ВЕРНУТЬСЯ

          ... Осы жұрт Бейбарысты біле ме, екен?!

Әл-Каһира (орысша Каир) шәһары оған мекен,- деп, ұлы ақынның
өлең жолдарын сәл бұрмалағанымыз үшін Абай атамыздың әруағынан кешірім сұрай
отырып, қазақтың сонау алыста сүйегі қалған тамаша бір перзенті туралы сөз
қозғасақ  дейміз...

...Қайран, әділ де тек ақиқатқа жүгінген орта ғасырдағы
арабтың және мұсылман тарихшылары және жылнамашылары... Жалғандыққа тіпті
бұрмайды-ау, шіркін, бұрмайды! Оның қасында сан ғасырлар бойы бірге жасасып
келе жатқан , жанымыздағы көршілеріміз әлі күнге дейін қазақты : «Бұлар - жабайы
көшпелілердің ұрпағы» немесе «оларда мәдениеттің жұғыны жоқ» деуден танбай
әлек. Тіпті Жириновский деген біреу «Қазақ мемлекеті атымен болмаған» деп, даурықты
ғой.Оған кеудесінде намыс оты бар, талай қазақ баласы ашу-ызасын білдірсе де,
билік басындағы көптеген космополит қаракөздерге ондай жала майдай жағады.
Тіпті керек десеңіз, ұлтына өздері жиіркенішпен қарайтын, МұхтарШаханов ағамыз
айтқандай «тексіз мәңгүрттер» соны іліп әкетіп, дау-далаба туғызуға шебер-ақ.
Ал жаратылысынан қазақ, генерал Сабыр Рахимовты «өзінікі» жасап алған ала
тақиялы өзбектің әрекеті анау...

Тәуелсіздік алғанымызға 18 жылдан астам уақыт өтсе де, тек
Мәскеуге қарап, жаутаңдайтын тарихшыларымызға ұлтымыз мейлінше өкпелі. Меніңше,
қазақтың бұрмаланбаған, анық та айқын тарихы сонау Бағдад пен Теһран, Димашк
пен Истанбул, әл-Каһира қалаларының мұрағаттарында шаң басып жатыр. Тек соны
іздеп тауып, кәдеге асырар жан, кәне ?! 
Біздің жекелеген тарихшыларымыз тек Батысқа қарап, Ресейге телміретін,
еуропаға табынушылық ауруынан қашан арылады?!...

Ал араб тарихшыларының тек ақиқатты жазып, жалғандыққа
баспайтындығының өзіндік себебі бар. Басқа сенімдерді қайдам, әйтеуір қасиетті
ислам дінінде өтірік айту,жалған сөйлеу, онан да сорақысы - өзгелерге жала жабу
Аллаһ кешірмейтін ауыр күнәлардың бірінен саналады.Сөз жоқ, орта ғасырлық араб
тарихшылары мен жылнамашылары шетінен бір Жаратушымызға жан-тәнімен сиынған
мүміндер болғандықтан, ондай күнәға батушылыққа бармаған...

Сол арабтың тарихшылары сонау орта ғасырларда-ақ, Әл-Мәлік
әз Заһир Рукн-ад дүние уә-әд-Дин Бейбарыс әл Бунукдари ас Салиһиді (оның толық
аты), яғни Мысыр елін он жеті жыл билеген айбарлы сұлтанды «тегі араб емес,
қыпшақ, соның ішінде Бердж тайпасынан» деп жазып кетіпті. «Берджды» бүгінде
біздің тарихшыларымыз «Беріш» деп танып жүр. Сонда тарихи деректерде
көрсетілгеніндей, Еділ мен Жайық өзендерінің ортасында дүниеге келіп,өмір
сүріп, кейін моңғол басқыншыларының қолына түскен Бейбарыс(немесе Байбарыс)
жерлесіміз, Беріш тайпасының баласы болып шығады. Оның қай Беріш екені, Жайық
па, Қаратоқай ма, Есенғұл ма, өзге ме, ол жағы сіз бен бізге белгісіз. Әйтеуір,
кім болса да, қыпшақтың баласы, қазақ даласының төл перзенті. Еділ мен Жайық
арасында өмір сүруі де, осы қос өзеннің атам заманнан қазақтың төл мекені
болғандығының, шындықты бекерге шығарушылардың тек  пасық мақсаттар көздейтіндігінің айқын
дәлелі...  

Олай болса, батырымызды, асылымызды өзімізге қайтарғаны үшін
(әл-Фараби бабамыздың қазақ екенін де араб ғалымдарының көмегімен марқұм,
халқымыздың ұлтжанды ұлы Ақжан Машани анықтап, дәлелдеп шыққан-ды. Алайда оны
да әлдекімдер бізге «қиғысы» келмейді) ақ сәлделі ағайындарға мың да бір
рахмет! Оларға қашанда Аллаһ жар болсын!

Қайран, қыпшақтың кең байтақ, жусанды даласы! Шыңдары көк
тіреген Карпат тауынан сонау Алтай тауларына дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікті алып
жатқан Дешті-Қыпшақ даласы ғасырлар бойы Батыс пен Солтүстіктің озбыр қысымына
төтеп бергенімен, қанқұйлы Шыңғысхан, қала берді, оның немересі Батудың жойқын
топанына қарсы тұра алған жоқ. Әрине, қыпшақтар бірден тізе бүкпеді, аянбай
соғысты, жан алысып, жан берісті. Еділ өзенінің бойында 14 жыл бойы моңғолдарға
қарсы күресіп, аяр жаудың қолынан қаза тапқан Батман (Батпан) батырдың ерен
ерлігінің өзі неге тұрады ?! Алайда алпыс екі айлалы, әккі жау тырнағына
іліккен жемтігін оңайлықпен жіберер ме ?! Осылай 1237 жылы он екі жастағы
Бейбарыс та елінен, ата-анасынан көз жазып, жау алдына өңгеріліп, алысқа кете
барды. Осы ауыр соққыдан соң, қыпшақ даласы ешқашан еңсесін көтере алмады...

Рум (Византия) саудагерлеріне құлдыққа сатылған бала
Бейбарыстың көрмеген қорлығы жоқ. Көзіне ақ түсті, денесін иір қамшы аяусыз
осқылады. Бір қожайыннан екіншісіне сатылып, ақыры табаны Мысырдың топырағын
басты. Мұнда да өзі секілді қыпшақ даласынан келіп, тас қамауда отырған, мұңлы
бейбақтар көп екен. Оларға арабтар «мәмлүктер», яғни «жалдамалы құлдар» деген
ат берген. Міне, сол мәмлүктердің ішінен ерлігі мен көрегендігі, қайсарлығы мен
қолбасшылық  дарынымен суырылып алға
шыққан даңқты бабамыз таққа отырып, араб елінің сұлтаны болды...

Әл-Мысырдың сұлтаны, мәмлүктердің беделді көсемі Бейбарыс
осы елді билеп-төстеген 17 жылдың (1260-1277) 
ішінде бірде бір рет елеулі жеңіліске ұшырап көрмепті. Үнемі қас жауын
күйрете жеңіп, әскери даңқ құшағына бөленген. Атап айтсақ, 1260 жылы 3
қыркүйекте әл-Фалестиндегі (Палестина) Айн-Жалут қалашығы түбінде ол жарақты
қолмен шығып, алыстан жолындағысын жайпап келе жатқан, Иран, Иракты басып алған
моңғол билеушісі Құлағудың әскерін күтіп алып, талқандап, кері қуып тастады.
Сонан кейін де, кезінде жарты әлемнің зәресін ұшырған моңғол басқыншыларына екі
рет күшті соққы беріп,  аш-Шам (Сирия),
Фалестин жерінен түпкілікті қуып шыққан. Осылай даңқты бабамыз - Бейбарыс
сұлтан үнділер (онда да түркі мұсылмандарының әулеті билеген Дели сұлтандығы),
жапондар мен чехтар сияқты моңғол басқыншыларын тойтарып қана қоймай, күйрете
талқандап, кері қуып тастаған тарихтағы санаулы билеушілердің бірі болып
саналады. Мұның өзі төтен ерлік емес пе?! Бір жағынан қыпшақтың (қазақтың) қаһарман
баласы бір кезде моңғолдардан көрген құқайын, құлдықтан тартқан кегін өздеріне
«сый» етіп қайтарды. Сонымен қатар, араб әлемін, гүл жайнаған ислам өркениетін,
қасиетті Қағба орналасқан Мәккә мен Мәдина қалаларын моңғолдар жермен жексен
еткен Бағдадтың қайғылы тағдырын қайталаудан құтқарып қалды. Егер моңғолдар
Айн-Жалутта жеңілмесе, келешекте не боларын кім білген?!...

Міне, сол қаһармандығы үшін бүгінгі араб әлемінің кезінде
Батыстың шармақ тағынған (орыс. Крестоносцы) қарақшылары мен жендеттерін (ешқандай
«Арыстан жүректі Ричард» емес, «Қорқау ниетті Ричард» дер едік. Авт.)
талқандап, Мысырды, қала берді бүкіл мұсылман әлемін 12 ғасырда қорғап қалған,
ұлты-күрд, есті билеуші Салахиддин бен Аюпқа риза болғанындай, Бейбарыс
бабамызға да қазір құрметі мол. Оны осы баяндауымыздың соңында айта жатармыз.
Өйткені шармақ тағынған қарақшылар мен қаныпезерлердің келесі бір легі
Салахиддиннің ( ор. Саладдин) көзі жұмылғаннан кейін, іле-шала моңғолдармен
одақтасып, мұсылмандарға қарсы қаскүнемдік әрекеттерін күшейткен-ді. Батыстың
жауыз да зұлым келімсектеріне қарсы қаһарына мінген Бейбарыс сұлтан
моңғолдармен соғыса жүріп, 1265 жылдан бастап,еуропалық басқыншыларды да қирата
жеңді. Сонан соң, қолға түскен қауға сақал, күлімсі иісі аңқыған тұтқындарды
байлап -матап әл-Каһираға әкелді.Бірақ қыпшақтың қайсар да жанкешті ұлы  дұшпандарына жөнсіз қатігез болған емес.
Мұсылман дінін қабылдағандарға бірден бас бостандығын берді, қалғандарын
құлдыққа сатты. Тіпті дінін сақтап қалған кейбір христиандармен де  тату болып, оларды тиесілі мүддесіне
пайдаланған. Тұтқындарды не аяусыз азаптап, не себепсіз өлтіріп, көзсіз күнәға
батпапты. Өз билігіндегі жергілікті христиан - коптылардың (олар қазір де бар)
орынды тілектерін орындап, қандай ма болсын, діни немесе тектік себепке орай
қудалауға жол бермесе керек. Яғни әділ де ақылды билеуші ретінде кейінгі
шежірелерде жақсы атын қалдырған.

Моңғолдар мен шармақ тағынғандарды жеңуші Бейбарыс сұлтан
бұдан басқа тарихи шежірелерде мешіттер мен медреселерді көптеп салдырушы
діндәр билеуші ретінде де танымал. Мысырдың астанасында ол салдырған , тамаша
зәулім мешіт әлі күнге дейін тұр. Қашанда Аллаһқа жан-тәнімен бас иген қыпшақ
даласының перзенті қасиетті ислам дінінің өшпес рухын жете түсініп, өзі билеген
елде татулық пен бірліктің болуын қадағалап отырыпты. Билігіндегі бүкіл
мұсылман қауымын «сен-сүннит», «ол-шиит» немесе «анау-хариджит» деп,
бөле-жармай, ел тұтастығын сақтаған екен...

Осы жұрт Бейбарысты біле ме, екен?!... Баяғыдан біледі,
білуі де керек қой. Неге десеңіз, Қазақстанның халық жазушысы М. Симашко сонау
60-жылдары «Емшан» повесін жазған-ды. Кейін сол шығарманың желісі бойынша 1989
жылы «Қазақфильм» киностудиясы керемет туынды түсірді. Оны кезінде сан миллион
көрерменнің тамашалап, лайықты бағасын бергені 
де бар. Ал таяудағы Атырау қаласында, сонау жылдары бір мерейтойы
құрметпен атап өтілді де. Қазір онда Бейбарыс сұлтанның асқақ та айбынды
мүсінді ескерткіші туған даласына көз тігіп тұр...

«Кино» демекші, арабтар да жоғарыда айтып кеткеніміздей,
оған деген мәңгілік құрметін тарихи фильм жасау арқылы да білдіргісі келген
сыңайлы. 2005 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде елді елеңдеткен ерекше хабар
оқыған едік. Сол жылы Мысыр Араб Республикасының «Студия-10» кинокомпаниясы 30
сериялы «Бейбарыс сұлтан» атты фильм түсіруге кіріскен. Фильмді түсіруге
бастамашы болған - сол арабтың еліндегі Қазақстан елшілігі. Кинотуынды түсіру
жөнінде шешім қабылдаған - Мысырдың ақпарат министрлігі көрінеді. Жалпы бұл
фильм бірлескен араб-қазақ өнер туындысы болмақ. Түсіруші режиссер - Ибраһим аш-Шауауи.
Араб киношеберлерінің телесериалдың алғашқы 6 сериясын қазақ даласында,
Бейбарыстың  Отанында түсіретіні жөнінде
де айтылды. Фильмге Мысырдың танымал актерлері : Ясир Галям, Ширин, Ахмад
Махер, Нихаль Анбар, Батина Ришуан қатысатыны туралы да шағын хабарда баса
көрсетілген-ді. Ал содан бері біраз уақыт өтті. Фильм түсіріліп жатыр ма әлде
тоқтап тұр ма немесе мүлдем басталған жоқ па, ол жағы бізге белгісіз. Мүмкін,
арабтар өзіне тиесілі тұсын түсіріп жатқан шығар. Бұдан басқа, 2007 жылдың
күзінде ұлттық «Қазақстан» телеарнасы арқылы көрсетілген аш-Шам және Куейт
елдері бірлесе шығарған арабтың тағы бір тарихи телесериалының Бейбарыс сұлтан
туралы шынайы да жан- жақты сыр шерткенінің куәсі болдық. Ол да  көңілімізге ұнады.

Бүгін қазаққа Бейбарыс неге қажет ? Себебі тап қазір бізге
Бейбарыстың өр рухы мен Отаншылдығы жетіспейді. «Қайта қыру» мен жаһандану
үрдісінен жүні жығылған, ұсақталып кеткен қазаққа Бейбарыстың қайсарлығы керек.
Жас ұрпақтың Батыстың жалған «қаһармандарынан» жерініп, Абайды, М. Шоқайды,
Бейбарысты пір тұтар кезеңі қашан келмек?!...

Елге, туған топыраққа деген іңкәрлік демекші, ұлы бабамыз
жәйлі тағы бір әдемі аңыз-әфсана бар. Қашанда алыстағы қыпшақ даласынан ұзақ
жол жүріп келетін араб көпестері бірде сұлтанға өзі сұраған жусанды сыйға
ұсынған екен. Дереу жасауылдарынан басқаларын қасынан шығарып жіберген билеуші
жусанды иегіне апарып, ұзақ иіскейтін көрінеді. Туған жердің иісін. Сұлтан мен
жусан...

...Әңгімемізді Абай атамызбен бастаған екенбіз, сонымен аяқтағанымыз да
жөн. Ұлы ақынның жоғарыда аузымызға алған белгілі поэмасының алғашқы шумағының
екінші жолында : «Александрия шәһары оған мекен» деп жазылған. Мысырдағы сол
қаланың негізін жексұрын жаулап алушы, қанішер қолбасшы Александр Македониялық
қаласа керек. Негізін қалап қана қоймай, соншалықты менмендікпен жат жердегі
қалаға атын берген. Бейбарыс та тап сол елге құл ретінде келіп, қолбасшы,
сұлтан дәрежесіне дейін көтерілгенімен қоймай, Мысырды сыртқы жаулардан қорғап қалды
емес пе?! Бірақ көзі тірі кезінде пәлендей атын қалдыруға тырысқан да емес.
Оның озбыр басқыншы Александрдан басты да бірегей айырмашылығы осында ғой...