ВЕРНУТЬСЯ

    Бетiне төнiп кеп кетiп, 
төнiп кеп кетiп,  арса-арса бiр
кемпiр  төсегiнiң басында түртiнектеп жүрiп
алды.  Бөтен болса да  Қарабала одан еш қорыққан жоқ, мұнда
таныс-бейтаныстың айырмасы шамалы.  Тек
кемпiрдiң  жалбыраған шашының ұшы
бет-аузын  жыбыр еткiзе қытықтап өткенде
тыржиып, ептеп шiмiркендi. Сойдиған  жалғыз
тал тiсi мен  араның ұясындай ішінде
әлдене құжынай үңiрейген аузынан тiтiркенгендей болды. Соның өзiнде де   бала 
шошына қоймады,  қайта кемпiрдiң  қылдырықтай мойнына асылғысы келiп талпына
бердi.  Сөйтiп жатып  ояна келсе түсi екен,  бiрақ қасында 
шынында да түртiнектеп бiреу жүр және 
тымпыңдап тынбай сөйлеп жүр.

- Сүйкiмiң  өзiңе сор
болған, қарағым-ай. Анау келiп бiр әкетем дейдi,  мынау келiп бiр әкетем дейдi. Осы балаға-ақ көзi
түскiш бәрiнiң.  Шетелге әкетедi деп
едi,  ауылдан тағы бiреу  iздеп келе қапты ғой.

Қарабала төсегiнен 
салдыр-сұлдыр, шалдыр-шұлдыр, қаңғыр-күңгiр ұшып тұрды.  Салдыр-сұлдыр еткен төсегi, шалдыр-шұлдыр
еткен ойыншықтары,  ал қаңғыр-күңгiр етiп
аударылып түскен  еден жуушы  апайдың 
сырлы шелегi-тұғын.  Ол соның бәрiне
де қарамай,   су жайылған едендi  жалаң аяғымен екi аттап басып барып, Алма
апайдың етегiне жармаса кеттi. Алма апай: «Ойбүй, қап-ай, қап!», - деп  жерде төңкерiлiп жатқан шелегiне бiр, етегiне
шырылдай кеп жармасқан  тыриған арық қара
балаға бiр жалтақтап,   не iстерiн бiлмей
күйгелектедi де қалды.

- Кiм апай?!  Кiм маған
келген?!  Кiшi ағам ба?! -  деп жiңiшке 
даусы  құлақ тесердей шыр-шыр еттi
шынашақтай неме.  

Ол арық болса да тал бойы тарамыстай қатқан, қасы мен  шашы қоп-қою әрi қап-қара,  көздерiнiң 
де алмастай жалтылдаған оты бар бала едi.   Оның Алма апайы да  түсiнде көрген кемпiрдей салдыр-салақ бiреу
емес,  еден жуып жүрсе де бойын жып-жинақы
ұстайтын, жүзiнен мейiрiм шуағы төгiлген толықша сары кемпiр болатын. Екеуi
бiрiн-бiрi құшақтаған күйi  терезелерi үлкен,
жап-жарық бөлменiң ортасында тосын жаңалыққа өздері де сеніңкіремегендей
жапақтап тұрды. 

- Кiшi ағаң болса кiшi ағаң шығар...  Әйтеуiр 
бiр туысқаның сенiң...   Кiм болса
да дер кезiнде келдi...  Әйтпесе сорың қайнап
шетел асып кеткелі тұр едiң, - деді Алма апайы даусы демі жетпегендей құмыға
дірілдеңкіреп.

Ол екi-үш күннен берi 
қолынан тастамаған,  ендi еденде
суға шылана шашылып жатқан ойыншықтарға өз-өзiнен суына қарады. Iшiнде  электронды футбол жәшiгi де,  кiшкене 
ғана ноутбук та, қалта телефоны 
да бар.  Бала бұл ойыншықтарды  жек көретiнiн 
қазiр ғана сезiнiп тұрған сияқты. 

-  Апай ол қайда тұр?
- дедi жүрегi алып-ұша кемсеңдеп.- Есiк алдында ма? 

- Бiлмеймiн. Қазiр... 
Қазiр өзi  де  кеп қалар, 
- деп   қапалақтады Алма
апайы. 

Соның арасынша  дәлiзден
қатқыл-қатқыл шыққан шаң-шұң дауыс 
естiлдi.  Әлдекiмдер  берi қарай тапыр-тұпыр жүре түсiп тоқтағанда,  дауыстары шаңқылдап тiптi қатты шығып
кеттi.  Әйел адам жолын  бөгеп, 
ер адам кимелеп келе жатқандай көрiндi 
оған. 

- Е, неге жолығуға болмайды сонда?!  Мен әкесi емей, кiм екенмiн, а?!  Фамилиямыз бiр,  ол да Кетегенов,  мен де Кетегеновпiн,  ал қайтесiз?! 

- Қойыңыз, қойыңыз!.. 
Өз қолыңызбен өткiздiңiз бе, өткiздiңiз! 
Сұрауы жоқ деген сол.

- Қалайша сұрауы жоқ болады екен, а?  Қанымыз бiр екенiн  дәлелдеп берсем де  сұрауы жоқ бола ма?!  Бұл айтып тұрғаныңыз сұмдық қой сiздiң!..

- Сөзге жармаспаңыз, ағасы! 
Бәрiбiр заң сiздiң жағыңызда 
емес. Ана кiсiлер таңдауын жасап, 
құжатын толтырып  қойды.

- Ойпырмай,  бiзбен
бiр ауыз келiспей-ақ солай шеше бересiздер ме сонда?

- Неге келiспеймiз, 
баланың өзiмен келiсiлген. 
«Кетем» дедi ол бала.  Жаңа әке-шешесi
оған ұнады.  Қаншама зат сатып әкеп бердi
олар.  Соның бәрi ұнады оған.

- Ойбай,  заты
несi,  iздейтiн адамы бар ғой оның! 

- Апырай, ағасы, сiздердiң 
келмегендерiңiзге алты айдан асып кеткен жоқ па?

- Келмесек, себебi бар оның. 
Өз балам  әткеншектен құлап,  мүгедек болып қалды...  Соны емдеттiм, сенбесеңiз қағазын әкеп
берейiн.

Кiшi ағасының тарғылданып шыққан шарасыз даусын жазбай
танып, бiрақ қатты айқайдан шошып, Алма апайына одан сайын жабыса түстi ол. Кiшi
ағасы мен жеңге апайы өстiп қатты айқайласып ұрсысқанда, қорыққаннан кейде диванның
астына тығылап қалатын. Сол күндер көз алдына келiп,  сөйтсе де кіші ағасының үй-ішін, тырысқақ
жеңгесі мен жалқау Дидарды сағынып, iшi-бауыры ойқан-тойқан болып,  кемсең қақты. Кенет биiк көк есiк сарт етiп
ашылып, кiшi ағасы қасқа маңдайы жарқырай кiрiп-ақ келдi бөлмеге.  Оның кең жауырынан аса алмай, бiресе оң жағынан,
бiресе сол жағынан Рәзия апайының құндыз бөркін шошайта киген басы қоса қылтыңдады.
Алма апайы арқасынан қаққандай болды да, Қарабала кіші ағасына қарай тұра кеп жүгірді.
Кiшi ағасының кең құшағына жалтақтамай, жатырқамай, тосырқамай атыла барып
кiрдi бала. Күректей жалпақ алақан басынан, жауырынынан, сирағынан  мүше-мүшесiн түгендегендей  жылдам бiр сипап өтiп, жерден тiк көтерiп әкеттi.  Маңдайынан, 
бетiнен, тамағынан иiскедi-ай келiп содан соң құшырланып.  «Ап» деп асап қойсам ба?»  деп еркелете құшатын әкесi есiне түсiп,  кiшi ағасының кеудесiне еңiрей бас қойып,  тас кенеше жабысты бұл да.  Рәзия апайы қайда қалды, Алма апайы қайда қалды,  онда мұның түк те жұмысы болған жоқ.  Әбден мауықтарын басып, құшақтарын жазған
кезде ғана:       

- Мен сенi бәрiбiр алып кетемiн, - дедi кiшi ағасы
бекемденiп.

- Босқа баланың жүрегiн ауыртпаңыз, - дедi Рәзия апайы
тiкiрейiп.

- Туысқаны iздеп кептi ғой ендi, - деп, Алма апайы күйбеңдеп
терiс айналды.

- Туысқан-пуысқанды бiлмеймiн, -  деп кәрiн төктi оған Рәзия апайы.  - Бала керек болса   басында өткiзбеулерi керек  едi. Қазiр әкеткенмен, ертең сыйғызбай қайта әкелiп
тастайды...   Күнде көрiп жүрсiз,  неменеге жаныңыз аши қалды сiздiң.       

- Құдай,  шаруам не
менiң!

Алма апайы байпаңдап 
бөлмеден шыға жөнелдi.  Кетiп бара
жатып,  жаулығының ұшымен көз жасын сығып
алды. Кiшi ағасы мұның жалғыз екенiн жаңа байқап, қаз-қатар төсек тiзiлген бөлменi
таңырқай шолды.  Оның не сұрағысы келiп тұрғанын
айтқызбай ұғып,  Рәзия апайы сәл жұмсарды.

- Баланы алып қалу менiң қолымда емес. Асырап алған
кiсiлер  күнде келiп  жүр. Сондықтан күн тәртiбiн бөлек жасадық,
басқалардай ерте тұрмайды. Ұйқысы қанып, қашан тұрам десе де өз еркi. Құжаттары
өтетiн  жердiң бәрiнен өтiп болған.

      - Оның бәрiн  көрермiз, сөйлесермiз.

Мен заңға бағынамын. Заңнан үлкен ешкiм жоқ.

Заң, заң деп таптай 
бермеңiзшi, заңды да адам жазған шығар.

- Сiзбен бүйтiп салғыласып тұра алмаймын. Жетiмхананың iшкi
тәртiбi бар. Оны өзiм орындамасам, несiне 
бастықпын?! Кiм көрiнген беталды келе берсе, бұл жер атқора болып кетпей
ме? Ғимаратты босатыңыз, қане!

Рәзия апайы әлденеге асығып, салмағын бiр аяғынан екiншi аяғына
аударып, топ-толық денесiн найқалта қозғалақтай бастады. Қысқа мойнын iшiне
тарта еңкейiп, терезеден сырт жақты бiр бақылап қойды. Оның неге бүйтiп тықақтап,  тықыршып тұрғанын  кiшi ағасы бiлмесе де,  сезiмтал бала бiрден түсiндi. Ричард папатайы
мен Мадлена  маматайы  келетiн уақыт 
минут сайын жақындай түсiп, соған дегбiрi қашып барады.  Кiшi ағасы ондай болса,  бұл тәртiбiңiзбi бұзбай-ақ қояйын дедi ме, қипақтап
кетуге айналды. Қатпар-қатпар бет терiсi жыбырлап,   түрi бұзылыңқырап:

- Жарайды, сыртта жүре тұрып, ашуы басылған соң келейін.
Бостан босқа ерегестiрiп қайтем, одан да сенi мұнан әкетудiң бiр амалын қарастырайын,-
деді.

Баладан бұрын өзiн-өзi алдаусыратып тұрғандай даусы сенiмсiз
естiлдi.   Қолындағы күнқағарының
шетi  ақжемденiп қырқылған,  төбесiнде бiр тал домалақ түймесi бар көне
кепкiсiн  басына мыжырайта бастырып киiп
алды.  Мұнысы басқа не амалым бар
дегендегi түрi, - кепкiсiнiң шетiне қысылған тамырлары бiлеулене бүлкiлдеп
кеттi. Бала да болса үлкендердiң қас-қабағынан әрненi болжап үйренген жетiмек
кiшi ағасының жағдайын айтқызбай ұқты. Келесi бiр сәтте Рәзия апайы мен кiшi ағасы
иiндесе  әңгiмелесiп, әлдененi қызулана
талқылап, ұзын дәлiздiң келесi басына қарай 
ұзап бара жатты.  

Бiреуi кетсе, орнына екiншi бiреулерi сап етiп пайда бола
кететiн  үлкендердiң әдетi. Баланың оңаша
қалып, ойланып алуына мұрша да бермейдi. Тақа жiбермей жатса, кiшi ағасының соңынан
қашып кеткенi  қалай боларын ойлап та үлгерген
жоқ,  Ричард папатайы мен Мадлена
маматайы  көз алдында сорайып жерден өсiп
шыға келдi. Аяқ-қолдары ұзын, адымдары алшақ, 
ат шаптырым дәлiздi екi-ақ аттап тауысатындай құдды.

Бала қашып бөлмесiне кiрдi. Iзiнше есiктен жап-жалпақ бақабас
қара бәтiңке,  артынан сүйiр тұмсық қызыл
етiк iлесе кiрдi.  Екеуi жанамаласа бiр
тоқтап, бiр жүрiп, төсектiң қасына келдi. Жүн-жүн бiлек жұқа пальтоның жеңiнен
сорая шығып, тарбиған  саусақ жерде жатқан
қалта телефонды iлiп алды. Содан соң iске жiп-жiңiшке аппақ қолдар кiрiсе
кетіп, қалған ойыншықтарды жылдам-жылдам жинастыра бастады. Оның бәрiн төсектiң
астынан бақылап  көрiп жатқан бала
демiн  iшне тартып, бiр уыс болып бүкшие
түстi.

Аналар сiрә,  жаңа ғана
осы бөлмеге  зып  берiп кiрiп кеткен баланың қайда жоғалып
кеткенiн бiле алмай аң-таң. Бiресе есiкке, бiресе  терезенiң алдына барады,   төсектiң астын қарау ойларына  да кiрмейтiн сияқты. Әсiресе,  сүйiр тұмсық қызыл етiк  бөлменiң 
iшiн шыр айналып тоқтайтын емес. Астында бала тығылып жатқан   төсектiң қасына да он келiп, он қайтты. 

«Сашкаға бар!.. Сашкаға бар!..» деп ернiн жыбырлатып, күбiрлей
бердi Қарабала. Сашка дегені «сенің орныңа мені алса қайтеді» деп қыңқылдап
жүрген жылтың көз сары бала. Бiрақ, бақабас бәтiңке мен сүйiр тұмсық  қызыл етiк бөлмеден шығар болмады. Тiптен мұның
төсегiнен басқа жер қалмағандай, тыпыр-тыпыр етiп тұрып алды. Кенет оған Ричард
папатайының Мадлена маматайына шолт қайырып айтқан әлдебiр сөзi: «Төсектiң
астын қара» дегендей естiлiп кеттi. Мадлена маматайының жауабы да: «Ә, ол ойыма
неге келмеген?»  дегендей қуанышты шықты.

Одан әрiге бала тұрмақ, үлкеннiң де шыдамы жетпес едi.
Көжектей қалтырап жатты-жатты да, төсектің шетін қыр арқасымен көтере-мөтере
ұшып тұрды. Қапелімде шошып қалған екеуі ес жиям дегенше болған жоқ, көзді ашып-жұмғанша
есікті сырттарынан сарт жауып та үлгерді.

 Беймәлім бір қара күш
желкесінен шап беріп ұстап алатындай зәре-иманы ұшып, ұзын дәліздің бойымен
безілдеп қаша жөнелді. Даладан итермелесіп ішке кірген балалармен қақтығыса-соқтығыса
кеуделеп өтті. Аяз сорған беттері апорт алмадай қып-қызыл, үсті-бастары қар-қар
балалар есе жібермей, бірі қолын, бірі аяғын сілтеп-сілтеп қалды. Не болғанын
білгісі келіп, ындыны құрып, ілесе жүгірген Сашка ғана.

-Не болды, айтшы?!. Не болды, айтшы?!.

  Алдынан қасында екі-үш
құрбысы бар, селтиіп Гүлсім шыға келді. Бойы талдырмаш болғанмен, қолы қатты,
қатқыл жүзді Гүлсімнен бәрі қорқатын. Оның таңырқай тосылған жүзіне бір қарап
қана үлгеріп, селтиіп тұрған жерінде селтең еткізіп қақты да кетті. Гүлсімнің
құлаған-құламағанын білген жоқ, бұрылып қарауға да мұршасы келмеді. Шадырайған
жанары жасқа толып, алды-артын көрмей алақтай бастады. Ұзын дәліздің түкпірі
қусырылған сайын, биік те қалың қабырғаны жарып шығардай буырқанды. Қамауға
түскен түз тағысындай жалаңаш қабырғаға аласұра шапшыды келіп.

     - Әй-әй, мынау
қайтеді?!.- деген суық дауыс естілді ту сыртынан.

     Қаһарлы Қатыш
апайының зәрлі дауысын жазбай танып, кіп-кішкентай болса да артына айбат шеге
жалт бұрылды. Көздерін жұмырығымен сүйкей сүртіп-сүртіп жіберіп, дәліздің
екінші басында қақшиып қарап тұрған апайын жек көре тесірейді.

   Осылай безеріп тұра
берер ме еді, қайтер еді, егер Ричард папатайы мен Мадлена маматайы бұған қарай
қосарлана ұмтылмағанда. Егер... егер сол кезде қаһарлы Қатыш апайы қақшиған
сұлбасына оқыс жан кіріп, олардан оза көлденеңдемегенде. Олардың жолға
таласқандай кимелескен түрлерін көріп, жаңа ғана уласып-шуласып бара жатқан
балалар жым-жырт бола қалмағанда.

   Иә-иә, қаһарлы
Қатыш апайының  өзіне аналардан бұрын
жеткісі келіп, қалай қаздаң қаққанын Қарабала да анық байқаған. Жан
түкпіріндегі әлдебір түйсік Қатыш апайының шешуші сәтте арашаға жүгіргенін
қапысыз ұғып, іш дүниесі ботадай боздап қоя берді. Ол да ұмтылды омырауы исіне
құшағын ашып, бұл да ұмтылды кішкене қолдарын ербеңдете созып. Алайда, Қатыш
апайы оны құшақтаған жоқ, білегінен темірдей саусақтарымен қысып ұстап,
әлдеқайда дедектетіп сүйрей жөнелді. Сол сүйрегеннен сүйреп апарып, еден жуатын
заттар қойылған тап-тар бөлмеге тықты да тастады.

   - Өзім келіп
шығарып алғанша қозғалма,- деді содан соң бұрыннан сыры ортақ, мұңы ортақ
адамдай құлағына өзімсіне сыбыр ете қалып.

   Бар тілегі тығылып
қалу болған Қарабала терезесі жоқ, қап-қараңғы бөлмеде қимылсыз тастай қатты.
Қатыш апайы қатал кісі, ондай адамдар ешуақытты сатып кетпеуге тиіс. Ол
шындаса, Рәзия апайын да  райынан
қайтаруы мүмкін. Ал, ана Ричард папасы мен Мадлена маматайын  жетімхананың маңайына аттап баспастай ғып,
тырқыратып қуып та жібере алады. Содан кейін кіші ағасын тұрғызып қойып, екі
аяғын бір етікке тығады. «Мынандай әп-әдемі баланы қалай ғана жетімханаға
өткізгенсің?!» деп әбден жер-жебіріне жетіп ұрсады. «Бәрің де құрыңдар, өзім
бағып аламын бұл  баланы... Өзім бағып
аламын», - деп  ебіл-дебілі шығып жылайды
сонан соң.

    Қиялға  қалай беріліп кеткенін өзі де байқамай,
қыстығып жылап,  танауын қорс-қорс  тартты 
Қарабала. Осы сәтте тұсынан тыпыр-тыпыр етіп біреу өте берді де, жылаған
дауысымды естіп қалмасын деп, көз жасын тыя қойды.  Анау сірә, тіміскіленіп мұны іздеп
жүрген  Сашка болуы керек, қайта оралып
келіп,  есіктің тұтқасын ақырын ұстап
көрді. Бірақ, ашып қарауға қорқып, шегініңкіреп тұрды да, тез кетіп қалды.
Қарабала Сашка түк ештеңе білген жоқ деп ойлаған,  алайда 
оның білмейтіні  жердің
астында.   «Е» деп ес жиғанша болған жоқ,  қасына Гүлсімді ертіп, жүгіріп қайта
келді.  

Ол осында тығылып тұр.

Оны кім айтты саған?

Мұрнын тартқанын 
өз  құлағыммен естідім.

Саған солай  көрінген
шығар.

Жоқ, ол осы жерде.

Оның бұл жерде болуы мүмкін емес.       

 Есік саңылаулап
барып, шиқ етіп жартылай ашылып кетті. Гүлсім бұған жансыз бір затқа қарағандай
селқос қана көз тастады.   Оның иығынан
басын асыра қараған Сашка есі кете ежірейді.

Айттым ғой, ол осында тығылып тұр деп.

Өтірікті соқпа, мұнда ешкім де жоқ.

Гүлсім бедірейген қалпы білегі майыса итеріп, есікті
нығарлап жаба

салды. Сашканың тұтқаға созған қолын қағып жіберген болуы
керек, іле шарт еткен шапалақ үні естілді. Аяқтары тыпырлап кетіп бара жатқанда
да  Сашка артына жалтақтап қарауын
қоймаған тәрізді. Себебі, оның жыламсырған даусын Қарабаланың құлағы ап-анық
шалды. 

Тұрды ғой жаңа... Тұрды ғой         
жаңа...

Сенің көзіңе бірдеме елестемесе, мен ештеңе көргем жоқ.

А?!.. Ол не сонда?!. 
А?!.

Достары кетіп қалған соң, көңілі сәл тыншығандай болды.
Бірақ, дәлізден қайтып ештеңе естілмей қойды да, ол өз-өзінен елегізе бастады.
Үлкендер  мұны ұмытып кеткендей көрінді
де, әуелгі таңданысы бірте-бірте қорқынышқа ұласты. «Кіші ағам кентке қайтып
кеткен жоқ па екен?» деген күдігі де 
миын кеулеп ұлғая түсті. 

Кенет, қараңғы бөлменің бұрышынан әлдене қыбырлап
қозғалғанға ұқсады. Дәл қасынан, әлде аяғының астынан ба, тағы бірдеңе
жыбырлап  өткен сияқтанды.  Қыр желкесінен де  тұншыға демалған біреудің  тыныс 
лебі білінген  тәрізденді.  Бәрі жан-жағынан қаумалай қоршап,  баспалап 
жақындап  келе жатқандай құдды.

Қарабала қанша қорықса да шыдап бақты. Зерек зерде
ішкі-сыртқы жағдайды таразылап та үлгерді дем арасы. Буындарының дірілі
басылмай қойған соң,  амалсыз қисайып
отыра кетті. Сол күйі  қабырғаға бүйірін
тақап, көзін жұмып, бүрісіп көп отырды. Әлде өзіне солай көрінді ме, әйтеуір
Қатыш апайын сарғайып ұзақ  күтті.
Қорқыныш  жайына қалып,  есік жаққа телмірген көзін ұйқы шырмап, пыс
ете қалды бір кезде.

Қатыш апайы келгенде ол пырылдап, трактормен тартсаң да
оянбайтындай терең ұйқыға батқан.  Апайы
оны жұлқа тұрғызып  алып,  ұйқылы-ояу қалпы  директордың кабинетіне былқ-сылқ еткізіп,
көтеріп әкелді. Ауызғы бөлмедегі жұмсақ креслоға сылқ тастап, алдына түскен басын,
сөлектеген қол-аяғын түзеп  қойды.

Туысқаныңмен қоштасып қал, 
сорлы жетімек!

Оның сөзінің төркіні санасына шым-шымдап жетіп,  бар денесімен селк етіп оянды Қарабала. Қатыш
апайы жанары жасаурап, босаңсыған түрін 
көрсеткісі келмегендей, жүзін тез бұрып әкетті. Іштен кіші ағасының  Рәзия апайға жалбарына  сөйлеп:

- Баланы ақшасыз тегінге беріп жатпағандарыңызды біз де
білеміз, - деген дауысын ол да естіді, бұл да естіді. - Сонда не,  фамилиясы бір туысқаны ретінде бізге ештеңе
тимей ме?!          

Қатыш апайы мен Қарабаланың жанарлары жалт етіп ілмектесіп
өтті. Әлгі сөздің астарына мән бермегендей, 
екеуі көздерін  екі жаққа ала
қашты. Әйткенмен, баланың жүрегіне кіші ағасының соңғы айтқаны оқтай тигені
ауырсына шытынған қабағынан байқалып қалған. Қатыш апайы басынан сипаған болып,
мұның құлағын ып-ыстық алақандарымен жаба қойды. Бірақ, басын кегжите кері
тартып, илікпей тіктенген сұрынан біртүрлі бойы суынып, қорқып кетті. Алдында
құйтақандай балдырған бала емес, бәленің бәрін білетін, ой-санасы жетілген ергежейлі
адам отырғандай тітіркенді.

Қарабала шынында да өзінен көп ілгері жасқа бір-ақ сәтте
есейіп шыға келіп еді. Кіші ағасына көрінгісі келмей, аяғын ұшынан басып,
мысықтабандап жылыстай жөнелді. Сол кеткеннен ол бала қайтып оралған жоқ, кіші
ағасының тілімен айтқанда, «хабар-ошарсыз кетті». Тек арада біраз жыл өткен соң
ғана мұхиттың ар жағындағы шетелдік біреудің интернеттегі электронды почтасының
маңдайшасында ортасында қанатын кең жайған қыран құстың бейнесі бар көк жалауша
пайда болды.