ВЕРНУТЬСЯ

    Біздің ауылда қартаңдау бір момын кісі бар еді. Қашан көрсең де көзін жерден алмайды, басын бір көтермейді. Аяғының астына сүзіле қарап кетіп бара жатады. «Осы қайнағамыз алтын ине жоғалтқаннан сау ма?» − деп күлетін келіндері. Сол адам өмірінде ешкімге дауыс көтеріп сөйлеп көрмепті. Сөйтсе де туған-туыстары да, көршілері де оның айтқанын бұлжытпай орындайды екен. Адам таза болса, айналасы содан-ақ қаймығатын болса керек.

  Ол осыдан жиырма жыл бұрын о дүниелік болып кеткен. Қоңырқай өңді, болмысы қарапайым кісіні мен сол ағамызға бір көргеннен ұқсаттым. Қоңырқай адамдардың момын көрінетіні, бірден шүйіркелесіп сөйлесе кетпейтіні белгілі. Ол да, мен де ашыла амандаса алмай, іркіліп қалдық. Бірақ, жанай қарағанының өзінде қой көзінің жасыл оты шоқша қарып өтті. Біртүрлі салқын қабақ арамызға жардай боп орнай қалды.

  Әмпей-жәмпей менде жоқ, әке-күке онда жоқ. Қараптан-қарап жүріп адамдар да бір-біріне осыншалық суық тартады екен. Ой басқан еңсе зіл тарта тағы бір қарсы ұшырасқанда, амандасқым келіп ұмсындым. Ол да шапаты бойымен еңсеріліп, сәлемімді алуға ыңғайлана бергенге ұқсады. Әлдекім араға арбаң етіп килікті де, ықшам тұлғаны жалпақ жауырынымен қалқалап әкетті.

  Үшінші жолы мен көрмеген болдым, ол да елемеген кейіп танытты. Сөйтіп біз бір ортада жүрсек те көңіл бұрып амандаспауға үйреніп алдық. Еңкіштеу еңсесін ой жаншып, еңкейіңкіреп кетіп бара жатқанын көрем де, ауылымыздың әлгі қарты есіме тағы түседі. «Осы қайнағамыз алтын ине жоғалтқаннан сау ма?» деген сөзді күлсе де келіндері сүйініп айтатын еді ол кісіге. Аға жасындағы мына кісінің де жұртқа жағымы барын байқай бастадым. 

  Мұның алдында ол билік партиясынан кеткен, кейінірек оппозицияның әлдебір үйлестіру кеңесін тастап шықты. Соның екеуінде де оның абырой-беделіне қылаудай да нұқсан келген жоқ. Себебі, билік партиясынан көпшілік айтып жүрген сынға қосылатынын мәлімдеп кетті. Ал, оппозицияның үйлестіру кеңесінен олардың көпшілігі тілді білмейтінін, ұлтқа қызмет ете қоярына күмәні барын айтып ірге бөлді. «Сен сөйттің» деп ешкім бетіне келе алмады сонда, қатардан кеткен басқа азаматтар сияқты басы дауға да түспеді. Өмірде таза адам болудың қандайлық салмағы барын кейбіреу сол жолы сезінді, білем.

  Әсілі, көзқарасы берік қалыптасқан тұлға топтан да, тобырдан да, партиядан да биік тұрады. Өкінішке қарай, ондайлар арамызда жоқтың қасы, жеке тұлғалық қасиеттер кеңестік кер заманда кептен безген. Аңсап күткен тәуелсіздік те тау тұлғаларға аса мұқтаж емес екенін әу бастан-ақ аңғартқан. Осы орайда өзім «отымен кіріп, күлімен шыққан», сексен жылдан астам тарихы бар бір газет туралы: «Бұл басылымның мәртебесі партиядан биік, деңгейі де сіздерден әлдеқайда жоғары»,− деп айтып қалған бір сөзімді еш уақытта қайтып алмақ емеспін.

  Сол сияқты, ол кісінің де елден ерек абырой-беделі бір күнде жинала салмағанын іштей түйсініп, сырттай сыйлап жүргем. Қолымда өткір газет барда жақсылығым өтіп еді дей алмаймын, бірақ жамандығым да болған жоқ. Ол біреудің қайырым жасағанына мұқтаж да емес еді. Өзіне қатысты жайттарды да барды бардай, жоқты жоқтай әділ қабылдайтын адамның жүрегі кіршіксіз таза-тұғын. 

  Ол өмірден өткенде «қап, осы ағамызбен араласа алмадым-ау» деген бір ауыр сезімде болдым. Алайда, арада біразғантай уақыт өткенде екеуміздің бірге түскен суретіміз қолыма тие қалды. О ғажап, мен кесе ұстап, ол бар ықыласымен жадырай күліп, кесеме су құйып беріп тұр екен. «Осы ініме бір ағалық қызмет жасап жіберейінші» деп, әлденеге іші жылыған кезі шығар, бәлкім. Суретті көрген бетте көкейдегі күмән тарқап сала беріп, біртүрлі бойым жеңілейіп қалды. Біз жақсы ағамыз екеуміз үнсіз-ақ түсінісіп жүрген екенбіз, сөйтсем.

  Бірақ, енді естелік жазайын десем, ол тағы да бөтен сияқты көрінеді. Есіме ештеңе түспейді, ойыма оралмайды. Бөтен екені бөтен, бірақ онсыз көңіл жарым, жадау және жалғыз...