандай қатты, қандай тәтті сөз!..                                            ***Лев Толстойдан біреу: «Әйелге – қалай едіңіз?..» - деп сұрапты. Данышпан жазушы: «Жас шағымда – тоймайтын едім!..» деп жауап беріпті. Сонда ол - өзінен басқа да талай еркектің құпиясын жайып салған болды-ау!..                                            ***Соғыс ауруымен – тирандар ғана ауырады!.. Олардың ауруы, өзімен кетпей, дүн-дүнияны жалмап кетеді!..                                            ***Қазақта рушылдықтың асқындап тұрғаны сондай – тағы да жалған тарих жасалып жатыр!..                                            ***Қазақтың ән өнерінде: біріншілік сөз жоқ, Арқада, одан кейін – Батыста, содан соң ғана – Жетісуда!.. Қазақтың күй өнерінде – бірінен-бірі өткен жүйріктер көп!.. Дегенмен, ең тереңі – Маңғыстаудың Абылы!.. Оның қасында Сүгір мен Қазанғаптың өзі – жеңілдеу көрінеді!..                                            ***Кәрінің серігі – ой!.. аурудың да серігі – ой!.. Біле-білгенге, байлықтың байлығы – сол!..                                            ***Биліктен: арын сатып, жәркелештеніп алған марапат – атағы көп, бірақ кісіліктен, иманнан – татары жоқ құзғындар да бар!..                                            ***Көп ақындардың жазғаны – адамды сендірмейді!.. Себебі, олар өз олқылықтарын, толстойшылап – жасырмай айтудан қорақады!.. Өздеріне қарамай - өзгеге ақыл айтуға ұмтылады!.. Олардың арасында – жалған мақтауға семіріп, көздерін аша алмай қалатын парықсыздар да ұшырасады!.. Жансыз – қансыз, көркеуде өлеңді – солар жазады!.. Жасанды оқырманды – солар қалыптастырады!..                                             ***Ешкім оқымайтын кітап шығарып жүргендер көп!.. Олар: өздерінің дарынсыздығын да, жұртқа күлкі боларын да жақсы біледі!.. Олар тек бір нәрсені білмейді – ұятты білмейді!..                                             ***Адам психологиясының сұңғыла  білгірі Федор Достоевский: «Жек көре тұрып та – ғашық болуға болады!»- деген екен. Жас едім – сөздің байыбына бармаппын!.. Кейін: өзі ғашық болған әйелдің теріс жүрісіне – көз жұма қараған, біле тұра, «білмеген» талай еркекті көрдім!..         «Шыдайды риза болып жар ісіне-         Қорлық пен мазағына табынса да!.. (Абай).         Бұл да сол емес пе?!.                                             ***Бұдан қырық жыл бұрын пейілі кеткен қазақты – қаладан ғана көретін едім!.. Қазір олар қалада да, далада да қаптап отыр!.. Себебі қазақтың пейілін – ақша жалмап қойған!.. Мұның түбі – құрдым емес пе?!.Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқайлар – қазақ үшін арыстандай арпалысып, жанын беріп еді!.. Қазіргі қазақ зиялыларының – тәні де, жаны да аса қадірлі!.. Оларға, біртүрлі, жаның ашиды!..                            (2009 жылдың қараша-желтоқсан айларында жазылды).