ВЕРНУТЬСЯ

    Біздің
Премьер-министріміз тап бүгінгі таңда аса қолайлы адам. Ол барлығымыздың
көкейімізге дөп келіп тұр. Бір ғажабы, оны ешкім де даттамайды, бірақ мақтап
жүрген де ешкімді көрмедім.

   Мен сізге бір нәрсе
айтайын ба? Сіз бірақ оған бәрібір сенбейсіз ғой. Сонда да айтайын, бұл
Премьер-министрді біз, шынында да, қолдан жасап алғанбыз. Алдымен ақ қағазға
әдемілеп суретін салғыздық.

   Суретші көп
қиналды. Осы бір бейнені шығаруға бір жылдай уақыты кетті. Жаймашуақ, жайдары
қалпында салып бола бергенде, қоңырайып күз келіп қалды. Қабағын түкситіңкіреп,
жүзін салыңқы тартқызып, қайта салып біте бергенде қылышын сүйретіп, қыс жетіп
келді. Өңін  суытып, түсін сұстандырған
қалпына енді келтіре бергенде көктемнен де хабар жетті.

    Енді бұдан әрі
соза беруге болмайтын еді. Сондықтан да депутаттар оның жылымық кезге лайықтап
салынған көңілсіздеу суретін дауысқа салып, бірауыздан қолдауға мәжбүр болды.
Біздің Премьер-министріміздің үнемі кіржиіңкіреп жүретін себебі осыдан.

   Суретшіден кейін
мүсінші бір жыл тер төгіп, бұл суретті келіскен саз балшық мүсінге айналдырды.
Әлгі білгіштер жан-жақтан ақыл айтып мезі етті. «Өңмеңдеп, мойнын соза
бермесін, саусағын шошайтпасын, осы орнын қанағат тұтсын »,- десті олар.

   Содан кейін
ерлі-зайыпты мүсіншілер тағы   бір жылдай
уақыт шығындап, әлгі мүсінге әупірімдеп жан кіргізді-ау, әйтеуір. Бұл жас
сиқыршылардың еңбегі зор болды, оның мінез-құлқы да өзіміз қалайтын, осылай
болса екен деп тілейтін бір қалыпқа келтірілді. Бұл жерде: «Ежіреймесін, тік
сөйлемесін, тісін шықырлатпасын», - деген сияқты сын ескертпелер қаперге
алынды.

   Осы қалпында
депутаттар оны қайтадан дауысқа салып, тағы да бір ауыздан қолдап шықты.
Өздерінің  де қатысуымен жасалған бұл
туындыны, нақтырақ айтқанда, Премьер-министрді мемлекеттік мұражайға апарып қою
керек деп әбден мақтады. Мәжіліс төрағасы оларға Премьер-министр көрмеге қоюға
емес, үкіметті басқару үшін жасалғанын қоңырауын қайта-қайта шыңғырлатып жатып,
зорға түсіндірді. Ақыры: «Мұның өзіне де бірдеңе қалдырйық, киімін өзі таңдап
кисін!» - десті Премьер-министрге кеңшілік жасап.

   - Маған  жейде әкеліңдер, - деді Премьер-министр тілі
шыға салысымен.

    Ине-жіптен жаңа
шыққан ала-шұбар көйлекті аударып-төңкеріп қарап тұрды да, қушық иығын бір қиқаң
еткізіп, үстіне киіп алды. Бұл республикалық газеттен тігілген көйлек екен,
кеуде тұсына: «Премьер-министр іске кірісті», арқа жағына: «Премьер-министр
әлемдік дағдарыстан айылын да жыймайды», - деген тақырыптар айғайлап шыға
келді.

    - Енді  маған бешпет-шалбар әкеліңдер, - деді
Премьер-министр нықтанып.

    Елп етіп жетіп
келген күтуші әйелдің қолында бұл жолы облыстық газеттен тігілген сұр кәстөм
мен қалалық газеттен тігілген алабажақ шалбар бар еді. Кәстөмнің омырауында:
«Премьер-министрімізді тағайындадық, енді қауіп жоқ» деген сияқты тақырыптар
атойлап жүрсе, шалбардың жамбас тұсында: «Премьер-министріміз ана елде оқып
келген, мына елде оқып келген» деген үлкен қара әріптермен терілген тақырып
бірден көзге ұрып тұрды. Премьер-министр: «Қазір уақытым аз, қалғанын кейін
оқырмын», - деп оны да киіп алды.

    - Жалаң аяқ
жүрмеймін ғой, маған бәтеңке керек, - деді содан соң Премьер-министр
маңғазданып.

    Айтқаны сол екен,
арнау өлеңдер жазылған кітаптың мұқабасынан тігілген жып-жылтыр, жеп-жеңіл,
әп-әдемі бәтеңке аяғына жараса қалды. Аяғын көтеріп қарап, оң жақ бәтеңкесінің
табанынан: «Премьер-министр, шығасыны шығыстыр, кіресіні кірістір», - деген
өлең жолдарын оқыды. Ал сол жақ аяғындағы бәтеңкенің табанындағы өлең «Біз
сенімен біргеміз, дағдарыс дауылы соқса да» деп басталады екен.

    - Жарайды жаза
берсін, - деді Премьер-министр жігерленіп.

    - Енді іске
кірісесіз бе? - деді күтуші әйел оның түрлі-түсті журналдан тігілген галстугын
түзеп жатып.

    - Иә, менің дағдарысқа қарсы күресуім керек,
- деді Премьер-министр құшырланып.

    - Сіз байқаңызшы,
сыртта күн күркіреп, қатты жаңбыр жауып тұр, -деді күтуші әйел мұңайып.

    Біздің
Премьер-министріміз күтуші әйелдің бұл сөзін құлағына да қыстырған жоқ. Мақтау
мен марапатқа толы газет-журналдардан тігілген киімдерін қаудыр-қаудыр,
судыр-судыр еткізіп, сыртқа шықты да кетті.

    ...Кейінірек көрші
үйдің балалары көшеден тыр жалаңаш бір кісіні көрдік деп жарыса әңгімелеп
жүрді. Қой, балалар не айтпайды, ол біздің Премьер-министр болуы мүмкін емес!..