ВЕРНУТЬСЯ

   Шерхан Мұртаза десең, көңіліңнің бір түкпірінде сол азамат тұрады. Өз арамызда Шыңғыс Айтматовқа қатысты сөз бола қалса да ойға оралады оның есімі. Әбіш Кекілбаевты айтсаң да білетін адамдардың осы бір шомбал қара жігіт туралы бір ойлап қоятынында сөз жоқ. Және бұл тізім осымен шектеліп қалмайды. Фариза Оңғарсынова да, мәселен, оны сыйлас іні тұтқан. Себебі, олардың қай-қайсысының да осы уақытқа дейінгі жасалған шығармашылық портреттерінің құнарлысы соның қолынан шыққан болатын.  

  Ол жаратылысынан болмысы күрделі адам. Күрделі шығармашылық иелеріне жақын жүретіні,− бойында олармен тез тіл табыса алтынындай негіздің барлығында болса керек. Өмірінің бір кезеңінде Қалтай Мұхаметжановпен қатар жүре қалуының астарында да сондай сыр жатыр. Жоғарыда есімдері аталған жайсаңдарға ең әуелі оның алған тақырыбын тыңға түрен салғандай қопара жазатыны ұнайтын. Түнімен ұйқтамай, көзі қызара ісініп жүргенін талай көргем.

  Жұмысқа мен де ерте келетінмін ол кезде. Редакцияда қонып қалатын күндерім де болған. Есік сарт ашылғанда, сол кісі шығар деп ойлайтынмын бірден. «Қалайсың?» − деп ол кісі өзінен өзі лекіте күліп алатын. Өзін де, өзгені де жанықтыра қайрайтын алғаусыз күлкі. Топан су тобығынан келмейтін адамның күлкісі. Сырласа келе, тап солай жадырай күлуге еш жағдайы келіп тұрмағанын білесің содан соң. Екі қолын қалтасына салып алып, лекіте күліп бара жатады тағы да. 

  Біреу ол туралы бірде: «Сүрленбеген тақтайдан кітаптарына сөре жасап қойыпты»,− деді. Бәтіңкесіне баудың орнына ақ сымтемір өткізіп байлай салыпты бір күні. Ондай өз күтіміне қаперсіз адам іздесеңіз жер шарында жоқ шығар. Сирек кітаптар жинайтын кітапқұмарға сүрленбеген тақтайдан сөре жасау сөкет емес, әрине.  

  Бірақ, шығармашылық тазалыққа талабы күшті болатын. Бір қисайса қисайып алып, небір мықты дегендердің тас-талқанын шығарып отыратын. Сөйте тұра, кейбір жазушыларға шексіз табынатындай көрінетін еді. Мен жас болсам да онысын қолдамай, бір-екі сөз айтып қалғам. Ертесіне алдыма бір жазушының бес-алты кітабын топыр еткізіп төге салды. «Ал, оқы да ішінен селкеу бір сөйлем тауып бер. Шиыршық атып тұрмаған қандай әңгімесі бар екен? Ізде, ізде», − деп еш ашусыз, рахаттана күлді. Сөйтті де екі қолын қалтасына салып алып, әдеттегісінше лекіте күліп кетіп бара жатты. 

  Сол бейне, үзік-үзік суреттер менің есімде қалғаны...