ВЕРНУТЬСЯ

            Сырдың
ми қайнатар ыссы күні. Аспан айналып жерге түскендей шілденің мына күнінде
канал суына тілерсегіңнен батып, қоңыр салқын ауаны сіміре жұтқанға не жетсін.
Жаңа ғана суға шылап алған орамалы әп-сәтте құрғап, маңдайдан шымырлап шыққан
тер моншақтары әжім жолдарын қуалап келіп, көзіне құйылады. Үстіндегі ақшыл
көйлектің көлбеңдеген жеңімен бетін бір сүртіп қойып, қолындағы ауыр кетпенмен
судың кеткен жеріне топырақ тастап жатыр.

"Осы
жұмысты жұрт ауыр деп айтады. Ал өзіне салса мұнан артық дүниеде рахат нәрсе
жоқ. Төрт құбыласы тең пенделер не демейді, шіркін!.." Шайқының ащы
өзегіне от түскендей болып кетті. Ойпырмай, мұндай күйді кешемін деп үш
ұйықтаса түсіне кіріп пе, өз үйінен өзі суынғаны қалай?! Сондағы мынау жалпақ
дүниеден аңсары ауып іздегені бір перзент. Мейлі ол ұл болсын, қыз болсын
әйтеуір мынау ерні кеберсіп жатқан даладай кенеуі кетіп отырған оттың басынан
шыққан - бір нәрестенің даусын ешқандай қымбат қазынаға айырбастамас едім.

Күйреуік
жаның бұл емес. Ол керзі етігімен жарты жер шарын жаяу аралап шыққан солдат.
Екінші дүниежүзілік соғыста сонау Москва түбінен басталған қанды жорықты
басынан кешіріп, соғыстың соңғы оғын жапон жерінде атып, еліне 1950 жылы ғана
оралған. Талай отты өткелдерден өтіп, оқты кеудесімен қағып, туған жерге аман
оралды. Кір жуып, кіндік кескен ел арасына біте қайнасып, үйреншікті өмір
ағымына ілесті. Райханға үйленді. Бәрі де жарасымды, жаңылыспаған секілді.

"Анау
іс қалып барады, мынаны істеу керек" деп жүріп, өз басының тіршілігін
естен шығарып алған ба, бүгінгі күні түпсіз болып саналатын тұңғиық ой да
тұйыққа тірелген сияқты. Арман ауқымы кішірейіп жалғыз аяқ жолдай айналып келіп
бір ғана балаға соғады. Ағайындары да қарап қалмады. Бірде үйіне кештете келген
туысқаны тысқа шығарып алып, қараңғы түнді жамылып тұрып:

-
Қайтесің, Шайқы, құдайдан бала көрмейін деп тілек тілеген жоқсың. Айналаңды
қоршаған ағайын-тумаң сен дегенде ішкен асын жерге қояды. Солардың білгісі
келетін бір-ақ нірсе бар, не істемексің, - деді.

Шайқы
да тіктеле қарап:

-
Өзіңнің не ойың бар? - деді.

-
Мен жамандықты ешкімге де ойламаймын. "Пәленше сөйтіпті" десе
айтарсың. Бастарың әлі жас... Райхан екеуің өз бақтарыңды өздерің байламасаңдар
қайтеді?

Бұл
бұрын-соңғы Шайқының ойына келмеген пікір. Ал, мынау адамға ренжудің реті де
жоқ. Жоғыңды қосыла іздейтін адамдардың садағасы кетпессін бе? Бірақ... бірақ, сол
Райхан екеуінің арасындағы көзге көрінбес, қолға ұсталмайтын нәзік сезімнің қыл
ішегі бар. Осы араны мынау не ескермей тұр, не құрбандыққа шалып отыр. Шайқы
ләм деместен теріс айналып жүре берді...

Сондай
күндердің бірінде колхоз председателі шақырып алып:

-
Шайқы, жайың қалай? - деді.

-
Шүкір, жүріп жатқан.

-
Маған бір ой келді. Сені шөптен алып күрішке жібергім келіп отыр. Сол баяғы
бригадирлігің ғой...

-
Ой, Жәке-ай, оның несін сұрайсың, екі қолға бір жұмыс емес пе.

Осыдан
кейін шөптен шығып, осы күріштікке келген. Звеноларға тиісті жерлерін өлшеп
беріп, жата кетем деген бригадирге бұл жерде ешкім де  зорлық жасамайды. Бірақ, мұны  істеуге Шайқының дәті шыдамайды. Оның үстіне
жұмыс жанның ләззаты емес пе? Осындай бір іштен тынып, жүйкең шаршап жүрген
шақта кәдімгідей-ақ қол беретінін қайтерсің.

"Бұл
жұмыс маған қашанғы серік болады, - деп ойлады Шайқы. - Ертең қартаямын... Ел
іші - алтын бесік, далада қалмассың-ау, бірақ, басың ауырып, балтырың сыздаған
кезде қолтығыңнан сүйеп, демеу болатын біреу керек қой..."

***

Арқа-бас
кеңіген соң көптен көңілде жүрген ойын колхоз бастығы Ақмолдаев Жолдыбайға
айтып еді, анау болса:

-
Дабай, бар. Күні ертеңнен бастап боссың. Біздің 
бұрын ойымызға келсе де, қай жағынан шығамыз деп қорғалақтап жүргенбіз.
Шүкір, қалған шаруашылығыңа өзіміз бас-көз болармыз.

Райхан
мен Шайқы ат басын бірден Қызылордаға тіреді. Қолындағы аудандық дәрігерлердің
жолдамасын көрсетсе де, әлгі бірдеңесі жетіспей тұрғандай алдында тұрған
дәрігерлерге шағына жөнелді.

-
Айналайындар, балаларың бар ма? - Орыс дәрігері де қазақша біледі екен,
күлімсірей басын изеп жатыр. - Онда маған да сол керегі бала.

-
Талай жылдар жүрегінде қордаланған ойын ақтарып салды. Егер артымызда
шаңырағымызды ұстарлық ұрпағымыз қалмаса, мынаның бәрі қаңырап қалмайды ма? -
деп өздері тұрған бөлменің қабырғаларын жағалай көрсетіп шықты. Дала адамның
табиғатына тән кесек-кесек сөздеріне ыңғайсыздана қараған дәрігерлер Райханды
алма-кезек көріп:

-
Менің аты-жөнім Мария Георгиевна Егорова, ал мына қызыңыз Аида Елемесова
болады, - деп таныстырды.

-
Шәке, - деді Мария Георгиевна. - Райханға операция жасау керек.

Мұны
естігенде Шайқыны түсі бұзылғанын Егорова бірден байқаған болу керек.

-
Еш абыржудың қажеті жоқ.., - деп басты оны.

-
Қайдан білейін, қарағым, - деп саса бастаған күйеуін Райханның  сөзі бөліп кетті.

-
Тәуекел, келісемін...

Көп
ұзамай-ақ операция столынан сәтті шыққан Райхан елге қайтып оралды.

Мария
мен Аида енді бұл үйдің ең бір жақын туысындай болып кетті. Үнемі хат жазып,
хабарласып тұрады. Ақыл-кеңестер береді. Сол бір мейірбан жандардың ұсынысы
бойынша жыл сайын Жаңақорған курортында болып ем қабылдап қайтады.

***

Күріштің
бабы жаңа туған баланың бабынан да күшті, онда сәл босаңсуға болмайды.
Сондықтан да торғай шырылдамастан кеткен адам қара кеште барып бір оралады.
Шаршап, шалдығып жетіп шынтақтап жатып шай ішуге ғана шамасы келеді. Осындай
бір күні қатар отырған Райханның жүзінен қуаныштың табын байқады. Бірден жүрегі
лүпілдеп, өкпесі аузына тығылды.

***

Бұл
күз колхоз үшін де, Шайқының отбасы үшін де табысты жыл болды. 1980 жылы
Бүкілодақтық көрмеге қатысуға жолдама алды. Әрі қуанышты, әрі көңілін адаңдатып
жүрген бір жай - Райханның аяғы ауырлығы. Күні жақындады-ау деген шамада аудан
орталығындағы перзентханаға жатқан. "Әні-мінімен" енді барам деп
жүргенде бір бала құйындай ұшып сүйінші сұрап келді. Ер балалы болыпты. Тартып
отырып ауданнын бір-ақ шықты. Кезекшілер бөлмесінде қарсы алған биязы дәрігер
келіншек қос қолын алып құттықтап жатыр. Әзілге шаптырып "сүйіншімді
бер!" дейді.

-
Райхан апаның да, баланың да күйі жақсы, - деді келіншектің жүзі енді
байсалдана түсіп. - Балаңыз жиырма шақты күндей ертерек туды. Жақсы күтім
керек. Екі жетінің ішінде қолыңызға тиіп қалар.

"Жиырма
күн ерте босанды" дейді, несі бар босанса... менің жиырма жыл күткенім аз
болып па ол күшікті. Бір бала көруге зар болған 
Шайқы едім, жиырма күні кемістігі не қылар дейсің. Жетілер. Дүниеден
күдерімді үздірмей, ақ перзентімді алдыма әкеліп салған әлгі дәрігерлерді
айтсайшы.

Үйді айнала бергенде қарсы алдынан колхоз председателі
Жолдыбай бастаған бір топ Шәкеңе қарай лап қойды. Құттықтап жатыр жағалай...