ВЕРНУТЬСЯ

    Қайнекей Жармағанбетовтің «Ара» журналында редактор кезі. Кабинетінде
бір топ жазушы отырғанбыз, телефон
шылдырады. Қайнекей трубканы көтерді де өңі бұзылып сала берді.
-        Мұқан
Иманжанов қайтыс болыпты...
        Сол бойда біз
бәріміз де салып отырып ауруханаға бардық. Шағын ғана палата. Көрпемен ұқыпты
қымталған Мұқаңның көзі жұмулы жатыр екен. Арса-арса қу сүйек қана болса да,
өңі онша өзгермеген, ұйықтап кеткен адам секілді. Орта жастан асқан орыс нянясі
ағыл-тегіл жылап жүр. Өлімнің не бір түрін көзімен көріп, қолымен атқарған осы
бір жасамыс әйелдің мына түрі бізді таңқалдырды. Сұрасақ, оқиға былай екен: мына кісі
Мұқанды зембіл-арбаға салып рентгенге апарыпты.
        Өз аяғымен
түскен Мұқаңның шығарда шамасы болмай қалған. Жүріп кете ме деп қорыққан няня
зембілді былай тастап, саудырап қалған қу сүйекті көтеріп әкеп орнына
жатқызған. Сол екі арада Мұқаң тілден айрылған.
-        Көрпесін
жауып, енді дәрігерге жүгірмек болып тұра бергенімде тілі күрмелген ауру көзін
ашып маған әлденені ишара жасады,- деді күтуші әйел. - Мен түсіне алмадым. Шай
керек пе? - Ауру басын шайқады. Су ішесің бе? - Ауру басын шайқады. Дәрігер
шақырайын ба? - Ауру басын шайқады. Тамақ ішкің келе ме әлде? - Ауру тағы да
басын шайқады. Не тілегінің барын түсіне алмай, дал болдым. Жан-жағына көз
жүгіртіп байқасам өкшесі ашылыңқырап қалған екен. Дереу аяғын көтеріп, көрпемен
жақсылап орап, қымтап орнына салып едім, аурудын кенет тілі шықты да: спасибо, -
деді. Бар айтқаны сол. Содан кейін дүниеден өтіп жүре берді...
      Күтуші кемпір
осыны айтып, ағыл-тегіл тағы жыламасы бар емес пе!
-        Бұл жерде өлім
деген не, тәйірі. Аурулар күнде аттанып жатады. Ал мына аурудың жөні бөлек еді
ғой. Алты айдың ішінде бір нәрееге ренжігенін, бір нәрсені талап еткенін көрген
емеспін. Қандай асыл адам! Осындай асылдарды өлім шіркін неліктен аямайды екен?
     Күтуші әйелдің
сөзі біздің де қабырғамызды қайыстырды. Көзімізге мөлтеңдеп жас келді. Ойлап
қарасаң керемет қой. Иманжановтың жан тәсілімін қылардағы сөзі - рахмет болған.
       Қай күні
дүниеден өтеріңді кім біліпті... Ал сонда дүниеден өтердегі соңғы сөзің не
болмақ? Өзіңді қай қырыңнан көрсетерсің? Дүниеге келгеніңе рахмет. Сол өмірде
не бары қырық екі-ақ жыл өмір сүіргеніңе рахмет. Жақсы адамдарға рахмет!..
       Жақсы
адамдар?.. Олар қайда? Ана көзінің жасын көл етіп тұрған күтуші әйел жақсы адам
ба? Жақсы адам болса, өліп жатқан басқалар үшін неге егілмейді?
       Жоқ, жақсы адам
сенің кеудеңде. Жақсы адам сенің қан тамырларыңның соғысында. Жақсы адам сенің
мінез-құлқыңда.
         Жақсы
адам...Сен жақсы болсаң ғана жақсы...