ВЕРНУТЬСЯ

     Басқалардың атақ-дәрежесімен салыстырсаң, ол тіпті әңгіме етуге тұрмайды. Жазсаң, атақты адамдар көп, оны неғыласың дейді пендешілік ой. Бірақ, әйгілі «КарЛаг» тұтқындарының көзі тірілерімен түгелге дерлік кездесіп, таспаға түсірткен азаматты қалай ұмытарсың.

  Мен Алматының лас бір ауданында пәтер жалдап тұратын едім. Сарайда қалайы флягамен божылдатып брага ашытады екен. Қожайын өзі әйелі екеуі қанша ішсе де былқ етпейді, ал келген қонақтары уланып қалып, көрінген бұрышта тоңқаңдап жатады.

  Келіншегім босанып, перзентханада жатқанда, ол үйге келді. Қожайынның тірлігін күліп отырып айтып бердім. Бір құлағын түріп жүретін қожайын: «Қазақтар, мұны ішсеңдер, өліп қаласыңдар», − деді. Қызуқанды азамат әкел көрелікке басты. Қой десем қоймай, бір ақпар кесесін бір-ақ тартып алды. Қожайын байқап тұрды, сыр бермей кетті. Тек ертесінде ауруханадан таптым.  

  Тағдыры талқыға түскен азамат түрменің де дәмін татқан. Соның әсері ме, оны үнемі бір елес шырмап жүретіндей еді. Кейін сол елес ақтаңдақтар тақырыбына ауды. Әсіресе, «КарЛагты» зерттей бастағанда қатты шамырқанды. Қарағандыдағы тұтқын әйелдер жатқан лагердің орнын көріп қайтқаннан кейін өзіне-өзі келе алмай жүрді.

  Редакцияда ол түпкірдегі бөлмеде отыратын. Даңғырлаған дауыс шыққан соң барсам, қасында ешкім жоқ. «Бейімбеттің жары болу бақыт екенін білесіз бе сіз?! Мына ақ бораны бұрқаған жапан түзде, қасқырлар ұлып жатса да!..» − деп, сұп-сұр қабырғаға қарап сөйлеп тұр. «Сталиннен аумайсың ғой, а?!», − дедім. Қолындағы жинаған бір сөмке құжаттарын көрсетті. Шерлі құжаттардан оқығаны ішіне сыймаса керек.

  Ол отбасынан береке тапқан жоқ. Достары да тұрақты болмады-ау деймін. Тағдырдың талқысына түскен адамдар, өзен ағызып әкеткен жаңқа сияқты. Ана жағалауға бір соғады, мына жағалауға бір соғады. Құр сүлдердің жетіп жығылар жері белгілі.  

  «Жеңгеңмен таныстырам»,− деп шақырғанда өңі дұрыс сияқты болған. Орта бойлы, шымыр сары жігіт. Беті де жылтырап, көзі де жылтырап, жаны бір сәтке дамыл тапқандай. Ол жұбаныш көпке созылған жоқ, алайда. Баяғы қағаз құшақтаған салдыр-салақ қалпына қайта түсті.

  Бұрқыратып жазады, университетте лекция оқиды, қалған уақытында

архив ақтарады. Жазғаны жазған жерінде қалып қоятын кездері де бар. Қылтыңдап тамақ жібітері де алдынан шыға береді. Өзінің ұзақ өмір сүре алмайтынын біледі және. Бүкіл ерік-жігері ақтаңдақтар тақырыбына арналып, өз өмірін жөнге салуға күш-қуаты қалмағандай сарқылып отырады.

  Ақтаңдақтарды зерттеген адам әрине, желтоқсан көтерілісін аттап өтпейді. 37-де өлген рух, 86-да тірілгендей аруақтанады. Желтоқсан көтерілісінде бір ауданнан бес-алты өрен құрбан болды деген қауесет әлі бар. Көбінің әке-шешесі әлі жасырады деседі соны. «Балам біреуді тонап қойып...», «балам біреуді зорлап қойып...», «балалықпен өзіне қол жұмсап»...», − деп ойлайтын көрінеді кейбірі. Сол ашылып қала ма деп қорынатын сияқты. Кім білсін, сондай да бір әңгіме бар. Ол аудан − Панфилов ауданы, атын Орбұлақ деп өзгерте алмай отырған Жаркент жері.

  Бес-алтауын қайдам, алаңға қатысты екі өлім анық. Біреуі − Ербол Сыпатаев, екіншісі Ләззат Асанова. Осы екеуінің суреттерін алғаш алып келіп, газетке бастырған сол болатын. Жиырма жылдан бері газеттен газетке, кітаптан кітапқа көшіп жүрген сол суреттер. Өткен желтоқсан айында бір басылымнан тағы көрдім. Жылда жарияланады, ал ол ұмыт болған.  

  Қара сақалды молда кісі мені көріп, ұмсына беріп тоқтады. «Екеуің рухтас едіңдер ғой» дегендей бір сөзді жеткізіп айта алмады. Кіші әкесі екен, «баламызды ұмыттыңдар-ау» деген сөзді де айтуға батпады. Анда-санда ғана, жалғызсырап, мұңайғанда ойлайтыным бар, әйтпесе мен де іздемеппін. Ел де іздемепті, қарияның жәутеңдеп қалғаны сол екен. Асы берілсе болды деген қазақ, ол қалғанына құнтсызбыз. Өзімді кінәлі сезінем бе... білмеймін...  

  Бірақ, бәрі есімде, дәл бүгінгідей көз алдымда. Астанадан университетте мұғалім болып жүрген жерінен азып келді. Бет-аузы мыж-мыж, миы құж-құж. «Артымда аңдыған біреу бар»,− дейді. Шындығында, оны аңдып жүрген ешкім де жоқ болатын. Ол «КарЛагтың» елесінен құтыла алмай жүрген. Ішімдік те қазаққа тоталитаризм әкелген зәумет. Әсіресе ол сияқты шер-шеменді азаматтардың сынбауы мүмкін емес. Расында да кешке үйіне барсам, бетіме қарап отырып, әлдеқашан ұсталып, айдалып, атылып кеткен басқа біреумен сөйлесіп отырғандай тереңіне әлемет мұң шөккен жанары бар денемді тесіп өтіп, ту сыртымдағы қабырғаға қадалып алғаны! 

  Жұмысына қайта кетті, қайта келді. Тағы кетті, тағы келді. «Пойызда екі көлеңке артымнан ілесіп жүрді»,− деді. Мен сенгем жоқ, өзіме оған ап-айқын көзбен қарағандай көріндім. «Екі бірдей көлеңке неғылады сені,− тоздың, түңілдің, шаршадың», − деген ой тұрды басымда. Ол құнжыңдап сөмкесінен және бір сарғайған құжаттың көшірмесін алып көрсетті. Екі-үш күннен соң өзіне өзі келгенде жазбақ екен. «Бұл тақырып үйреншікті бола бастады, одан да емделіп алмаймысың»,− деген сөзімді құлағынан асырып жіберді. Менің сөзімді ол, оның сөзін мен тыңдамай отырсақ та сөйлесе бердік, сөйлесе бердік. Кейде ондай да болады, қазір де мысалы онымен сөйлесіп отырған секілдімін, бірақ өзі жоқ. Жүрек көп қинай бергенді көтермейді, ертесі күні ол да жүректен кетті.

  Иә, қарындас, мұңайып, жалғызсырағанда ойлайтының көп. Есіңе алсаң, жақын бауырың құсап қасыңа келеді. Ұмытқаныңа ұяласың, қайсыбір аманатын орындамағандай қиналасың. Осы естелікті де мен өлгендерді ұмытпайықшы деп жаздым.