ВЕРНУТЬСЯ

   Малқарбай деген бір азамат мемлекеттік тәртіп
министрілігінің аудандық басқармасына жауапты қызметке орналасты.

    - Жұрт ойлағандай
ғой сенің ақшаң жоқ, - деді басқарма бастығы Жартыбай деген азамат.

    - Кепілге басымды
қойдым ғой, аға, - деді Малқарбай әлдеқайтедімен көзі алаң-ғұлаң етіп.

    - Жұрт ойлағандай
ғой сен маған пара берген жоқсың, - деді Жартыбай даусы құмбылданып.

    - Жоқ, бергем жоқ,
аға, - деді Малқарбай қысылыңқырап.

    - Бір ай сынақ.
Содан соң көреміз, - деп Жартыбай әңгімені қысқа қайырды.

    Уағдаласқан
уақытта Малқарбай бастығының кабинетіне қолтырауын терісінен істелген сырты
бұжыр-бұжыр бір қара сөмкені алып кірді. Сөмкенің бүйірі қабысыңқырап тұр екен.
Жартыбай оны салмақтап көрді де:

    - Осы-ақ па? -
деді.

    - Иә, тексеретін
жерлерді түгел тексеріп шықтым. Жиған-тергенімді түгел салдым, - деп алақанын
қаққыштады Малқарбай.

    - Қанша? - деді
Жартыбай қадалып.

    - Бір жарым
килодай бар, - деді Малқарбай.

    - Жарайды, бара
бер, - деді Жартыбай.

    Өзі биік столының
астына еңкейе берді де жоқ болып кетті.

    - Үстіне бірдеңе
қоспасам, мынанікі аздау сияқты ғой, - деген дауыс естілді стол астынан. - Килолап
есептеген де бір пәле екен. Сабан ақшаның кезінен қалған әдет қой баяғы...

    Қара сөмкенің
бүйірі қампайыңқырап қалды. Жартыбай оны облыстық басқарманың бастығына алып
барды. Облыстық басқарманың бастығы Есентай деген азамат қара сөмкенің сағасынан
сығымдай ұстап:

    - Қанша мынауың? -
деді.

    - Үш килодай бар,
- деді Жартыбай нықтанып.

    - Өткендегіден
жарты кило асыпты, жақсы екен.

    - Бір жарым
килосын жұмысқа жаңа тұрған Малқарбай жинап берді. Анау Әлекен, тіс қаққан
пәле, уысынан ештеңе шығармайтын болды қазір. Бергені жарты-ақ кило. Қалғанын
салықшылар мен кеденшілерден алдық.

    - Жәрайды, бара
бер, - деді Есентай оған сыр бермей күжірейіп.

    Өзі алдындағы қара
түймені басып қалып:

    - Мен жоқпын,
ешкімді кіргізбе, - деді барқ етіп. - Жоқ, шәйіңнің керегі жоқ. Өзің де кірме.

    Есентай
зілсандықтың өзінің туған күні мен туған жылынан тұратын құпия сандарын
дөңгелетіп теріп шықты. Ілгек ашылғандай сырт еткен дыбыс естілді. Есентай
дөңгелек тұтқаны бір айналдырып, тартып қалды. Әжептәуір күшпен ашылған
зілмауыр есіктің ар жағынан бірінің үстіне бірін үйіп тастай салған бірталай
сөмке көрінді.  Ол кабинетте өзінен басқа
ешкім жоқ болса да, зілсандықтың аузын 
бар денесімен қалқалай қойды. Әр сөмкеден бір килодан алып,
терлеп-тепшіп жатып, қара сөмкенің салмағын он килоға әрең жеткізді.

    Торсиған қара
сөмке ертесі күні сағат тоғызда министрдің алдында жатты.

    - Қабылдау
бөлмесінде бейсауат ешкім жоқ па? - деді министр шегір көзімен Есентайға тесіле
қарап.

    - Құдай сақтасын,
өкшем таза, - деді Есентай сенімнен шығып қалдым ба деп қапалақтап.

    «Өкшем таза»
дегені - «соңыма түскен ешкім жоқ» деген сөз.

    - Е, жәрайды,
менің де өкшем таза, - деді министр маңғазданып. - Мұнда қанша бар?

    - Он кило...

    - Әй, аз ғой
мынауың?

    - Түстен кейін
тағы екі кило әкеліп қосамын...

    - Неге кешіктіріп
жатырсыңдар?

    - Бір аудандағы
бастық құлақтан теуіп кетті.

    «Құлақтан тепті»
дегені - қара базардағылардың сөзі, «алдап кетті» дегені.

    - Неге өйтті ол?

    - Жұмыстан қуғалы
жүргенімізді білген шығар.

    - Тез құтыл онда.

    - Мақұлықпыз,
мақұлықпыз, министр мырза.

    Бұл -
«мақұл-мақұл, министр мырза» деген сөз.

    - Бұдан кейін
түгел жинап беріп тұрыңдар. Әйтпесе, Премьер-министр бұлар суыққолды екен,
маған жеткізбей қымқырып жатыр деп ойлап қалар.

    - Қаққанда
қанымызды, соққанда сөлімізді алып жатыр ғой енді.

    - Жә, жәрайды. Ол
сенің шаруаң емес. Бара бер.

    Министр алдындағы
көп нүктенің бірін басып қалды.

    - Маған кіріп
шығыңыз.

    Ол шақырған адамы
келгенше қара сөмкенің тоқ сауырынан қимағандай аялай сипап отырды. Шақырған
адамы - өзінің орынбасары екен. Көп күткізбей емініп жетіп келді.

    - Есікті нықтап
жап, - деді министр.

    - Сізге «тұмау
тимейді», - деді орынбасары.

   Мұнысы - «есікте
саңылау қалған жоқ, ешкім ештеңе естімейді» дегені.

   - Төгіңіз мынаны, -
деді министр.

   - Өткендегідей ойын
ба? - деді орынбасары.

   - Иә, қазір талап
күшті. Бұрынғыдай пара жинауға болмайды. Өстіп ойнай тұрайық, - деді министр.

   Орынбасары қара
сөмкенің аузын сырт еткізіп ашты да, ішіндегісін столдың үстіне ақтара салды.
Мұның бәрі соңғы айда тіркелген қылмыстардың тізбесі мен жемқорлыққа қарсы
қалай күресеміз деген ой-пікірлер, арман-қиялдар жазылған қағаздар екен.

    - Бұған басқа
облыстардікін қос. Үштен екі бөлігін Премьер-министрге апарып берейік, қалғаны
өзімізге қалсын, - деді министр.