ВЕРНУТЬСЯ

        Мәселе- Қожанасыр әңгімелерінің тек күлкі
туғызатындығында емес. Ондай жеңіл де парықсыз күлкіні «Тамашаның» көрерменді
«зорлықпен» ғана жымитатын интермедияларынан байқап та жүрміз. Мұсылман
Шығысының атақты қуақы кейіпкерінің қалжың әңгімелерінің астарында әдетте терең
мағына, ащы әжуа, өткір ақиқат жатыр. Сол шыншылдығымен де ол кез келген
тыңдарманды, оқырманды өзіне еріксіз баурап алады. Бұдан басқа, әзіл
әңгімелерінде адамсүйгіштік пен ізгіліктің табы айқын сезіледі. Мысал керек пе?
Мінекейіңіз...

...Бірде қаңғып жүрген қайыршы (біздегі бомж емес,
оның жөні мүлдем бөлек!) салқыннан тоңып, асханаға кіріпті. Содан соң, буы
бұрқырап, пісіп тұрған астың жанына келеді. Әрине, асқа қолын салған жоқ.
Қалтасынан бір үзім қатқан нанын алып шығып, астың ыссы буына тосады. Соны
байқап тұрған асхананың иесі бишараны шап беріп, қарынан ұстап алады да, қазыға
алып барады. Қазылық етіп отырған-Қожанасыр. -Иә, мұның қандай жазығы бар? -деп
сұрайды. -Тақсыр, ол менің асханамдағы пісіп тұрған астың буына нанын жібітіп
жеді. Соның құнын төлесін-дейді қожайын. Жұмыртқадан жүн қырыққан әлгі
мүттайымның жәйін түсінген Қожекең оны өзіне шақырады. Қасына келгесін,
қалтасынан бір уыс күміс ақша алып, әлгінің құлағына тақапты. Алақанындағы
ақшаны шайқап, сылдырлатса керек. Анау түкке түсінбей, аң-таң болады. Сонда
Қожанасыр:-Асының буын сатқан адам ақысына ақшаның сылдырын алады,-депті.
Сөйтіп, қайыршыны босатып жібереді.

Осынан көрініп тұрғандай, ол қорғансыз, қарапайым
адамдарға жаны ашып, қол ұшын береді. Керісінше, сараң да топас байларды,
көпестерді, тіпті қылышынан қан тамған, Азияның ақсақ барысы Темірланды да сөз
сайысында жеңіп шығады. Рас, Қожанасыр бұл тарихи тұлғаның замандасы болған
емес. Өйткені Қожанасыр 1208 жылы дүниеге келіп, 1284 жылы өмірден озыпты. Ал
Ақсақ Темір болса, 1336 жылы өмірге келіп, 1401 жылы кенеттен ауырып, Отырар
қаласында көз жұмды. Сірә, халық өзінің қаһарлы әмірге айта алмағанын сүйікті
кейіпкерінің аузына салған сыңайлы.