ВЕРНУТЬСЯ

   Сәуегей мен көріпкел жолығып қалды. Көріпкел сәуегейге
көзінің астымен қарап тұр. Қай жағымнан шығар екен деп аңысын аңдыған түрі. 

     - Жеті жыл жеті
күндей болмай өте шығады, - деді сәуегей.

     - Рас-рас, - деп
басын шұлғыды көріпкел.

     -Жеті деген
қасиетті сан ғой, - деді сәуегей.

     - Рас-рас, - деп
жақауратты көріпкел.

     - Ал, сонда кім
Президент болады деп ойлайсың? - деп қадала кетті сәуегей.

     - Алла біледі,
Алла біледі, - деп қашыртты көріпкел.

     - Жасырып,
жақауратқаныңа қарағанда...

     - Жо-жоқ...Алла
сақтасын.... 

     - Жұртыма не
айтам енді?

     - Сен былай де
жұртыңа... Жеті жылдан кейін оң жамбасында қалы бар адам Президент болады екен
де.

     - Сонда қалай,
жеті жылдан кейін басқа Президент бола ма?

     - Жо-ға, мен олай
деп тұрғаным жоқ. Оң жамбасында бармақтай қалы бар адам Президент болады деп
тұрмын.

     - Ой, мынауың бір
неғайбыл дүние болды ғой.

     Көріпкел өзі
келіп ұрынған сәуегейдің қармақа түскенін сезе қойды.

     - Бұл болжам
қалай, көңіліңнен шықты ма? - деді қуақылана жымиып.

     - Жоқ, сен
шыныңды айтқан жоқсың, - деді сәуегей күмілжіңкіреп.-Моншаға барып келейін
онда.

     - Жұрт баратын
моншаға бармайды ол.

     - Апырым-ай, ә?
Енді қайдан іздеймін? Жамбасын кім көрсете қойсын маған? Жамбасыңды көрсет
десем, мынау жынды ма демей ме?

     - Әп, бәлем,
солай ма? Үңілген жерің сол ғой сенің. Үңіліп ізде ендеше! Иіскеп ізде!

     - Қатты
айттың-ау, қарағым.

     Сәуегей сөзден
жығылып, жасып қалды.

     - Өтірікті судай
сапырып, өсек тасығанша, өз тіршілігіңді жасамайсың

ба, бәтшағар, - деді көріпкел.

     - Рас-рас, - деп
басын алып қашты сәуегей

    Ақыры амалдап
қашып құтылды. Кешкілік моншаға барды. Қанша қарамайын десе де, әркімнің
жамбасына бір көзі түсе берді. Сөйтіп қаңғалақтап жүріп, бір бұрылып
қарағанында арт жағында тұрған үлкен айнадан өз жамбасын көріп, «астапыралла!»
деуге тілі әрең келіп, тұрған жерінде серең етіп талып қалды.

                                                  

                                                  
****

    Сырт пішінді
қалпына келтіру орталығына қырықтар шамасындағы бір ер адам жаңа түскен келін
құсап именшіктей басып кірді. Бір қарағанда дені-қарны сау, өңі-басы түзу
сияқты көрінеді. Бірақ, өз-өзінен қуыстанып, жан-жағына жалтақтай бергені
ойында бір гәптің барын анық аңғартып тұр.

    - Сізге не керек еді? - деді бас дәрігер оны
бастан-аяқ сүзе қарап.

    - Маған ба?...
Жәй, әшейін... - деді анау бас дәрігердің жүзінен  сыр бағып, барлай шолып.

    - Айта беріңіз, -
деді мұндайдың талайын көрген бас дәрігер өп-өтірік басқа бір шаруаға айналған
болып, алдындағы  қағазын ақтарыстырып.

    -  Екеуміздің жасымыз қарайлас болуы керек, -
деп жалт берді анау.

    - Е, мен сізді
түсіндім. Сіз маған бекер келдіңіз, урологқа барыңыз, - деді бас дәрігер тез
түсін суытып.

    Анау оған қозғала
қойған жоқ. Сипақтап сәл отырды да:

    - Менің оң жамбасымда
алақандай қал бар еді. Соны сылып алып тастаңызшы, - деді төтесінен тартып.

    Бас дәрігер:
«Мынаның есі дұрыс па?» дегендей, тіксініп қалды.

    - Оның не
кедергісі бар сізге? - деді ежірейіп.

    - Айтпаңыз, сұмдық
болайын деп тұр, - деді анау сыбырлап.

    - Сіз одан да
жүйке ауруларын емдейтін дәрігерге барсаңызшы, - деді бас дәрігер бас салса қақ
шекеден салып жібермек болып, әлдебір темір аспапты шап беріп ұстай алып.

    - Жо-жоқ,
қорықпаңыз, мен жынды емеспін, - деп шыр-пыры шықты ананың.

    - Сізге не сонда,
шетелдегі әлгі... Жабайы пляжға барғалы жүрсіз бе? - деді бас дәрігер әрең ес
жиып.

    - Ә, сіз естіген
жоқсыз ба? Биыл қазына есебінен шетелге 
шығуға тиым салынды ғой. Шетелге бармай-ақ, жабайы пляжыңыз өзіміздің
Қапшағайда да бар. Бірақ, мен онда бармаймын, қазір тері ауруы көп, - деп
шытынады анау.

    - Рас-рас, қызық
қуып жүріп ауырып қалуыңыз әбден мүмкін. Сақ болғаныңыз жөн. Қане, жамбасыңызды
көрсетіңізші, - деді бас дәрігер алдында дені дұрыс, оқыған, әп-әжептәуір
қызметкер адамның отырғанына толық көзі жетіп.

    Анау шалбарын
төмен түсіріп жіберіп, бір қырындай тоңқайып, оң жамбасын дәрігердің көз алдына
тоса қойды.

    -Апырым-ай,
мынауыңыз шынында үп-үлкен қал екен. Бұған несіне қиналасыз. Қайта жамбасыңызға
әдейілеп сурет салып қойған сияқты жарасып тұр. Өзі Мәрмәр теңізіндегі кіші
аралдың картадағы белгісіне қатты ұқсайды екен. Менің жамбасымда осындай қал
болса жұртқа көрсетіп, мақтанып жүретін едім, - деді бас дәрігер тамсанып.

   - Өй, өйтіп
айтпаңыз. Атамаңыз тіпті! - деп шошып кетті анау.

   - Сізге не болды,
онда тұрған не бар? - деді бас дәрігер таңырқап.

   - Ойбай, сіз
сұрамаңыз, мен айтпаймын. Одан да қолыңыздан келсе құтқарыңыз мені бұл қалдан,
- деді анау тоңқаң-тоңқаң етіп.

    Бас дәрігерге не
керек, жұмыс керек. Білегін түріп жіберіп, ана байғұсты бақыртып-шақыртып, оң
жамбасындағы алақандай қалды бір қабат терісімен қоса сылды да тастады.

    - Ал енді не
болды, - деді текке әуреленгеніне ашуланып.

    - Бір мықты көріпкел теледидардан айтыпты.
Оң жамбасында қалы бар біреу таққа таласады-мыс депті. Ойбай-ау, шағыстыруға
бола ма, мен президентімізге адал берілген адаммын ғой. Аш құлақтан тиыш құлақ
деген, әкеліңізші жаңағы сылып тастаған теріні, отқа жағып жіберейін, - деп
анау қинала ыңырсып, шөкелей кетті.