ВЕРНУТЬСЯ

    «Қазанкөлдің суы тастай-ау, тастай, саусағыңды матырсаң,
мұздың ойығына тығып алғандай сұп-суық», - деп еді ауылдан келген ақеділ
Алмұқан ағамыз. Қазанкөлге баяғыда екі-үш рет барғаным есімде, терең шатқалда
бетіне күн түспей көгеріп жататын. Ақеділ дейтінім, ол кісі ауыл шетіне іліксең
болды, сарғыш өң, көкшіл көз, алпамса денесімен алдыңнан арсалаңдап,
апыра-жапыра сөйлеп шыға келетін. Сондағы айтатыны елдің сөзі, әйтпесе қайда,
құр даңғырлақ. Бірақ күшәла қосқан қымызы уытын бойыңа сіңіре, таңдайыңа
татып-ақ кеткенде жақсы көрмеуге еш амалың қалмайтын.

Мұның бәрін ауылды сағынғаннан айтып отырмын. Болмаса,
Алмұқан ағамыздың бұл араға түк те қатысы жоқ. Сол өзімнің туған жерімдегі
Қазанкөлдің суы құсап көгеріп, жан баласына сыр ашпай суынып, өзіммен-өзім
жүргелі біраз күн өтті. Алмұқан демекші, айдаладағы қыстауда отырған ол
жарықтықтың да Құдайдан үміті бар, он-он бірлер шамасындағы өзі сияқты сарғыш
өнді, көкшіл көз, бұла өскен ерке, шолжаң, шақар, сотанақ ұлын: «Президент
болады бұл балам, көресіңдер әлі», - деп қайрап-қайрап қояды күлмең қағып.
Сондағы «президент болады» деп күпсінткен сотанақ баласы бір күні қора жақтан
түп-тұқианынан түк қалдырмай: «Әкеңнің аузын ұрайын!.. Атаңа нәлет иттің ғана
күшігі!.. Өлген-кеткеніңнің артынан өмірем қаптырайын ба сені?!. Тұқымыңды тұздай
құртам!» - деп боқтықтың неше атасын жіберіп тұр, күшігенше шәңк-шәңк етіп.
Соның алдында ғана есік алдына керіле шыққан мен де, мал қарап келіп аттан
аударыла түскен Алмұқан аға да, оның бие сауып жатқан салпыетек сары бәйбішесі
де, барлығымыз бірдей аңтарыла мойын бұра қалдық. Сөйтсек әлгі неменің боқтап
тұрғаны - құлақ тескен ащы дауысқа жерден басын жұлып алып, маңқ-маңқ үрген
кәрі төбеттің бауырына тығылып ойнап отырған бес-алты жастардағы шартыққарын
інісі екен. Біз назар аударғаннан кейін де айнала төңіректі азан-қазан қылып,
бақырып-шақырып барып айтқаны: «Қойдың ар жағына шық дедім ғой жаңа мен саған,
ит-шошқа!» болды.

Ол да бір ауылды ойлағанда еске түсіп кеткен күлкілі әңгіме,
әйтпесе бүгінгі менің пұшайман халіме оның да қатысы шамалы. Олай дейтін
себебім, әнеукүні Алмұқан ағамыз әдейілеп келгенде Қазанкөлдің әңгімесін
айтқалы емес, қаншалықты еркі барын білмей аңтарылып отырған елдің сәлемін
жеткізгелі келгендей көрінген.

- Бас қатып кетті, бұл сайлауыңа он адам түсейін деп тұр,
кімге дауыс береміз? Ана кісінің өзіне бере салсақ қайтеді? «Тағы сайлау тағы
бар, Стамшалдың бағы бар», дейді біз жақта. Білесің ғой... - деді кекшиіп.

- Ол «өйте салсақ қайтеді, бүйте салсақ қайтеді?» дейтіндей
шаруа емес қой, - дедім аптығын басып. - Ол кісіңіз ол жаққа барып алып, елді
ұмытып кетпей ме? Сіздің сөзіңізді ел тыңдай ма, әуелі?

- Сұрап жатқан жоқ па енді...

Кәдімгідей жүні жығылып қалды. Қанша аттандап жүргенмен
қолында көп нәрсе жоқ, менің де кімнің атын атарымды іші сезіп отыр. Сөзі жүріп
кету үшін өзі меңзеп қалған құзырлы кісіге дауыс жинауы керек, өйтейін десе
менен именеді, менен болғанда да шындықтың жүзінен тайғаннан қорқады. Бәрібір
менің айтқаныммен жүрмейтінін біліп, әзілмен ары қажап, бері қажап, ауылға
ақыры жауапсыз шығарып салдым. Кенет оның мен үшін бары да, жоғы да бірдөй
екенін, ағайынгершілігіміздің әншейін орындалмайтын құрғақ ақыл сұраудан аспайтын
шарттылыққа айналып бара жатқанын сезіп, ішім мұздап кетті. Ақеділ ағамыздың
шындығында «Кімге дауыс береміз?» дегеннен бұрын әлдебіреулердің «Ауылға
келмесін, елді арандатпасын» деген астыртын тапсырмасын маған аңқаусып
жеткізген түрі еді ол. Құдды Қазанкелдің суындай суынып, қайтып ішім жылымай,
көгеріп-сазардым да қалдым содан.

Кеше түні ол байғұс түсіме кіріпті: «Ешкім де жұмсаған жоқ,
өз еркіммен келдім саған!» - деп баж-баж етеді, жағама жармасып. «Қатты
қамыққанда көрген түс өңіңде керісінше келеді», - деген анамның сөзі оянып
алып, әңкі-тәңкі болып жатқанда есіме оралды. Көзім бақырайып біраз жаттым да,
басымды шырмап алған жаман ойдан кірпігім ілінер болмаған соң тысы қалың
былғары күртешемді жамылып, сыртқа шықтым. Түрікпеннің тұрқы тайыншадай дәу
алабайы есік көзінде созыла түсіп жатқан орнынан оң жамбасын сүйрете көтеріліп,
омырауымнан иіскер-иіскеместен сүйкене келіп, тілі салақтап тұра қалды.
Жылмиған құлағының түбінен саусақтарымды жүгірте қасып, біраз еркелетіп алдым
да: «Кет, бар енді, болды», - деп итеріп жібердім. Соның өзіне қүлап қала
жаздап, оң жамбасына қарай шойнаң етіп барып әрең түзелді. «Ә, сорлы, менің
қолыма түспегенде күнің не болар еді?» - дедім итімді мүсіркей күбірлеп.

Бұл иттің аты - Ақтөс, базарда үлкен жәшіктің ішінде көздерін
ашып-жұмып, қыбырлап-жыбырлап жатқан бес-алты күшіктің ішінен таңдап сатып
алған едім кезінде. Өсе келе белінің бір кемістігі бары байқалды, сүт құйған
ыдысқа қарай бөксесін сүйрете жүгіргенде тіксініп қалатын едік. Кейін біраз
үлкейген соң өз-езінен жерге аунап жата кетіп, артқы аяғын аузы жеткен жерден
қауып-қауып тістеп, аспанға қарап арсылдап үретінді шығарды. Бір жаққа апарып
тастау туралы ой басыма неше келіп, неше кетті. Бірақ обалсынып, әрі қарғай ма
деп те қорқып, ол райдан тез қайтып қалып жүрдім. Неғылса да, үй күзеткенге
жақсы болды, жуан даусымен арпылдай үргенде айналаны түгел бөріктіріп,
көршілеріміз: «Мынауың қандай ит?» - деп сұрайтындай халге де жеттік. Алайда
мен оның тайыншадай болып алып, оң жамбасын қабырғаға сүйеп алып жүгіретініне
намыстанатын едім.

- Түнімен ұйықтамай, жүріп шықтыңыз ғой, көке, - деді ер
жетіп қалған ұлым таңертең бетіме таңырқай қарап.

- Білмеймін, ауа жетпегендей болды, - дедім тура жауаптан
жалтарып.

- Ал Ақтөсті неғып тептіңіз? - деді ұлым одан сайын қадала түсіп.

- Тепкем жоқ, итеріп жібердім... жай ғана... - дедім
құлағымның ұшы ду ете қалып.

- Кішкентай күшік кезінде ветврачқа апарып емдеткеніңізде,
күшті ит болатын еді бұл, -  деп ұлым
теріс айналды менен.

- Әй, кетші бар...

 Бойы өзіммен жарыса сорайып
өсіп келе жатқан ұлыма бұдан басқа айтар ештеңем қалған жоқ. Бүгін де
көңілімнің көтеріле қоймасын сезіп, таң атпай жүрегім сазып еді. Үнемі
бірдеңеге кінәлі адам сияқты құрдан-құр мұқалып жүру ер азаматқа қандай ауыр
десеңші, ішім мұп-мұздай. Қазанкөлдің суындай сұп-суық.

Кім білген, ол да бір күні өстіп өкінетін шығар.