ВЕРНУТЬСЯ

    Жақында бір тосын оқиға болды. Күн ашық, үп еткен жел жоқ.
Өзен жағасында балалар бірін-бірі қуалап, ойнап жүрген. Ағаш түбінде екі жас
айқаса құшақтасып, аймаласып тұр еді. Жол шетіндегі сәкіде әлденені қызулана
талқылап үш-төрт шал отырды. Былайынша айтқанда, өз жайыммен келе жатқан маған
еш қауіп төніп тұрған жоқтұғын.

    Кенет, ағаш
арасынан шәуілдеп үріп сабалақ жүнді бір ит шыға келді. Шәу-шәу етіп, тұп-тура
маған қарай жүгіріп келе жатыр. Салпаңдаған құлағына қарап бір қаққанан
қалмайтынын байқап қалдым. «Енді қайтер екен?» дегенімше болған жоқ, тісін
батырмай балағымнан бір жұлқып өтті. Сол бетінше анадай жерге барып,
«ғарп-ғарп» етіп үріп, қыңсылап жата кетті. Неше түрлі үрген итті көріп едім,
бірақ, «ғарп-ғарп» етіп үрген итті бірінші рет көріп тұрмын. Өзінің үргені де
үздік-создық, «ыр-р, ғарп-ғарп, ыр-ыр, ғари-у-у, ғари-у-у», - деп аяғында
қыңсылай жөнеледі.

    «Апырым-ай, мұнысы
несі, ауру ит емес пе екен?» деп қайран қалдым мен. Ине жұтқан ит түрлі-түрлі
дыбыс шығарады деуші еді, әлде сөйтіп солықтап жүрген бір сорлы ма екен деп те
ойладым. Сол таңырқаған күйімше әлгі жерден артыма қарай-қарай ұзап кете
бардым. Кешке бұл оқиғаны көршіме айтып едім:

    - Ылығып жүрген
бір қаншық шығар, - деді.

    - Онда неге
«ғарп-ғарп» етіп үреді? - дедім мен.

    - Кім біледі? -
деп ол иығын қиқаң еткізді.

    Есіктен шығып бара
жатқанда көзім түсіп кетті. Ол менің соңымнан баспағып, күдіктене қарап тұр
екен. Көзін тез тайдырып әкетті.

    Түнде бұл оқиғаны
мен әйеліме айттым.

    - Ол ит сені
таныған шығар, - деп кекетті әйелім.

    - Басқа иттер
артыңа бір түссе арсылдап қалмай қоюшы еді, - дедім мен сыр бермей.

    - Е, онда
азды-көпті оқығаны бар, интеллигентсымақ ит шығар, - деп шағып алды әйелім тағы
да.

    Үйренген әдетімен
тістеп сөйлегенімен, даусында бір таңданыс бар. Ақырын көз қиығымды салып
қарасам, ол да маған әлдеқандай күдікпен қадала қалыпты. Ішкі күдігін жасырып,
жанарын жылдам төмен түсіре қойды.

    Ертесіне жаңбыр
сіркіреп тұрған. Жалғыз өзім аяғымды асыға басып келе жатқам. Кешегі ит ағаш
арасынан тағы да шәуілдеп шыға келді. Тағы да балағымнан жұлқып, домалап түсіп,
анадай жерге барып шоңқия қалды. Құдды маған бірдеңе түсіндіргісі келгендей,
соған тілі жетпегенге назаланғандай: «ғарп-ғарп, ыр-ыр, ғари-у-у, ғари-у-у», -
деп үздік-создық үре бастады.

    «Ойпырым-ай, бұл
не болды, мұнысы несі?» деп менің көңіліме шынымен де алаң кірді. «Әлде бұл ит
аш па екен, тамақ сұрап жүр ме?» деген де ой келді басыма. Дүңгіршектен кішкене
бір тоқаш сатып алып, алдына тастап едім, искеп-искеп жемей қойды. Салақұлаш
тілін сылп-сылп еткізіп, нанға мөлие қарап, қыңсылай береді.

    Жан-жақтан
құрқылдап көк кептерлер жинала бастады. Сабалақ иттің дәл тұмсығының астында
жатқан тоқашты жан-жақтан шоқып, үзіп-жұлып жеуге кірісіп те кетті. Ит
кептерлерге басын біресе оң жағына, біресе сол жағына қисайтып, сезіктене қарап
отырған. Бір уақытта шәу-шәу етіп үріп, кептерлерді дүр еткізе қуып тастады.
Қалған нанды қарпып асап, қылғып салды.

    - Көке, бұл бір
пәле ит, - деді қайдан сап ете қалғаны белгісіз, таңдайы тақылдаған бір қара
бала. - Нанға у қосып берген жоқ па деп қорқып жемей қойған. Көрдіңіз бе, ана
кептерлер өлмеген соң барып қана жеді.

    - Нағыз сұм ит
екен, - деп мен басымды шайқай-шайқай кете бардым.

    Үшінші күні де
әлгі ит ағаш арасынан шәуілдеп жүгіріп шықты. Құлдыраңдап маған қарай ұрып
келеді. «Кеше нан бергем, бүгін қаппайтын шығар» деп алаңсыз қарап тұрып
қалдым. Бірақ, бұл ит менің мұныма қараған жоқ, тағы да балағымнан жұлқып өтіп,
тоңқалаң асты. «Ыр-р, ғарп-ғарп, ыр-р, ғари-у-у, ғари-у-у» деп назалана үріп
ала жөнелді содан соң.

    Бұл жолы енді
менің ашуым келді. Бірақ, «ит пен ит болам ба»  деп, қайырылмай кетіп қалдым. Сөйтсем де, оның
тосын қылығы күні бойы ойымнан шықпай қойды. Әсіресе, «ғарп-ғарп, ғари-у-у,
ғари-у-у», - деген назалы үні құлағымнан кетер емес. Мазам кетіп болмаған соң,и
«иттің тілін білетін бірн ғалым бар» дегенді естіп, жұмыс аяғына қарай соған
барып жолығуыма тура келді. Оным кәнігі маман болып шықты, әлгі иттің «Ыр-р,
ғарп-ғарп, ыр-р, ғар-и-у, ғар-и-у-у»,- деп үргенін табан астында-ақ тарқатып
айтып берді. Сөйтсем, бұл: «Ит болып қапқым келеді, бірақ ит болып қалғым келмейді»
деген сөз екен.