ВЕРНУТЬСЯ

       Жайық өңіріндегі өндірілетін және әкелінетін азық-түлікті үш
түрге бөлген жөн. Туған топырағымыздан өнген, Ресей мен Өзбекстаннан әкелінген,
Қытай, Үндістан, Батыстан жеткізілген деп. Ж. Қарағойшиннің пікіріне сүйенсек,
ең ағзамызға сіңімдісі де, пайдалысы да-өзімізде өсіп-өнген және өңделген
нәпақамыз көрінеді. «Ойбай, Қара Шығанақтың экологиялық зияны бар!» десек те,
сол тамақ өнімдері онша қатерлі емес сыңайлы. Солтүстіктегі көршілеріміз бен
оңтүстіктегі ала тақиялы ағайындардың қолынан шыққан азық-түлікке де аса бір
шүбәланудың қажеті шамалы. Себебі бұрын бәріміз бір елдің құрамында
болғандықтан, құрдымға кеткен Кеңес Одағын қанша күстәналасақ та, сол кездегі
тамақ өнеркәсібінің жоғары стандартқа сай және экологиялық жағынан мейлінше
таза тағам өнімдерін шығарғанын баса көрсеткен жөн. Міне, сол кездегі тамақ
өңдеу орындары әлі де жұмыс істейді немесе олардың технологиясы  белгілі бір мөлшерде оңтайлы жағына қарай
жаңартылса керек.

Бар мәселе-«Буштың бұтында» болып тұр. Батыстан, Қытайдан
немесе Үндістаннан, өзге де  алыс
шетелден әкелінген тауарлардың ішінде «сырты-жылтыр, іші -бұлыңғыр» өнімдер аз
емес. Оларға ұзақ сақталуы, тауарлық күйін жоймауы үшін және басқа себептерге
орай түрлі бояу қосылғыштары, протеин немесе өзге де химиялық заттар көп
салынатын болса керек. Бір жақсысы сол-алыс шетелден келген шоколад немесе тағы
басқа тағам түрінің сыртқы қорапшасында «Е-230 », «Е-214», тағы басқа сынды
заттардың тамақ құрамына қосылғандығы туралы тайға таңба басылғандай ақпарат
беріледі. Ал жоғарыда санмен көрсетілген атаулардың астарында не бауырға, не
бүйрекке немесе өзге да ағза мүшелеріне залалды заттар тұрғанын енді біліп
жатқан жәйіміз бар. Мақаламыздың басында көрсетілген түрі өзгертілген немесе
генетикалық-мутациялық азық-түлік өнімдерінің қаншалықты ағзаға қауіптілігі
жөнінде айрықша айтудың қажеті бола қоймас. Осыдан кейін жанатын печеньеге
таңданып көріңіз!...