ВЕРНУТЬСЯ

    1. 

   Аптап ыстықта құм суырған қызыл желдің
үйіре соғып тұрғанына қарамай, бүгін түс әлетінде көгілдір кесенеге қарай тағы
да бір қауым ел шұбады. Жұрттың соңында иір таяғымен тұмсығының астын тықылдата
түртпектеп, алтын жиекті қара көзілдірігін сұқ саусағымен дөңес мұрнының үстіне
жоталата көтеріп қойып, жер орталаған бір соқыр кісі де тыпың қағып келе жатты.
Оған не жоқ  дейін десең, сұңғақ,
сылыңғыр келген бұл кісінің үстіндегі киген киімі басқаларынікінен әлдеқайда
жақсы, жосықсыз жүре беретін адамға да еш ұқсамайды өзі. Және оның сырттың көмегінсіз
өз бетімен ештеңеге сүрінбей келе жатқаны көзі бұрыннан, бәлкім бала кезден
көрмейтінін байқататындай епсең әрі алдағы іске көңілі алаң. Кесененің алдына
иіріліп тұра қалғандардан бірден бөлініп шығып, қайыр-садақа сұрап
отырғандардың қасына жобалап барып, тастақ жерге сыңғыр еткізіп күміс тиын тастады.
Көзі сау, аяқ-қолы сау қара шал дәл иегінің астына дөңгелеп келіп құлаған жүз
теңгелік олжаны алар-алмасын білмей, маңдайы терши абдырады.

            -Кім
боласыз?  Жасыңыз қаншада?-деп сұрады
соқыр кісі сол илікпеген қалпы.

            -Ой-бұй, шырағым, әлгі Әбдірәсілдікіне
келген інішекпісің? -деп қопаң етіп қарсы сұрақ қойды қара шал. Ныспысын
айтқысы келмесе де осы сөзімен жасы үлкендігін білдіріп, оның үстіне садақа
жинап отырғаны кешірімді екенін де аңдатып, жер таяна қалды. - Ойбай, белім,
қайтеді?!.

            Соқырдың
садақа беріп тұрғаны таңсық көрініп, кесенені көлеңкелегендердің біразы осы
жаққа қарай ошарылған. Жұрттың бар назары өзіне ауғанын жауырынымен сезінгендей
сәл тосылыңқырап барып, қайта сөйлеп кетті соқыр кісі.

            -Мына
түріктер кесененің ішінде трактормен жүр дейді, бұл не сұмдық , а?! Кесенедегі
бар сүйекті түріп тастап, астындағы қамысын алып, орнына бетон құйып жатқаны
қалай?! Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа бар ма, әлде бәрің суқараңғы
соқырмысыңдар?!

    Аналар естісін
деп, әдейі дауысын көтеріп айтқанмен, ешқайсысы құлақ аса қоймады. Тексерушілер
артынан ерген жұртпен бірге алып кесенеге шұбырып кіріп кетті.

     - Арыз жазып жүрген сенбісің?!-деп
шақырайды кенет әлгі қара шал. -Бұл түріктер қайрат шығарып, қаражат шығарып,
қазақтың істемегенін істеп жатыр. Ал, сендер, әлгі Әбдірәсілің қосылып, маза бермейсіңдер
арыз соңынан арыз қуалап. Осымен, санап отырмын, он төртінші тексеру келіп тұр,
атаңның гөрі!

      Қара шал
сабырсыз екен, мұнда жайдан жай отырмағанын білдіріп алды. Соқыр кісі, бір
қызығы, өзі еріп келген елмен бірге кесененің ішіне кірген жоқ. Бірақ, пәле
шығаруға әзір екенін аңғартып, кесене түбіндегі көне қойманың түбіне барып
қаздиып отырып алды. Сол сол-ақ екен, әлгі қара шалдың мазасы қашып, жамбасына
шиқан шыққандай тоңқаңдап, жайсыздана бастады. Оның үстіне, соқыр кісі де жай
отырмай, мойнын созып, құлағын тігіп, әлденені аңди қалған түр байқатты. Қара
шал шыдамай, жортақтап қасына жетіп келіп еді:

   - Тыңдашы, сықырлап
сүйектер қозғалып жатыр, - деп тіпті зәр-иманын ұшырды.

   - Қой, қайдағыны
шатпа, - деп құлақ түбінде әбжыланша ысылдады қара шал.

   - Жо-жоқ, әлгі
түріп тастаған сүйектер жақын бір жерде ме деймін. Сықырлап орындарын ауыстырып
жатыр ма, анаң қара. Біреуінің басы, біреуінің аяғы, біреуінің қолы, бәрі
ауысып кеткен бе, немене? Әрқайсысы өз орнына барғысы келеді, әне! О, тоба,
сұмдықтың сұмдығы енді болайын деп тұр!

     - Қой-әй, қой!..

     Қара шал соқыр
кісіні жеңінен тартып, сүйреп әкетпекке әрекеттенді. Алайда соқыр кісі арты
жерге жабысып қалғандай мызғымады. Анау жыларман болып, кесенеге қарай
жортақтай жөнеліп, орта жолдан қайта оралды.

     - Мыналар кеткен
соң сөйлесейік, - деді дауысы шіңкілдей жалбарынып. 

     Жаны қысылған
қара шал соқыр кісінің көмейіне қолын салып жіберіп, аузындағы сөзін жұлып
алардай халде еді.Себебі, әлгі құмырысқалар, тексерушісі бар, басқасы бар, бәрі
шұбырып илеуден шығып келе жатқан болатын.Бағанағындай айқайлап  жіберіп,бірдеңені бүлдіре ме деп жаны
шықты.Тап осы сәтте шынында да қу сүйектердің саудыр еткеніндей бір дыбысты
оның да құлағы шалды.

     -Астафиралла! Бірдеңе құлап кетті ме?!. - деп
тұра қашты қара шал.

     Соқыр кісі оның
қожанасырлығын көзімен көрмесе де,  аяқ
тыпырынан болжап біліп,миығынан мырс-мырс күлді.Қойманың ішінен қу сүйектердің
салдырлап қозғалғанын осымен екінші мәрте естіп, өзінің де арқасы мұздап
отырған. Қойманың қыш қабырғасын ұзын, салалы саусақтары дірілдей сипап-сипап
қойды. Ешкім байқап қоймады ма дегендей, қолын тез тартып алды, бірақ.Тексерушілердің
алдынан тізіліп өткенін білсе де, қара шалдың тілегені болып, оларға да түрін
берген жоқ.Тек іштей тепсінген ашу жаңағы қара шал бастықсымақ біреуді қасына
ертіп әкелгенде ғана тоған бұзған тасқындай ағытылды ды кетті.

    - Бар қазақтың ата-бабасын тыныш жатқан
жерінен қозғап,сүйектерін қорлап, бұл неғылғандарың сендердің?! Бүкіл игі
жақсың жерленген айналдырған бір кесене ғой бұл! Үстін жөндеп, сыртын бүтіндесеңдер
де болмады ма, астында нелерің бар?! Қабат-қабат нар қамыс төселген жер зәк
тартады деп, қай антұрған сендерді адастырып жүрген!? Соншама ғасыр құрғақ
жерде жатқан сүйектерді енді топырақтан сор сораптаған цементке
жерлемекпісіңдер?!... .

     Бекер
адам таз бола ма, бастықсымақ оған түк те сасқан жоқ. Үстілерінен қарша бораған
арыз -шағымға жауап жаза-жаза әбден ет өліп кеткен бе, соқырдың зарын шыбынның
ызыңы құрлы көрмеді.Қара шал болса, дабыр-дұбырға жиналған еріккен елді
тыңдағанын жекіп ұрсып, тыңдамағанын кесек атып қуалап әлек. 

    - Цементке емес, табытқа салып, әрқайсысын өз
орнына жерлейміз, - деп ыздыйды жаттанды жауабы дайын бастықсымақ.

    - Қалай өз орнына жерлейсіңдер, бәрі бір
жерде үйіліп жатса?! -  деп қадалды соқыр
кісі.

    - Үйіліп
жатқан ештеңесі жоқ. Сүйектер түгел нөмірленіп, жеке-жеке сақтаулы тұр.

    -  Жоқ,
ауысып, араласып кеткен бәрі.

    -  Араласқан
ештеңесі жоқ деймін, кіріп көріңіз өзіңіз.

   Соқыр кісі үндемей
қалды да қара шал бастықсымаққа саусағын шошайтып, оның көзін нұсқады. Бастықсымақ  "білем "дегендей мардымсып, қасқа
тістерін көрсете ыржиып күлді. Ұясына шүңірейе кірген өткір көздері шоқтай
жайнап тұр өзінің. Жел қағып, күнге тотыққан қоңырқай, дөңгелек жүзі жіпсіп,
майы шыға жылтырайды.

    - Жүріңіз, кіріп көріңіз, - деді сұмданып. - Әр
сүйекке жеке-жеке нөмір жазылған.

    - Сол нөмірленген
сүйектерің орнында емес, - деді соқыр кісі сенімді, нық дауыспен. - Өздерінен
өздері қозғалып, орын ауыстырып жатыр.

    - Қалай сонда? -
деп кекесін танытты бастықсымақ. - Қол басын іздеп, бас аяғын іздеп... .

    Бастықсымақ "кімге сөзімді қор қылып
тұрмын" дегендей, тез суынып,теріс айналды. Үсті-басы күнсіген қара шал
жортақтап алдына түсті. Жолға сап қоймақ болып бара жатып, артына қайырыла
беріп, сөз арасы қып елеусіз ғана бірдеңе айтып қалды. Екеуі соған бірі
қарқылдап, бірі шіңкілдеп, қосарлана күлісіп алды да, екі айырылып, өз
жөндеріне кетті.

     2.

   Бастықсымақтың аты Есенқара болатын.
Үлкендерге "шырақшымын" деп мәймөңкелеп, басқаларға "кесене директорымын"
деп кісімси қалатыны бар. Бірақ, заты жақсы адам, ардың-гүрдің демесең, ешкімге
зияны жоқ. Кесененің іші-сыртында жерленген сүйектерді алуға әуелі қатты
қарсылық білдіріп жүрді де, түс көргендей ол пікірінен бір түнде айнып шықты.
Не себепті өйткенін, өзге түгілі келіншегіне де айтқан жоқ. Сондықтан да бұл
жерде ақша-пақша деген әңгіме жүрмесе керек.

    Сол Есенқара әлгі
соқыр кісімен кездескен күннің ертеңіне көгілдір кесенеге әдетінше елден бұрын
келіп, төңірегін айналып қарап жүрген. Кесененің ішін жөндеп жатқан түріктердің
әлі ұйқыдан тұрмаған кезі, күннің шекесі жаңа-жаңа қызара қылтиып келе жатқан. Кент
жақтан қара шал төбе көрсетіп, оның жортақтаған жүрісіне бір тұтам шаң ілесіп,
жымиып соған да қарай қалып еді бір сәт. Саудыр еткен дыбыс жанын мұрнының
ұшына келтіріп, тұрған жерінде бейіт басып кеткендей ыршып түсті.

   - Әбеке, тезірек
жүр, - деп айқайлады қорқынышын зорға басып.

   Әбекесі - осындағы
қайыр-садақа жинаушыларға бас-көз болып жүрген жаңағы қара шал. Оның бір
жақсысы, күтпеген біреулер келе қалса, үйіне бала жүгіртіп, хабар жеткізіп
тұрады. Дау-жанжал шығарған біреулер болса, ішіне сынадай қағылып кіріп,
шәңкілдеп сөз басын біріктіртпей қояды.

   - Кешегі соқырдікі
не сандырақ?! - деді бірден сыр ашпай тікірейіп.

   - Е, ол Әбдірәсілдің
айтақтап жүрген адамы ғой, - деп жалтарды іші бірдеңені сезе қойған әккі шал
қылп етіп.

   - Кімнің айтағы
екенінде шаруам не, не айтқанын сұрап тұрмын, - деп шыдамсыздана бастады
Есенқара.

   - Білмеймін ғой.
Сүйектер араласып кеткен деді ме, бірдеңе деді... .

   - Сүйектер
өздерінен өздері қозғалып жатыр деп сандалмады ма?!

   - Сөйтті...
.Сөйтті... .

   Одан арыға төзімі
жетпей, Есенқара қара шалды жағасынан шап беріп ұстап, өзіне қарай жұлқа тартып
алды. Қаңғалақ қаққан қаңбақ шал табаны жерден көтеріліп барып, аюдай неменің
омырауына сақал-мақалымен желімдей шапталды. Есенқара оны жерге қада қаққандай
дік еткізіп, қайта орнына қойды да:

   - Ендеше жаңа мен
де  қоймадан саудырлаған бір дыбыс
естідім, -деді бұл сөзін елге жайса не болатынын айтқызбай ұқтырып.

   - Ойбай, Есентай,
сондай бірдеңені кеше менің де құлағым шалды. Қағыс естідім бе деп қоя салып
едім. Қап, уағында айтпағам екен, ә, - деп қара шал сыр шашпақ былай тұрсын,
өзі де осы әңгіменің ішінде екенін сездіріп, қалбаң қақты.

   - Бәрібір өзіміз
ашып көрмесек болмайды.

    Есенқара қоймаға
қарай қозғала беріп, қара шалдың алдына түсуін күтіп кідіре қалды. Қасында
асқар таудай Есентайы барда былайғы кезде ештеңеден қаймықпайтын қара шал, бұл
жолы да тартынып қала алмады. Бірақ, жортақтап ала жөнелмей, анау жүрсе жүріп,
тұрса тұрып, артына жалтақтай берді. Екеуі бас бағып келіп, қойманың аузына
тұмсық тірегенде, тың тыңдаған құлақтары ұзара қалқиып кетті. Жым-жырт өлі
тыныштық мұнда өздерінен басқа аңдысқан тағы біреудің  барын сездіргендей, енді болмаса ол дию
"ап" деп бас салатындай, аяқ-қолдары қалтырай бастады.

   - Біссіміллә, - деп
күбір етті қара шал.

   - Не дейсіз? - деп
селк етті Есенқара.

      Өз дауыстары өздеріне дем бергендей, естерін
жиып, бір-біріне әңірейе қарады енді. Кесене түбіндегі түрік құрлысшылары
жатқан вагоннан да қыбырлаған қозғалыс байқалып, ессіз үрейді тіршілік демі
түре қуды. Соның өзінде де құлыпқа қол созуға жүрегі дауаламай, кілттерін
шылдырлатып қара шалға ұсынды Есенқара. Қара шал ұзын кілтті көздей тесікке сық
еткізіп сұғып, құлыпты сырт-сырт еткізіп, екі бұрап ашты. Тұтқаны жайлап тартып
көріп, сезікті ештеңе білінбеген соң, батылданайын деді. Іште бір пәле болса
үркіп кетсін дегендей, қалың ағаштан істелген зілмауыр есікті сықырлата
жұлқып-жұлқып қойды. Саңлаудан сыналап түскен жарық бірінің үстіне бірін
қатарлап қойған тақтай сөрелердегі ағараңдаған бас сүйектер мен қу қаңқаларға
найзадай қадалды. Көздері ішке бақшия тігілген екеуіне қалыптан тыс ештеңе
байқала қоймағандай еді әуелі, өз қолдарымен кіргізген сүйектердің бәрі өз
орнындарында жатқан сияқты көрінген.Кенет, қу сүйектер сөрелерден саудыр-саудыр
етіп өре тұрғандай елестеп, екеуі есік көзінде апыр-топыр болды да қалды.
Сүйектердің арасынан баж етіп атып шыққан қара мысық тіке беттеріне шапшып,
иықтарынан аса есікке секіріп кетті. Асып-сасқан Есенқара:

    - Есік-терезенің
бәрі жабық  еді ғой, - деді қызараңдап. -
Меннен басқа ешкімде кілт жоқ. Бұл мысық қоймаға қайдан кіріп кеткен?

    - Мысық па,
немене, астапыралла?! - деп қара шал түсі қаша ілмиді.

    - Мысық, мысық... Бірақ,
ол мұнда қалай кіріп кеткен, а?

    - Әй, осы мысық
емес. Мүйізі бар сияқты көрінді маған.

    - Көзіңізді шел
басқан ба?...

     Есенқара қара шалды ұрсып тастағысы келіп,
арбайған денесімен еңсеріле бұрылған қалпы тастай қатты. Қара шалдың сол жақ
бетін осып өткен тырнақ іздерінен шыпшып қан білініп тұр екен. Тырнақ тереңірек
батқан жерлерінен шыққан қан түйіртпектеліп ұйып, моншақтай тізбектеліп те
үлгеріпті. Не көргенін әлі ажыратып болмай есі кеткен қара шал бетіне қалай
жарақат түскенін байқамаған да сияқты.

    - Мысық ол! ...
Жабайы мысық! ...- деп нық сеніммен айтты Есенқара.

     3.

     Соқыр адамның
құлағы қатты естиді деседі. Сол сөз рас-ау, бұл да айнала тіршіліктің қыбыр-жыбырын
дыбыстан айырып үйренген. Кесенеге жақындады бітті, құлағында шуыл күшейіп,
жаңғырған әртүрлі дыбыстардан жарғағы жарылып кете жаздайды. Біресе жердің
астынан, біресе жердің үстінен, кейде құмбыл, кейде ашық дауыстар жамырап кеп
бергенде, бас-аяғын ажырата алмай қиналады. Зарлы әуен бе, сырлы саз ба, шынында
да ажыратып болғысыз. Мың түрлі үн құлақ түбінен зыңғып өткенде ес-тұстан
айрылып, мәңгіп қалады бір уақ. Күркіреген шетсіз, шексіз дарияға сүңгіп
кеткендей аласапыран күй кешеді бір кез. Әлгі дауыстар мұны жұлқылап,жұлмалап,
тәнін миллиардтаған бөлшекке бөліп, талап әкетіп жатқандай елестейді. Сөйтеді
де бүткіл жер әлемді тітіреткен мың түрлі алапат үн тасқындап келіп, көгілдір
күмбездің астына сіңіп жоғалады. Сөйткенше болмай, барлық у-шу сап басылып, оның
орнына кесенені төңіректеп жүргендердің жәй ғана күңкілдеп айтқан сөздері
ап-анық естіле бастайды.

    - Армстронг деген
бір ғарышкер Каирға барып, сонда азан шақырған молданың дауысын естіп, талып
қала жаздапты.

    - Молдекең
минареттің басынан қатты айқайлап жіберген ғой.

    - Күлесің-ау. Шын
айтам мен. Армстронг айға қонғанда тап осы дауысты естідім депті.

    - Қойшы, рас па?

    - Рас, рас. Өз
көзіммен оқыдым. Сендім содан соң.

    - Қызық екен.

    - Бір уақыт
белдеуіндегілер бір мезгілде азан шақырғанда, сол дауыстар бәрі қосылып,
ғарышқа жаңғырып жетуі әбден мүмкін ғой.

    - Өзің ойлап
таптың ба, не?

    -Күлме деймін,
аузың қисайып кетеді.

   - Кет ары, жынды, көкала неме.

   - Бірақ,
Армстронгқа ешкім сенген жоқ. Кейін жынданып кетіпті ол.

   - Әй, бері тұр, ар
жағыңда соқыр кісі келе жатыр.

   Екі жасөспірім бала
жолдан шығып кетті де, бұл қайда жүрерін білмей дағдарып тұрып қалды. Айнала
төңіректегі дыбыстар тағы да құлағын шулатып ала жөнеліп, қоймада әлдене саудыр
етіп төгіліп түскендей болды. Кесене жақтан: "Алла разы болсын", «Қабыл
болсын:",  "Құдай жолыңды
оңғарсын", - деген дауыстар жарыса шығып жатты. Қара көзілдірігін бір
түзеп қойып, таяғын тықылдатып, тыпыңдап солай қарай жүрді. Қайыр- садақа тілеп
отырғандар бес-алтау екен, солардың ішіндегі бала емізген бұйығы келіншектің
тұсына жете беріп тоқтады. Емшек емген баланың 
аузы көпіршіп, сүйсіне қыңқ еткен дауысы жүрегін елжіретіп жіберді.

      Соқыр кісі жанқалтасына
салған қолы бұлтың-бұлтың етіп, саусақ ұшымен тиын санап тұрғандай көрінген
басында. Сүтке тойған бала тағы бір қыңқ етіп дыбыс бергенде жаны кіріп, күлмең
қақты. Уысындағы күміс тиындарды сыңғырлатып, келіншектің қасында отырғандарға
қарай лақтыра тастаған. Аналар алдарында жылтырап-жылтырап жатқан күміс
тиындарды таласа-тармаса теріп алды. Садақаға қолы жетпей қалған келіншектің
аузынан: "Соқыр неме..." - деген сөз шығып кетті абайсызда. Осы сәтте
жүз долларлық көгала қағаз жерге жайылған етегіне қалықтай келіп қонды. Ақшаны
көріп, көзі жанып кеткен келіншек «Алла разы болсын» айтып, көгала қағазды
етегінің шетіне жылдам орап ала қойды.

     - Ал... Ала ғой,
ай-на-лай-ын!...

     Жылдам жақындап
келе жатқан аяқ тыпырынан қара шалдың жүрісін айнытпай таныды. Отырғандардың
одан қорқатынын ырсылдап-пырсылдап, қозғалақтасып қалғандарынан байқады.
Кеудесі сырылдап, алқына тыныстаған қара шалдың екпіні қатты көрінді оған.

    - Ертеңнен бастап
мұнда келмейсіңдер, - деп келе айқайға басты қара шал. - Кесенеге күнде тексеру
келіп жатыр.

    - Ол
тексерушілерің садақаларын кімге бермек сонда?! - деп қадала кетті бір кемпір.

    - Онда сендердің
жұмыстарың болмасын! - деп тойтарып тастады оны қара шал.

    - Бұлардың басқа
баратын жері бар ма? - Соқыр кісі тыныш қарап тұра алмай сөзге араласты. -
Мүмкін кесенеден алысырақ барып отырар.

    - Қайда барады, не
істейді, онда менің шаруам жоқ..

    - Обал болып
жүрмесін.

    - Өйтіп буынсыз
жерге пышақ ұрма, шырағым.

    - Түсінісіп,
сыйласып дегендей, амалдауға болмай тұр ма?

    - Оған заң көтере
ме? Салық төлемейтін жұмысқа ұлықсат жоқ, ал қайтесің?!

    - Апырай, тым
қатты кеттіңіз-ау.

    - Әй, шырағым, сен
өз жөніңді біл алдымен.

    - Е, мен не
бүлдіріп қойыппын?

    - Қоймаға мысық
әкеліп жүрген сен бе?

    - Мысық емес ол!

    - Енді немене?

    - Мысық емес. Шайтан
ол!

    - Астафиралла!
Құдайдан қорықпайды екенсің, шырағым!

    - Шайтан болмаса,
есік-тесігі жабық қоймаға қалай кіреді ол?!

    Қара шал
сасқалақтап, тұтығып сөйлей алмай қалды. Жаңағыдай емес, монтансып дымы шықпай
тұр. "Аш пәледен қаш пәленің" керіне салып, үндемей құтылғысы келетін
сыңайлы.

    - Ол шайтан
қоймаларыңа тағы кіріп алған сияқты ғой.

    - Не дейді ?!.

     Қара шалдың көзі
ұясынан шығып кете жаздап, кесенеге қарай алды-артына қарамай тұра шапты. Жаңа
ғана тапсырма алып келген жеріне қорқынышты жаңалықты тезірек жеткізуге асығып,
табаны жерге тимей ұшып барады.

    - Құдай, шақырған да
өздері, қуып жатқан да өздері, - деп жаңағы кемпір күрсініп салды.

    Есенқара мен қара
шал кесенеден шыққанда соқыр кісі қойманың түбінде тап өткен жолғыдай қақшиып
отыр еді. Ол миығынан күліп, езуін қайта жиып үлгергенше дедек қағып жетіп
келді ана екеуі. Ұзын кілт құлпының тесігіне сық етіп кіріп, сырт-сырт бұралып,
сылдырлап қайта суырылды. Ізінше зілмауыр есік сықырлай ашылып, дем сәтке
жым-жырт өлі тыныштық орнай қалды. Кенет, баж-бұж еткен ащы дауыс естіліп,
қолдары мен беттерін бүркемелей бұққан екеудің үстінен әлдене көз ілеспес
жылдамдықпен секіріп өтті. Басын көтергенде көзі алғаш Есенқараға түскен қара
шал тілін жұтып қойғандай быдықтап, тарамыс қолдарын құр босқа сермелей берді.
Не болғанын айтқызбай ұққан Есенқара жалпақ алақанымен бетін шошына сүртіп,
шыпшып шыққан қып-қызыл қанды уыстай сауып түсті.

      4.

      Қара
мысық туралы әңгіме кенттегі әр үйге сүт сұрай кіріп, хал сұрай жүріп, мал
қарай барып, тағы сол сияқты қырық сылтаумен бес минөтке бас сұғып шыққандарға
ілесе тарады. Түкпірдегі қараңғы ауыл емес, қанша айтқанмен кент деген аты бар,
мүйізді мысық көрдік дегенге қайран қалғандар болғанмен, сенбей мазақ қылғандар
да табылды. Бәрінен қиыны, беттеріне жарақат түскен Есенқара мен қара шал ел
көзіне көрінуден қалып, кесененің қоңырсалқын бір бөлмесінде құлақтарын тарс
бітеп отырып алатын болды. Құлақтарын тарс бітеп алатын себебі, жөндеу
жұмыстарымен айналысып жатқан түріктердің гүрілдеп, дүрілдеп, тарылдап кесенені
басына көтеретін техникасы күн ұзаққа бір тыныштық бермейді. Кейде тіпті алып
кесененің қабырғалары тітіреп, табан астында кәдімгідей діріл пайда болып, жер
қақ айрылып түсетіндей құтыңды қашырады.

    - Мыналар не істеп
кетті, Құдай? - деп жүгіріп кетеді қара шал.

    - Бетон құятын
тесік теспекші, - деп қайта жүгіріп келеді.

    - Астафиралла!...  - деп көзі атыздай болып, алқына кірді бір
кезде. - Әлгі мысықты мыналар ұстап жүр ғой.

    Есенқара оны кеудесінен
итеріп жіберіп, кесене ортасындағы  алаңқайға атылып шықты. Қараса, құрлысшылар
бір бұрышқа үймелеп алып, тоңқаң-тоңқаң етіп, ұзын таяқпен әлденені шұқылап
жатыр. Ашудан екі беті нарттай қызарып, үлкен адымымен қастарына аттап-пұттап
жетіп барды.

    - Не бұ?! - деді
қапелімде аузына сөз түспей аптығып.

    - Мұнда бір
құбырдың аузы шығып тұр.

     Қас-қабағын тозаң
тұтқан жирен түрік шаруабасты көрінді. Қарауындағылардың да көп сөзі жоқ, қазір
де алқылдап келген бұған онша назар аудара қоймады. Қабырға түбіндегі бір
тесікке таяқ жүгіртіп, әлденені не ары кетіре алмай, не бері шығара алмай әлек.
Есенқараның іші қылп етіп:

    - Бұл қайдан пайда
болған тесік сонда? - деді тызақтап.

    - Білмейміз, -
деді жирен түрік кінәлі адамдай назарын төмен салып.

    - Бұрын бар ма
еді?

    - Жоқ, еденді
көтергенде көрдік.

    - Қашан?

    - Екі аптадай
болды.

    - Маған неге
айтпайсыңдар?

    - Не құбыр екенін
біліп алмасақ... Мөртас төсеуге кедергі болып... .

    - Оны қалай
білесіңдер?...Біле алмайсыңдар!...

    - Мысық жіберіп
көрдік, кейде барған ізімен қайтса, кейде сырттан бір жерден шығып, айналып
келеді.

    - Қара мысық
па?...

    Тесікке үңіліп
тұрған қаба сақал түрік қолындағы таяғын тастай салып, басын таңырқай көтеріп
алды. Баж еткен қара мысық тесіктен суырыла шығып, кесененің қараңғы түпкіріне
қарай безе қашты. Қара шал ызасы өткен мысықты жас бала құсап, қолына кесек
алып, тұра қуды. Есенқара  болса, шүңірек
көздері нұрлана күлімсіреп, тістері ағараңдай ыржиып:

    - Таптым!  - деп қалды кесенені жаңғырта.. - Таптым
ақыры!....

       Есенқара кесененің сыртына ентіге жүгіріп
шыға келгенде, қойманың түбінде қаздиып соқыр кісі отырған болатын. Бұл
далбақтап алдынан өткенде де, құлпысын шықырлатып, есікті жұлқа ашып жатқанда
да, селк еткен жоқ. Ішке ентіге ентелеп кіруін кірді де тұмсығын тасқа соғып
алғандай қалт тоқтады. Сөрелердің үстіндегі ақ сөңке сүйектер қалай қараса да
андыздап жарыққа ұмтылғандай, бірі үңірейіп, бірі ағараңдап анталай қалды. Ол
тосылып тұрып-тұрып, бойын билеген жайсыз әсерден тезірек арылғысы келгендей,
оң жағына жалт бұрылып шөкелей кетті. Іргетастың астын сипалап жүріп, аузы
дөңгелек кішкене тесікті тауып алды да, қолын шынтағына дейін сұғып көрді.

    Жан-жағы қышпен
өрілген тесіктен уілдеп өкпек ұрады. Ауа айналатын тесік пе, әлде су жүретін
құбыр ма, белгісіз. Қанша іздесе де екінші басы қайдан шығатынын таба алмай,
талай әуреге түскен. Бұрынғы шырақшы жасамыс кісі еді: "Осы тесіктің не
сыры барын білсең, бәрімізден озғаның, балам" - деген көзін сығырайта,
сынай қарап. Кесенеге жас адамның шырақшы болып келгенін үлкендер жағы онша
ұната қоймаған әрі басқару құрылымының жаңаша түзілгеніне разылықтарын бермей
кеткен. Ана соңында жортаңдап жүрген қара шал солардың жұрнағы, әйтпесе бұлар
тұратын кентте басқа ақсақал дейтін ақсақал да жоқ қазір.

    - Таптым!....

    Екі тізесі мен оң қолының жеңі
топырақ-топырақ болып, келесі сәтте ол қойманың алдында ерні кезере күбірлеп
тұрды. Сыр бөлісейін деп, соқыр кісіні іздеп еді, жаңағы орнынан  таба алған жоқ. Соқыр кісі содан қайтып  төбе көрсетпеді, қайдан келді, қайда кетті,
ешкім білмейді. Ең қызығы оны ана арызқой Әбдірәсіл де танымайтын болып шықты.