ВЕРНУТЬСЯ

     Оның аты-жөні
аталғанда жиналған жұрт сілтідей тына қалып, кенет алақандарынан от шыға,
сатырлата қол соғып жіберді. Сәл күткенге шыдамай, қол соққандарын үзбестен,
бір-біріне еңкейе бұрылып, едел-жедел тіл қатысып қалып жатқандар да бар. Төр
жақтағылар да бір-бірін қостай бастарын шұлғысып, аяқ астынан мәз-майрам
болысты.  Олардың өздеріне-өздері сүйінген
бұл түрлерінен: «Біздің бұл шешіміміз қандай тамаша шықты, ә?!» - деген жазуды
айқын оқуға болар еді.

    - Сіз айттыңыз
ғой, - деді біреуі сол жағында отырған адамның құлағына сыбырлап.

    - Жо-жоқ, сіз
айтқансыз, - деді екіншісі одан да арман кеңпейілденіп.

    - Ә, иә, мен
айтып, сіз қостағансыз, - деді алғашқысы. Оң жағында отырған адамға да
ықыластана еңкейіп: - Сіз де қостағансыз, - деді.

    Олардың  бұл тапқырлықтары залдағылардың да мақтаныш
сезімін тудырған болатын.

    - Апырым-ай, мен
бұл ардақты ақсақалымызды көрмегелі қанша жыл болғанын ұмытып қалыппын-ау, -
деді біреуі.

    - Тұп-тура жеті
жыл!.. Жеті жыл бұрын осы залда сөйлеген,- деді екіншісі.

    - Басшыдан бастап
қосшыға дейін бәрімізді сықпыртып сынап еді ғой сол кезде, естеріңде ме? - деді
үшіншісі.

    - Ой-пой, шындықты
тіліп бетке айтады бұл шал, - деді төртіншісі.

    - Асқан зиялы адам
болған соң ғой, шындықты айтқаннан жасқанбайды, - деді бесіншісі.

    - Содан кейін жеті
жыл бойы көзге ілмей, шетқақпай қылып еді, қайдан тауып әкеле қойды екен, ә? -
деді алтыншысы.

    - Саяжайынан тауып
алыпты. Бау-бақшасының жемісін жеп, сонда жатыр екен, - деді жетіншісі.

    - Бәсе, біз
іздеп-іздеп, жер-көктен таппай қойып едік, - деді сегізіншісі.

    - Әй, дегенмен
біздің басшыларымызда әділдік бар. Ақыры өз қателіктерін мойындап отыр, - деді
тоғызыншысы.

    - Алдымызға
әкелді, көзімізге көрсетті, - деді оныншысы.

    - Әне!.. Әне, келе
жатыр!.. Арысым!.. Ардағым!.. - деді он біріншісі.

   Жұрт тағы да
сатырлата қол соғып, орындарынан өре тұрды. Зал тебіреніп, теңселіп кетті. Бәрі
мойындарын созып, есік жаққа бір, мінбе жаққа бір жалтақтап, күткен адамды көре
алмай ынтықты.

    - Қане?! Қане?! -
десті біреулері.

    - Әне!.. Әне!.. -
десті екіншілері.

    Бір уақытта
таяғымен астын түртпектеп, басы қалтылдап, өзі талталақтап есіктен кіріп келе
жатқан кәрі шалды бәрі көрді. Көптен көріспеген зиялы қауымға емірене қарап,
әркімге бір жаутаң-жаутаң етіп, жалпыға арнап қолын көтеріп сәлемдесті. Екі жас
жігіт қолтығынан демеп, әлтек-тәлтек басып төрге озды. Төрдегілер үлкен
бастарымен орындарынан жапырлай тұрып, иіле құрмет көрсетіп, орталарынан ойып
орын берді байғұс шалға.

    Әдеттегіден тыс
елпек қағып мінбеге көтерілген төраға:

    - Қоғамымыздың
көзі тірі қайраткеріне құрметпен қол соғып қоялық, халайық, - деді өзі бірінші
болып алақанын шапалақтап.

    Жұрт қол соғудан
аянған жоқ. Қол соғудың да өзіндік салтанаты бар. Қол соғу - салауатты өмірдің
белгісі. Ат шапқандай арқаң қозып кетеді. Күңкіл-сүңкіл әңгіменің бәрі
ұмытылады бұл сәтте. Қол соғу - «ұсақ-түйек сөзге көңіл аудармайық,
кәкір-шүкірден биік болайық» деген ұғым.

    Әлден уақытта
төрағаның ымдауымен қол соғу тоқтатылып, 
жұрт қанағаттанған  бір тоқмейіл
сезіммен орындарына жайғаса бастады. Зал іші араның ұясындай гулеп барып, тағы
да төрағаның оң қолын жоғары көтеріп, белгі беруімен тыныштала қалды. Төраға
алдындағы сусыннан бір ұрттап алып, тамағын қырнай жөткірініп қойып, желдірте
сөйлеп кетті.

    - Мынау алқалы
топтың қақ ортасында отырған  мәртебелі
отандасымыз, ардақты замандасымыз, қадірменді қариямыз Сіздерге былай деп сәлем
жолдайды, - деді оң қолындағы тышқан жорғалап өткен қағазынан көз алмастан. -
«Біз бүгін әр салада үлкен жетістіктерге маңдай тіредік. Жан-жағымыздағы көрші
елдерге қарағанда тым жақсымыз деуге болады. Біздегідей жетістіктерге жетсе,
олардың бақыттан басы айналып, шаттықтан мыйлары шайқалар еді. Осыған қарап біз
өз қадірімізді өзіміз білмей отырмыз ба деп қаламын. Біз осы бастықтарымызды
келістіріп мақтай алмай жүрміз бе деп қауіптенемін. Кейбір керауыздардың
ыңғайына жығыла кететінімізге, сондайлық жайдақтығымызға намыстанып та жүремін.
Өз атқамінерлерімізге өзіміз жел беремеск, өзіміз мәртебесін арттырмасақ, басқа
жұрттың несі кетеді, артын ашып күлмей ме. Міне, сондықтан бұл мәселені мықтап
ойлануымыз керек! Мен сіздерге осындай өсиет айтамын!» дейді біздің ардақты
ақсақалымыз! - деп төраға алдындағы қағаздан алқына басын көтерді.

    Алақанын шапаттап,
алдымен өзі қол соқты. Залдағы отырған адамдардың тізелерінен кептер-алақандар
пыр-пырлап дүр көтерілді. Төрде қалбайып отырған шал болса, дәрменсіз жас
баладай әркімге бір жаутаңдап, ықылықтап күлген болды. Өзіне көрсетілген
құрметке басын қалтаңдата изеп-изеп қойды. Көзі жасаурап, орамалымен
қайта-қайта сүртпектей береді.

    Осы сәтте залдан біреу
қолын шошайтты. Төраға оған бір сүзіле қарап алды да:

    - Сұрағыңыз
бүгінгі талқыланып отырған мәселеге қатысты ма? - деді.

    - Иә, тап бүгінгі
мәселе туралы, - деді анау мүдірместен.

    - Онда құлағым
Сізде, - деді төраға маңғазданып.

    - Ол кісі өз сөзін
неге өзі айтпайды? - деді анау жұлымырланып.

    - А, оның тілі
күрмеліп қалған, сөйлеуге келмейді, - деді төраға еш саспастан.

    - Құлағы ести ме
өзінің? - деді анау қазымырланып.

    - Жоқ, құлағы да
естімейді, - деді төраға қылп етпестен.

    Анау үндей алмай
қалды. Құдай біледі, «жаза ала ма?» деп сұрауға аузы бармаған болуы керек.