ВЕРНУТЬСЯ

   Қазіргі ақындар өмірден алыстап бара жатыр. Жарасқан Әбдірашев ауыл-ел туралы тұтас өлеңдер циклын жазды. Ол өлеңдері жеке кітап болып шыққанда, «ауыл-ауыл дей бергенше, ауылға неге бара салмайсың?» деген сықылды бір пародияға ілікті. Жұматай Жақыпбаев мақала жаза алмағаны үшін, облыстық газеттен жұмыстан қуылып кете жаздапты. Ақыры болмаған соң, тәп-тәуір өлең-очерктер жазып жаны қалыпты. Мұны маған қарт журналист Жұмақан Майтжанов өндірістік тәжірибеден өтуге барғанда күліп отырып айтып берген еді. Содан соң осы бір «көк көз, сары ақында» өмірлік материал көп болды. «Көк көз, сары» деп бірге оқыған сыныптасы сипаттаған екен. Әйтпесе, сарысы сары болғанмен, сәл қоңырлау қой көзді болған сияқты елестейді маған. 

  Сары адамның өрттей тұтанғанын әдеби газетте қатар жұмыс істеп қалған жылдары талай байқадым. Мақаланы да өлең құсатып шабытпен көркем кестелейтін ақын аға жазудан жанын аямайтын. Ал, бүгінгі ақындар бес шумақ өлеңнің өзін жанын азаптамай, өздерін өздері өңдемей-жөндемей, күйрек сезімнен туа қалған күйінде ұсына салатындай көрінеді. Әсіресе сюжетті, оқиғалы өлеңдер жоғалып кетті. Мәселен, оқығанда жүректі бүлк еткізетін «ФЗО-ға кеткен жеңешем» секілді. Бұл оның кейінгі жазған балладаларының бірі. Осы балладаның сюжетін алып, қайта жырлаудан жарыс өткізсе, жас ақындарға һәм сабақ, һәм сауап!

  Жо-жоқ, менің өлеңге еш таласым жоқ. Тек бірөңкей қайғылы өлеңдерді оқығым келмей кетті. Мұхтар Шаханов бір кеште «ұлттың қайғысын өз қайғым деп білмеген» ақындарға күмәні барын айтқан еді. Бүгінгілердің «менінің» астарында тап сондай «зор қайғы» тұр деп тағы айта алмайсың. Кейіпкеріміздің: «Біздің Торғайдың өзеніндей, құрдымға құймай»,− дегеніндей, бүгінгі жас ақындардың бәрінің өлеңінің құяр жері − құрдым. «Құрлыққа құйған, жаса, Сырбайдың жыры» деп, оларға қалай қуана қол соғарсың?! 

  «Көк көз, сары ақынның» «қырдың көдесін бір мезгіл қажап келмесе» иімейтін боз биесінің де өмірлік дерегі бар. «Түн құшағында түнеріп жатты байтақ қыр, Боз бие басын сүлесоқ қана шайқап тұр. Астары мынау аударылып қалған тың жерге, Ащы көденің шықпай қалғанын байқап тұр...» Тұрысы мен мінісі бірігіп кеткен Адаматыңыз (Маралтай) да оңай өлең емес, ол да поэзияның жұлқынып шыққан пырағы, алайда менің жаныма боз көде қажаған жылқы жақындау...

  Тоқта, тоқта, ұрынарға тағы қара іздеп барам ба? Өзіме түк қатысы жоқ өлеңде нем бар, Құдай-ау! Несіне жазып отырмын мен мұны? Неге?!. Жалт етіп бір қараған елес-бейне естен кетпегендіктен бе!.. Бәлкім, сағынғандықтан шығар!.. Туыс та емес, туған да емес, бірақ бірге жүрген, құрығанда бір мәрте жылы амандасып қалған!.. Сондайды да адам сағынады екен-ау!

  Көктем бе, жаз ба, әйтеуір бір күн ашық кез еді. Әбілхан Қастеев мұражайының қасындағы алаңқайда кездесіп қалдық. Оның үстінде ықшам спорт киімі бар екен. Бойы жып-жинақы, бетінің ұшы қантарау жып-жылтыр, ұсақ қоңыр шашы да бір талы селкеу шықпай әдемілеп мұқият таралған. Дембелшелеу, нығыздау тұрпатына қарамай өзін жеңіл сезініп тұрды ол. «Енді деннің саулығын ойлап, жүгіріп жүрмін»,− дегенде, қоңырлау қой көзінің ар жағынан мұң секілді әлдене бұлың етті. Бірақ, күннің шуақтанып тұрғанына, айналаның түгел жарқырап кеткеніне, өзінің дәл осы кезде жүгіруге шыға қалғанына разы екенін жасыра алмағандай жадырай күлді.

  Артынан сөз ермейтін адам жоқ. Бар болса, ол тұяқ қимылдатпайтын адам. Қалыптан тыс, оқшау, оғаш қылықтарды ол да жасады. «Өмірмен әйелімше алыстым, әйелімше пергілестім» деп жүрген ақынның әпекемізді қалай алдағанын бір досы жырдай ғып айтатын. Қызығы, ол әңгімелер оған жараса кететіндей көрінетін. Расында, бар қылығы, оқысаңыз, өлеңінде жатыр.  

  Ақынның болмысы, − бір қарасаң қайсар, бір қарасаң қорғансыз болмыс. «Қайыр, қош» деп, ол да өмірден ерте кетті. Қандай ақындар еді солар, Жұматай, Жарасқан және Кеңшілік!..