ВЕРНУТЬСЯ

  «ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ»  

   

  Мен туралы өсек бар, естідің бе,

  Ораламыз өсекпен ескі күнге.  

  Қойын дәптерден.

    − «Мұңайып, жалғызсырағанда» атты шығарма жазам деп едіңіз, ол не болды? − деген сұрақ жұлын-жүйкемді қыл жүгірткендей шымыр еткізді.

  Жаныңа тиетін сөз кім айтса да ішкі дүниеңді дүр көтереді, ал әдемі қыз айтса онсыз да әсерленіп жүрген жүрек тілкем-тілкем. Менің жиырма бес жасымдағы махабатымдай құдды. Қап-қара шашын дөңгеленте қиған, мөлдір жанары мұңға сұрана жәудірей тосылған. Пісте мұрны мен жұқалау қызғылт еріндерінің үйлесімін бұзғысы келмегендей бір езулеп қана қинала күлген. Қоңыраудай сыңғырлап тұрса жеңілтек көрер ем, қоңыр үнді екен құбаша қыз. 

  Аузыма сөз түспей қобалжыдым, дауысымда діріл барын өзім де сездім. Менің де дауысым қоңыр еді, кейінгі жылдары жарықшақ араласты. Қолдың дірілі, бәрі − орнықсыздықтың белгісі. Әсілі мен мұңайып, жалғызсыраған адам емес сияқты ем. Керегің болса, жалғызсыратпай өздері тауып алады ғой. Ал, іздейтін адамың бұл өмірде жоқ болса ше?!

  Сол жолы сарыарқадай апайтөс, нығыз сары жігіт өзі келді. Алдымен бөлмеге қолқаны қаба у сарымсақтың иісі кірді. Томпақтау, сарғыштау көздері кілегейленіп, түндегі ішістен аттандап бірден хабар берді.

  Шалыс басқан, шолжаң жүрген баланың еркелігіндей екен болмысы. Қарсы орындыққа бойын сылқ тастап, төгіле отырды. «Мен келдім, ал қайтесің?» деген түр. Шынында да жалғызсырай бастап едім, бар дүниесімен қопарыла көшіп өзі кепті. Ойдан құрастыра алмай жүрген жобаны тірідей көргендей, зерттей қарап бақшиды біраз. Көп күткізбей, көмей тереңі күңгірлей күлді, дұрысы − көкірегі күмбірлей ашылды. Тұп-тура дыбыссыз киноға оқыс дыбыс біткендей!

  Біз екеуміз солай табыстық. Әңгімені оның өмірін қысқартқан ащы судан бастағаным үшін кешірім сұраймын. Жарты шындық деген болмайды, шындық біреу-ақ, әнеки. Қала тұрмақ, далаға сыймай жүрген адам қорлық өмірге қалай төзбекші. Айнала − біздің заманымыз емес, біз мұңайып жалғызсырасақ, ол қорланып жалғызсырайтын. Ертесіне-ақ күреске түсетіндей білек сыбана құлшынып шығатын, бірақ. Маған да сенің әңгімеңнен кино түсірейік деп құлшынып келген келісі екен.

  Сонымен, бір топ кинаушы, ішінде сопайған «бөтен» жалғыз мен, арақ сататын жерге қарай сөркілдеп жүріп бердік. Жаңа ғана бәріміз классик кинаушының үйінде даурығып мас боп отырғанбыз. Айтпақшы, ол Сатыпалды Нарымбетовтің қаланың тау жақ шетіндегі үйі болатын. Режиссер Дархан, актер Кеңес, директор Тасболат, тағы кім, бірталаймыз. «Арақ бітті» деген «сыбыс» шыққанда сап-сау боп кеттік. Ымдасып, еркектер сытылып сыртқа шықтық. Қалта қағысып алдық та, қаз-қатар тізіліп бірден қара түріктің гаражына қарай тарттық. Арақ-шарапты тығып сататын Горбачевтің заманы. Үн-түнсіз сөркілдеп жүріп келеміз, жүріп келеміз. Шынында да түк ішпегендей сап-саумыз. Қалай арақ қолға тиді, солай ішпей-жемей қайтадан мас боп қалдық. Қайтарда даурығып, бүкіл ауланы басымызға көтердік. Қызық!..

  Жоқ, мен өмірі мұңайып, жалғызсыраған емес едім. Олар мені жарым түнде де, тіпті таң алдында да іздеп тауып алатын. Сол жолы да сағат түнгі екі ме, үш пе білмеймін, әйтеуір ұйқтап жатқан жерімнен тік тұрғызды. Қасында жарты әлемге әйгілі кемпір Галина Макарова бар. Киномызға түсіп болып, енді таңғы ұшақпен еліне қайтпақ. Сорлы кемпір сонау Беларусьтен сценарийді оқып көрген соң, біздің киномызға түсуге келген ғой. «Абыралыға баратын кім бар?» деп, түсіру алаңында қақсап жүріп, рельстен аттай беріп, тобығын тайдырып алды. Соған да қарамай, шойнаңдап киноның аяғына аман жетті, әйтеуір.

  «Лифт тоқтап қалар ма екен» деп зәрем ұшты. Екі күннің бірінде лифт тоқтап қалатын жарымаған уақыт. Елдің ең төбесінде, тоғызыншы қабатта тұрам. Өзі топ-толық, өзі ақсақ, өлмелі, бірақ атақты кемпір бізбен бірге тоғызыншы қабатта «ақаңды» сілтеп отыр. Қоштасуға ғана кірдім деп, қырлы стақанды толтырып бір-ақ тартты. Абырой болғанда, төмен түскенде лифт дірілдегенмен, тоқтап қалған жоқ. Көп ұзамай ол кемпір өз елі Беларусьте өмірден өтті. Партизандар туралы бір кинодан көріп, «мына кемпір біздің үйде болған» десем, ешкім сенбейді.

  Келесі жолы ол маған тағы да таң алдында жалғыз келді. Күрсінгенде кеудесі жалын атты. Түсіріп жатқан киносын тоқтатып тастаған. Басы, мыйы, жаны, жүрегі сол киномен бірге мұздатқышқа салып тастағандай сұп-суық. Құр сүлдері жер-көкке сыймай, қалшылдап ауырып тұр. Қайбір күннен қалған арақ шәй кесені ернеулей толды. Ол оны іше алмай, ұзақ айналсоқтады. Ұйқысыраған балдызым нан қоям деп, кесені қағып кетіп, төгіп алды. Үшеуміз үш жақтан дастарханды шап беріп ұстадық. Жан-жағынан көтеріп, бір тамшысын да қалдырмай кесеге қайта құйып алдық. Балдызымнан қорықты ма, бұл жолы ол еш аялдамай, кесені басына бір-ақ төңкерді.

  Таңертең тұрсақ, кетіп қалыпты. Көрпені бір бөлек, сейсепті бір бөлек, жастықты үстіне шошайтып әдемілеп жинап қойыпты. Жатқан жерінде төсегін жинап кеткен ұқыпты еркекті бірінші көруім. Соны көріп, келіншегім түнде тұрып тамақ істеп бермегеніне қатты ұялды. Ал, балдызым қандай адамға шәй құйып бергенін білмейтін болып шықты. Удай ашыған көкірек «ол бір киносымен-ақ елді жылатқан режиссер ғой» деп өкси тұншықты. Кейін... кейін ғой, жүрегі жарылып құлағанда да қойын қалтасындағы құжаттарын жол шетіндегі су тимейтін биіктеу жерге ұқыптап жинап қойып кеткені!  

  Содан беріде кей-кейде басымда мұңайып, жалғызсырайтын күндердің болып тұратыны рас. Мұңайып, жалғызсырайтын күндерім менің ең бақытты күндерім. Себебі, мен ол туралы ойлаймын. Тірі кезіндегідей қасыма келіп отырады. Бейне көріп отырған кином кенеттен дыбыссыз киноға айналып кеткендей...