ВЕРНУТЬСЯ

    Мен осы  баян қылғалы
отырған тосын оқиғаның  құдiретi  күштi бiр Алланың  ырқымен болғанына еш  шүбәсiзбiн. Бұл  оқиға өзi менiң  бауырларымның үлкен үйдi тастап,  қара 
тiршiлiктiң  қамымен қалаға көшуге  қаракеттенуiнен  басталған едi. Бiздiң  әкемiз жоқ, 
ал әкемiз  салған үлкен үй  қазiргi 
қиыншылық  туып тұрған уақытта  кiрiс-шығысы 
қолдағы азын-аулақ  малмен
бiрге  түгесiлгендiктен,  бауырларыма 
пана болудан қалды. Оларды кәрi шешеммен бiрге  өзiмнiң 
қасыма,  қалаға көшiрiп  әкетуге 
келгенмен  қызыл қыштан өрiлген, көк
шатырлы, еңселi  үлкен үйдi  қимай 
көп айланшықтадым. Шешемнiң күрсінісі 
көбейгенмен,  бауырларым мен
олардың  балалары қалаға  көшетіндіктеріне  қуанып, кәдімгідей елеуреп-ақ жүр.

   Бірақ,
әйтеуір  баяғыда-ақ  қамданып 
қойсақ та  жоқтан өзге жағдай  килігіп, 
көшті аялдатуға  себеп-сылтау
табыла  берді. Біресе жақын  жамағайынның 
қырқын бергенде  арасында болуымыз  керек екені 
есімізге түсе қалды,  біресе  бауырларымның 
жекеменшікке  алған жерлерін
бұрынғы   салығын  жиып-теріп төлеп,  үкіметке 
өткізіп  кетпесе,  қоқырайған 
әкім жүгімізді  алып жүруге
ұлықсат  қағазын  бермейтін 
болып шықты.  Бауырларымның  үлесіне тиген 
жердің  құнарсыздау екенін  біле тұра, 
ел құсап тіршілік ете  алмағандарын
айтып,  өздерін  әбден сөктім. 
Қайтадан  көшпей осы  ауылда қалып қоятындай  ортаншының қабағынан  қар жауып, 
уық ұстар кішісінің  еңсесін  уайым басты. 
Ақыры менің араласуыммен  бәрі
орнына келіп,  енді не керек  дегенде, 
қожайыны  көніп тұрған  көлігіміз 
сынды да қалды.

     Тағы екі-үш
күн  айналатынымызға  мен еш 
ренжігемін  жоқ. Ертелетіп  аңға шығып кеттім. Аң аулап жүріп,  тау ішіндегі ойпаңдау жерде,  бір аласа шоқының  қылтасынан 
сопаң етіп шыға келіп, 
қалқайған  иесіз  ескі 
тоқал тамның үстінен  түстім.
Қанша  қамшыласам да  атым құлағын 
қайшылап,  пысқырынып,  төрттағандап 
ілгері  баспай қойды. Ақырын  аңдап қарап, 
тың тыңдап байқасам,  там
жақтан  гуілдеген  бір сарын 
естілгендей болды. Аттан түсіп, 
жаяу жақындап  келгенде көрдім,  тамның іші-сырты түгел  шұрқ-тесік, құжынаған  мың-миллион 
жабайы ара. Үйдің 
шатырындағы  араның  ұясын 
талай бұзғанбыз, ал тамды  тесіп  ұя салған 
араны бірінші рет көруім. 
Қарақорым  қалың  тобымен гу-гу етіп,  қаптай ұшып, қаптай қонып жатыр. Құдай
біледі, олар менің жақын келгенімді 
сезген жоқ, егер сезсе, қап-қара бұлттай қаптап ұшып келіп, талап
жеп  қоятын  түрі бар.

      Аң
кезікпей, ұрынарға  қара таппай, ерігіп келе
жатқан бетім болатын.  Бір тентектік
ойыма келіп, оқталып тұрдым да, сескеніп 
райымнан  қайттым. Ондағым тас
атсам ба екен,  әлде  от қойып 
жіберсем бе деген қараулық  еді.
Бала емес, шаға емес, мен сияқты еңгезердей дәу жігіттің бұл ісі естіген жұртқа
да қарау адамның бүлдіргі ісіндей жағымсыз әсер қалдыратыны  айдан анық. Ендеше мен адамдардың
мекенінен  аралардың  ұясына айналған осы тамға тимей-ақ қояйын
дедім ішімнен. Бірақ жас адамның өзін-өзі 
әлденеге  арандатқысы  келіп тұратын 
ұрыншақ  әдетімен  бойымды 
бірте-бірте  әуестік  жеңе бастады.

     Шөп басын бырт-бырт
шалып, ауыздығымен бірге күрт-күрт 
шайнаған  ала аяқ кербесті  жайынша тұр. Алдынан ала қарға ұшса да жалт
беріп,  жалпаңнан түсіретін Кербестінің
үркектігіне қайран  қалып жүргем, сонымен
бірге сезімтал елгезектігіне де еріксіз таңырқауыма тура келді. Мен
бөктерге  байлаған сұр кенеп сулықты
шешіп алып жатқанда-ақ әлденеден секемденгендей басын шұлғи пысқырынып, тағы да
құлағын қайшылай қалды.

     - Не
болды-ей?! Не болды сонша  оқыранып?!
-  дедім 
алақаныммен сауырынан шапаттап.

     Мен қатқыл
сөйлегенге жануар кәдімгідей елеңдеп, жанары тостағандай болып мөлт-мөлт етті. Жылқы
тегінде түйсікті мал. Түйсіксіз  болса
адамға серік бола ма. Ауылға келген 
біраз уақыттан бергі менің де серігім осы  Кербесті. Қазір  үркектігіне де бойым үйреніп қалды,
әйтпесе  алғашқыда аяқ артқаннан тақым
қысатынмын. Сөйткен жануар енді менен тіксініп, өз-өзінен тыпырши бастады.
Сезді жануар, менің құжынаған  жабайы
араның ұясына баратынымды сезді. Басын кегжеңдетіп, шыдамсыздана  осқырынды.

     Бірақ енді
тайынар мен емеспін. Тамның  ішіне кіріп  көргім келіп тұр.  Сулығымды киіп, белін тартып буып,
етек-жеңін  қымтанып,  оранып алдым. Мал баққан түз адамына оңтайлы
ұзын етек, кең сулық басындағы 
бүркемесімен  нағыз  омарташыға 
арнап тігілген  киімдей  болды да шықты.  Ас-су 
салынған  дорбаны  қақ айырып, 
көзәйнегімнің  шетін  бастыра бет-аузымды да тұмшалап орап
тастадым. Қалған шүберек жалаңаш 
қолдарымды  сулықтың  жеңімен 
қабаттастыра таңып байлауға еркін жетті. Аяғымда  керзі етік, 
қолымда сол жерден тауып алған білектей жуан таяқ,  мына қалпымда мен жауға жарақ сайлағаннан
бетер  болдым. Бұрылып қарап едім,  атым 
үркіп кетті. Бірақ осқырынып, 
менен алыстап  кете алмай тұр.

    Әлдене
үстімдегі  кенеп сулыққа сарт етіп соғылды.
Бармақ басындай  қызғылт қоңыр дәу ара
жерге домалап түскендей көрінді. Ол жақ, бұл жағыма қаранғанша зу етіп,  басымнан бір айналып  ұшып жоқ болды.  Тағы біреуі 
қақ маңдайдан  зулап кеп,  дәл 
көз алдымнан  тайқып өте
шықты.  Мен жақындаған сайын қарсы
ұшқан  аралар тіпті  көбейе 
бастады.  Сарт-сарт  соғылып та жатыр, айналып ұшып өтіп те  жатыр. 
Мөп-мөлдір  ауада қаптаған   түйір-түйір 
қара дақ.  Енді бір сәтте  олар бытырлап 
қарсы беттен  тасбұршақша  борады. Е деп 
ес жиғанша  болған жоқ,  қарақорым 
тобымен  қаптап келіп көмді де
кетті. Мен қолымдағы таяғымды оңды-солды сермеп,  қалың араны қақ жарып,  алға ентелей ұмтылдым. Құдай-ау, неткен
көп,  олар тіпті де таусылар емес. Тоқтасам
болды,  үйіліп-төгілген қалың араның  астында қалатын түрім бар. Аралар бет-аузымды
тұмшалаған шүберектің  сыртынан да үймелеп,
тынысымды бітеп барады. Көзәйнегіме 
дейін тайғанай тырмысып, домалай құлап түсіп жатыр. Қолыммен сыпырып  тастасам, 
дем сәтте қайта қаптап алады. Алдымнан ағарып көрінген жарық бір
сәтте-ақ шұбартып, сол заматында-ақ қара түнекке айналады. Есік терезесі  үңірейген 
ескі тамды  бір көріп,  бір көрмеймін.  Құлағымның 
іші де естен тандарарлықтай гуіл мен ызыл, басқа ештеңе естілмейді.

    Кірем де
шығам деген есікке туралап тауып бара алмай, бар салмағыммен гүрс етіп қабырғаға
соғылдым. Сол екпініммен үстімдегі  қалың
араны гу еткізіп бір сілкіп тастадым. Қалың ара үйіліп жерге түсті.  Ұша алғаны ұшып, ұша алмағаны аяқ астында жыпырлап
жатыр. Бірақ онымен азайған ара жоқ. Жан-жағымнан құйындай үйірілді. Мен
оларды  үстіме жолатпауға тырысып,
қол-аяғымды ербеңдетіп, қалбаң қақтым. Жата қап аунағым келді, - тұра  алмай қаламын ба деп қорықтым. Тұра кеп  қашқым келді, -  қай жаққа қарап қашарымды аңдай алғам жоқ.
Аралар  бірінің үстіне бірі құжынай
қонып, үймелесе  жыпырлап,  қусыра буып алды.  Көрер жарық, тыныстар тесік қалмады. Демім
бітіп, тұншығып өлуге айналдым. Қолыммен қаққыштап, саңылау тауып, бет алдыма
бір қарап қаламын,  ауадан да бір жұтып
үлгеремін.

    Кенет басыма
қараңғы жерге кіруім керек шығар деген ой келді. Жандәрмен есікті сипалап тауып
алып, ішке қойып кеттім. Құжынаған 
араның көкесі сонда екен. Бағанағыдан да арман гулеп ала жөнелді. Тоқал
тамның іші алақұйын, шаң емес, қаптаған ара. Өздерінің гуілдеген үндері  қандай зор. Қайтып есікті таба алмай қаламын
ба деп зәре-иманым ұшты. Бірлі-жарым ара қойны-қоншыма да кіріп алған секілді.
Әр-әр жерім тыз-тыз етіп, дуылдап ала жөнелді. Еш қайраны жоқ таяғымды тастай
салып, кенеп  сулықтың сыртынан
өзімді-өзім екі қолыммен сарт та сұрт ұрғылап жүрмін.  Аралар мың сандап жабысқан сулығымның
етек-жеңі әжептәуір ауырлай бастады. Дымым құрып, тұншығып өлетін болдым. Ауға
түскен балықтай дәрменсіз тыпырлап, алақтап есім шықты. Төрт қабырғаға
кезек-кезек  соғылып, өз-өзімнен
қақпақылға түстім. Әр соғылған сайын аралар быршылдап, мың-мыңдап жаншылып
қырылып жатқан сияқты. Бірақ мына пәлекеттердің одан азаятын түрі жоқ. Ара
талап өлді дегенің осы шығар. «Не жаздым?! Е, Алла, не жаздым саған?!» деген жалбарынышты
оймен  жанұшыра алақтадым.

     Қу жаныма араша
сұрап, жаратқан ием, енді сені алдамаймын, бар 
екеніңе сенімім кеәміл деп шыңғырған үнімді ішімде тұншықтырып, енді
өлдім, е, Алла, енді өлдім дегенде әлдене оқыстан ыс-с ете қалды. Әлдекім  жауырынымнан жуан қамшысымен сып еткізіп тартып
жібергендей болды.  Әлдебіреу иығыма
білегін асып, мойнымнан қапсыра құшақтай алғанға ұқсады. Тағы біреуі аяғыма
оралып, сумаңдап жоғары өрледі. Аралар кері серпіліп, қуыс-қуысқа тығылды.
Өзіңнен зор шықса, көзің сонда шығардың 
кері болды. Қайдан шыққаны, қайдан келгені белгісіз, әйтеуір қарасам, жан-жағым  қаптаған жылан. Төбеден де  салбырап түсіп жатыр,  қуыс-қуыстан да  өрмелеп шығып 
жатыр. Осыншалықты  қисапсыз
көп  жыланның кішкентай  тоқал тамның қай  жеріне 
сыйып  жатқанын  бір құдайым білсін. Төбеден  салбырап 
түскен біреуі  мойнымда жүр,  енді біреуі 
басын кегжите  кеудеме қарай өрлеп, шұбалған ұзын 
денесімен  беліме оратылып  алған.

      Мен
қорыққаннан буын-буынымнан әл кетіп, аяғымды жерден ала алмай қалдым. Шұп-шұбар
бір жылан басы қақшиып, айыр тілі сумаңдап, 
сүп-сүйір тұмсығын көзәйнегіме тақап алды. Аузы-басымды тұмшалаған  шүберектің сыртынан  денесінің 
ақырын қозғалғаны білінді. Ол басымнан 
асып түсіп, арқама жабыса төмен қарай 
жылжыды. Бір жазылып, бір бүктеліп 
жерге сусып түсіп  барады. Оның
орнына  сулығымның  етегінен 
кіріп, буып байлаған белбеудің астынан өте алмай түртінектеп, қайтадан
суырыла шығып, тағы біреуі өрлеп келеді.

      Жаңағы басымнан
асып түскен жылан жайына кеткен соң ептеп ес жиғандай едім. Оң жақ қалтамның
ауырлап, төмен тартқанын байқап,   бойым
тітіркеніп кетті.Байқаймын, бір жылан жайлы жерге кіріп алған, сыртынан
сипасам, бұлтиып жатыр. Тар қалтамды кеңейтіп алғысы  келгендей, әжептәуір күшпен бұлқынып-бұлқынып
қалады. Қорықсам да   басқа амал қалған жоқ,
қолымды салып жібердім. Шүберекпен қабаттай орап таңылған қолым қоқайып, икемге
келмей, қалтамда бүктетілген жылан уысыма әрең ілікті. Шұбалта суырып алып,
аяғымның астына атып ұрдым. Өкшеммен жаныштап, мылжа-мылжасын шығарып тапап тастадым.
Сол сол-ақ екен, жыландар манағыдан бетер ысылдап, бастарын қақшаңдатып,
иіріліп, ширатылып, сарт та сұрт сабаласып, бірін-бірі баса көктеп, айыр
тілдерінен зәһар шаша лап қойды.

            Мына
сойқанға  менде  қарсыласар 
дәрмен жоқ.

            Жын
иектеген  үй екен дедім бұл.

            Үй иесіз болмайды
деген осы.

            Иесіз қалса
жын-шайтан иеленіп алады.

            Жын боп
қуды жыландар, шайтан боп қуды аралар.

            Мен
ес-тұстан айырылып, жанұшыра қашып бердім.

            Есікті
қалай тапқанымды, сыртқа қалай атып шықанымды өзім де білмеймін.

            Әйтеуір даладағы
атыма да қарамай,  затыма да қарамай қаша
бердім.

            Үстімдегі
кенеп сулығымды да, аяғымдағы керзі етігімді де жолай  лақтыра тастап қаштым.

      Иесіз ескі
тамнан жалаңаяқтанып, жалаңбастанып қаштым. Аяғымның  астында көкшіл гүлдері шашылып түсіп жатқан
көкемаралдың жұпар иісі  бұрқырап,
етектей-етектей үлкен түйежапырақтар май табаныма жайыла төселді. Қыратты
жердің көкемаралы, шалғынды жердің түйе жапырағы,  беткейлі жердің көздің жауын алып тұнып
тұрған қып-қызыл қой бүлдіргені  аяғымның
астында кейін сырғып қалып жатыр, қалып жатыр. Көк майсасы  кілемнің түгіндей жұп-жұмсақ, қалың шалғыны
тізеден асады, балауса шөбінен уыз иісі аңқиды. Анадайдан кішкене жарқабақтан
құлап аққан  бұлақ суының шорылы естіледі.
Бұлақтың тұп-тұнық, мұп-мұздай суынан сіміріп ішкім келіп, тамағым құрғап,
таңдайым кеберсіп, демімді басып алмақ боп шөкелей кеттім. Осыншама сұлу,
көркем табиғатты аман көргеніме қуанып, ебіл-дебілім шығып, еңіреп жылап
жібердім. Көкмайсаға  етбетімнен түсіп,
еңіреп жылап жатып, ауылдағы біздің үйдің де жақын күндері иесіз қалатынына
ішім удай ашыды.

   Менің
түсінігімде жан дүниеңе қозғау салып, сезім күйіңді серпілтіп  оятатын мұндай тосын оқиғалардың әйтеуір бір
себебі болуға тиіс. Оның жұмбақ сырын түсініп, білуге біздің ақыл-ойымыз әлі
жетіле қоймаған да болу керек. Тек мұның бекер еместігін аңдатып, қайта-қайта
есімізге түсіріп,  мазамызды кетіріп, ішкі
түйсігіміз ғана жанымызға тыншу бермейді. Мен де осы оқиғадан кейін екі-үш күн
ауырлаңқырап, қашан көш көлігіне жүк тиеліп 
бітіп, шешем оқыстан аңырап қоя беріп, шығарып салып тұрғандардың  ішінен әйелдер жағы да сықсыңдап жылап,
қоштаса бастағанға дейін  еңсемді  көтере алғамын жоқ. Тек көш қозғала бергенде ғана
басқа амал  қалмағандығын аңғартып,
олардың жүзіне туралап қарауға әрең дәтім барды.  Сақал-мұрттары тікенектеніп өсіп, жүздері
желге тотығып, күнге күйіп  қарайып
кеткен ер адамдардың мұң кіреукелей қалған жанарларынан біз құсап атажұртын
тастап, үлкен жолға шыға алмағандықтарына өкінгендей  бір жабырқау сезім ұшқынын көрдім де шешемнің
орнына ақырын ғана ернімді қимылдатып, «шүкір» дедім.