ВЕРНУТЬСЯ

    1.

    Айнала төңірек алакөбең тартып, күншығыс жақ сәл-пәл қызара
түсіп, шымырлап таң атып келе жатты. Түз адамына тән қоңырқай өңді, бойы ұзын,
қапсағай денелі жігіт ағасының жылы төсектен тұрғаны жаңа. Таңғы ызғырық жел
бүрсең қақтырып, иығына жамылған құлынжарғағын қаусыранып алды. Далада түнеп
шыққан айырінген иесін көріп, саулық сұрағысы келгендей бақ етті де, найқалып
осылай қарай қозғалды. 

Кеше түстен кейін ұшты-күйлі жоғалып кеткен малының көп
іздеттірмей, өз аяғымен қайтып оралғанына Тұмардың іші жылығандай еді.
Анадайдан-ақ айырінгеннің әр-әр жеріне таңбаланып түскен жарақат іздері көзіне
оттай басылды. Артқы екі сирақтан да сау тамтық жоқ, қан кеуіп үлгермеген,
жараның орны қып-қызыл. Көздері боталап, иесіне жақындай бере тағы бақ етті.
Қотандағы түйелер де шөккен жерлерінен қопарыла тұрып, үркектеп ұйлығыса қалды.
Ырғай мойын, кәрі атан ғана керенау қимылмен жерден бауырын көтере беріп,
жалқаулығы ұстағандай ырс етіп қайыра шөкті.

Тұмар жүгіріп үйге кірді. Қолында дүрбісі бар, іле қайта
көрінді. Ойы жақын маңда қасқыр бар ма екен, соны қарау. Бірақ, не мылтығы, не
қақпаны болмағасын, мұнікі құр әурешілік. Қасқыр алатын жақсы ит те оның
талайдан бергі арманы.

Қалайда бір мылтық табуды қазір де ойлап тұр. Дүрбіден көзін
алмай, Қарақия ойпатын сыдырта шолып өтті. Тау жақ беткейге де дүрбі салды.
Жал-жал қыраттың үстіне буалдырланып, жеңіл мұнар көтерілген екен. Қараңдаған
әлдене, өздері бірнешеу сияқты, қыраттан әрі асып, тау қойнауына, көк мұнараға
сіңе берді.

«Үйірімен жүрген қасқыр ғой», - деді ішінен. «Бәрібір жете
алмас едім», - деп ойын үстеп қойды. «Жердің жарығына түсіп кетті ме?» - деп
дүрбісіне үңіліп ұзақ қарады. Түйелерін түстеп, түгендеп шыққаннан кейін де
есіл-дерті сол жаққа ауды.

Көңілін алаңдатқан әншейінгі желік емес. Түйешілер соңғы
кезде қасқырмен қоса жабайы иттердің де көбейе бастағанын сан-саққа жорып
жүрген. Бұлар бұрынғы мұнай іздеушілердің ескі жұртында қаңғып қалып, елсізде
бір-бірімен ырылдасып табысып, күзде тобымен жортып, күшіктеп көбейіп кеткен
иттер деседі. Теңіз жағасына үлкен қала салынғанда жер тамдары бұзылып, зәулім үйлерге
көшіп алған ел иттерін қайда сыйғызарын білмей, қаңғытып тастап кеткен деушілер
де бар. Күшіктері қасқыр құсап  қарс-қарс
шайнасып, тіптен жабайы өскен. Тұмардың солардың бірін ұстап, бағып алуға ойы
кетіп еді. Ештеңе жоқ, қайта бөлтірік асырағаннан жақсы. Қасқыр қанына тартып,
өзіңе шабады түбінде. Жабайы демесең, өз босағаңда өскен иттің тұқымы ғой бұл.

- Әй, тұрсаңдаршы, күн түс болды ғой, - деп ол терезені
қамшысының сабымен тоқ-тоқ ұрды. - Осылардың ұйқысы қашан қанар екен, ә.
Жамбастары тесілсе де жатқаннан жалықпайды тегі.

Қайдағы түс, таң жаңа атты. Шекесі торсықтай күннің
қылтиғаны әзір. Ұйқының тәттісі таң әлетінде екенін Тұмар ұмытқан. Жұбайын үй
сыртынан терезе қағып оятатын қашанғы әдеті. Көрші үйдегі көмекшісін де оятатын
өзі.

- Әй! Хай! - деп далада мал қайырып жүргендей төңіректі
азан-қазан қылды.

Бітті енді, бала-шағаға да ұйқы жоқ. Иелерінің даусын естіп,
түйелері де бақ-бақ етісіп үн шығарды. Қарақия жақтан таяп қалған ат дүбірі
иесін де, түйесін де еріксіз жалт қаратты.

Келген Қадірлі деген былтыр демалысқа шыққан қарт кісі.
Түзге үйренген адам үйге тұра ма. Анадағы қасқыр аулағандардың ішінде ол да
бар. Бұл өңірде саятшы, сері Қадірлімен бәрі дос. Онымен Тұмар да дос.

Саятшы түйешімен сергек амандасты. Бажайлап қора-жайды, жақын
маңайды шолды. Айырінген мен Тұмардың қолындағы дүрбіге қарап, мән-жайды
айтқызбай ұқты.

- Кеше кешкісін жабайы иттер түйеге шауыпты. Жабылып жүріп
әрең ажыратып алдық. Адам жейтін түрі бар-ей, тегі. Бүгін оншақты түйеші бас
қоспақ. Сен бізге ілес. Ит қуамыз, - деді.

Сөз қысқа. Қадірлі асығыстығын білдіріп, жүре уағдаласып,
шоқыта жөнелді. Қораны айналып өтіп, Мұхиттың қыстауына қарай ойысты. Оны
ұзатып салған соң Тұмар назарын тау жаққа аударды. Қараңдап көк мұнарға сіңе
берген мақұлықтардың елесін көз алдына әкелді. «Ей, бұл қасқыр болмады, жабайы
иттер екен», - деді жүрегі дір ете қалып.

Артынша-ақ ит қууға шыққан түйешілер құдық басына жиналды.
Ең жас дегені Тұмармен қатарлас Мұхит пен Жәмек. Үлкені Қадірлі. Дабырласып,
бірінің сөзін бірі қағып әкетіп, сабырсызданып тұр. Ендігі тізгін сіздің қолда
дегендей, бәрі Қадірлінің аузына қарайды.

Араларында қоқырайып Жағыпар да жүр. Өкіметтің малына
жекеменшіктен мал қосып, озат түйеші атанған кексе кісі. Іштарлығын көрсетіп,
мылтығын үйінде қалдырған. Қолында қамшы, белінде кездік.

- Енді қашан? - дейді ол тызақтап. Түйешілердің Қадірліге
қарай жапырайғанын жаратпай тұр. - Қай жақта екенін білесіңдер ме, өзі?

- Мен білсем, солардың тау ішіне ендеп кетпегені анық, -
деді Қадірлі көселігінен қысылғандай қылтанақсыз иегін уысымен сауып. - Түнгі
жортуылдан аш қайтты. Әккіленіп алған немелер жалғыз-жарым жүрген малды аңдиды
енді. Әйтпесе, қотаннан ұзамай, қас қарайып, көз байлануын тосады.

- Астыңдағы кәрі атты бос жібер ендеше, - деді қушыкеш Мұхит
оны әзілмен қағытып. - Соған алданып, бері шықсын. Жаяу қалдырмаспыз сені.

- Ау, осы біз қасқыр атып алсақ, сыйлыққа біраз ақша береді,
- деп жуас Жәмек әңгімеге араласты. - Жабайы иттен дым жоқ-ау, ә. Екеуінің
айырмасы жоқ қой қазір. Қоғам малына қасқыр да, жабайы ит те зиян емес пе?

- Онда сен түйешілердің итінен ит қоймассың.

- Оңай жерден дүние таппақ... Ой, шіркін-ай!..

- Өз итіңді қоса атып тастама.

- Әй, мұның иті де өзі сияқты жуас.

- Үргенді де ұмытып қалған шығар, әуелі.

- Өйт, деген-ай, айтасың-ау сен де.

- Қора күзетпесе, ол неге керек?

Түйешілер жуас жігітті әзіл-қалжыңға тоғытты да жіберді. Жүз
көрісіп, көңіл көтеруді сағынысып қалған сыңайлы. Араларында томырық мінезіне
басып, тымырайған Тұмар ғана үнсіз. Екі аяқты мотоциклін бір жамбасына қисайтып
қойып, жабайы иттердің ең үлкенін асырап алсам деген қиялына елтіген қалпы.
Мана беймезгіл уақытта дүрбімен көрген мақұлықтардың қараңдаған сұлбасы елеске
айналып, көз алдынан кетпей тұрып алды.

 

     2.

   Олар он бір итті мотоциклмен ызғыта қуып, шашау шығармай
қақпақылдап әкеліп, аттылардың алдына салды. Дәу қарала ит басқалардан бөлініп,
қайта-қайта жырыла қашады. Соңындағы қуғыншыларға жалт-жалт бұрылып, тісін
ақситып айбат шегеді. Қос қапталдан андыздаған мотоциклшілер сытылып кетуге
саңылау таппай жанталасып, бір-бірін ызалана қауып тастап, ырс-ырс, арс-арс
еткен иттерді аттылармен бірге қаумалап, қамай түскен. 

Қадірлі тобылғы сапты қос өрім қамшысын аузына көлденең
тістеп, тақымына қыстырған қайқыбас сойылына қол салды. Ат үстінде қопаңдап,
алға ұмсына еңкейген Жағыпар да жалтылдатып, кездігін суырды. Оңтайы келсе,
қырына алған итті бүйірден іреп өтпек. Қадірлі оған қарағанда епті, қолы
қарулы. Сойылын ыңғайлап, ұрымтал тұстан қара тұмсықты көздейді. Қасқыр сияқты
иттің де жанды жері сол.

Басқалардан озыңқырай жүгірген құлағы жырық шолаққұйрық
алкеуде төбет әп дегеннен-ақ қуғыншылардың назарына ілікті. Топ арасына сыналай
еніп, әлдененің аңысын аңдығандай жан-жағына жалтақтай қашқан Аққаншықты біреу
байқап, біреу байқаған жоқ. Тұмар мотоциклінің жылдамдығын арттырып,
Шолаққұйрыққа ұмтылғанда, Аққаншық топтан ығысып, ашық қалған тұсқа қиыстай
тартты. Мотоциклдегілердің оған бұрылуға мұршасы келмеді де, далбаңдаған
аттыларға шалдырмай кетті. Оны көрген жабайы иттер тобын жазып, бытырай қашты.
Кейбірі мотоциклді қуғыншылардан жан сақтайтын жер таппай, ат бауырына өздері
тығылды. Үзеңгі ме, қамшы ма, әлде таяқ па, әйтеуір үстілерінен қаптаған соққы
жауды. Қаңқылдап, қыңсылаған иттер, ызы-қиқы, айқай-шу құлақ тұндырды.

Шолаққұйрық олай да, былай да бұлтарғанмен, Тұмар оны
құтқаратын емес. Ол иттің сом жаратылған дене бітіміне қызықты. Әттең, асырауға
көнбейді, асырауға көнсе арманы орындалғандай-ақ екен. Жиренқасқасын тебініп
қап, араға Мұхит килікті. Тұмардың жолын бөгеп, Шолаққұйрыққа қамшысын үйіре
төнді. «Үзеңгісін шешіп алмай, бұл қай көзсіздігі?» деп ойлады Тұмар. Мұхит
екілене түсіп, атының омырауына соқтығып, бұратыла құлаған итті қамшысымен
тартып-тартып жіберді. Шолаққұйрық бір аунап тұрып, жылыстап кете барды.

Түйешілер әп-сәтте бес-алты итті жайратып тастады. Қалғанын
әркім әр тұсқа қуып әкетті. Тұмар Шолаққұйрықтан ажырап қалған соң, мотоциклін
шыр көбелек айналдырып, қай түйешіге көмектесерін білмей бөгелген. Үзеңгі
қағыса шапқан қос атты екіге жарылғанда, ортадан манағы дәу Қарала иттің жоны
қарайды. Тұмар мотоциклін ырғыта қозғап, рульге жабыса еңкейіп, оқша
зулады.   Енді бір ышқынса жыланкөзденіп,
жылбысқыланып ащы су ағатын сай табанындағы қалың тобылғыға ілігіп құтылып
кететінін білгендей, Қарала да жанұшырды. Қадірлі мен Жәмек те қусыра қысып
келеді. «Үшеулеп ұстап алсақ қайтеді?» деген ой Тұмардың басында жылт етіп
жоғалды. Жабайы иттерге әбден өшігіп алған ана екеуінің мұның айтқанына құлақ
аспасын да сезді. Желік буған адамның сөз тыңдамасы онсыз да белгілі. Аттыларды
басып озып, иттің алдын кес-кестеуден басқа қолдан келер қайран жоқ.

Тобылғылы сайға жақындаған сайын Қараланың тынысы жиілеп,
денесі ауырлай бастады. Тілі салақтап, артына мойын бұрғанда, дүсірлете шауып
келе жатқан аттыларды көрді. Бар күшін сарқа жұмсап, бөксесін сүйрете жөнелді.
Тарылдаған мотор үні ат дүбірін тұншықтыра берді де, мотоциклді қуғыншы
суырылып алға озды. Қарала зорығып, кирелеңдеп барып шоңқия кетті. Орнынан
бұратыла көтеріліп, кері айналып, тісін ақситып, қуғыншылардың жолын тосып
жатты.

- Тұмар, абайла!..

- Кейін қайт, Тұмар!..

Қадірлі мен Жәмектің дауысы жарыса шықты. Сасқалақтаған
Тұмар тежегішті басып үлгерген жоқ. Қарала арс етіп, мотоциклге қарсы атылды.
Қатты соққыдан қабырғасын күйрегендей қаңқылдап, ұмар-жұмар болып, жерге
қуғыншымен бірге құлады.

Ит ырылдай ұмтылғанда Тұмар тез есін жиып, орнынан ұшып
тұрды. Қараланы тамағынан шап беріп, сіресе қалды. Ит қапқан білегінен қан
сорғалап, темірдей саусақтарымен ұстаған жерінен сыға түсті. Қарала қылғына
қырылдап, алдыңғы аяғымен кеудесін тырмалады. Жәмек Қадірліден бұрын жетіп,
қолындағы темір қаданы құлаштай сілтеп өтті.

Сол мезет су таситын мәшине дөң астынан шыға келіп,
арық-жыраға тұмсығы тіреле, жүрісін оқыс тежеп, өз шаңына өзі көміліп қап,
шоқалақтап жақындай берді. Ой-шұқыры көп ұзақ жолдан шаршады ма, рөлде отырған
Доқтырханның ерні кезерді. Сірескен мойнын ырғап, ары-бері қозғап-қозғап қояды.
Қары талған қолын төмен салбырата кезек-кезек демалдырып, иығын уқалап,
өзінен-өзі жұлынып әлек. Не сор айдағанына мән беріп жатқан ол жоқ. Желігі
басылып, ұшы-қиырсыз даланы тұнжырай шолады.

Доқтырхан өңін суық ұстайтын, қабағы қатыңқы, қыр мұрынды,
қарасұр жігіт. Жасы жиырма бесте демесең, жақ жүні бұйраланып, сақал-мұрт
жіберген. Оның қазіргі бар ойы - ит-құсты басындырмау керек. Бұрындары алыс
қыстауды аралап жүргенде ескі мәшиненің дімкәс моторы сыр бере бастаса, далада
қалам-ау, ит-құсқа жем болам-ау деген ой қаумалап, бойын қорқыныш билейтін.
Өзімен-өзі іштей егесіп, мәшинесін еліре қуып, қиян шетке шығандай түсетін.
Әттең, бір мылтыққа қолы жетпеді, қолы жетсе мына даланың бұдан басқа қожасы
болмас та еді.

- Әне, - деді ол кенет кабинаның төбесіне басын соғып ала
жаздап. - Аһа-һау!.. Әй!.. Әй!.. Таптым-ау ақыры!.. Атаңның көрі!.. Жердің
жарығына түсіп кеткен бе десем... Мұнда жүр екенсіңдер ғой...

Алдымен көргені - ат үстіндегі жалғыз түйеші. Жиренқасқасын
ойқастатып, қамшысын үйіріп-үйіріп қояды. Алға ұмсына тебінеді, тебінеді де
тізгінін тартады. Оның дөңкиіп жатқан бір итты сартылдатып сабап жүргенін енді
ғана аңғарды. Итте жан жоқ секілді. Жырық құлағы салпиып, құймышақтан сәл төмен
жұлынған құйрығы көзге оғаш шолтияды. Айналасы опыр-топыр, шиырланған із,
шашылған жүн-жұрқа.

Жаны сірі итті сабай-сабай Мұхит та жалығыпты. Көнетоз
күпәйкесінің түймелерін ағытып, киіз қалпағын кейін ысырды. Ашаң жүзіне қызара
қан теуіп, бойы бусанып тұр.

- Мәшинеңмен баспайсың ба? - деді ол Доқтырханға қамшысының
сабымен итті нұсқап. - Әлі тірі. Оңайлықпен өлетін емес, әбден діңкеледім.

- Баламысың деген, - Доқтырхан күлді. - Сенің қай жерің
түйеші, а? Үзеңгің қайда? Қара тұмсықтан дәлдеп тұрып, үзеңгімен тартып кеп
жібермейсің бе?

- Сөйтсем де болған екен. - Мұхит та езу тартты. - Түйені
тастап, сенің мәшинеңді тартып алайын ба осы.

- Әліңе қара, - деп Доқтырхан кекетті.

- Мына итті не істейміз, Доқа? - Мұхит қалжыңның арты шынға
айналып бара жатқанын сезіп, күлкісін тия қойды. - Доңғалағыңды аяймысың.
Белден бір басып өтсең, бітпеді ме шаруасы.

- Жоқ, өртеп жіберейік, - деді Доқтырхан итке қадалған күйі.
- Бота жеп, тайлақ жеп семірген ғой мынау. Майын шыжғырып, отқа қақтамаймыз ба.
Ә!..

Мотоциклді біреу ой жақтан сопаң ете қалды. Мұхит оны Тұмар
шығар деген. Доқтырхан қостағандай бас изеп, үйреншікті шаруасын істеп
жүргендей жайбарақат қалыппен бүйірі қабысқан шелекке сыздықтатып бензин құйып
жатты. Тұмар бұларды алыстан байқап, жандарына жетуге асықты.

Доқтырхан үстіне бензин шашқанда ит ырылдап, басын көтеріп
алды. А деп ауыз жиғанша, шофер жігіт шырт еткізіп шырпы жақты. Шырпы тез жана
бастады да, ол оны саусағының ұшымен итке қарай шертіп жіберді. Көзді ашып-жұмғанша
қызыл алауға оранған ит қаңқылдап, орнынан ұшып тұрды. Өзін-өзі қауып-қауып
алып, жанын қоярға жер таппай қыңсылап, мәшиненің астына жүгірді. Артқы
доңғалақтарды лапылдап от шарпыды. Кабинаға ырғып мінген Доқтырхан мәшинесін
ала қашты.

Ұшыртып Тұмар келді. Шаршап-шалдығып түйешілер де жиналды.
Иттің жүні қоңырсып, үйтіліп қалған. Тұмардың оң қолы таңулы.

- Обал-ай, - деді ол қынжылған пішінде. - Өлтірген соң
өртемедіңдер ме, өртейтін болсаңдар?

- Қалай өлтірсең де бәрібір емес пе? Ақыры өледі, - деп
Доқтырхан иттің басын тепті. - Екі ортада мәшинеден айырыла жаздадық. Моторды
білгендей-ақ өшірмеппін өзім де. Әйтпегенде оталдырып үлгермес едім.

- Мұның жарамады, балам. - Қадірлі қамшысының сабымен
бүйірін таянды. - Бала емессің, шаға емессің. Мұның не? Осыны да қызық
көремісің?

- Әй, сандалмасаңдаршы сендер. Жұмыстарың не мендегі? -
Доқтырхан қанын ішіне тартып, сұрлана қалды. - Бар даланы ойран ғып кеп, жаны
ашыған түрлерін. Бастаған өзің емессің бе? Ит қуайық деп, елдің бәрін
дүрліктірдің.

- Жаным ашып тұрған жоқ. - Қадірлі де ширығып қалды. - Сенің
ісіңнен денем түршікті. Жағаласып қоймайды екенсің тіпті. Бір сөз кем айтсаң
есең кететіндей...

- Оттапсың!

- Не?!

- Оттапсың, - деймін!

- Өй, күшік!..

Қадірлі атының басын жұлқа бұрып, артына қарамай тепеңдей
тебініп, жүріп кетті. Тұмар мотоциклін жерге жантайта салып, Доқтырханға тұра
ұмтылды. Доқтырханның езуінде ащы мысқыл ойнап, төбелес тілегендей көзі шоқтана
жайнап, Тұмарға тайсалмай тік қарады.

- Кел, сүмелек!..

- Тарт тіліңді!..

- Өй, әкеңнің!.. Қайталашы кәне!..

Түйешілер ара түсіп үлгермей, түйілген жұдырықтарын екеуі
қатар жұмсады. Доқтырхан мұрнынан қан бұрқ етіп, шалқалап құлады. Тұмардың көзі
көгерді. Қайтып бір-біріне ұмтылған жоқ. Екеуін де ат тұяғын дүсірлете кері
шапқан Қадірлінің мысы басты. Қадірлі келе ашулы дауыспен ақырып жіберді.    

- Тараңдар үйлеріңе! Кетіңдер бәрің! Кетіңдер!.. Иттен арман
ырылдасып, не жетпей барады сендерге?! Әлде менің масқарамды шығарайын дедіңдер
ме? Қайтыңдар!..

Аттылар кері ығысты. Түйешілердің бірі тар-р-р еткізіп,
мотоциклін оталдырды. Доқтырхан кеткісі келмегендей сыңаймен мәшинесінің о жер,
бұ жерін шұқылап тұрды да, шырт түкіріп, кабинаға зып берді. Тұмардың
мотоциклін жаяу итеріп, аяңдап бара жатқанын сонда бір-ақ көрді. «Қой, менікі
бекер болды», - деді өкініп.

 

    3.

    Сөйтіп, түйешілер малды ауылдарды төңіректеп, бірді-екілі
уақ мал, бота-тайлақ жеп дәнігіп қалған жабайы иттердің қарасын өшіргендей еді.
Қуғыннан оңтайлы тұста сытыла қашқан Аққаншық қана денесіне соққы дарытқан жоқ.
Ол түзге қашса, дала қанша кең болғанымен, жүйрік ат, мотоцикл мінген
түйешілерден құтыла алмасын біліп, кері салды. Қуғыншылар шығандап ұзаған
сайын, ол бүлкектеп ауылға жақындай түсті. Ауылдағы бұралқы иттер шабаланып үре
бастағанда, енді бой жасырмасам болмас дегендей, қиыстап барып, Боржақтының тау
жақ беткейіндегі бор жаққандай ағарып, соры шығып жатқан жерді иіскелеп,
бүгежектей берді. Қауіпті ештеңе сезілмеген соң, тілі салақтай қыңсылап алып,
жұмсақ жерге бауырын төседі. 

Малды ауылдың иек астындағы жазық беткейде ағарған сор ақ
итті көзден жасырды. Аққаншық осы арадан буалдыр сағым кілкіген ойпат пен көк
мұнар басқан қырқа-жонды емін-еркін көріп жатты. Алыстан қарайған-құрайған
бірнәрсе көзіне ілінсе, қадалып ұзақ қарайды. Сағым, мұнар арасынан төбелерінен
соққы жауып, қаңқылдаған иттер, арс етіп аунап түскен Қарала, өзімен иықтасып
бірге жортатын, мойнынан тістелеп еркелететін Шолаққұйрық елестейтін секілді.
Алдыңғы екі аяғын созып жіберіп, басын сұлқ тастап, бұл дүниеден баз кешкендей
буылдыр ойпатқа телмірді. Көз алдында жер қыртысынан тіріліп шыққан өткеннің
елесі шұбырды.

Алғаш ойпаттың шетінде сорайып биік мұнара пайда бола кетті.
Сол маңда күнге қақталған арқалары май жаққандай жалтырап бұрғышылар және
ары-бері шапқылап, жата қап аунап, шәуілдеп үріп бір ақ күшік жүрді. Ақ
күшіктің иесі, балапан мұртты балаң жігіт бұған қарап ақсия күліп қояды.

- Толик, сенсіз маған көңілсіз емес пе. Мына кәрі
қақсалдармен тіл табыса алмаспын. Кетпей-ақ қойсаң қайтеді, ә? - деп дауыстады
тағы бір сары үрпек балаң жігіт. - Көбіне шыдағанда азына шыдамаймысың.

- Атам ауырмағанда қалатын едім. Өзімнің де кеткім келмей
жүр, - деп жауап қатты ол.

Мұнар, мұнар, мұнара,

Мұнар басқар мұнара,

Мұнар баспай тұра ма, - деп әндетті содан соң.

- Түйе бағамысың енді?

- Білмеймін. Бара көремін. Атам тәуір болса қайтып келуім де
мүмкін.

- Қайтып келемін деп алдарқата салсаң бірдеңең кете ме?

- Әй, Костя, сен әлі бала сияқтысың осы.

- Сөйтші. Қайтып келемін деші.

- Ал, мақұл. Солай-ақ болсын.

- Немен сендіресің мені?

- Уәде беріп көрейін.

- Алдайсың.

- Сенбесең не істейін, ал.

- Күшігіңді тастап кет.

- Қой әрі.

- Достың меселін қайтарма. Малшыларда ит жоқ деймісің. Басқа
біреуін тауып аларсың.

- Жоқ, бұл жақсы иттің тұқымы.

- Өкпелеймін онда. Сені жолға шығарып салмаймын.

- Мейлің.

- Шының ба?

- Иә, шыным.

Иесі еркелеп, аяғына оралған ақ күшікті жерден көтеріп алды.
Костя оған ту сыртын беріп, теріс айналып кетті. Жерге табаны тиген ақ күшік
арсалаңдап барып, оның да аяғына оратылып еді, Костя илікпеді. Арсалаңдаған ақ
күшік оған да қарамай, Костяның балағынан тістеп алып, ары-бері жұлқылай
бастады.

- Костя, ал. Ала бер. Мен қайтып келгенше, бірақ.

- Ура-а-а!.. Рахмет!.. Рахмет саған, Толик!

Костя да әрең шыдап тұр екен, ақ күшікті мойнынан шеңгелдей
бүріп, тік көтеріп әкетті. Бұрғышылардың барлығы жұмыстарын қоя қойып, оған
қызықтай қарап қалған. Тер мен шаң айғыздаған жүздеріне күлкі жүгіріп,
бір-біріне қарап әлдене айтқандай, Костяға дауыстап сөйлегендей болды. Ақ күшік
олардың дауыстарын естімейді. Жер мен көк шыр көбелек айналып, бұрғышының
қолынан түсіп кететіндей тыпырлап әлек. Костя қуанғанынан күшікті басынан асыра
бұлғаңдатып, досынан үйренген жаңылтпашты тілін бұрай әндете қайталап,
дөңгелене билеп жүр.

Мұнар, мұнар, мұнара,

Мұнар басқан мұнара,

Мұнар баспай тұра ма...

Кешке қарай мұнараға жақын жердегі емшек төбелердің біріне
жан біткендей, ырғатыла қозғалып, бір түйелі адам бөлініп шықты. Иесі ақ
күшікті басынан сипап, еркелетіп отырды да, бұрғышылармен жеке-жеке құшақтасып
қоштасып, Костяның қасында біраз бөгелді. Сәлден соң түйеге мінгесіп, қол
бұлғап, бұл маңнан ұзап кете барды. Ақ күшікті Костя жіберген жоқ. Әлден
уақытта түйелі адам емшек төбеге айналып, ымырт қараңғылығына еніп кетті.

Күндердің күнінде ақ күшік Костядан да айырылды. Ол да аяқ
астынан кетіп қалып, қайтып қара көрсетпеді. Кенет, күтпеген жерден мұнараның
асты дөңгеленіп ойылып түсті. Мұнара ортан беліне дейін бір жамбасына қисая
шөкті. Бұрғышылар жан-жаққа бытырай қашты. Ақ күшік шәуілдеп үріп, қисайған
мұнараны айнала шапқылай берді.

Одан арғысы бұлдыр-бұлдыр, үзік-үзік елестер. Бұрғышылар
жақ-жақ болып, тәжікелесіп жатқанға ұқсайды. Керзі етікті шомбал қара аяғына
оратылған ақ күшікті қаңқ еткізіп теуіп жіберді. Ақ күшік енді бірде
бұрғышылардың сон-а-ау көз ұшындағы көкжиекті бетке алып, сіріңке қорап сары
мәшинемен ызғытып бара жатқанын көрді.

Содан былай ақ күшік жаз бойы жалғыздықты, аштықты бастан
өткерген. Жаз бойы мұнараны қара тұтты, күзетті. Тышқан аулап жеп, аузына тиген
олжаның дәмін алып, өз тамағын өзі асырады. Күні бойы сілесі қатып, қоянның
көжегін қуды. Сұр көжек жалт бұрылам деп, тоңқалаң асқанда бас салып ұстап
алды. Құрсағы бұлтиып, бір тойғаны сол. Қалған етті топыраққа көміп тастап, түн
асырып жеді. Мұнараның басындағы ұядан ұшып шыққан торғайдың балапаны пырылдап
кеп, дәл тұмсығының астына топ ете түскен кез де болды. Аяқтары, мойны ұзарып,
қарны қабысып, денесіне май жұқпай сыланып өсті. Қоян қуып, тышқан аулап жүріп
мұнараға келуін сиретті де, кейін мүлде жоламай кетті. Қай жер қуыс, қай жер
қалқа болса, мекені де сонда.

Елес тағы да үзіліп-үзіліп, бұлдырап барып сейілді. Аққаншық
тың тыңдағандай құлағын тікірейтіп, басын көтерді. Анадайдан үрке қарап тұрған
боз тайлақ тайраңдап ала жөнелді. Ауыл жақтан тарылдаған мотоциклдің дауысы
естіліп, іле сап басылды. Баурайдағы шаңдақ жолмен өрге қарай қиялай жүрген
мәшине шоқалақтап келіп, ауылға бұрылды. Мәшине ауыл шетіне қора айналып
тоқтаған соң, жым-жырт тыныштық орнап, Аққаншықты өткеннің елесі қайта баурады.

 

    4.

   Аққаншықтың мұнараға жоламай кеткені өзінен емес. Жабайы
иттерге кезігіп, тұра қашқанда, Қарала таңынан алып аунатып салған. Жан-жағынан
анталай төнген, ырылдап, азу тістерін ақситқан иттерді көріп, ақ күшік тыпыр
етпей қалды. Аяғы көктен кеп, құйрығын жер сипай бұлғаңдатып қыңсылады. Қарала
оны алдыңғы сіңірлі жуан аяғымен тамағынан тырнақтарын батыра баса қойып, арп
етіп басқаларын кейін серпіді. Жабайы иттер тілдерін салақтата, тұмсықтарын бір
жалап алып, қыңсылап аулақ кетті. Аққаншық аунап түсіп, жерден бауырын көтере
бергенде Қарала көмейінен зор үн шығарып, гүрілдеп желке жүнін дүрдитті. Иттер
Қараладан белгі күткендей табандай жылжып, бір-бірінен тұмсық оздырып, ырылдап
тағы қусырды. Аққаншықтың белі бүкшиіп, тілерсегі дірілдеп, сол жағында тұрған
Қаралаға мойынсұнғандай оң жамбасына шоңқиды. Қарала оны қыр желкесінен қаба
тістеп, орнынан сілкіп тұрғызды. Аққаншық төрттағандап, мойнын соза, басын
жерге салып, арандары ашылып, анталай түскен иттерге төменнен мөлие қарады.
Қара тұмсықтағы тал-тал болып тікірейген қыл мен ырсиған езуді, түрілген ерін
мен ақсиған тістердің түбіндегі қызыл иекті анық көрді. Қарала Аққаншықты
кеудесінен қағып жіберіп, арсылдап алға секіріп, иттерді сесімен жайқап өтті.
Аққаншық пана тапқанын білді ме, Қараланың бауырына тығылды. Содан былай одан
екі елі ажырамайтын болды. Қарала да тоқтаған жерде оны иіскелеп, еркелететін
әдет тапты. 

Қараланың жақ сүйегі мен төс сүйегі ірі. Соған орай кеудесі
жалпақ, мойны сом жаратылған. Жабайы иттерді пысы басып, ықтырып жүреді. Ол бір
асамай тұрып, басқа иттер жемтікке ауыз салмайды. Бір жолы Қарала білемдеп-білемдеп
кесіп, ауыл сыртына тастаған, әлі қаны да сорғымаған қызыл еттен иттерге
татырмай кетті. Әлгі жерге бір айналып қайта соққанда, у қосқан етті жеп, қан
құсып жатқан шибөрінің үстінен түсті. Аяқтары тарбиып, шалқасынан жатқан беті
серейіп қатып қалыпты.

Күз ауып, қыс патшалығы орнаған кез. Жер беті ақ ұлпа қар,
нағыз қансонардың сәті. Жабайы иттер қоян, киік, түлкі, қарсақ аулап, бір
жырғады. Өздеріне де қауіп көп. Қар бетінде іздері сайрап жатыр. Жүрген жерлері
шұбартып қалады. Қараланың иттерді малды ауылдардан неғұрлым алыстатып әкеткісі
бар. Жортса иттерді шұбыртып, көбінесе тау жақты бетке алады. Оның алдына
түсуге, не кейіндеп қалып қоюға ешқайсысының батылы жеткен емес. Тек қылшығы
қар түстес қаншық ит, баяғы Аққаншық Қараламен аяғын бірге алып, қатар жортады.
Жылы-жұмсақтың дәмдісі өзіне бұйырып, үнемі жортуылда жүріп, кәдімгідей қоңайып
қалды. Ақ жүніне жылтылдап күмістей қылшық араласты, мойны жуарды.

Аққаншық қолмен тегістелген қар бетінің үлпілдек ұлпасы
сыпырылып қалғанын аңдап, Қараланы қаға-маға жалт берді. Қауіпті сезгендей
Қарала да ыршып түсті. Оның соңында келе жатқан қасқыр тектес сұр ит қаңқылдап,
қар қауып жанталасты. Қақпанның тісі батқан тілерсегінен дірдектеп қан
сорғалады. Қанша жұлқынса да, темір құрсау босатпады. Қарала оның қасына барып,
қақпан қапқан жерден сәл жоғары, буыннан қырши тістеп, терісін жалбыратып жұлып
алды. Сұр ит долданып, Қараланың өзіне ұмтылды. Қарала оны тамақтан қауып,
көтеріп соқты. Аққаншық сұр итті құлақ түбінен аузын батыра тістеп, қарға жаныштап
басып тұрды. Қарала қызыл асықтан аузын толтыра қауып, қарш-қарш шайнап, сұр
иттің тілерсегін қия алмай әлектенді. Ызаланып, қақпанды бір қауып тастады.
Аққаншық аузын толғап, қайта тістемек болғанда сұр ит босанып кетіп, оны
қолтықтан алып, сілке лақтырды. Қарала сұр итті шықшыттан қауып, бөксесін
айналдыра бұрап жықты. Аузын босата беріп қайта қапқанда, азуы кеңірдекке
ілінді. Жатқан жерінде қырылдатып, тұншықтырып өлтірді. Сол-ақ екен, ашыққан
жабайы иттер сұр итке лап қойды. Қарала Аққаншықты ертіп, топтан сытылып шыға
берді. Жылы қан құрқырап аққан жемтікке алғаш рет ортақтасқан жоқ. Сырттап
барып, Аққаншық екеуі шоқиып отырды. Түнде иттерді ұлардай шулатып, ұзақ-ұзақ
ұлыды. Таңға жуық қана үні біткендей жағы семді.

 

    5.

  Аққаншық батар күннен қайыр күткендей, көкжиекке телміре
қарап қояды. Көз қарашығына көкжиекті құрсаған құзар шыңдардың суреті басылды.
Тістері сойдиған бір алып шартабақ күннің шетін кертіп жеп жатқанға ұқсайды.
Аққаншық қарны қабысып, ашыға бастағанын сезді. Қараламен бірге татқан
жылы-жұмсақты аңсап, қап-қара тұмсығын тілімен жалап-жалап алды. 

Кенет көз алдында қып-қызыл алау лап ете қалғандай болды. От
арасынан қаңқылдап, аласұрған иттердің елесі көрінді. Қарала, Шолаққұйрық,
Ақтазы бірінен-бірі озып, үстілерінен от лаулап, жанұшыра қашып келе жатқандай.
Аққаншық жан таппай тыпыршып, аяғымен жер тырмалап, бос топырақты ызалана
қауып-қауып алды. Көмейінен қыңсылаған аянышты үн шығарып, күйген терінің
қоңырсыған иісі сезілген жаққа танауын тосты.

Аққаншық жабайы иттердің қалай опат болғанын көзімен көрмесе
де, қуғыннан қашып құтыла алмағанын осылай түйсінген. Ине жұтқандай бүрісіп,
белі бүкшиіп кетті. Одан әрі тыншып жата алмай, ақ сорды шұбарлай шиырлап,
манағы жатқан жерін айналшықтай берді. Малды ауылда абалап ит үрді де, шеткі
үйдің сыртында қараң-құраң көбейді. Үлкендер состиып тұрып қалды да, балалар
иттерін айтақтап, жарыса жүгіріп келе жатты. Аққаншық алыстан айбат шеге арс
етіп, жапан түзді бетке ұстап зымырай жөнелді. Қарсы беттен аңырап сар даланың
саумал-салқын желі есті.

Иттер ауылдан ұзап шығуға батпады ма, бір-біріне қарайлап,
шабалаңдай үріп келіп, манағы Аққаншық жатқан жерге бөгелді. Сол жерді
иіскелеп, жабайы ит кеткен жаққа маңқия қарап тұрып, маңқ етіп үріп, алды кейін
қайтты. Ауыл шетіне жиналған түйешілер көз ұшындағы қырқа-жонға дүрбі салып:
«Әне!.. Әне кеттімен!..» біраз даурықты. Күндізгі ит қуған түйешілердің
әңгімесі қайта жанданып, іле Аққаншық туралы қауесет отқа май құйғандай гу ете
түсті. Кімнің аузынан тарағаны белгісіз, әйтеуір қасқыр шатыс деген жорамал да
айтылды.

Аққаншықты көпшілік жұрт ақылды, текті иттің тұқымы екен
десті. Кек алуға келіп, біреу-міреуді жазым қылып жүрмесін деп те қауіптенді.
Бірақ, олар Аққаншықтың денесі ауырлай бастағанын білген жоқ. Оны көпке дейін
дүрбіден көз алмаған көнекөз Қадірлі де байқамады. Түз өмірінде жағдай талғап
үйренбеген қаншық денесінің ауырлағанын өзі де сезінбей, әлі еркін, жеңіл
жортады.

Ол қыр асып, тағы бір қырқадан қылт етіп көрінді де, қара
үзді. Ауылда мал қораланып, кісі аяғы басылып, жым-жырт тыныштық орнады. Сүт
пісірімдей уақыт өтті ме, өтпеді ме, әйтеуір күннің қалай тез батып кеткенін
ешкім байқамаған тәрізді. Алыс қыраттың үстінде мал ма, мақұлық па, бұлдырап
көзге шалынған бірнәрсе қыбырлап қозғалған сияқтанды. Біресе ұлғайып, көбейіп
бері жылжиды, біресе кішірейіп, азайып, алыстай түседі. Дүрбі салғандар оны
үйірімен жүрген қасқырға ұқсатты. Түйешілер түнде әлсін-әлсін иттерін айтақтап,
қора маңына от жағып, сақ ұйықтады. Биыл ит-құстың шектен тыс құтырынып
кеткенінен сескенді. Қақаған қыс болса бірсәрі, алты ай жаз бүйтпеуші еді, тегі
ниеті жақсы емес. Осындай мазаң ой да ұйқы қашырып, жайлы төсек жамбасқа тастай
батты.

Таң тыныш атты. Кеше мал қамарда иесі жерден-көктен іздеп
таппай қойған бос тайлақ тайраңдап, өрістен аман келді. Түйешілер оны енді
жақсылыққа жорыды. Малшы өмірі қалыпты арнасына ауып, көңіл тыншып, осыған да
шүкіршілік етті.

 

     6.

    Туа жетім Бозтайлақ кенже жетілді. Еміздіктен сүт ішіп, адам
қолына телмеңдеп өсті. Ақ түбіті үлпілдеп, көзі мөлдіреген бота күнінде оның
күтушісі көп еді. Түйешінің балалары айналсоқтап қасынан шықпайтын. Өз аяғымен
жайыла бастаған соң, түйеші оны еркіне жіберген. 

Бозтайлақ бүгін де өрістен қайтпай қалды. Кешегідей түн
асырып келер деп ойлаған иесі онша мазасыздана қойған жоқ. Түнде Қадірлі «тайлағыңды
қасқыр жарып тастапты» деп келді. Өркешін ғана ойып жегеніне қарағанда, жыртқыш
біреу-ақ болар деп болжаған. Иесі Бозтайлақтың ажалын қасқырдан емес,
Аққаншықтан көрді. Қазандықтың астында лаулап жанған оттың жарығынан қарасұр
жүзі қақтала жылтырап, қабағы түксиіп: «Осымен бір түйе, үш тайлақ, екі бота
жегіздім», - деп отырды. Қадірлі оған:

- Әй, Жағыпар-ай, бұйырмаған малға тарынып қайтесің, - деді.

- Е, тарынбай. Әкемнің малы ма. Өкіметтікі. Түгендеп отырған
адам бар.

- Өз малыңмен орнын толтырарсың. Өкімет саған ренжи қоймас.
Осы өңірде сенен озған ешкім жоқ.

- Ішпей-жемей шығындалғаныңа жаның күйеді ғой. Әйтпесе,
шүкір, мал жетеді.

Жағыпардың салпы етек сары қарын әйелі буын бұрқырата қазан
түсірді. Отағасы ұйықтап қалған балаларды оятқызбады. Былқып піскен жас етті
үнсіз қарбытты. Әйелі Жағыпармен аталас туыстығы бар қонақтың алдында сыпайылық
сақтап, жаңа түскен келіндей сызылды. Ішке ел қонған соң Қадірлі майлыққа қолын
сүртіп, мұртын тоғая сылап:

- «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» дейді екен бұл жыртқыш,
- деп  бір тоқтады. - Етсіреп бара
жатсақ, бір малды біз де жәукемдеп тастаймыз. Енді қасқыр тайлағыңды тартып
жемегенде, аштан өлсін бе, батырекесі.

- Қасқыр ма ол? Меніңше, әлгі Аққаншық болса керек.
Жуындыңды ішіп жүрген жаман ит басыңа шықса өстеді.

- Кім біліпті. Әйтеуір, маңайына із түспеген. Жер қатты. Әй,
бірақ, тайлаққа жалғыз иттің шамасы жете қояр ма екен. Еркелеген боп алдап
соқпаса.

- Уызға жарымаған немеде не қауқар бар дейсің. Жанын әрең
бағып жүрген жоқ па еді.

- Ә, оның да рас. Жұттан шыққандай арық болатын. Жетімнің
аты жетім. Қолдан сауып берген уызға қайдан жарысын. Енесін емгендей болмайды,
бәрібір.

Жағыпар осы уақытқа дейін бойына шыр жұқпай, қорасына басы
артық мал бітпей, жұпынылау өмір сүрген қонағын менсінбегендей, әңгімеге
құлықсыз кейіп танытып, бір тал шимен тісін шұқыды. Қадірлі оны байқамағандай,
сорпасын сораптай ішіп, асықпай аттанды. Туыс болған соң, онсыз да бір-бірімен
араласпай, алыстап жүрген ағайынмен арасын суытқысы келмеді. Көңіл сыйса, бәрі
сыяды. Түбі, әйтеуір, түсінер деді.

Отағасы Қадірліні аттандырып салып, есік алдында ары-бері
жүріп, бой жазды. Енді үйге кірмекке бұрыла бергенде, бота-тайлықты бөлектеп
қамаған қора жақтан тасыр-тұсыр дыбыс естілді. Жағыпар оқыс селк етіп, жалт
қарағанда, ағаш қоршаудың арасындағы тесіктен сұр қасқыр суырыла секірді.
Түйешінің бұралқы иті шәңкілдеп үріп, босағаға тығылды. Жағыпар:

- Әй!.. Малтықты әкел!.. Мылтықты!.. - деп үйге қарай тұра
жүгірді.

- Неғылды, жазған?.. - деп әйелі састы.

- Керең неме, мылтық әкелсеңші, - деді Жағыпар жекіріп.

Бұл ауылдағы жалғыз мылтық осы Жағыпардың үйінде.
Басқаларының мылтығын аңшылар қоғамына тіркелмепсіңдер деп, милиция жинап
әкеткен. Ол кезде Жағыпардың қосауызы жүк астында тығулы жатты. Көп ешкімге
көрсетпей, әлі күнге тығып ұстайды. Осы үйдегі ең қымбат дүниедей көреді.

Босағандан сүріне-қабына аттағаны сол, әйелі қосауызды
алдына көлденең тосты. Қаз-қатар ғып оқ тізген оқшантайын да бірге ұсынды.
Жағыпар сарт етіп қайта жабылған есікті теуіп ашып, сыртқа атылды. Екі-үш аттап
барып, жүрелеп отыра кетті де, қосауызын аспанға қаратып, шүріппесін
басып-басып қалды. Ұңғының аузынан оқ жарқылдап, гүрсілдеген мылтық дауысы
құлақ жарды. Қоршаудан қатар секірген екі қасқырды көзі шалды. Мылтығын оқтап
болғанша екеуі де анадайда қараңдап, ұзап бара жатты. Қараңғыда көздей алмай,
соңдарынан жобалап атты. Түн тыныштығын қақырата сөгіп, қос-қосынан гүрсілдеген
мылтық дауысы, ауыл иттерінің абалап үргені көпке дейін басылмады.

Сол түні түйешілер Жағыпардың тағы бір тайлағының қасқырға
жем болғанын естіп, сақтана бастады. Әлденеше күн бойы аңдысқанмен, қасқырлар
да, жабайы иттер де еш жерден қара көрсетпеді. Осы жолы кез келген түйеші
Жағыпардың мылтығын атан түйеге айырбастап алуға бар еді. Ол қосауызын әйеліне
мықтап тыққызып тастады. «Мен жоқта балалар тимесін», - деп қайта-қайта
табыстады. «Ұқтың ба-ей, қатын?» - деп ықтырып та алды. Күйеуінің сырына қанық
сары әйел үндемей құтылды.

 

    7.

   Екі-үш күннен бері қарны қабысып, ашығып жүріп, кешегі
тапқан олжасы осы. Жерге бұратыла құлай кетіп, құйрығын бұлғаңдатып, аунап
тұрып, жақындай берген. Тайлақ оған оңай алданып, тайраңдап қаша жөнелген боп,
жайтаңдап қайта жақындап, ойнақ салды. Аққаншық жер бауырлап, басбағып жатып
алды. Бозтайлақ бір басып, екі басып, қасына өзі келді. Аққаншық тіке шапшып,
тамақтан ала түсті. Бозтайлақ тыраң етіп, тырапай аса құлады. Мойны қайырылып,
қайтып тұра алмай қалды. Аққаншық тайлақтың етінен тоя жеп, тұмсығын жалап,
белін қайқайта керіліп, басын кекжите көтеріп жатқан. Алыстан салт атты адамның
қарасын аңдап, бөксесін сүйрете, орнынан кирелеңдей тұрып, тобылғылы сайға
қарай жылыстады. Қалың тобылғы ішімен ұзап барып, Қарақиядағы елсіз ойпатты
бетке ұстады. Бұлың-бұлың елестің жетегіне еріп, жерге белуарлап шөккен баяғы
ескі мұнараны іздеді. Дөң асып, ойпатқа құлар тұста таныс сурет көзіне оттай
басылды. Ескі мұнара бұрынғысынан әлдеқайда аласарып, маңайын қоршай өскен
үкілі қамыстан сәл ғана бой асырып тұр екен. Түбіндегі шұқырға шалшық су толып,
көлбақаның құрқылдақ мекеніне айналыпты. Су бетін жасыл көпіршік жауып,
борсыған сасық иіс шығады. 

Аққаншықтың ескі мұнараны пана көріп, қауіп-қатерден
құтылғандай емін-еркін аунап-қунап жатқанына тәуліктен асқан. Алыстан еміс-еміс
талып естілген, иттің үргеніне ұқсас бір дыбысты құлағы шалды. Қамыс арасынан атқып
шығып, қалт тұра қалып, жан-жағына қадала көз тігіп, тың тыңдады. Көзінің
суағарлығына үймелеген шіркейлерді тісін сақ еткізіп, қақшып тастады.

Қыратта сағым кілкиді. Құлазып өлі тыныштық орнаған. Қанша
қадалғанмен көзіне ешнәрсе ілікпеді. Манағы дыбыс та қайтып естілмей қойды.
Аққаншық жер иіскелеп, қыңсылап, қамыс арасына кіріп жатты.

Көз алдында қызыл теңбіл ойнап, от ұшқындары әр-әр тұстан
жарқ-жұрқ ете қалып, лаулаған өртке ұласты. Денелерін от шарпып, қаңқылдап,
аласұрған иттердің елесін тағы көрді. Қарала, Шолаққұйрық, Ақтазы үшеуі өткен
жолғыдай отқа оранып, қыраттан бері асып, жанұшыра қашып келеді. Аққаншық
жерден басын жұлып алып қарағанда, лаулаған от ұсақ-ұсақ қызыл теңбілге
айналып, ыдырап жүре берді. Бірнәрсені қуып келе ме, әлде өздері бірдеңеден
қашып келе ме, әйтеуір андыздай жүгірген төрт-бес ит қыраттан бері асты.
Ойпатқа сол беттерімен зымыраған күйі екпіндей құлады. Олай-бұлай бұрылмай,
Аққаншық жатқан ескі мұнараға қарай туралап тартты. Ұзақ сүргіннен қажығандай
салаңдап, біркелкі жортады.

Иттер енді екі ұмтылса ескі мұнараға тұмсық тірейтіндей
жерге де келіп қалды. Осы екпіндерімен қамыс арасына қойып кететіндей түрлері
бар. Аққаншық арс етіп, иттерге қарсы секіруге оңтайланды. Төрттағандап, жерге
жабыса түсіп, азу тістерін ақситты. Иттер тұмсықтан ұстағандай болып, оқыс
тежелді. Топ басындағы апайтөс тарғыл төбет ырылдап айбат шекті. Құлағының
түбінен қан шыпшып, жаңа түскен жараның ізі білінеді. Жанындағы иттердің де
денесінде сау тамтық жоқ. Олар да сес көрсетіп, гүр-гүр етіседі. Аққаншықтың
жалғыз екенін аңдап, тықсыра бастады. Ортаға қусырып, қамап алып, бас салып
түтіп жеуге дайын секілді. Аққаншық олардан бұрын қимылдап, бір ытқып алға
секірді. Тарғылтөбет жалын күжірейтіп, арпалыса кетуге оқталды. Басқа иттердің
екеуі оң жағынан, қалған екеуі сол жағынан қусырып, қос қапталдан қауіп
төндірді. Аққаншық күтпеген жерден құйрығын бұлғаң еткізіп, Тарғылтөбеттің
қасына жетіп барды да, тұмсығын созып, омырауынан иіскеледі. Тарғылтөбет ырылын
күшейтіп, айбат шеккенмен, өзіне еркелеген қаншықты қапқан жоқ. Серіктеріне
алма-кезек көз тастап, қауіпті ештеңе байқамаған соң, Аққаншықты ол да иіскеді.
Иттер тез жуасып, бірі ши түбіне бұтын көтеріп, бірі көлеңке іздеп, өз
жөндерімен кетті. Тарғылтөбет бойын жинап ала қойып, арпылдай үріп, артына
мойын бұрды. Иттердің бәрі сол өздері келген жаққа жалт-жалт қарады.

Қырат үстінде буалдыр сағым кілкіді.

 

    8.

   Қасқырлар қыраттың үстіне шұбырып шыға келгенде, жабайы
иттер жып беріп, қамыс арасына тығылды. Құлағы салпиған сүліктей қара тазы
шұқырдағы суға қойып кетіп, малтығып кері жүзді. Манадан бері арпылдай үріп,
алыстан дөңайбат жасап жүрген Тарғылтөбет те ығыса-ығыса келіп, қамыс арасына
бой жасырды. Түз тағысынан беті қайта қоймаған, Қараламен бірге қасқыр алып
үйренген Аққаншық тапжылған жоқ. Жасыл отын жалт еткізіп, көздері шатынады. 

Басқаларынан қарасы ірілеу көрінген екі қасқыр дөңестеу
жерге қатарласа шоқиды. Біреуі үйірді бастап жүрген көкжал да, екіншісі оның
ұялас қаншығы сияқты. Тағы бір қасқыр алға озыңқырап жатқан, қалған үшеуі ары-бері
жортып, маңайды тіміскілеп қайтты. Алға озған қасқырдың жанына топталып,
көкжалдан белгі күткендей ошарылып, ақтық айқасқа сайланды.

Қалың қамысты салдыр еткізіп, Қаратазы беті ауған жаққа
періп ала жөнелді. Сол-сол-ақ екен, қасқырлар жылдам қозғалып, бері ойысты.
Қаратазы қашып құтылмасын сезгендей, жалт бұрылып, қаңқылдап, қайтадан ескі
мұнараға қарай құйғыта жүгірді. Аққаншық ыршып түсіп, азу тістерін сақ-сақ
еткізіп, желке жүнін дүрдитті. Бір сәт Қараланы іздегендей әуеге қарап, мойнын
созып, әупілдеп үре бастады. Тарғылтөбет Аққаншықтың алдын орап, оны денесімен
қорғағысы келгендей көлденең тұра қалып, артқы сіңірлі жуан аяқтарына салмағын
сала шапшып алға секірді. Бір басып, екі басып, қалқадан шыққан жабайы иттер
Тарғылтөбеттің маңына ұйлықты. Қаратазы да қыңсылап, сүметіліп келіп, екі иттің
арасына қыстырылды.

Қасқырлар жабайы иттерді тарпа бас салуға бата алмай,
анадайдан қайырылды. Бірақ сол жерде тұрып қалмай, басбағып, мысықтабандап
жылжи-жылжи, иттердің қасына тым тақау келді. Көкжалдың қыржелкесінде тал-тал
боп қайқиған көкшулан қыл да анық көрінді. Жабайы иттер ұйлығысып, бірін-бірі
итермелесе тіресіп, Тарғылтөбет пен Аққаншықтың ығына таласты. Құйрығын бұтына
қысып, белі бүкшиген Қаратазы сыналап ортаға кірді. Тілерсегі дірілдеп, бөксесі
бұратыла қисайып, жамбасы жер иіскеді. Онда да шыдап жата алмай, қыңсылап
сыртқа сытылды. Қаша жөнелмекке оқталып шеттей бергенде, оған сабалақ жүні
түлеп түсе бастаған бұралқы бір ит ілесті. Иттердің тобы ыдырап, қатары сетіней
бастады.

Ұрымтал тұсты аңдыған көкжалдың күткені де осы секілді.
Көздері от шаша, құлағын жымырайтып оқша атылды. Ашқарақтана анталаған
қасқырлап да лап қойды. Көкжал не қарсы шаппай, не жалтарып үлгермей қалған
иттердің тобына жасындай тиді. Қаймықпай арпалыса кеткен Тарғылтөбет пен
Аққаншық қана. Басқа иттер денесіне қасқырлардың тісі тиген соң барып ашына
жұлқысты. Көкжал Қаратазыны көтеріп соқты. Тарғылтөбет Көкжалдың ұялас қаншығын
құлақ түбінен тісін батыра тістеп, жерге тұқыртты. Аққаншық пен қайың қаптал
сұр қасқыр азуларын айқастыра салып, шайнаса кетті. Күш сынасқандай ырғасып
айырылысқан соң қайта шарпысты.

Көкжал Қаратазыны тастай беріп, ұялас қаншығын астына бұрап
жыққан Тарғылтөбетке ұмтылды. Қаратазы оқыс серпіліп, басынан аса секірген
көкжалдың шабынан ала түсті. Көкжал жалт бұрылып, тазыны бас салып қайта
бүктеді. Тарғылтөбет қаншық қасқырды жұмарлап, астына басып, орнынан тұрғызбай
талады.

Жабайы иттер мен қасқырлар ескі мұнараның төңірегін
ойран-топыр қылып, ұзақ арпалысты. Қайың қаптал сұр қасқырдың жақ сүйегі
опырылып, тұмсығынан дірдектей қа сорғалап, қимылсыз жатты. Қаратазының да
мойны қайырылып, жансыз денесі шаңға аунап қалды. Көкжалдың ұялас қаншығы
қансырап жығылса да, қасқырлар бел алып, жабайы иттерді мұнараның түбіне қарай
тықсырды. Әбден әлсіреп, қамысты жапыра қашқан екі ит қасқырларға оңай жем
болды. Сабалақ жүнді бұралқы ит сең соққандай сенделектеп барып, тұмсығымен жер
сүзе құлады. Қорқырап орнынан тұра алмай арпалысты.

Тарғылтөбет ортада қалып, жан-жағынан қаумалаған қасқырларды
кәрімен жасқап, жанталаса бұлқынды. Олай да, бұлай да сытылып кетудің жолын
таппаған соң, өлімге бас тіккендей сіресіп, күжірейіп, төрттағандап, қимылсыз
тұрды. Қауіпті қарсы беттескен қасқырлардан емес, ту сыртына шыға берген
Көкжалдан күтті. Келесі сәтте өзін қасқырлардың талап жейтінін, сөйтіп жарық
дүниеден мүлдем қарасы өшетінін түйсінді ме, жоны дірілдеді.

Бұл кезде Аққаншық ауыл иттерін шулатып, Боржақтының етегіне
ілігіп еді.

 

    9.

    Ертеңді-кеш ойпатқа көк мұнар тұнады. Мұнартқан ойпатқа
алыстан қараған адамның көз алдына теңіз елестейді. Қоңыр кеште кейде ол
мамырлап шөккен қазбауыр бұлтқа да ұқсап кетеді. Осындай сәттегі ұйыған
тыныштықты, кенет гүжілдеген мотор дауысы бұзды. Су таситын салдырлақ ескі
мәшине Боржақтыны белдеулеп келіп, шоқалақтап ылдиға құлады. Күтпеген жерден
бір жағына қисайып, аударыла жаздап, оңға бұрылды. Екпінін тежемей, заулаған
беті төменге, одан солға қарай жүрді. 

Дәл тұмсық астынан жон арқасы анда-санда ағараң ете қалып,
біресе олай, біресе бұлай бұлтара қашқан Аққаншық жеткізетін емес. Денесінде
сау тамтық жоқ. Қызарған дақ, қанның ізі көрінеді. Доқтырхан аяғын газдан
айырмай, рөлге жабыса түскен. Тұмар кабинаның терезесінен қылтитып басын сыртқа
шығарып отыр.

- Жолда жатыр тырп етпей... Қорықпайды-ей тегі... Жалғыз
қуғанның қызығы кәні... Екеулеп қуайық деп сені іздедім...

Шоқалақтаған мәшине кабинадағылардың өкпесін түсіре
солқылдатып, шофердің айғайлап сөйлегені құлақ сарсылтты. Аққаншық та бұлтаққа
салып, жеткізбей кетуге айналды. Доқтырхан ой-шұқыры көп жерде мәшинемді
аударып аламын-ау деп қорықпады. Газ бен тежегішті алма-кезек шірене басып,
рөлді жұлқа бұрып, «Водовозын» шырқ үйірді. Әрі-беріден соң қаншықты тірідей
ұстап алсақ деп қолқа салған серігіне жыны келді.

- Әй, мынау шаршатты... Мыжып өтейін бе?.. А?.. Мыжып
өтейінші...

- Қой, тоқта... Ана жер жазық... Оңға!.. Оңға бұр!..

- Сен де жалықпайды екенсің.

Аққаншық доңғалақтың астында қалғандай қаңқ етті. Тұмар
көзін тарс жұма қойып, мәшине кілт тоқтағанда төбесін кабинаның маңдайшасына
ұрып алды. Доқтырхан шынтағымен түйеші жігітті бүйірінен түйіп жіберіп:

- Ананы қара! - деген дауысы қарлығып.

- Қані?!. Қайда кетті?!.

- Өй, әне!.. Соқырмысың өзің?!.

Тұмар Аққаншықтың үш аяқтап, ақсаңдай қашып бара жатқанын
көрді. Аққаншық ұзай түсіп, жалт етіп артына бір қарады. Жаңа түйеші нұсқаған
жазыққа беттеп, одан ары ойпатқа құлдырайтынын аңдатты. Айналасы ат шаптырымдай
жазықта бір әрекет жасамаса, енді құтылып кететіні анық. «Барсын, бара берсін»,
- деді іштей. Доқтырханға тіс жарып үндемеді.

Доқтырхан мәшинесін көк түтінге қақалтып, газды түбіне дейін
тағы басты. Мәшине қиқалақтап, Аққаншық кеткен жаққа қарай бұрылды. Аққаншық
жазыққа шықпай, жаңбыр суы ескен жыраны жағалап, қиыстай тартты.

- Қуын қара, - деді Доқтырхан тістеніп. - Айласын асырмақ
бізден.

- Жанкешті екен, - деді Тұмар ерні кезеріп.

Тамағы құрғап, жұтына сөйледі. Доқтырханның көзіне қан
толғандай. Тарамыстай қатып, ширығып алыпты. Ит қуғанның қызығы тарқаған.
Бірбеткей жігіттің өші кеткендей өршелене түскеніне Тұмар түсінбеді. «Қыр
көрсеткені ме, әлде жалған намысқойлығы ма?» - деп ойлады. Өткендегі егестің
қоламтасын көсіп-көсіп жібергендей, аяқ астынан ол да қитықты. Осыған бекер-ақ
ердім... Осыған бекер-ақ ердім...

Аққаншық жырадан қарғып өтіп, ойпатқа төтелей салды.
Доқтырханға да керегі осы. Салдырлақ мәшинесі жазыққа табаны тиісімен жүйткіп
сала берген. Аққаншықты екі аттатпай қуып жетті. Әккі қаншық жанұшыра зымырады.

- Өзің келіп түстің бе қолыма?! Енді шайтан боп кетсең де
жібермеспін сені, - деп Доқтырхан жақ сүйегі шодырая тістеніп отыр.

- Байқа!.. Басып кетпе!.. - деді Тұмар. - Болдырып құлайды
қазір.

Бұлар мәшиненің жүрісін сәл тежеп, Аққаншықтан бір елі
қалмай ілесіп отырды. Артына жалт-жұрт қараған Аққаншықтың көзінен от
ұшқындады. Біраздан соң тілі салақтап, митыңдай жүгіріп, болдыра бастағаны
білінді. Әне-міне дегенше ойпатқа да иек артты.

- Тезірек!.. Алдын ора!..

- Ұстай алмаймыз бәрібір.

- Алдын орасаңшы... Айда тезірек...

- Ұстатпайды деймін.

- Тез!.. Тез!..

- Қазір!.. Қазір көресің қызықтың көкесін.

Доқтырхан мәшинесінің жылдамдығын арттырып, Аққаншықты басып
озды. Ойпат пен екі араға көлденеңдеп, шаңды бұрқырата жүрісін тежеді. Аққаншық
бұларды орағыта қашып, ойпатқа түсіп кетпек болды. Доқтырхан оны жарыса қуып,
ойпатқа беттетпеді. Аққаншық мәшиненің алды-артынан зып беріп өте шығатын
саңылау іздеді. Көзіне темір тажал боп көрінген мәшине бұл алға жүгірсе
қапталдаса кетіп, бұрыла салып, артқа қарай қашса, кілт тоқтап, кері шегініп,
жолын бөгеді.

- Тоқташы, Доқтырхан, мен жерге түсейін.

- Жындымысың. Талап тастайды.

- Мені талайтындай күш қалмаған шығар онда.

- Әне кетті!..

- Жіберме!..

- Қап!.. Бәлесін қарашы мынаның. Құтылып кететін болды-ау.
Әттең, мылтықтың жоғы...

Мәшине сәл кейіндеп қалған тұста, Аққаншық бойына тың күш
біткендей, ойпатқа жанын сала ұмтылды. Доқтырхан сақыр-сұқыр еткізіп, жылдамдықты
ауыстырып үлгерді. Аққаншық темір тажалға тісі батпасын сезді ме, сезбеді ме,
күтпеген жерден қарсы шапшыды. Терезеден мойнын соза алға ұмсынған Тұмар дауысы
тарғылданып, еркінен тыс айғайлап жіберді.

- Өлді!.. Басасың!.. Өлді!..

Доқтырхан сасқалақтап, рөлді ойпат жаққа бар денесімен қисая
бұрды. Иек астынан тіп-тік құлама беткей көрінді. Ол ес жиям дегенше, моторы
сөнген мәшине еңіске қарай салдыр-гүлдір етіп, қиқалақтап ала жөнелді.
Мәшиненің капоты да, есіктері де ашылып кетіп, екеуі екі жаққа қатар секірді.
Тұмар көз алдын қан жауып, тұмсығымен жер сүзе құлағанда, дәл жанынан
Аққаншықтың қаңқылдағаны, іле ырылдаған ызалы үні естілді. Одан арғысы
еміс-еміс есінде.

Аққаншық костюмінің омырауын дарылдата айырып, тісіне
іліккен жерін жұлып әкетті. Тұмар етбетінен аунап түсіп, еңбектеп өрге
тырмысты. Аққаншық балағынан тістеп, жұлқылап төменге тартты. Тұмар орнынан
тұра беріп, Аққаншықтың үстіне құлады. Бірі қаңқылдап, бірі айғайлап, жалаңаш
беткейге табан тірей алмай, екеуі де бірге домалады. Аққаншық Тұмарды етекке
домалап бара жатып та талады.

Дүние төңкеріліп жүре бергендей... Өңі ме, түсі ме,
белгісіз... Бір сәт жым-жырт тыныштық... Сүп-сүйкімді бір ақ күшік балағынан
тістелеп ойнағысы келеді... Әлдеқайдан ескі мұнара көлбеңдейді... Қарақиядағы
мұнара ғой деп ойлады... Баяғы өзіміздің мұнара...

Мұнар, мұнар, мұнара,

Мұнар басқан мұнара,

Мұнар баспай тұра ма...

Ескі мұнараның елесі бірде жақындап, бірде алыстап, бұлдырап
барып көрінбей кетті. Түйелі адам Тұмарды алдына мінгізіп, найқала қозғалып,
олар да бұл арадан бірте-бірте ұзай түсті.

Соңдарынан, түпсіз тұңғиықтан ба, алыс көкжиектен бе,
әйтеуір бір күңіренген дауыс көпке дейі естіліп тұрды. «Жер ойылып түспесе
жарады», - деді ол дауыс.

Жер ойылып түспесе жарады...

Жер ойылып түспесе жарады...

 

    10.

    Аққаншықтың күшіктегенін ел білді. Біреу көріп айтты, біреу
көрмей айтты. Әйтеуір, күшіктердің осы күні «Ескі мұнара» деп аталып кеткен
жердегі қалың қамыс арасында екені анық. Аққаншықтың күшігін асырап алуға
құмартқандар көп. Жеткені алады, жетпегені өкпелемес. Бәрінің топтасып барғаны
жөн. Жалғыз бару қауіпті.

Осы оймен Қадірлі, Жағыпар, Тұмар, Мұхит, Доқтырхан бесеуі
атқа қонды. Мәшинесі аударылғаннан кейін Доқтырхан шопырлық праводан айырылып,
түйеші боп кеткен. Ол қазір Жағыпардың мылтығын аттай қалап ала алмай жүр.
Жағыпар оқшантайын беліне байлап, шарт буынып, мылтығын өзі асынып келеді.
Бұлар Тұмардың Аққаншықты менің баяғы ақ күшігім еді дегеніне сенген жоқ.
Ешқандай айғақ-дәлелі болмаған соң, Тұмар да ешкіммен таласпады. Он ойланып, жүз
толғанып, ақыры өз көңілін ғана сендірген.

Жол бірталай алыс. Түйешілер ойпатқа жарты күн жүріп әрең
жетті. Мұнар көгілдірлене тұнып тұр. Жолды Қадірлі бастап келеді. Әйтпесе оған
Тұмар екеуінен басқалары бұрын мән бермеген. Жағыпар мал қарап жүріп, алыстан
бір көргенім бар дейді. Ескі мұнараның түбіндегі нар қамыстың атты кісінің
бойымен теңесіп, биік өскеніне бәрі таңқалысты.

Түйешілер қалың қамысты атпен аралап, күшіктер жатқан жерді
таба алмай, Қадірлінің қасына қайта жиналды. Бекер әңгіме болды ғой десті.
Желігі басылып, Доқтырхан мен Мұхит аттың басын ауылға бұрды. Мал бар, жан бар,
соған алаңдайды. Қадірлі сонша жігітті бастап келгенде, қалай құр кетейік деп
кібіртіктеп тұр.

- Ойбай, әне! - деді Жағыпар ат үстінде қопаңдап.

Қамшысының тобылғы сабымен қамыстың шетін нұсқады. Аққаншық
ол нұсқаған тұстан ары таман, қалыңның ішінде жатқан. Жағыпар сол жердегі
қамыстың салдыр ете түсіп, қозғалып кеткенін байқап қалып еді. Түйешілер
аңтарылып тұрғанда ол жан-дәрмен мылтығына жармасты. Затворын сартылдата оқтап,
тұспалдап атып жіберді. Аққаншық қаңқ етіп, үні өшті. Мылтықтың гүрсілі құлақты
бітеп тастағандай, айнала төңірек тып-тыныш бола қалды.

Аққаншықтың денесі суи бастағанда күшіктері қыңсылап,
бауырына жармасты. «Қап, әттеген-ай!» деп Қадірлі қарадай өкініп, бармағын шайнады.
Өкінгенмен амал не, күшікке таласқан Жағыпар оған пысқырып та қараған жоқ.

Түйешілер тобын жазбай, Жағыпарды алдыға салып, ауылға
қайтты. Қойындарын жылытқан бір-бір күшікті барлығы олжа көрді. Олар құлама беткейге
өрлегенде күн сәскеден ауып, ойпаттан мұнар сейілді.