ВЕРНУТЬСЯ

        Өлеңнің бір жолын алсақ, бірнеше буыннан құралады. Буынға бөлу үшін әуелі
бунаққа бөлеміз. Өлеңнің бір тармағы бір не бірнеше бунақтан құралатыны бізге
қанық.

            Әр
бунақта буын кемі екеу, көбі төртеу болады. Қазақ өлеңінде бір бунақтағы
сөздердің буын саны төрттен аспайды. Аса қалса, жыр өлеңдерінің бунақтарындағы
бес буынды бунақ сықылды, біреуі үш буынды, біреуі екі буынды екі сөзден
құралатын бунақтар ғана болады. Бұл бір буындас сөздер емес. Мұның жөні
өзгешелеу болады (бұл туралы жыр өлеңдердің буынын тексергенде, толығырақ
тоқтаймыз).

            Немесе
екі дауысты қатар келсе, кірігіп біреуі жоғалып кететін, кірігу заңына сүйеніп
жазылған өлең буындарында ғана болады. Сондықтан кейбір өлеңнің буын саны көзге
артық көрінгенмен, өлеңнің өлшемі артпайды. Мысалы, /Бурылша аттан мықтымын/
дегенде де, алдыңғы бунағында 5 буын, соңғы бунағында 3 буын, барлығы 8 буын
бар. Бірақ алдыңғы бунақта екі дауысты «а» дыбысы қатар келгендіктен:
/бу-рыл-шат-тан мық-ты-мын/ болып, алдыңғы 
бунағы 4 буынға түсіп тұр. Енді 8 емес, 7 боп қалды. Сөйтіп бір буынның
саны кемиді. Мысалы тұ-ра-ал-май-ды - дегенде 5 буын бар: жылдам айтқанда,
тұ-рал-май-ды - дегенде бір буын кеміп, 4-ақ буын қалады. Бұны дауысты
дыбыстардың кірігуі дейді.

            Дыбыстардың
осы жылысу, кірігуі қасиеттерін өлең жазғанда ақындар да пайдаланады. Буын
мөлшеріне сыймаған жерлерде екі дауыстыны қатар келтіріп, өлеңнің буын сандарын
түгел шығарады. Мысалы:

        

                     1   2   
3     4    5   
6    7    8 
9  10 11 12  

Ән-ше-йін күн өт-кіз-бек
әң-гі-ме ү-шін,

                      
1     2   3  
4    5    6  
7     8     9 
10  11

Тың-дар е-дің бір сө-зін
мың-ға ба-лап.

           

Осы үзіндінің соңғы
жолының буын саны 11. Алдыңғысының бір буыны артық. Әйтсе де буынның артықтығы
байқалмайды. Оның себебі: соңғы бунағында бір сөз дауысты дыбысқа тынса, екінші
сөз дауысты дыбыстан басталып отыр (мысалы, әңгіме - үшін). Бұл жерде бір буын
қысқартылуы керек. Сондықтан қатар келген екі дауысты дыбыстың біреуі кірігуге
сүйеніп жойылады. Сөйтіп, енді 12 емес, 11 буын боп шығады. Буынға бөлгенде:

 

                  1    2   
3     4    5   
6    7    8  
9  10  11

Ән-ше-йін
күн өт-кіз-бек әң-гі-мү-шін

 

Осы тәрізді 11
буынды өлеңдердің бір жолындағы буын сандары кейде 13 - 14-ке шейін барады.
Ондай өлең жолдарына екі дауысты дыбыстың қатар келуі бір ғана жерде келіп
қоймайды.  Бір жолдың ішінде бірнеше
жерлерде келеді. Оларда да жаңағы ретше қысқартылып, айнала келгенде буын саны
11-ден аспайды.

Бірақ екі дауысты дыбыс қатар келгенмен, қысқартудың керегі жоқ, сол қатар
келген дауысты дыбыстардың әрқайсысы өлеңнің бір буыны болып тұра беретін
кездер де болады. Ондай жағдайларда қысқартамын деп әуреленудің де керегі жоқ.
Мысалы:

1     2    3  
4   5      6   
7    8  9  10
11

А-ғыл-ды а-қын-нан-да ән бұ-ла-ғы

 

Бұл жолда екі
дауысты дыбыстардың түйісуі екі жерде кездесіп тұр. Бірақ өлең он бір буынды.
Асып тұрған буыны жоқ, сондықтан қысқарту керек емес.

Жоғарғы айтылған
кірігу, жылысу ережесіне жататын және бір нәрсе ол өлеңнің әр жолының ішінде
жазыла тұрса да, керексіз жерінде түсіп қалатын дыбыстар болады. Бұлар көбіне
ашық буындарда кездеседі. Ондай сөздерді екі буынға бөліп жатпай-ақ, бір буын
етіп айтқаннан мағынасына келетін еш кемшілік болмайды.

Бұндай керексіз
дыбыс бір сөздің ортасында келуі шарт емес, кейде аяғында қысқартылады. Мысалы:
«Көрсетед күнге тісін күлімсіреп» деген үзіндіде көрсетеді деген сөз бұл жерде керексіз болғандықтан, і дыбысы түсіп қалып, көрсетед - боп қана тұр. Бірақ
мағынасына келіп тұрған кемшілік жоқ.

Сөйтіп, кейде екі
дауысты дыбыс қатар келген жағдайларда он бір буыннан артық болса, онда осы
тәрізді керексіз бір дыбыстың түсіп қалуы арқылы да буын сандары
қысқартылады. 

Қазақ өлеңдерін бунағына, бунақ ішіндегі буын санына қарап, негізінде, 5
түрге бөлуге болады:

1.Он бір буынды өлең

2.     
Сегіз буынды өлең

3.     
Жеті буынды өлең

4.     
Алты буынды өлең

5.     
Аралас буынды өлең

 

Он бір буынды өлең

Мысалы:

        
3                  4                     4      

/Арқаның/ /кербез сұлу/ /Көкшетауы./

        
3                   4                     4   

/Дамылсыз/ /сұлу бетін/ /жуған жауын./

          3                      4                     4

/Жан-жақтан/ /ертелі-кеш/ /бұлттар
келіп,/

        
3               4                   4

/Жүреді/ /біліп кетіп/ /есен-сауын./

                                                                             (С.Сейфуллин)

 

Бұл өлең 11 буынды. Әр тармағында үш бунақ бар, әрбір қос сызықтардың арасы
бір бунақ. Әр тармағындағы бунақтары 4 буынды екі бунақтан, 3 буынды бір
бунақтан келген.

Қазақтың «Қара өлең» деп айтатын өлеңдерінің барлығы да үш бунақты 11
буыннан құралады.

Бір тармағы он бір буыннан құралған өлеңдерді, бунақтарының
ілгерілі-кейінді келуіне қарай, өзара 3-ке бөлуге болады.

Бас бунағы 4 буынды өлең

 

Мысалы, Сәбит өлеңінен үзінді келтірейік:

         

           4                           4                   3  

/Еңбек, теңдік,/ /бостандыққа/ /табындық,/

            4                       4                    3   

/Қашан жауға/ /есірке деп/ /жалындық./

           4                       4                    3

/Қазіргі күн/ /сәулесі алтын/ /қызыл күн/

           4                      4                   3

/Қара тұман,/ /қара күннен/ /арылдық./

 

Мұнда аяққы бунағы ылғи 3 буын боп келеді. Схемасын салып көрсетсек, былай
боп шығады:

 

:хххх:    :хххх:    :ххх:         

:хххх:    :хххх:    :ххх:         

:хххх:    :хххх:    :ххх:         

:хххх:    :хххх:    :ххх:         

 

 

Бас бунағы 3 буынды өлең

         

        3                     4                                  4

/Қобызшы/ /Молқыбай шал/ /Матайдағы,/

       3                       4                              4

/Матайда/ - /Кенже, Тұңғат/ /Сақай дағы./

       3                4                                 4

/Қазақта/ /қобызшының/ /қалғаны сол,/

       3                     4                            4

/Жорға еді/ /маймаңдаған/ /бақайшағы./ 
(І.Жансүгіров)

 

Схемасы:

 

:ххх:    :хххх:    :хххх:         

:ххх:    :хххх:    :хххх:         

:ххх:    :хххх:    :хххх:         

:ххх:    :хххх:    :хххх:         

 

Орта бунағы 3 буынды өлең

 

Мысалы:

          4                3                 4

/Ақ киімді,/ /денелі,/ /ақ сақалды,/

          4                                      3                         4

/Соқыр, мылқау,/ /танымас/ /тірі жанды./

         4                          3                       4

/Үсті-басы/ /ақ қырау,/ /түсі суық,/

         4                                 3                          4

/Басқан жері/ /сықырлап/ /келіп қалды./

                                                                                             (Абай)

 

Схемасы:

:хххх:    :ххх:    :хххх:

:хххх:    :ххх:    :хххх:

:хххх:    :ххх:    :хххх:

:хххх:    :ххх:    :хххх:

 

Он бір буынды өлеңдердің бұл үш түрінде ритм (дауыс ырғағы) әр басқа.
Алдыңғысы (3 буын аяғында келгенде) бір түрлі әнге салынып айтылса, үш буын
басында келгенде, екінші түрлі әнмен айтылады. Үш буын тармақтың ортасына
келгенде, үшінші түрлі әнге келеді. Мұны өлең ағымы дейміз.

Байқау үшін әнге салып қарауға болады.

Ақындар өлең жазғанда, бұл ағымдарды өте берік ұстайды. Үш буынды бунақты
не ылғи аяқта, не баста, не ортасында келтіріп жазады. Үлкен, ұзақ өлеңдерді
алсақ та, бұл принцип сақталып отырылады. 
Үш буынды бунақ не жолдың аяғында, не басында, не ортасында келеді. Мысалы,
ұзақ поэма «Тасқынды! Алсақ, үш буын ылғи баста келеді. Осы сықылды 3 буыны
ортада не аяқта келген де ұзақ поэмалар бар.

 Он бір буынды өлеңдердің қайсысын алсақ та, әнге келеді. Оның себебі:
жоғарғы схемасын салып көрсеткен мысалдарымыз сықылды, бунақтарының тәртіппен
келгендігі. Яғни, өлеңнің басқы бунағы 3 буын, басқа бунақтарының 4 буыннан
болып немесе басқы бунағы 4 буын, ортасындағы бунағы 3 буын, аяққы бунағы 4
болып келгендігінен. Әйтпесе басқы бунағы 3 буын, басқа бунақтары 4 буын болып,
ылғи бірыңғай келгендіктен. Егер бұлай болмай бунақтары араласып келсе, бір
шумақ өлең бір әнге келмейді. Дауыс ырғағы бұзыла береді. Мысал үшін, Абайдың
«Өлең - сөздің патшасы» деген өлеңінен үзінді келтірейік: 

                4                             3                             4

/Өлең - сөздің/ /патшасы,/ /сөз сарасы,/

          3                          4                         4

/Қиыннан/ /қиыстырар/ /ер данасы./

          4                               3                   4

/Тілге жеңіл,/ /жүрекке/ /жылы тиіп,/

          3                             4                        4

/Теп-тегіс/ /жұмыр келсін/ /айналасы.../ -

 

дейді.
Бұл үзінді 11 буынды, 3 бунақты. Былай қарағанда, жоғарыдағы келтірген мысалдарымыздан
еш өзгешелігі жоқ. Бірақ бір әнге келмейді. Өйткені бунақтары араласып тұр.
Мұның схемасы да алдыңғылардай емес, өзгеше.

Міне, осы сықылды бунақтары аралас келген өлеңдерді бас бунағы бірыңғай емес өлең дейміз. Бұл жай оқығанда көп
байқалмайды. Бунақтарының аралас екені әнге салып көрсек анықталады.

Мұны әнге келтіруге болады. Ол үшін бунақтарының орнын ауыстыру керек. Еш
жерін өзгертпей де, қоспай да тек бунақтарының орнын ауыстырып, бас бунағы 3
буынды өлең ағымына түсірсек, «Айнамкөз» әніне келеді.

 

          3                            4                    
4

/Патшасы,/ /өлең сөздің/ /сөз сарасы,/

         3                              4                      4

/Қиыннан/ /қиыстырар/ /ер данасы./

          3                              4                    4

/Жүрекке/ /жылы тиіп,/ /тілге жеңіл,/

        3                                 4                  4

/Теп-тегіс/ /жұмыр келсін/ /айналасы.../

 

Схема алдыңғыдан өзгереді.

Егер бас бунағы 4
буынды өлең ағымына түсірсек, «Жайдарман» әніне келеді.

 

          4                         3        4

/Өлең - сөздің/ /патшасы,/ /сөз сарасы,/

          4                          3                         4

/Қиыстырар/ /қиыннан/ /ер данасы./

          4                               3                   4

/Тілге жеңіл,/ /жүрекке/ /жылы тиіп,/

          4                             3                        4

/Жұмыр келсін/
/теп-тегіс/ /айналасы.../

 

Мұнда 3 буынды бунақ
ортада.

Абайдың бұл өлеңі,
бірінші ағыннан гөрі, екінші ағынға түсіргенде сөздерінің ыңғайы жақсы келетіні
байқалады. Ақындар өлең бунақтары ауысып кетпес үшін көбіне әнге салып жазады.

Бірақ он бір буынды
өлеңдердің бунақ тәртіптері ауыспай, бірқалыпты шығып отыруы шартты нәрсе емес.
Ақындар бунақтарының орындарын біле тұра, саналы түрде ауыстыратын реттері де
болады. Бұдан жай оқығанда, өлеңге еш кемшілік келмейтін тәрізді. Мысалы,
«Сұлушаш» поэмасының әр жолдарындағы бунақтарының орны белгілі бір тәртіппен,
әнге салатын боп шыққан емес. Әйтсе де одан не көркемділігіне, не мазмұнына
келіп тұрған зиян жоқ. 

 Қазақ өлеңдерінің барлығы он бір буынмен құрыла бермейді. Басқа түрлері де
бар. Соның бірі - сегіз буынды өлең. Бұл өлеңнің бір тармағы екі бунақты 8
буыннан құралады.

Мысалы: «Онегиннің
өлердегі сөзі» деп, Абайдың өзі жазған өлеңінің басқы 4 жолы 8 буынды өлеңге
жатады.

                   

                     4                                        4     

/Жарым жақсы/ /киім киіп,/

            4                                    4

/Келді жанға/ /жылы тиіп./

           4                                       4

/Диуана болды/ /бұл көңілім,/

            4                                    4

/Басылмай бір/ /құшып сүйіп./

 

Немесе мына бір
өлең.

 

                   4                          4

/Жанған шамым,/ /шам шырағым,/

                  4                                 4

/Сенсің менің/ /атқан таңым!/

              
 

             4                        4

/Сен жалғызым,/ /сен күнімсің,/

                4                                      4

/Көкте жанған/ /жұлдызымсың!/

 

Схемасы мына түрде  болып келеді.

 

:хххх:  :хххх: 

:хххх:  :хххх: 

:хххх:  :хххх: 

:хххх:  :хххх: 

 

Бұған тағы басқа да
мысалдар табуға болады. Бірақ бұл түр - 8 буынды өлеңнің көп жайылған түрі, жыр
өлеңдерінде келетін 8 буындар. Бұлардың буыны мен бунақ сандарында өзгешеліктер
болмаса да, бунақ, оның құрылысында аздап өзгешелігі бар. Жыр өлеңдерінде, жаңағы
келтірген мысалдарымыз сықылды, екі бунағы да 4 буыннан бірдей боп келіп
отырмайды. Бір бунағы 5 буыннан құралса, екінші бунағы 3 буыннан құралады. Бұл
- бір.

Екінші, 7 буынды
өлеңмен нық байланысты боп келеді. Анау сықылды, өз алдына ылғи 8 буынды боп
келе бермейді.

Мысалы:

 

/Есіркесең/ /болмай
ма/ - 7.

/Жолыңда жатқан/
/бесікті?/ - 8 т.б.

 

Біз жоғарыда қазақ
өлеңдерінің бунақтарындағы буын саны 4-тен аспайды, аса қалса, екі дауысты
дыбыс қатар келіп, кірігу тәртібімен біреуі жоғалып кетеді не бір дыбыс түсіп
қалады; өлеңде 5 буынды бунақ болмайды дедік. Бұл жағдайды естен шығармау
керек.

Жоғарыда дауысты
дыбыс туралы айтқанымыз не екі бунақтың немесе бір бунақтағы екі сөздің
түйісетін жерлері. Яғни, алдыңғы бунақтың аяғы дауысты дыбысқа тоқтап, кейінгі
бунақтың бас дыбысы тағы дауысты дыбыс болса, екі дауыстының біреуі-ақ қалады.

Мысал үшін Абайдан
мына бір үзіндіні келтірелік.

 

/Сөзі орамды,/
/әр-түрі жат,/ -

 

осы тұрысында 9 буын.

Бірақ бұл 9 буынды
өлең емес, 7 буынды өлең. Алдыңғы бунағында екі дауысты дыбыс қатар келіп тұр.
Сондықтан біреуі қысқартылып, 4 буын болады. Бұл - бір бунақта екі сөз (дауысты
дыбысқа тынған сөз бен дауысты дыбыстан басталған сөз) түйіскен жердегі
дыбыстың жойылуы. Сөйтіп, бір буынның есебі табылды. 8 буын қалды. Біздіңше,
тағы бір орынға орын тауып беру керек. Алдыңғы «сөзі орамды» деген бунақты
алсақ, дауысты дыбысқа тоқтайды («ы» дыбысы). Екінші «әр түрі жат» деген бунақ
дауысты «ә» дыбысынан басталады. Сөйтіп, екі дауыстының түйіскен жерінде бір
дауысты дыбыс тағы жойылады. Сондықтан екінші бунақтағы буын саны төртеу емес,
үшеу болып шығады. Міне, біздің жоғарғы айтқанымыз, осылар сықылды, дауысты
дыбыстары түйіскенде, біреуі жойылып кететін буындарға тән нәрсе. Бұл есте
болуы керек. Әйтпесе, жыр өлеңдерінің ағымымен жазылған бес буынды бунақтармен
шатастырып алуымыз мүмкін.

Қазақтың жыр деп
айтатын өлеңдерінің көбі 5 буынды бунақтардан құрылады. Бұл алдыңғы, біз
айтқан, 5 буынды бунақтардан өзгешелеу келеді. Бұл - екі дауысты дыбыс
түйіскенде, біреуі жойылып кететін бунақ емес, біреуі екі буынды, біреуі үш
буынды екі сөзден құралатын 5 буынды бунақ. Алдыңғыдай бір түбірлес сөз емес.
Екі сөз қосылып, бір бунақ жасап тұр. Қазақ тіліндегі өлеңдерде 2 буынды бунақ
та, 3 буынды бунақ та болғандықтан, екеуі (екі буынды, үш буынды) қосылып, 5
буынды бір бунақ жасалуы  - тілге табиғи
нәрсе.

Бұл жоғарғы
айтқанымызға қайшы келмейді. Өйткені біз 5 буынды бунақтың қай жерде келіп, қай
жерде келмейтініне толық тоқтадық. Енді қайталақтау керексіз. Сондықтан 2 буын
мен 3 буын екі сөзден құралатын, жыр өлеңдеріндегі 5 буынды бунақтан құралатын
8 буынды өлеңге тоқталық. Бұл 7 буынды өлеңмен араласып келеді.

Оның схемасы мынадай
болып келеді:

 

:хххх:    :ххх: 

:ххххх:  :ххх: 

:хххх:    :ххх: 

:ххххх:  :ххх:

 

Міне, бір сөзі 2
буынды, бір сөзі 3 буынды екі сөзден құралған өлең деп осы сықылды өлеңдерді
айтады. Жыр ағымымен жазылған өлеңдердің бір тармағы көбіне 8 буыннан құралады.
Өлең тармағы 8 буын болса, соның алдыңғы бунағы ылғи 5 буынды, соңғы бунағы 3
буынды болады. 8 буын өлең құрылысының бас жағындағы айтқан 8 буындының бұдан
бір өзгешелігі: алдыңғы бунағы да, соңғы бунағы да ылғи 4 буыннан құралады.
Екінші өзгешелігі 7 буынды өлең құрылысымен араласпай, өз бетімен ылғи 8 буынды
боп келеді. 

Таза 8 буынды
өлеңнің екінші түрі өте жиі ұшырайды. Мұнда бір жолдың алдыңғы бунағы 5 буын,
соңғы бунағы 3 буын болып келеді және осы өлшеуден таймайды.

            

              5                                3

/Кешегі өткен/ /ер
Әбіш,/

             5                                 3

/Елден бір асқан/
/ерек-ті./

                  5                            3

/Жүрегі жылы,/
/бой(ы)/ /құрыш,/

                 5                              3

/Туысы жаннан/
/бөлек-ті./

Сегіз буынды өлеңнің
бұл түрі қазақ өлеңдеріне әбден еніп, тұрақталған, көп ақындардың өлеңдерінен
кездестіруге болады.

Көп өлеңдер ылғи жеті буыннан құралады. Бұл да екі бунақты болады. Мұның
алдыңғы бунағы кілең 4 буыннан құралады да, соңғы бунағы кілең 3 буыннан
құралады. Таза 7 буынды өлеңдер бұл өлшемнен аспайды. Сондықтан мұны жеті
буынды өлең дейміз.

                                4                          3

/Ханның кірген/ /ақ
орда/

                  4                             3

/Бұзуын ойлап/
/кеңестік./

                4                      3

/Аламанға/ /жел
бердік,/

                 4                           3

/Аса жұртты/ /меңгердік,/

                4                       3

/Қара қазақ/
/баласын/

           4                           3

/Хан ұлына/
/теңгердік./

                4                           3

/Өздеріңдей/
/хандарды,/

             4                           3

/Қарны жуан/
/билерді/

                 4                        3

/Қабырғасын/
/сөгілтіп,/

                4                          3

/Қабырғадан/ /аққан
қан/

                4                         3

/Ат баурына/
/төгілтіп,/

                  4                               3

/«Әділ» жаннан/
/түңілтіп,/

             4                          3

/Ат артына/
/өңгердік./

                                                        (Махамбет)

Схемасы мына түрде
болады:

:хххх:    :ххх:

:хххх:    :ххх:

:хххх:    :ххх:

:хххх:    :ххх:

:хххх:    :ххх:

Жалғыз бұл үзінді
емес, таза 7 буыннан құралатын поэма, басқа да өлеңдер көп.

Бірақ 7 буынды өлең
ылғи бұлай болып келмей, 8 буынды өлеңмен аралас келіп отырады. Ескі жырлардың
бір тармағы 7 буынды боп келсе, екінші тармағы 8 буынды боп келеді. Және бұл
сол ретпен келе бермейді. Кейде 7 буынды тармақтар көпке шейін қатарлас келеді.
8 буынды тармақ та сол сықылды арасына 7 буынды салмастан, 8 буын болып,
бірнеше жолға шейін барады.

Жеті буынды мен
сегіз буынды тармақтарды аралас келтіруді Абай да көп қолданады. Оның
«Татьянаның хаты», «Онегиннің сөзі» деген өлеңдерінің бір тармағы 8 буын да,
екінші тармағы 7 буын. Бірақ Абай сол өлшемнен аспайды. Өлеңінің басынан аяғына
шейін бірінші жолы 8 буын, екінші жолы 7 буын болып келеді.

Мұны Абайдың басқа
өлеңдерінен де табуға болады. Ал жырларда олай емес. Кей жолы 7 буынмен бірнеше
жерге шейін барады да, 8 буынды жолға кеп түседі. Сәлден кейін жеті буынға
қайта түседі. Сөйтіп, айнымалы болады. Бұл - жыр өлеңдеріндегі бір ерекшелік.

Өлеңнің бір шумақтағы тармақтары бір өңкей 6 буыннан құралады. Біздің өлең
құрылыстарында негізге алатынымыз шумақ. Біз 11 буын, 8 буын, 7 буын дегенде,
осы буындармен жазылған шумақтар бар ма, жоқ па, міне, осы жағынан қараймыз.
Жоғарғы бунақтарға бөлуіміздің негізінде шумақ жатыр. Сол буындармен құралған
шумақтар бар болғандықтан, жоғарғы буындарға бөліп отырмыз.

Алты буынды өлең екі
бунақты болып келеді. Біріншісінде де, екіншісінде де буын үшеуден аспайды да,
кем де түспейді. 6 буынды өлеңнен өз алдына шумақ та құралады. Тек қана бір
шумақ емес, алты буынды өлеңмен үлкен поэма да жазуға болады.

Мысалы:        

       3                             3

/Қара көз,/ /имек
қас,/

        3                           3

/Қараса/ /жан
тоймас./

                   3                             3

/Ауызың - бал,/
/қызыл гүл,/

        3                            3

/Ақ тісің/ /кір
шалмас,/

         3                                    3

/Қыр мұрын,/ /қыпша
бел./

               3                            3

/Солқылдар/ /соқса
жел./

           3                   3

/Ақ етің/ /үлбіреп,/

        3                          3

/Өзгеше/ /біткен
гүл./                        (Абай)

 

Бұл сықылды өлең
басқа ақындардан да табылады.

 Қазақ өлеңдері тек қана 11, 8, 7, 6
буындардан құралып қоймайды. Олардың буын сандары өзгеріп те отырады. Ал біз
жоғарыда мысалға 11, 8, 7 және 6 буынды өлеңдерді ғана келтірдік. 

Шумақтың әр
тармақтарындағы бунақ, буын сандары бірдей болып, бір өлшеммен шығып отырғанын
көрдік. Бұл айтылған - өлең құрылысындағы бір ерекшелік. Бірақ қазақ
поэзиясындағы өлең құрылысы сол айтылғандармен түгелденбейді. Кейбір өлең шумақтарын
алсақ, бунақ саны да, буын саны да айнымалы келеді. Бастапқы екі жолы екі
сөзден құралған 5 буынды бір бунақты болып келеді де, 3- жолы екі бунақты 8
буын болады. 4-5 жолы тағы бір бунақ 5 буын боп келеді де, 6-жолы тағы 8 буынға
тоқтайды. 7-8-жолдарының екеуі де екі бунақты 8 буынды болады (мысалы, «Сегіз
аяқ», төменнен қара). Сөйтіп, бір шумақтағы тармақтардың буын саны да, бунақ
саны да бірде аз, бірде көп болып отырады. Бұл сөзден, ондай өлеңде тәртіп
болмайды екен деп ұғып қалмаңыз. Болады. Бірақ оның құрылу тәртібі біздің
жоғарғы айтқан өлең құрылысымыздан өзгеше. Екінші түрде болып келеді.

Өлеңнің бұл құрылысы
поэзиямызда мейлінше көп. Бұл түр негізінде қазақ поэзиясына Абайдан бастап
кірді деуге болады. Бұл құрылыстың өзара бір-бірінен өзгешеліктері бар.

Бұл үшін бірнеше
мысалдар келтірелік:                  

                   5

1)     
/Алыстан сермеп,/

                5

/Жүректен тербеп,/

                 5                              3

/Шымырлап/ /бойға жайылған;/

 

                 5

/Қиуадан қашып,/

                   5

/Қисынын тауып,/

                   4                            3

/Тағыны жетіп/ /қайырған;/

                      5                            3

/Толғауы тоқсан/ /қызыл тіл,/

                       5                             3

/Сөйлеймін десең/ /өзің біл./ 

                                                                                    (Абай)

                                      5

2)     
/Сайрай бер, тілім,/

                  4                               3

/Сарғайған соң/ /бұл дерттен./

                5

/Бүгілді белім,/

                    4                                 3

/Жар тайған соң/ /әр серттен./

                      5

/Қамықты көңіл,/

/Қайтсе болар жеңіл./

                                                         (Абай)

                     4

3)     
/Бойы бұлғаң,/

               4

/Сөзі
жылмаң,/

                 4                              3

/Кімді
көрсем,/ /мен сонан -/

                4

/Бетті
бастым,/

 

/Қатты
састым,

                  4                               3

/Тұра
қаштым/ /жалма-жан/.    

                                                                        (Абай)

                   3                     3

4). /Сен мені/ /не етесің?/

               4

/Мені тастап,/

                4

/Өнер бастап,/

3

/Жайыңа/

4

/Және алдап,/

        2

/Арбап,/

                4

/Өз бетіңмен/ /сен кетесің./

3                   3

/Неге әуре/ /етесің?/

                4

/Қосылыспай,/

4

/Басылыспай/

3

/Байыңа/

               4

/Және жаттан,/

2

/Бай тап,/

5                       3

/Өмір бойы/ /қор өтесің./

                                                         (Абай)

4                           4

/Ата-анаға/ /көз қуаныш/

                4                          3

/Алдына алған/ /еркесі./

                4                         4

/Көкірегіне/ /көп жұбаныш/

               4                       3

/Гүлденіп ой/ /өлкесі./

5

/Еркелік кетті./

3

/Ержетті./

3

/Не бітті?/

                                                         (Абай)

 

Міне, осылар сықылды, өлең құрылысының бір шумақтағы тармағына, бунақ,
буындарына қарай, өзара бір-бірінен өзгешеліктері болса, барлығын жинастыра
келіп, бір сөзбен айтқанда, аралас
буынды өлең деп атаймыз. Бұны біз жай атай салып отырғанымыз жоқ. Әр
шумақтағы өлең тармақтарының буындары бірде аз, бірде көп болып аралас
келгендіктен атап отырмыз.

Бұл келтірілген мысалдарымыз қазақ поэзиясындағы барлық түр, барлық
ерекшеліктерді толық қамти алмайды. Олардың бәріне тоқталсақ, оқулық шеңберінен
шығып кетеміз.

Бұл жердегі мақсат - қазақ өлең құрылысының негізімен таныстыру, әдебиетте
тұрақталып, байырғылыққа айналған түрлерін көрсету. Қазақ өлеңдерінде жоғарғы 5
түрден басқа да түрлер кездеседі. Қазақ өлеңінің негізгі өлшеуіші буын десек,
синтаксистік жағынан біткен бір ойды білдіретін бір шумақтан бастап, барлық
шумағында да толық қайталайтын 10 буынды, 9 буынды, бір шумақтың бір жолы 4
буын, екінші жолы 7 буын боп келетін өлеңдер жайлы үндемей кетуге болмайды.
Өйткені олар қазақ өлеңдерінде бар. Кейбіреуі тұрақталуға айналып та келеді.
Мысал үшін мына бір өлеңді алалық:

                4

/Жерің мынау/

                  4                           3

/Жасыл жолақ/ /кілемдей./

             4

/Желің мынау,/

                4                           3

/Жігіт айтқан/ /өлеңдей./

                                                           (Ілияс)

 

Шумақ төрт жолдан тұрады: 4 буынды тармақпен 7 буынды тармақ ұластыру
арқылы синтаксистік бір ойды беріп тұр.

Әр жолы он буыннан құрылатын шумақтар ескі эпос жырларында, «Алпамыстың»
қарақалпақ вариантында кездеседі. Мысалы:

 

/Айыл тартқаным/ /бедеудің белі,/

/Ішкен сусыным/ /Байсынның көлі,/ т.б.

 

Бірақ бұл тек сол «Алпамыста» ғана. Басқа жыр, өлеңдерде ұшыраспайды.

Ал соңғы кездердегі ақындардың өлеңдерінде 10 буынды өлең жекеленіп, өзінше
әнге салып та, тақпақтап та айтуға болатын өлеңдердің қатарына қосыла бастады.

 

/Оқ тиді келіп,/ /қайратым кеміп,/

/Барамын сөніп,/ /келмейді өлгім,/

/Тұрғандай сол қыз/ /жаныма келіп,/

/Талпына берді/ /қайран жас көңілім./

 

/Көрсетпей жүзін,/ /естіртпей сөзін,/

/Қаһарын төгіп,/ /тұр долы соғыс./

/Арманым бар ма,/ /өлсем бір көріп,/

/Қайда екен, қайда,/ /дариға, сол қыз?/

(Қ.Аманжолов)

 

Бұл - екі шумақ. Осы тұрғысында синтаксистік бір ой төрт жолдан бітіп тұр.
Ішкі ұйқастарын  еске алмай, ойдың қалай
аяқталуын қуаласақ, әр жолында 10 буыннан құралады. Қазір осы өлеңнің үлгісімен
жазып жүргендер де бар. Сондықтан он буынды өлең қазақ өлеңінің өзінше бір түрі
ретінде тұрақталар деп ойлаймыз.

Бұрын тоғыз буынды өлеңдер тек әннің текстерінде ғана кездессе, қазір бұл
да әнсіз, жеке өлең қатарында газет, журналдардың бетінде бірен-сарандап көріне
бастады. Жас ақын Ғаббас Жұмабаев «Бұл болар ең ақтық зор шайқас» деген өлеңін
бірыңғай 9 буынмен жазды.  Осы өлеңнің ең
жақсы деген бір шумағын келтірелік:

 

/Қырмызы/ /ту етіп/ /еңбекті,/

/Қаһарман/ /ұл, қызың/ /ержетті./

/Жұлдызың/ /жарқырап/ /аспанда,/

/Жаңғырды/ /нұрынан/ /жер беті./

Үш бунақты қара өлең ұйқасымен келеді. Бұл - жас ақынның алғашқы талпынысы,
сол арқылы өлеңге бір жаңа ырғақ, жаңа тыныс енгізсем бе деген жақсы үміт.
Бірақ құлаққа естілуі көңілге қонымдылық, сезімді оятарлық күші әлі жетпей
жатыр. Ол ақынның күшсіздігінен емес, 9 буынды өлеңнің өзіне тән тыныс
интонациясынан. Қанша бір әдемі сөздерді қолданып, күшейтпек болса да, сөз
тіркестері өлең ырғағынан гөрі қара сөзді еске түсіреді. Тым байырғы, тіпті сылбыр.
Өлеңге тән өрлік, өктемдік оқушыны елітіп, ертіп әкете алмайды.

Мысалы:

Замандар, ғалымдар арманы,

Өмірді өзендей арналы,

Талпынып, алқынып, малтығып,

Ғасырдан ғасырға самғады.

Айтайын деген ойы жап-жақсы болса да, өлеңдік әсері тым әлсіз. Сондықтан бұл
қазақ өлең құрылысының бір түрі болып ене алады деу қиын.

Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін қазақ өлең құрылысына енген
жаңа түр, жаңа ырғақ, жаңа ұйқас туралы сөз қозғағанда, жоғарғы айтылған 10
буынды, 9 буынды, не бір жолы 4 буын, екінші жолы 7 буын болып келетін шумақ
түрі, не сол буындар арқылы жазылған өлеңдер қазақ өлең құрылысындағы үлкен
жаңалық, елеулі өзгерістер емес. Ондай құбылыстар қай елдің поэзиясында болсын,
бола береді. Бұл тәрізді жаңалықтардың кейбіреулері өзінің еліктеушілерін табуы
да, белгілі бір кезеңде қанатын кең жайып, өрістеуі де мүмкін. Ал кейбіреулері
бірер өлеңдерден не бірен-саран ақындар жазғаннан кейін мүлде ұмытылып,
өзінен-өзі қалып та қояды. Зерттеушілер болмаса, оқырман жұртшылығы оны
білмейді. Мұндай өлең құрылыстары дағдыда еліктеуден туатынға ұқсайды. Өзіне
дейінгі әдебиеттегі не басқа тілдердегі үлгілер ақынға ұнайды да, ақын соған
бейімделеді. Ескі әндердің бірер нотасын өзгертіп, өңдемпаз, жаңартымпаз
композиторлар сықылды, ырғақ, ұйқастарды аз-маз өзгертіп, «жаңарту» ақындарда
да болады.

Әрбір өлең құрылысына енетін жаңа түрлердің негізінде еліктеу емес, өмір,
әлеумет өміріндегі әр алуан ірі өзгерістер жатса ғана оның әдебиеттік мәні
болмақ. Жаңа өлең түрі жаңа өмір, ұлы өзгерістердің сәулесі ретінде дүниеге
келеді. Ондай жаңа түрлердің тірегі мығым, беті берік. Сондықтан да ол өз
алдына ерекше бір түр және өзіне шейінгі әдебиетте болмаған жаңа түр қатарында
әдебиеттен берік орын алады.

Бұрын әдебиетте болмаған жаңалықтың досы да, қасы да өзімен ере келеді.
Егер жаңа түр, жаңа ырғақ өмір тілегінен туса, көпке созылмай-ақ жаңа түрдің
достары, жақтаушылары көбейе түседі де, қарсылары жеңіліп, жаңалықты мойындауға
мәжбүр болады.

Орыс поэзиясындағы В.В.Маяковский, қазақ поэзиясындағы Сәкен Сейфуллиннің
жаңа түрлерінің әдебиетке ену тарихы бұған дәлел.

В.Маяковскийдің жаңа өлең құрылысы Ұлы Октябрь социалистік революциясының
Россия топырағында жеңуі,  совет
өкіметінің орнауы, ескі өмірді өзгертіп, жаңа социалистік, коммунистік қоғам
құру жолындағы компартия бастаған халықтың ерлік іс, ірі қимылдарының негізінде
туды десек, Сәкен де сол өмірдің қызыл солдатының бірі болды. Әрине, бұл жаңа
түрді Маяковский Сәкеннен бұрын бастады. Сондықтан Сәкеннің одан үлгі алуы,
үйренуі сөзсіз. Бірақ сол жаңа өлең құрылысы, жаңа түрдің тууына негіз болған
тарихи әлеуметтік жағдайдың екеуіне ортақтығы.

Үйрену еліктеу емес. Бір ақын екінші ақынның көлеңкесінде қалып қойып,
өзін, өзіндік ерекшелігін жоғалтып алса, ол еліктеушілік те, егер бір ақын
екінші ақыннан үйрене отырып, өзіндік ерекшелігін сақтай алса, ол -
творчестволық үйрену, жаңалықты өзінше меңгеру. Сәкен соңғылардың тобына
жатады.

Форма жағынан алғанда, Маяковскийдің орыс өлең түрлеріне енгізген жаңалығы
тоникалық өлең құрылысына негізделсе, Сәкеннің қазақ өлең құрылысына енгізген
жаңалығы силлабикалық өлең құрылысына негізделді.

Сәкен алғашқы рет әдебиет майданына шығып, аты мәлім бола бастағанда, ол
өзіне шейінгі қазақ поэзиясының үлгісінде жазды. Олардың жақсы үлгілерінен
үлгі, өнеге алды.

Бірақ Ұлы Октябрь социалистік революциясына белсене араласып, орыстың
революциялық әдебиетінің өкілі, жаңа дәуірдің поэзияда жаңа ырғағын жасаушы
В.Маяковскийдің өлеңдерімен танысты. Алғашқы кезде оны әркім әртүрлі талқылап,
әртүрлі түсініп жүрген кезде, Сәкен Маяковскийдің орыс поэзиясына енгізген жаңа
түр, жаңа стилін ұнатушы, жақтаушы, одан творчестволық жолмен үйренуші және осы
жаңа стильді қазақ әдебиетіне қалай енгізуді ойлаушы қазақтың бірінші ақыны
болды.

Өмірді революциялық жолмен қайта құрудағы совет халқының жігерлі қимылдардың
ұлы дүмпуі жаңа ырғақты өлеңдер керек ететіндігін өзінің тереңнен сезінуі, әрі
алдыңғы саптағы орыс совет әдебиетінде Маяковскийдің стилі тәрізді тамаша
үлгінің болуы Сәкеннің де қазақ поэзиясында жаңа түр туғызуына әкеп тіреді.
Алғашқы кезде ол қазақтың бұрыннан мәлім (бас бунағы, орта бунағы 4 буын, аяққы
бунағы 3 буын) 11 буынды алды да, соны сәл өзгертіп, бұрынғы шумаққа тармақтар,
тармаққа бунақ, буындар қосып, жаңа шумаққа негізделген қазақ өлеңіне жаңаша
түр енгізді. Мысал үшін Сәкеннің «Советстанын» алалық.

Айда, отарба, аямай күш айдап бақ!

Дөңгелегің зырылдасын тақ, тақ, тақ.

Шаңқан жарық,

Шамға қарық,

Болсын халық,

Электр жақ, тынбай айда, жол ұзақ!

Жол ұзақ,

Отты жақ,

Заулап бақ!

Қатты шап,

Трат-тат-тат!      

Трат-тат-тат!      

Трат-тат-тат!     

                                                              (Сәкен)

«Советстан» құрылысын қазақтың басқа өлеңдерінен ерекшелейтін де, жаңа
мазмұн, ой-сезімді жаңаша беру әдісіндегі ақынның алғашқы өлеңдеріне тән
ерекшеліктер де осы келтірген үзіндідегі үлгі тәрізді.

Бұл буындары аралас келетін өлең түріне жатады. Бір шумақтың үш жолы 11
буынды, үш жолы 4 буынды, жеті жолы 3 буыннан құралған. Сөйтіп, қазақ өлеңінде
бұрын-соңды болмаған жаңа шумақ, жаңаша ырғақты өлеңнің жаңа бір түрі туған.
Сырттай қарағанда, Сәкен өлеңдерінде көзге мүлде жаңа бір түр болып көрінетін
өлеңдер, жаңаша айшықтар толып жатыр. Әйтсе де оның қазақ өлеңіне енгізген
жаңалығының алғашқы адымы «Советстан» да, соның негізінде жеткен биігі
«Альбатрос» поэмасы тәрізді.

Сәкеннің өзінде болсын, Сәбит не басқа ақындарымыздың өлеңдерінде болсын
өлең құрылысының жаңа түрін іздеушіліктер көп болды. Олардың ішінде сәттілері
де, сәтсіздері де бар.

Жаңа ырғақ, жаңа тыныс ізденудегі бір жаңа үлгілердің ішіндегі сәтті
шыққандардың қатарына Сәбиттің «Майға сәлем», «Жүйткі, қара айғырым» атты өлеңдерін
айтуға болады.

Жүйткі, қара айғырым,

Ұрпағын мол жайғырым!

Терісі - темір.

Сүйегі - от.

Шегі - сым.

Айғырымның барында

Кімнен кем менің байлығым!

                                                                             (Сәбит)

Бұл қазақтың жыр ағымымен келетін 7,7-8 буынды өлеңдерінің негізіне құрылса
да, буын, бунақтар қосу арқылы өлеңнің бұрынғы ырғағын өзгертіп, екінші түрде
етіп шығарған. Егер осы тұрғысында алып, бір сөзді де бір жолға санасақ,
1-2-жол бір ұйқасады, 3-4-5- жолдар бос қалады. 6-жол 2-жолмен толымсыз ұйқас
дәрежесінде болады да, 7-жол тағы бос қалып, 8-жол алдыңғы 1-2-жолдармен толық
түрде ұйқасады. Бұл тәрізді жаңалық ізденудің нәтижесінде пайда болған өлең
құрылыстары айрықша зерттеуді керек ететін, бұл кітаптың міндетінен тыс нәрсе.
Бұл кітапта келтіріліп отырған кейбір өлең үлгілері сол жаңа түр, жаңа өлең
құрылыстарының көпшілікке танылғаны ғана.

Бұрынғы қазақ өлең құрылыстарынан өзгеше, ырғағы бөлек жаңа өлеңдердің
тууына тарихи-әлеуметтік жағдай, себептерді айта келіп, өзінің «Қазақ өлеңі
туралы» деген мақаласында Сәбит Мұқанов мұндай өлеңдердің практикалық мәні
жайлы былай дейді:

«Мұндай өлеңді жазуда екі мақсат бар: 1. Бір жолдағы сөздер бір сөйлемде,
бір мағынаға ғана жататын сөздер болсын деген заңды қатты қолдаудан. Қайталама
пікір беретін керексіз сөздерді көп кіргізбеуден шығады.

2. Театр, клуб, әдебиет кештері сықылды мәдениет істері күшеюмен бірге,
өлең жалғыз әндік қана құрал болудан шығып, тақпақтай айтылатын құрал
болады...»

Жаңа өлеңдердің сахналық, көпшілікке тақпақтап айту үшін бұрынғы қазақтың
қара өлеңдерімен салыстырғанда, анағұрлым ұтымды екендігі даусыз. Сондықтан
Сәбиттің жоғарғы айтқан пікірлеріне біз де қосыламыз