ВЕРНУТЬСЯ

  1.

  Кеңестің қызыл өкіметінің тыныш уақытында қазақтың Шоқан деген қиялгер-жазушысы кітапханаға қашып кіріпті. Көргендер бар, және олар өтірік айтпайтын кісілер. «Артымнан біреу қуып келе жатыр!»- деп алақтайды. Оған ешкім күлмейді, қайта аяп мүсіркейді. Өйткені, кеңес өкіметінің кейінгі жылдары қуғын-сүргінсіз, өлім-жітімсіз өтіп жатқан. 

  Есіме сол кеңес өкіметі тарқамаған өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы түседі. Өзінше ұлтшыл болып жүрген Аяған Шәжімбай екеуміз «Жансебіл» атты көркем фильмді ел назарына ұсындық. Сібірде байсыраған бір қатын екі дүниеде сұрауы жоқ тұтқын қазақты қолдан қайнатылған жындысуға сатып алуға келіседі. Құдайдың мұндай мазағын кім көрген, арбаға басып әкелген «тауарының» екі аяқ, екі қолы жоқ. Ер қазақ еліне қашып кетпес үшін лагерь бастығы мастықпен шолтаңдатып тізе мен шынтақтан түгел шауып тастаған. Сайға домалатып тастауға обал, амал жоқ бағып алуға тура келеді. Мүгедек қазақты қоларбаға таңып алып, өмір бойы сүйреп өткен орыс кемпір жүдә мейірбан. Шал әбден өлер шағында еліме кетем, пойызға салып жібер деп тағы әлек. Соны кино күйінде көрген бір әйел: «Қазақты сонша қорлағандарыңа жол болсын!»- деп елдің көзінше әбден ит сілікпемізді шығарды. «Қоларбаға таңылған Мұқатайдың тағдыры елдің де тағдыры, орыс қайда сүйресе басымыз сонда кетеді»,- деп қапелімде оған қайтіп түсіндірерсің?!

  Аяған Шәжімбай ұлттық кино мектебінің түйнемдей сарқыншағы еді. Қасынан қойтаңдап өтіп бара жатсақ, Талғат Теменов қарқылдап күледі келіп. Екеуміздің де аю құсап ішке басқан ізімізге қарап, ішек-cілесі қатады: «Екі майтабанды Құдекеңнің қосақтай қойғанын қарашы!» Атақты Теменов, не дейсің оған? Киноның басшысы Ораз Рымжанов қайтыс болғанда: «Сендердің сындарыңнан кетті»,- деп ет қызуымен байқаусыз айтып қалған да сол. «Абылайханды басқа планеталықтармен соғыстырмасақ, жастар көрмей қояды»,- деушілерді «Қазақ әдебиеті» газетінде әшкерелеп қатты сынағанымыз рас. Бірақ, оған Ораз Рымжановтың онша-мұнша қатысы жоқ. Әрі сыннан кісі өліпті десе, ортамыз баяғыда ойсырап қалар еді.

  Шындығында, қиянатты көтере алмай кеткен киногер басқа емес, Аяған Шәжімбай болатын. «Жансебілден» кейін «Қасқыр-Адам» атты тағы бір тағдырлы фильм түсірмекші едік. Қаламақысын қалтаға басып, актер таңдап, елпініп-желпініп отырған кезіміз. «Абай туралы кино түсіріледі, ақшаның бәрі соған салынбақ, «Қасқыр-Адам» кейінге қалдырылды»,- деген жаңалық жалпамыздан түсірді. Арадағы біраз сергелдеңнен соң Аяған қойнындағы құжаттарын жол шетіне су тигізбей жинап қойып, өзі етбетінен түсіп жатқан жерінен табылды. Қазір ғой, телеарналар «Жансебілді» жиі көрсетеді, жұрт көзімізге жас алып көрдік деседі. Ал, әлгі улатып-шулатып жүріп түсірген Абай туралы фильм қайда?!

  «Жансебіл» біздің өз бейнеміз еді шындығында. Көкөрімдей шағымда Оралхан Бөкей өзіне орынбасарлыққа шақырды. Көкөрімдей деп отырған себебім, ол заманда әдеби басылымның басшылық қатарына жас адамдарды жібермейтін. Жазушылар ұйымының сірескен ортасынан Орағаң сең бұзғандай жарып өтіп алып шықты. Тыныш жүре алмайтын басым, кеңес өкіметі тарқар-тарқамастан «Ендігі қауіп орыстың өз ішінен» деген бір мақаланы көстең еткіздім. Газет шыққан күні таңертең жұмысқа келсем, Орағаң сол тұста «үлкен үйде» қызмет істеп жүрген әріптесіміз Шәкизада Құттаяқовпен қызылшеке болып айтысып жатыр екен. Білсем, Шәкизада «үлкен үйдегілердің» жұмсауымен: «Мына мақалаларыңызды орыстар оқып, реніш тудырып жатыр»,- деп жоқ жерден шүйліге қалыпты. «Әй, қарағым, таң жаңа атты ғой, бұл нөмірді орыс түгіл қазақ та оқып үлгерген жоқ емес пе әлі?!»- деп шарт кетті Оралхан Бөкей. Бұдан біраз бұрын сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров туралы «Батыр қазақ» деген мақала жазып, ертесіне Орталық комитетке шақырылғаным есіме сарт ете түсті. «Бүкіл қазақты батыр деп отырсың»,- деген пәлеге қалғам. Бірер күн өткен соң «Батыр қазақты» сол кездегі үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көмекшісі Әділ Ыбыраев арқылы сұратып алып оқып, «ғарышкеріміз дайын» деп хабарлап та жіберген. 

  Осыны айтып, Орағаңның ашуын бастым. «Үндеместер» мен «көрінбестердің» айтағына ол кісі де қыңа бермейтін. Өйткені, Орағаңның редакторлық мектептегі ұстазы Шерағаң құртымдай маған: «Не жазбақсың?!»- дейтін мұрты тікірейіп. «Қайрат» футбол командасында басқа ұлттар қазақтарды ойнатпай жүргенін жазбақпын»,- дейтінмін мен, мысалы. Сөйтіп ол заманда ұлт қамын күйттегендер бірін-бірі қайрақша жанып жүретін. «Дауға берсе де, жауға бермейтін», соның өзі де кісілік, соның өзі де мектеп. Ондай жігер, ондай күш, ондай қуат қазір де керек. Заман өзгерсе де, сана өзгермей тұрғаны өтірік емес. «Не досыңды бер, не қосыңды бер» дегенге ердің ері ғана шыдас берсе керек.  

  Иә, сонымен біздікі неғылған үрей?! Дауысымыз қаттырақ шыққан сайын, бойымызды үрей буып тұратын сияқты ма, қалай? Осы біздің қаттырақ шыққан айқайымыздың бәрі түптің түбінде ешкінің бақылдағанындай өтірік айқай болып жүрмесін?! Қолына бақан алғанның бәрі бір ғана жақпен дүрдараз болып жүргенде, екі жақпен де дәм-тұзы жараспай қалған біздікі не осы?! «Жансебіл» деп жандасқандағы мұратымыз әлдекімдерге ұнамай ма екен, әлде?!. 

   2.

  Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» тарихи романы қалға мәселесімен басталады. Дәшті-Қыпшақтың падишахы Тәуеккел сауын айтып, «киіз туырлықты қазақ ұлына хүкім жүргізуші қасқа-жайсаң атаулыны» Қаратаудың терістігіндегі Созақ қаласына құрылтайға жинағанда: «Өзекті жанға өлім бар – хандарың тура келген ажал оғынан қаза тапса, көлденең жабысқан кеселден көз жұмса елге кім иелік етеді. Күні кеше ғана, Хақ-Назар хан шәйіт болған сәтте қырық тарапқа тарттыңдар, ақыры немен тынды? Басыңа сол зобалаң қайта тумасын ойла. Қабырғаңмен кеңес. Әкесі ер деме - өзі ез шығар. Жасы кіші деме – қара қанжар шығар. Ата салтында алтын тақ – ағадан ініге мұра. Менімен бірге туған деп, немере деп жақындатпа, шөбере деп, шөпшек, туажат деп алыстатпа – батыр інілерімнің, білікті бауырларымның бірін қалаңдар, қалаңдар да қалға сайлаңдар!»- дейді.  

  Хан тұрғанда, күрес қалға мен қалға болғысы келетіндердің арасында жүретіні біздің даламызда ежелден бар. «Бұлғақ сүйер бейпіл сұлтан атаулыға бұғалық түскені осы болар: әуелі қалғамен теңес, хандыққа содан соң таласасың!» - деп би аузымен айтылатын сөз де осы «Аласапыранда» жүр. Ол дәстүрдің бүгінгі сиқы басқаша сипат алғанын көз көріп отыр. Бірақ, мүмкіндігі бола тұра, біздің тағдыр жазған досымыз Алтынбек Сәрсенбайұлы ондай атаққа ұмтылған жоқ. Оны тақтан үміт еткен «қалға» дегеннен гөрі, билік жүйесін дұрыстауға атсалысқан саяси тұлға деген әлдеқайда шындыққа жақын келер еді. Ал, «қалға» болғысы келгендер тақ төңірегінде әлі жүр және шетелге қашса да аман жүр. Сөйте тұра Алтынбекке «түбінде сен таққа отырасың» деген уәде қаншалықты берілген я берілмегенін қанша қасында жүрсек те жауапкершілікпен мойынға алу қиын. Тек бар аңдағанымыз, Алтекеңнің билікке мұның алдындағыдай өз шарттарымен қайыра бару мүмкіндігі туып қалғаны еді. Асыл азамат сол қарсаңда қан құшты, жат жерде ту сыртынан қару жұмсалған Тәуеккел ханның қалғасы Ораз-Мұхамед құсап, туған елге пайдасы енді тиер кезде! Ішкі күмән орны толмас бұл ажалға «қалғалардың» қатысы барын аңдатады! Бірақ, айтқалы отырған әңгімеміз ол емес.

  «Қазақ әдебиеті» газетінде жайымша жүрген мені Алтынбек Сәрсенбайұлы өзінің ықпалы бар «Жас Алашты» басқаруға шақырды. Менің барлық жаққа бірдей тең қарайтын көзқарасым оңтайға келіп қалған сияқты. Тайынар не бар, дос өтінген соң қылыш-қалам қынабынан суырылды да кетті. Оңға да сілтенді, солға да сілтенді, - көргенді «көрмедім» деу менің қағидамда жоқ. Бір күні қарасам, Алтекем алабұртып тұр. «Мыналар сені жұмыстан кетіруімді талап етті», - дейді. «Биліктегілер ме?» - деймін еш қамсыз. «Жоқ, қасымдағылар», - деген жауапты естігенде айран-асыр қалдым. Шерағаңмен шер тарқатысып, Орағаңмен ой ортақтастырып үлгерген Алтынбек бірақ «қадірімді білетінін» айтты, «дауға берсе де, жауға берген жоқ». Қанша еркін ойлы адам болсам да орысқолды азаматтармен түпкілікті тіл табыса алмайтынымды мен де жақсы түсіндім. Алтынбек орнықты саясаттың адамы еді, сондықтан бірге жүре бердік, - ол кіммен жауықса сонымен жауықтым, алайда ол дос болған жігіттердің бәрімен бірдей дос бола алғамын жоқ. Түпкі себеп осы, ал қалғанының бәрі ет пен терінің арасындағы құр желік. Бірақ, айтайын дегенім ол да емес.

  Қазақтың басында керек адамды сақтай алмайтын үлкен қасірет бар. Мысалмен айтсам, өзім куә болған, жан дүниеңді қопара қозғайтын бір оқиға туралы «Жетімнің елмен қоштасуы» атты хикаят жаздым. Шетелге бағып алуға әкетіп бара жатқан бес-алты жастардағы қара көз баланың соңғы сәтте ғана есіне келіп, ұшаққа міне берісте жұлқынып қалып, траптан секіре қашқанын өз көзіммен көргем. Жігіттер «Ана тілі» газетінің үш бетіне ұсақ әріппен болса да сыйғызып басты да, хикаятты содан оқыған Сатыбалды Нарымбетов: «Әттең, Аяғаның жоқ, бар болса «мынаны мен түсіруім керек» деп, газетті құшақтап алдыңа баяғыда-ақ келер еді», - деп қалды. Иә, өзім де білем, бұл «тірі» тарих «Алжир» мен «Жансебілде» шыңдалған Аяғанның тақырыбы, бірақ амал қані?!

  Мына ұқсастықты қараңыз, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесін» оқыған Жәнібек Кәрменов: «Бұл шығарма киноға сұранып тұр ғой», - деп

жас жазушыны арнайы іздеп барыпты. Тағы да сол Жәнібек Кәрменов «Жансебілді» газеттен оқып: «Апыр-ай, кино түсірсе қалай болар екен», - деп менің де келіп басымнан сыйпаған. Кейін осы екі шығарма бірінің ізін бірі баса экранға шықты. Мұндағы айтпағым, екеуі де қазаққа керек тақырып, шыжғырып бетке басатын шындық. Роза байыпты жазушы болды қазір, бір жылтыр жазушы оны «тас-талқан» ғып сынапты жақында. Мен ол жылтыр жазушыны бір жолы қала әкімінің алдынан көрдім-ау, ұмытпасам, - «қала туралы роман жазсам, соның бір кейіпкері сіз болсаңыз» деп тұрған жерінен.

  Біз екі жақпен де тіл табыса алмай жүрміз. Бақсақ, екі жақпен де әдемі тіл табысып жүргендер аз емес екен. Артының қайырын берсін!

  Қазір қазақ зиялысының желкесінде әр қадамын аңдыған бір қарауыл бар. Тіпті, қыр желкеңе арнайы әкеп қоймаса да қақшиып тұрып алады. Ұлттың тілі мен ділінен жаралғанның бәрін мансұқтап, шеттетіп, ықтырып тастамақ. Саясатта да сол, әдебиетте де сол, мәдениетте де сол, - биліктегілер мен оппозициядағылардың басқа-басқа, тап осы арада бірінен-бірінің пәлендей айырмасы жоқ. Өз тілінің өрнегі мен өз ділінің нәрін сезінбегендерге тақ ауысқан күнде де қазақ өзін қалай билетіп қоймақ екен сонда?!  

  «Алтынбек бәріңнен адал еді» деген сөз бір қынжылыста айтылып қалыпты» дейді біреулер. Ол қаншалықты шындық, өтірік айтпаймыз, көзіміз жетпейді. Жақында ғана естіген бір жаңалық сезімімді селт еткізді: Қытай басшысы Мао Цзе Дун қуғындағы Ден Сияопинмен мемлекет ісіне қатысты хат алысып тұрыпты! Алтынбекті алмағайып кезеңде қалға болса да, болмаса да қазақ үшін Алла жаратқандай еді, амал не?!. 

   

  3.

  Иә, айтайын дегеніміз сол,- қалға болар қарақтың, қалжасынан түңілдім. Рас, нанталап жасауға әр-әркімнің құқы бар. Бірақ, Болат Әбілов «қалға» болғысы келсе, алдымен қазақша бір баяндама жазып шыққаны жөн. Мұны бір газет Болатты үміткерлер қатарына үсті-үстіне тықпалай берген соң айтып отырмыз. Шындығында қазақша қанық білмейтіндерге Қазақстанда басқа да кәсіп жетіп артылады.  

  Болат Әбілов Иманғали Тасмағамбетовті құлшына төмпештейді қазір. Осыған қарап, «екеуінің арасында бәсекелестік пайда болып қалған жоқ па өзі» деп еріксіз күдіктенесің. Тасмағамбетов табиғатынан билеуші емес, атқарушы тұлға. Билеушінің қыбын табатын одан асқан оңқай адам кемде-кем. Қалғалық оған керек болса атақ үшін емес, осыған дейінгі атағын сақтап қалу үшін керек шығар. Әйтпесе жөнсіз арандағаннан басқа ештеңе ұтпайды.

  Алтекең Ораз Жандосов туралы «қиын бір сөздің қазақша баламасын тапты» деп балаша қуанған бір күні. «Қалғалыққа осы лайық» деуге «қазақшасы қандайлап» қақылдап тұрған бізден батпады, білем. Сөйткен Ораз Жандосов та саясаттан алыстай бастады. Алтынбек оның мүмкіншілігі барын байқап, атын өзгертпей, затын «қайта сомдағысы» келетін. Ораз Жандосов болса, соңғы кезде әр нәрсеге баға беріп қана отыратын экспертке қатты ұқсап барады. 

  Жармахан Тұяқбай – «ұрылып қалған» үміткер. Заманы өтіп бара жатқанын өзінің де іші сезеді. Десе де Ғани Қасымов құсап құбыла кетуге ішкі бір ұстанымы жібермейді. Алайда тақ таласына қайта түсуге де беттегісі жоқ. Ол енді саясаттағы ықпалды тұлғалардың бірі болып қана қалған сияқты.  

  «Сонда басқа кім бар?» деген сауалға аузы күйіп қалғандай ешкім үндемейді. «Жоқ, жоқ, тағы да жоқ» деген Дариға да әлдеқашан тізімнен сызылып тасталды. Қысқасын айтқанда, Алтынбек арадан кеткен соң жақтастан мән, қарсыластан сән кетті. «Қалға болар қарақтың, қалжасынан түңілдім» деп отырғанымыз да содан.

  Біздіңше, үміткер ең әуелі барлық жағынан ұлттың өз адамы болуы керек. Жауабын «Алтынбектей» деп айта беріп мүдірерсіз, бәлкім. Екіншіден, аты мен заты былғанбағанын іздейсіз, әрине. Бұл талапты қойсаңыз, талайы аттан бірден сыпырылып түседі. Үшіншіден, алпауыттардың сыбайласқан жемқорлығына қарсы тұра алатындай жігері болғанын қалайсыз. Тағы да «Алтынбек табанды еді ғой» деп, сипаланып қаларыңызға біз кепіл. Себебі қалғалыққа да қазір Алтынбектің деңгейі өлшем боп қалды.    Енді осыншалық артық қасиеттері бола тұра ол азамат билікті былай қойып, оппозициядағы әріптестері тарапынан негізгі үміткерлікке неге ұсынылмады деген сұрақ туады. Мұндағы басты қателік, олардың үміткерлікке лайықты адамды дұрыс таңдаудан бұрын, алдымен күшті биліктің іргесін шайқап көруді мақсат тұтуы болды. Өз қатарластарын бірінен бірін асырғысы келмеген пендешіліктің де шаң беріп қалғаны өтірік емес. Сөйтіп, негізгі идеологиялық жетекшілікті жеке дара мойнымен көтерген нар тұлға шешуші кезеңде екінші қатарға ысырылып қала берді. Тіпті оның өмірін сақтау да ешкімнің ойына кіріп те шыққан жоқ. Егер тақтан басты үміткер болғанда, оған ешқандай да қастандық жасалмас еді. 

  Оппозицияның арадан бір үміткер шығарамыз деген әрекеті де бізге бүгінде дәрменсіздіктің салдары сияқты болып көрінеді. Бұл ТМД аумағындағы елдердің бәріне тән ортақ кемшілік. Оппозицияның өз ішінде шын бәсеке болмағаннан кейін, қандай демократия болуға тиіс?! Ал, басқалары бір жетекшінің қоластына топтаса қалғанда, ол жетекші билікпен байланысын үзбеген болып жүрсе қайтпек?! Саяси күресте іске татырдың бәрі бір адамға бағынса, даралық қасиет қалай жетілмек, демократиялық үрдіс қалай дамымақ?!

  Осының бәрі кезінде айтылмай қалған сөздер емес. Бірақ, оппозиция өте шікәмшіл болып алды. Алтынбек «мыналар басқаша ойлап жатыр» деп аяқ тартқыза берді. Оппозицияның өз ішінде жүріп, өзара сынды газет бетінде көрсету мүлдем мүмкін болмай қалды. «Ақжол» партиясының екіге жарылуы, жетекші журналистердің олардың ықпалынан шыға бастауы, жоқ жерден сенімсіздіктің орын алуы соның кесірі. Бүгінгі оппозицияның «қанына сіңіп қалған» өз араларынан «сатқын іздеу» әдеті мұнымен тыйылмайды, кейін де жалғаса береді. Бұл әлсіздікті жақсы біліп алған билік те қарап жата қоймас, әрине қажет деп тапса!

  Сонымен өздері қанша мойындағысы келмесе де Қазақстанда оппозициялық қозғалыстың бір кезеңі осылай аяқталды. Хандық та, қалғалық мәселесі де кейінге ысырылды. Әңгімені Алтынбек бастаған жоқ, бірақ Алтынбекпен аяқталды.