ВЕРНУТЬСЯ

      Қазақстан мен
Ресейдің арасындағы шекара сызығы Тобыл өзенінің бойымен келіп-келіп, бір жерде
бергі жағалауға сұғына кіріп кетеді. Оның жайын жергілікті халық күні бүгінге
дейін жыр қылып айтады. Патша заманында жер өлшеп жүрген землемер бергі жақтағы
бір байдың қасқыр ішігіне қатты қызығып, қолқа салыпты. Қырсық шалған бай
дәулеті тасып тұрса да ішігін бермей қойыпты. Соған ерегескен землемер шекара
сызығын бұрып әкеп, әлгі байдың жеріне сұғынта кіргізіп жіберген екен. Шекара
сол қалпы мызғымай мәңгілікке орнықты, ал бір пұшпақ жердің садағасына да
тұрмайтын қасқыр ішіктің қазір жұрнағы да қалған жоқ.