ВЕРНУТЬСЯ

    Селк етіп артыма қарадым. Есік көзінде состиып келіншегім,
үрпиіп екі балам тұр. Қолаң шашы қобырап, ашаң жүзі жүдеу тартып, ашық
маңдайына аз күнде-ақ әжім із тастай қалыпты. Ес білер жастағы екі балам да
маған томсарып, жатсырай қарайды. 

- Бізді шығарып салуға уақытың жоқ шығар.

Келіншегімнің дауысынан салқын сыз білінді. Мен оған алая
қарап, мелшиіп отыра бердім. Ол жазғы демалысында балаларды ертіп, төркіндеп
ауылға кетіп бара жатыр еді. Жылдағы әдеті сол, тек бұрын соңында сүмеңдеп мен
еріп жүретінмін. Туа жетім мен байғұс әуелгіде әжептәуір-ақ емексігем. Бірақ
жыл өткен сайын бөтендігі өз-өзінен біліне берді.

Біз-дағы жартасқа ұя салған құс тәрізді едік. Құстардан
айырмамыз сол, ұшарға қанатымыз жоқ. Биік таулармен бой жарыстырған көпқабатты
тас үйлердің бір қуысында ұрпақ өрбітіп, бұйырған дәм-тұзымызды татып тұрып
жатырмыз. Құс-әкені осынау биік жартастағы ұяға жалғыз тастап бара жатқан
Құс-ана:

- Қайда кетер дейсің, табылар ол қарындасың, - деді
ұрғашылығын істеп.

"Ол қарындасың" деп әдейі бөтенсітіп тұр. Бір кіндіктен
емес, асыранды қыз екенін бетіме басқан түрі.

- Сен... Сен сыйдырмадың бұл үйге... - дедім тістеніп. -
Әйтпегенде... Теріс жолға түспес еді...

Менің де жетісіп тұрғаным шамалы. Бұл үйге мен де жетімдер
үйінен келгем. Өгей шешеміз - сол жетімхананың кіреберісінде әркімге бір
айқайлап ұрсып отыратын қара кемпір алдымен мені бауырына басқан. Бір күні
сабақ оқып отырған үстіме қызылтанаулап, өшкені жанып, өлгені тіріліп келгендей
бақырып-шақырып айғайлай кірді.

- Сенен ауса неғыл дейсің... Бір әке, бір шешеден
туғандай...

Сабақпен басым қатып отырған мен оның сөзіне аса мән бере
қойғам жоқ. Ол жазу үстелінің қасындағы ағаш орындыққа кең етегі жайыла жалп
етіп отыра кетті.

- Апатай, ертең емтихан ғой. Оқуға түсе алмай қалсам
қайтесіз? - дедім сомадай басыммен арсалаңдай күліп.

- Жалғыз қайтіп тастап кетем мен сені? - деп кемсеңдей қалды
апам. - Сен ғой азамат болдың. Ол мектепке енді барады екен. Аман-есен өссе,
қолғанат болады ғой.

- Не айтып отырсыз, апа? Кітабымды кері ысыра салып бетіне
таңырқай қарадым. Жетімханаға біреуді әкелсе болды, сол маған ұқсап шыға келеді
екен.

- Жоқ, айналайын... - деп ол кісі енді шынға көшті. - Бұл -
тұп-тура сенің қарындасың. Жалғыз жүрмейтін болдың енді.

Кейін әкелгенде көрдім, сол жақ шекесінде дәл менікіндей
жапырақтай қалы бар екен. Елде жоқ, жұртта жоқ Сакура деген есімі де тосындау
көрінді. Апамыз көп ұзамай дүниеден озып, артында аңырап шын жетім болып Сакура
екеуміз қалдық. Арада бес-алты жыл өтіп, мен институт бітірген соң, маған жар,
оған жеңге болып, апамыздан мұраға қалған құжыраға екеумізге де бөтен біреу келіп
кірген. Бар болған-біткені осы.

- Мен де біреудің қарындасы емеспін бе, - деді келіншегім
жаңағы айтқан сөзімді елемегендей, табалағандай жақауратып. - Мүмкін...
артымыздан келерсің... керек болсақ...

Зілмауыр емен үстелдің басында мелшиген тас мүсін бәрібір
қозғалған жоқ. Алла тағала құқық жағынан артық жаратқан Құс-еркек өмірдегі тап
келген бұл бақытсыздығын ұрынарға қара таппаған соң, өзінің әлсіз көшірмесі -
Құс-әйелден көргендей түрі бар. Балапандарын ерткен Құс-ана көзден ғайып болды.
Көзімнен тырс етіп бір тамшы жас домалап түсті.

Кеудемнен өрге қарай бір ыстық жалын лап қойды да, көзім түк
көрмей кетті. Шеңбірек атқан қызылды-жасылды кемпірқосақ па, көпіршіп қайнап,
балқып тасыған қызыл жалқын қорғасын ба, шашылып түсіп, секіре домалап бара
жатқан баданадай-баданадай қызылала моншақтар ма - әйтеуір көз алдымдағының
бәрі қып-қызыл.

 Сүлдерімді сүйретіп,
терезенің алдына бардым. Көшеде жаяу адамнан мәшине көп. Қым-қуыт сапырылысып,
ары-бері ағылып жатыр. Желдеткішті ашып қалып ем, газ бен түтіннің қоңырсық
иісі қолқамды қапты. Ары-бері мойнымды созып қарап, аялдамадан балаларым мен
келіншегімді көре алмай, тағы қамықтым. Iшім удай ашып қоя берді

                                                    
*     *       *.

Ол таспиығын қолына алды. Сүйріктей саусақтары жып-жып
етеді. Содан соң оқыс тоқтай қалады. Сол тоқтаған жерінде бір түйін бар.
Таспиық шиеленісіп, бес-алты тасы бөлек түйінделіп тұр.

- Айналаңызда пендешілік көп екен, - деді көріпкел келіншек.

- Адамдардың бәрі пенде ғой, - дедім мен.

Ол алақандай үлкен көзімен алайып бір қарады. Онысында
ешқандай реніштің белгісі жоқ, өзімсініп, іштартып, магниттей аясына тартып
алды. Сол-сол-ақ екен, мен тас қараңғы түнде фар жарығы шалған қояндай
тыпырладым да қалдым.

- Дос-жарандарыңыз сіздің көзге түскеніңізді қаламайды,
осылай елеусіз жүре берсе екен дейді.

Осы сәт мені сайтан түртті. Көріпкелдің арбауынан жып етіп
шығып кеттім. Е, оны өзім де білемін. Кез келген адам көзді жұмып отырып-ақ
айтуға болады мұны. Адамдардың бәрі сондай, маскүнем де өзін өзімен бөтелкелес
маскүнемдер көре алмайды, қызғанады, менің кісі болғанымды қаламайды деп
ойлайды. "Соларға ерегісіп, күйіктен ішемін" деп, көйлегінің омырауын
қараптан-қарап тұрып қақ айырып салады.

- Бағыңыз ашылайын деп тұрғанда, сізді біреу орға итерген
екен. Содан оңбай сүрініпсіз. Мінгеніңіз тұлпар, ұстағаныңыз сұңқар болыпты.
Сүрінгенде тұлпарыңыз ақсаған, сұңқарыңыздың қанаты сынған.

Таспиықтың құмалақтай-құмалақтай тастары көріпкел
келіншектің сүйрік саусақтарының арасынан сырт-сырт аунап, тізбектеліп өтіп
жатыр. Мен өзімді-өзім еркін билеп алғанмын, көзім таспиықта болғанмен, көңілім
басқада. Көріпкел келіншектің бұл айтқандары да жаңалық емес.
Жығылған-сүрінгеннің бәрі өзінің жіберген қатесін өмірі мойындамайды. Жақынын
жатқа санайды, жатпенен жауласады. "Мені шалған, сүріндірген сол", - деп
кектенеді.

- Сізге қатты ашулануға болмайды.

Күліп жібере жаздап, өзімді өзім әрең тежеп қалдым.
Ойпырым-ай, осындай да көріпкелдік болады екен. Шырпыдай тез тыз ете қалатын
мен қалай ашуланбай жүре аламын. Лап етіп өртеніп, быж етіп сөне қалып жүргенім
жүйкемнің тозғандығынан да емес. Мені көре алмайтындар, менің өспеуімді
тілейтіндер, мені аяқтан шалатындар мынау жарық жалғанда жыртылып айырылады
емес пе?

Көріпкел келіншек қабағын шытынды. Қап-қара қасы қайшыласа
қалды. Өңін суық ұстап, қабағын шытынғаны өзіне жарасып тұр. Менің оған
сенбегенімді, басқалардай елпек қақпай, мерейімнің өзінен үстем болып отырғанын
аңдаған тәрізді. Иә, мен оп-оңай қалпақпен ұрып алатын боркемік, осал адам
емеспін. Дәтім берік, дінім қатты адаммын.

- Тәубә де! Тәубәңа кел! Сен жазыласың, - деді көріпкел
келіншек.

- Қалай жазыламын мен? - дедім тұла бойым өртеніп,
күйіп-жанып.

Жаңағы астамшыл ойдың ізі де қалған жоқ. Кенет "мына
көріпкел бірнәрсені айтып қала ма?" деп үрейім ұшты.

"Бұл оны қайдан білсін?!" - деп, ой мен ой таласа кетті
басымда. Көріпкел келіншектің тастай қатты уысында шыбын жаным шырқырап, басым
мәңгіп, арбалып отырғанымды еміс-еміс сезгендей болдым. Арбаудың ықпалынан шыққым
келіп, тыпырлап, енді-енді ес жия бергенімде, көріпкел келіншектің жүзі шынымен
де нұрланып, жұмсақ жымиып:

- Сіздің жүрегіңіз үлкен. Дертіңіз ең жақын адамыңыздан
келіп тұр. Адасқан бейбақты қашан шын көңіліңізбен кешіресіз, сол кезде бұл
дертіңізден де құлан-таза айығасыз. Қане, кешірдім деңізші, - деді мейірленіп.

- Жоқ!.. Не айтып отырсыз?.. Менің ешкімім жоқ... Мен жетім
өскем... - дедім таңдайыма кермек жастың дәмін алып.

- Солай ма еді... Мына құмалаққа басқаша түсіп тұр ғой...

- Жоқ!..

Бойымды оқыс жиып алдым. Қолымды ербеңдете сермеп қалып,
сыртқа шыға жөнелдім. Абырой болғанда, есік алдында ешкім жоқ екен. Төңірек
қоңырайып, ымырт үйіріліп қалыпты.

"Кешірем ғой... Кешірмей қайда барамын..." дедім күбірлеп.

 

* * *

Тентек болған тоқтыдай айналып-айналып, көріпкел келіншекке
қайтып келдім. "Осы келіншектің көзі неге үлкен?" деген таңданыс бөлмеге
менімен бірге жарыса кірді. Сол кіргеннен-ақ мен қызыл ала кілем жабылған
жұмсақ орындықта әлдекімді күткендей бойын жинақы ұстап, тіктеліп, есікке қарама-қарсы
отырған келіншектің алақандай көздеріне жұтылып кете бардым.

- Алты қырдың астында қалған адал көңіліңіз бар екен, - деді
ол қолындағы таспиығын тізбелеп. - Содан бастап сізге қарау көлеңке ілесіп
алған. Ол сізден бұрын ойлайды, сізден бұрын сөйлейді.

- Рас болса, мен енді одан қайтіп құтыламын?

- Әлгі мен айтқан ең жақын адамыңызды шын ниетіңізбен
кешірген күні адал көңіліңіз өзіңізге қайтып оралады.

- Iздеп жүрмін ғой. Сол іздегенім кешіргенім емес пе?

- Жоқ, сіз оны іздеп жүрген жоқсыз. Сіз өзіңізді іздеп
жүрсіз. Өзіңізді тапқан соң барып қана кешіресіз оны. Ал тап қазір оны іздей
қоятындай халде емессіз. Өз ар-намысыңызбен алысып, әбден қалжырап, ауруға
шалдыққансыз. Шаршағаннан тыныққыңыз келгенде арқаңызға жабысқан қарау көлеңке
бүйіріңізден түртіп қалады. Осынымды өтірік деңізші, қане.

- Рас, айтқаныңыздың бәрі рас.

- Ендеше, мен сізге мынаны айтайын. Сіз ақиқат шындықты әлі
толық мойындаған жоқсыз. Тек содан қорқып, үрейіңіз ұшумен ғана жүрсіз. Міне,
көрдіңіз бе, таспиықта тағы да бір түйін қалып тұр. Бұл түйінді екеулеп
шешуіміз керек. Сонда бәрі де орнына келеді.

- Ол үшін мен не істеуім керек?

- Мен сізге ең жақын адамыңыздан бір дерт келгенін білем.
Сіздің оны кешіре алмай жүргеніңізге де көзім анық жетіп отыр. Бірақ оның кім
екенін, сіздің жаныңызды жаралайтындай не істегенін білмеймін. Оны маған қазір
өзіңіз айтып бересіз.

- Онда бұл түйін шешілмейтін болды десеңізші.

- Жан түкпіріңіздегі жегі құрт қой ол.

- Онда... Онда... Сіз өзіңіз сұрап көріңіз...

- Сұрайын онда...

- Сұраңыз...

Көріпкел келіншектің ту сыртындағы қабырғаға көзім түсті.
Қаракөк аспан, жыпырлаған жұлдыз. Өткен жолы келгенімде бұл суреттің
болған-болмағанын есіме түсіре алмай отырмын. Көріпкел бұл суретті келген
адамды әсерлендіру үшін ілген болар. Осының өзі күпірлік. Мен аспанға, ғарышқа
тән адаммын, сен жер басып жыбырлаған бейшара пендесің деп тұр. Бірақ Алла
тағала өзі қалаған адамының бұл күпірлігін кешіретін де болуы керек.

Бұл менің көріпкел келіншекпен іштей тайталасқандағы түрім
еді. Ол менің бұл пендешілігімді сезсе де, сезбесе де, назар аударған жоқ.
Алдындағы ақжаймадан таспиығын қайтадан қолына алды да, тізбелей жөнеліп, әлгі
түйінге тағы тірелді. Содан соң әуезді, жұмсақ үнмен сыпайы ғана тіл қатты.

- Бәрін басынан бастайық. Сіз маған бәрін қайталап айтып
беріңіз.

- Нені айтамын?

- Азан шақырып қойған есіміңізді айтыңыз.

- Азан шақырған-шақырмағанын білмеймін. Бірақ атым - Есқат.

- Әкеңіздің аты кім?

- Әкем жоқ.

- Әкеңіз жоқ болса да, аты бар шығар?

- Жоқ, аты да жоқ.

- Жарайды, жасыңыз қаншада?

- Қырық бірдемін.

- Iздеп жүрген адамыңыздың аты кім?

- Сакура...

- Оның сізге қандай жақындығы бар?

- Жақын... Одан басқа жақыным жоқ...

- Кіндіктес пе?..

- Оны неге сұрадыңыз?..

- Айта беріңіз...

- Жоқ... Жетімханадан асырап алғанбыз...

- Жәй сұрағаным ғой...

- Соңымнан ерген... қолымда өскен...

- Одан қалай айрылып қалдыңыз?

- Көріпкелсіз ғой, өзіңіз таппайсыз ба?

- Мен білем. Бірақ сіз өзіңіз айтыңыз.

- Жоқ, айта алмаймын.

- Қорқасыз ғой. Шындықты айтуға қорқасыз.

- Қорықпасам ше?

- Онда маған тура қараңыз.

Көзіміз түйісіп қалды. Құдай-ау, көзі неткен үлкен. Аялы,
шаралы көзімен ол маған елжірей қарап отыр. Сакураға да мен өстіп елжірей
қалушы едім. Оның шашы көмірдей қап-қара болатын. Қасы да көмірмен сызғандай
еді. Кішкене кезінде де жәудіреген жанарына түпсіз мұң тұнып тұратын. Бұл
қыздың елден ерекше қандай мұңы барын біле алмай әлекке түсетінмін.
"Жетімдігінен шығар" деп бір кесек өксік тамағыма тірелетін. Оның өмірдің
сырын, өтті-кетті екендігін ерте біліп, айналасындағы жасандылықтың бәрін
жатырқап өскендіктен пайда болған мұң екенін мен кештеу сездім. Сакураның біздің
жақта неге теңіз жоқ екенін сұрағаны, жазушылардың неге өмір туралы қызығып
оқитын керемет бір кітап жазбайтынына таңырқағаны, аулада күндікке иіріліп
отыратын көп-көрім жігіттердің неліктен маскүнемдікке салынып жүргендерін
түсіне алмағаны - бәрі-бәрі де есімде.

Сол қыз, сол жәудіреген жанарымен состиып алдымызда тұр.
Қасында төрт-бес бойжеткен бар. Алабұртқан жүздерінен шараптың буы білінеді.
Аяқтарына сүйретпе іліп, иықтарына жеңіл халат жамылған. Әлі ештеңенің парқын
айырып болмаған жап-жас қыздар барлығы. Бөлменің іші көкала түтін. Мұнда
қыздармен кездесуге ырқыл-жырқыл күлкімен келген біз тосылып қалдық. Талай
келген жер, талай көрген көрініс, талайғыдан ет үйренген ырқыл-жырқыл күлкі.
Жәудіреген қалқа қыз сол ортада состиып тұр.

Әлдекім жалаңаш тәнді жарқырата көрсетіп жатқан теледидарды
лып еткізіп сөндіре қойды. Әлдекім өп-өтірік "ой, мама" деп, жалаңаш иығын ақ
сейсеппен қымтаған болды. Ол болса, лыпасын тез-тез жиып ала қойып, ошарылып
тұрған жігіттердің арасымен бетін басып, сыртқа тұра қашты. Сол кеткеннен мол
кетті, ізім-қайым жоқ.

- Жағдай осылай болып тұр, - дедім мен ұнжырғам түсіп.

- Енді жеңілдеп қалған боларсыз, - деді көріпкел келіншек.

- Өлі-тірісін біліп бере алмайсыз ба? - дедім мен жәутеңдеп.

Көмейіме кептелген бір түйіртпек ып-ыстық болып еріп жүре
берді. Сакураны аяп, аңсап, сағынып отырғанымды жаңа түйсіндім. Көріпкелге өз
аузыммен айтып берген әңгімеммен бірге іште қатқан беріш те жіпсіп, жуылып,
шайылып кеткен тәрізді. Ойымда да ешқандай зіл жоқ. Бар ынтам Сакураның бір
хабарын білуге ауып, шын, адал көңіліммен емексіп отырмын.

- Iздеген адамыңыз бұл жарық дүниеде жоқ енді, - деді
көріпкел келіншек өңін қатайтып. - Сізге керегі де осы болатын. Тілегіңізді
сізді қинамай сол күні өзі-ақ жүзеге асырған екен.

Көріпкел келіншектің қолындағы таспиығының түйіні осы сәтте
тырс етіп шешіліп кетті.