ВЕРНУТЬСЯ

    Суыт жортып келе жатқан қос салт аттының бірі дөңгелек
жүзді, балғын өңді, бұғағы ақ мамықтай үлбіреген еркетотай да, екіншісі иі
жұмсақ, ұрты салбыраған салқы ауыз, момын қара. Екеуінің де мінгені ауқатты,
әлді адамның тақымына лайық тұрқы ұзын, тік бақай болғанмен, қайсысының қандай
әулеттен шыққанын сырт пошымдары бірден байқатады. Бар жасауын үстіне ілгендей,
атлас көйлегі сусылдап, сусар бөркі құлпырған бойжеткеннің киім киісі бөлек,
астындағы ер-тұрманға дейін су жаңа. Оның жанында бөркінің жиегі таздың басындай
тықырланып, қоңыр шекпенінің арқа жағын күн жеп, түсі оңған, шынтағы мен жарғақ
шалбарының тізесі жамаулы жігіт қара жаяу қалғаңдай екен. Сонда да ол еркек
атын малданып, еңсесін түзеп, қасындағы бай қызының сәнін бұзып, сынын
кетіремін-ау деп жүрексінбей, сыңғыр-сыңғыр үзеңгі қағыстырып, иық теңестіріп
қатар келеді. Боз биенің сүтіне шомылып, бал жұтып, ерке өскен  сылқым қыз оны шен көре ме тәйірі, иегі
сүйірлене, мойнын алға созыңқырап:

- Жанаспай жүрші,- деді жаратпай.

Енді үндемесе жоқтан дәметіп, аузының суы құрып, ат үстінде
тізе тоғыстырған арудың аршын төсіне ашқарақтана сұқтанып, аш беліне қол
жүгіртуге ыңғайлана бастаған салпы ауызға бұл қапелімде қыз өрім қамшымен қақ
маңдайдан салып жібергендей болды. Бірақ бай қызының сөзін көңіліне алатындай
ол кім сонша...

Араларын алшақ тастап, тағы біраз жортқан соң, анадайдан ат
басын іріккен сылқым бикеш айдалада жын-шайтан үйіргендей сықылық ата күліп:

-Байкемнің атын аяп келесің бе?- деді жалт қарап. Салқы ауыз
өз құлағына өзі сенбей сәл тосылып қалды да, кенет ойына әлдене түскендей,
ыржалақтай күліп, астындағы жалпақ сауыр кер бестіні итіне тебінді. Бойжеткеннің
жаңағы айтқаны оған: "Байдың қызын аяп келесің бе?"- дегендей де
естіліп еді, қуаныштан байғұстың жүрегі жарылып кете жаздады. Енді қайтсін, айлы
түнде бай қызы түзге шыққанда қыр астында жатып, өз деміне өзі тұншығып өлетін
бұл пақыр қиялым шынға айналар деп әсте ойлап па? Өткенде саңырау Жағыпардың уылжып
піскен Өрігіне ұрын барып, көрпенің шетін аша бергенде, қара басып, осы
Шекердің есімін атап-ақ жібергені жазғанның. Ұрын келген жігіттің ұрлығы әшкере
болып, қатты қорынған Өрік мұны қайтып жоламастай қылып, ит терісін басына
қаптап қуып шықты. Шекер оны біле ме, білмей ме, өліп-өшкен салқы ауызды сүйе
ме, сүймей ме, ол бір құдайға аян. Әйтеуір, арманына әне жетіп, міне жетіп, ат
басын бірде тартып, бірде жіберіп келе жатқан Сағидолла ішпей мас, жемей тоқ.
Бай қызымен иығы тағы теңесіп, қаңсып келгенде, кәрлен кесемен басына төңкере
салған құнан қымыз аш өзегіне түсіп кеткендей, ат үстінде буынсыз былқ-сылқ
етеді.

Шіркін, Шекер, қиялға ғана серік қылып, сыртынан тамсана
қарап жүретін періште ғой ол. Бозала таңнан көзін тырнап ашқанда, үлкен ақ
үйден бұрала басып шығып келе жатқан Шекерді көрсем дейтіні қайда мұның. Болмаса
тұмсығы сорайып, ұры ит құсап босағадан сығалайды. Толған айдай толықсыған сұлу
Шекерге ұйқы тәтті, босағадан ұрланып сығалаған салқы ауызға Шекердің өзі
тәтті.

Шекерге сырттай ғашық болып жүрген жалғыз бұл емес.  Оны 
көргенде,  қатыны бары да,  жоғы да қоғадай жапырылатын. Мұртын сылаған
мырза қонақ ауылға түссе, байдың қызын қызғанып, кәрісі де, жасы да тыржыңдап жүретін.
Салқы ауыздың бір көзі қонақта болса, бір көзі Шекерде. Сондай келімсек біреу
дастарқан басында отырып, сұлу қыз сызылып ішке енгенде, қолындағы сырлы тостағанды
қымызын шайқақтатып жерге қоя салса бітті, жоқтан өзгені сылтауратып, ертесіне
тағы айналып соғады дей бер.

Ондайда салқы ауыздың ішкені ірің, жегені желім еді. Енді
байқаса, бай қызын сыртынан бекер күзетпеген екен. Сылаң қаққан сұлуды қасына
ертті, мінеки. Жүзін бұрса, мойылдай қап-қара жанарын, аузын ашса, жақұт
тізгендей кіл аппақ тістерін көреді. Қырынан қарап, арқасына құлаған білектей бұрымын
қызықтайды, құс кеудесін көтеріп, атқа тіп-тік отырысына сүйсінеді. Оны
ынтықтыра түскісі келгендей:

Далаға түнейміз бе?- дейді Шекер.

Сөйтсек сөйтейік,- дейді ол.

Көрпе жоқ, астымызға не төсейміз?- дейді Шекер.

Тоқым төсейміз,- дейді ол.

Түнде корқамыз-ау,- дейді Шекер.

Қорықпа, мен күзетіп отырамын,- дейді ол.

     Шекер оның жауабына   разы  
болып,   жез   қоңырау қаққандай сыңғыр етіп күліп қояды. Басқа
түскен қиыншылықты елемейтіндей, алда не күтіп тұрғанымен де ісі жоқ. Балиғат
жасына толып, бұрымының ұшы балтырын қаққанмен, балалықтың дәмі аузынан
кетпегенге ұқсайды. Қара бәйбіше бұларды жолға аттандырып саларда қызына не
деді, Сағидолла соны білгенше де ынтық. Неғылса да әркім арман қылған сұлу
Шекердің қасына басқаны емес, есігінде жүрген мұны қосқаны тегін болмас. Екеуін
жұрт көзінен жасырып, кешкі абыр-сабырда ауыл сыртынан жөнелткен.

Сағидолла қара бәйбішенің әжім торлаған жүзі жұмсарып, өзіне
ықыласы ауып, іштартып қалғанына таңырқап еді сонда. Ыстық демімен өртеп,
екеуін де ат үстінен еңкейтіп, маңдайларынан өпті. Дәм бұйырып, туған жерге қайта
оралар күн туса, қызын Сағидолланың нағашы жұртынан іздейтінін қадап айтты.
Сағидолла оның жанары жасаураған дәрменсіз кейпінен: "Етегіңнен ұстаттым, ендігісін
азаматтығың білсін",- дегендей бір ойдың ұшқынын аңдап, Шекерді жылатпауға
үнсіз серт етті,

Шекерді ауылда ата-ананын бәрі ортақ көретін, әркім өз қызым
дейтін.  Көп жұрт оны жүрек қозғап,  шырқап салған әніне бола да сүйді. Сыңсыған
дауысында қайдан, неден дарығаны белгісіз, тұңғиық тереңіне шым батырып әкететін
ғажап мұң бар. Мұңның да тәттілігін сездіретін сиқырлы, сазды әуен бар.

Сол әннің бірін неге салмайды, мынау Шекер?! Ұзатылған
қыздай болып неге сыңсымайды?! Ел-жұртымен қоштасқаны-қоштасқан. Сағидолланың етегінен
ұстағаны-ұстаған. Әлде ішке бүккен басқа бір ойы бар ма екен? Оңда ашық айтсын.
Сағидолла ешкімге зорлық қылмайды.

Жо-жоқ, келісімін алмай болмайды, ол анық. Байқауынша қыз
кет әрі емес, қайта жігіттің ширап, жітірек қимылдауын қалап келе жатқаңдай түр
көрсетеді. Әлде қара бәйбіше солай табыстады ма, қызына не үйретті, қандай ақыл
берді? Шешесінің сөзінен шықпайтын Шекердің қайтсе де бір жұмбақ сырды ішке
бүккенін дөп болжап сезген. Әттең, сол жұмбақтың шешуін тапса, қара бәйбішенің
қызы: "Заман кедейдікі, көз көрген адам иттік қылмас, осыдан
айырылма",- дегенін білсе, Шекерді қазір-ақ алақанына салып, бауырына
басуға әзір. Шекер бұрын мұңсыз болды, қабағына кірбің, көңіліне қаяу түспеді.
Сағидолла тірі тұрғанда, бұдан кейінгі өмірін де қамсыз, уайымсыз өткізер,-
қара бәйбішенің жасаураған жанарын көріп, дәрменсіз әйелзатына еркек атымен берген
айнымас серті бұл. Алтын басты әйелден бақыр басты еркектің артықтығы осындайда
ғой тегінде.

Анам мені сен секілді ынжыққа қалай қиды екен?-деп кенет бай
қызы мұның ойын оқып қойғандай, көзін алақандай қылды.- Одан да арғы бетке
бірге ала кетсе қайтеді? Мені қалдырып бара жатқандарына қарағанда, бір қатерге  бас 
тіккен-ау, ә?  Саған ашып ештеңе  айтпады ма?  

 Ынжық болып неден
ығыппын, Шекержан? - деді  Сағидолла
намысына тиіп, қайрағанға шиыршық атып. - Өзің    білгеннен  
артық   мен   не   
білем?   Жолбасшылық қызметімді
қапысыз атқарсам болды емес пе? Заман тынышталғанша нағашы жұртымды
паналатайын. Апаңыз содан соң бір хабарын бере жатар.

Бетім-ау, мынанікі не сөз?!

Дөңгелек жүзі қызыл алмадай ду қызарған Шекер шынымен шошып
кетті. Әлде ашудан, әлде ұяттан жалт еткен жанары жасық жігітті жалынша шарпып
өтті. Сірә, ыза буған да шығар, оқыстан қатты сілтенген қыз өрім қамшы  ат сауырын  
пышақтай   тіліп   түсті де, бұрын мұндайды көрмеген Ақбоз,
бүйі шағып алғандай тітіркеніп, анадайға бір-ақ ытқыды. Аңдамай сөйлеп, опық
жеген Сағидолла қамшы Ақбозға емес, өзіне тигендей кирелеңдеп, бұратыла
еңкейіп, ат жалын құшты. Бақыттан басы айналып, денесін сылқ тастап жіберді де,
тізгінін бір езулеп тартқан кер бесті тұрған жерінде шырқ үйірілді.

Ойы, болжамы расқа шықты, тілегені болды. Қызын кімге табыстарын
білмей дағдарған қара бәйбішенің таңдауы көз алдында жүрген жалшы жігітке
түсіпті, содан бағы жанып тұр. "Байдың қызы екенін білсе, түтіп жер, кедейдің
жанында жүрсін",- дегенде ең әуелі Шекердің амандығын ойлапты акылды ана.
"Мал-жаныңды арғы бетке алып өтсем, қызыңды бересің",- деп тобан аяқ Шүкімән
баймен сөз байласқан Жақияны шеше көңілі қаламаған сыңайлы. Ел торыған қанды қол
қарақшының ана өкіметке де, мына өкіметке де жақпай, түбінде бір тұтылмасына
кім кепіл? Одан да заман кедейдікі ме, кедеймен кетсін, қалғанын тағдырдың
жазуынан көрер. Қара бәйбіше қызына міне, осылай десе керек-ті. Аңдаусызда сыр
ашып алған Шекер әне, ұяттан өртеніп барады. Қызыл іңірде қан қызыл нұрға
боялып, шоқ болып тұтанып, от болып жанып барады.

Жігіттің абайсыздығынан Ақбоз да босқа қамшы жеді. Әйтпесе,
Шекер қандай, Ақбоз қандай?! Бірін маңдайынан шертпей өсірсе, екіншісін құлын
кезінен астына киіз төсетіп бақтырды. Шекерге телінген Ақбозға ат үйретушіден
басқа ешкім жолаған жоқ.

Атбегілер Ақбоздың тұқымы асыл деседі. Шүкімән бай оны
бәйгеге де қостырмайды, көкпарға да мінгізбейді. Әлі жас, майып етіп алармын
деп қорқатын. Оның үстіне Шекердің де көңілін қимайтын тәрізді. Ақбоздың тұрқы ұзын,
бас терісі жұқа, тамырлары адырайып-адырайып көрініп түрады. Сол Ақбозға қамшы
сілтеген Шекердің ашуын-ай, тіпті. Ер болсаң, ашуынан айналмаспысың мұндай
қыздың.

Сағидолла ұшар қанат біткендей, алға еміне ұмсынып, кер бестіге
ол да қамшы басты. Қамшысы тұзға ысқандай көк дойыр, сауырдан сипай сілтегенде
кер бестіні сона талағандай шыжбың қақтырды. Екінші қайыра қамшы көтеріп, қос
бүйірге өкше қадай тебінгенде, жануар үстіндегі жігіттің жәйін үғып, жұлдыздай
ақты. Терең сай табанына тірелгенде, қыз қиялап, жігіт төтелеп тартып еді,
екеуі арғы бетте және қабаттасты. Бал Шекер торсиған   еріндері  
дірілдеп,   ақша   жүзі  
алаулап, бетін әрі бұрған. Намысы қайралған  Сағидолла момындығына салып, алғашқыдағыдай
жасқанып, именген жоқ. Бай қызын қыпша белінен орай құшақтап, аттан құлатып
алатындай абайлап қана өзіне тартып, ернінен сүлікше қадалып сүйді. Осы сәтте
ол өзін шексіз бақыттымын деп есептеді. Шекердей аруды алақанына қондырса, одан
артық қандай бақыт бар?!  Шекерден ай
маңдай ұл сүйсе,  одан өткен нендей
арманы болуға тиіс?! Асыл текті Ақбозды үйірге салып, тұқымын алса, одан басқа
не тілейді?! Өстіп қиялға көбірек беріліп кетті ме:

-  Шекержан,  жүзі де, 
жүрегі де өзіңе ұқсаған ұл тауып беремісің?- деп қалғаны аңдамай.

Жігіт құшағынан босанған Шекер ұялып, жанарын алып қашып,
бір қырындап кетті. Жаңағы көрсеткен батылдығы тек қыз ернінен сүюге ғана
жеткендей, жөпелдемеде сөз орайын келтіріп, тіл қатуға Сағидолла да қаймықты.
Лықсып сыртқа тепкен жан толқынысын, сезім ұшқынын жасыра алмай, қыз алқына
тыныстап, жігіт оның демін жұта үздігіп, екеуі үнсіз аймаласты, Сол бетімен көптен
көріспеген ғашық жандардай қол ұстасып келіп, басқа ықтасын жер таппай,
айдаладағы жалғыз түп карағаштың түбіне тоқтады. Аттарын тұсап жіберіп, аз-маз ауқаттанып
алған соң, Сағидолла тақырға тоқым төсеп, бай қызын жатын орынға икемдеді. Күй
таңдайтын жағдай жоқ әрі бұдан кейінгі ой, мақсаттары да белгілі болып қалған
сияқты. Біраз аймалап сүйгеннен кейін, аспандағы ай секілді қол жетпестей
көрінген ару қыздың қойнында жатқаны көңілін өсіріп, шаттана дауыстап,
айғайлап, қуанышын айдай әлемге жария еткісі келген.

"Сабыр, сабыр",- деді ішінен бір дауыс,- бөтен,
жат дауыс. Ол селт ете түсіп, бай қызына күдіктене жалт бұрылды. Шекер шынымен
қалғып кеткен 6е, әлде жігіттің аймалап құшуын күтіп жатыр ма, көзін тарс жұмып
алыпты. Түн қараңғы болғанмен, Сағидолла оның бір қалыпты пысылдаған пісте
танауын, жазық маңдайға біткен құс қанатындай айшықты қабағын ап-айқын көрген. Жаңағы
сөзді байқамай дауыстап айтып қалдым ба, өтірік ұйықтаған пәлекет қыз соны
естіп қойды ма деп сезіктенген ол көңілі орнығып, Шекердін торсиған еріндерінен
сүюге қолымен жер тіреп, ақырын еңкейе берді. Осы сәтте әлдекім көйлегінің
етегінен ұстап, кері тартқанға ұқсады да, "сабыр, сабыр қыл, әй",
деген әлгі бір сүйкімсіз үн жүрегін зырқ еткізді.

Сол-сол-ақ екен, бар зейіні қызға ауып, жол бойы ақыл-есін
алып келген ынтық сезімі, алабұртқан құштар көңілі су сепкендей басылды. Жан
дүниесінің оқыстан неге құбылғанын іші білгенмен, тәңірдің тегіннен-тегін бере салған
бақытынан тап осылай оп-оңай тайқып кетеріне өзі де сенбегендей, Шекердің
жүзіне ұзағырақ телміре қарап қалды. Бейқам, алаңсыз ұйқыда жатқандай болған
қыздың тынысы жиілеп, денесі бір ысып, бір суынғандай, көкірегі көріктей
көтеріліп-басылып, тынышсыздана бастады. Ол жеңіл күрсініп, қолын кейін тартып
алды да, орнынан жылдам тұрып кетті. Қызға жон арқасын тосып, тізерлей шөкелеген
күйі түн қойнауына тесірейіп, тас мүсіндей мелшиіп көп отырды. Шекер ту
сыртынан бәсең үнмен:

Сағидолла,- деп үн қатқанда барып ойы бөлінді.

Ау, Шекер,- деді аңқаусып.

Неғып отырсың?

Жәй, әшейін.

Мен ұнамай қалдым ба саған?

Қапелімде не жауап қайырарын білмеді ме, Сағидолла бұл жолы
үндемеді. Сол теріс қараған қалпы қызға жүзін де бұрмады. Желкесі күжірейіп,
мола баққандай тымырайып отыра берді. Қыз орнынан тұрып келіп, қасына тізе бүккенде
де қыбыр етіп қозғалған жоқ. Дәл құлағының түбінен сыбырлаған Шекердің үні
со-на-ау алыстан желмен жарыса жеткендей үзіліп, үздігіп естілген. Шекер оған:

-Сен үшін тым 
тәттімін бе мен?  Солай ғой,  тым тәттімін 
ғой, ә?-  деп  еді 
балаша жәутеңдеп.-  Кездескеннің
бәрі көз сүзеді маған... Ақ жүзімді көргеннің бәрі ұнатады мені... Ер жігіт
болса, қыршын кетуге даяр... Бай болса, үйір-үйір жылқысын жолыма тігуге бар...
Сенің етегіңнен ұстағанымды білсе, мына ел мені жынданған дер... Талайдың іші
күйер, басы қатар... Талайдың ішіне қанжар 
сұғылар...   Бұл  заман 
не  болып   барады,  
бәлкім соған таңданар... Ал, сен... Ал, сен!..

Шекердің сөзі шымбайына батып кетіп, Сағидолла жаны
ауырғандай қинала күрсініп жіберді. Көкірегінен әттеңі аралас уһілеген
жалынышты дыбыс шықты, бірақ одан артық ештеңе демей, тағы шөгерілді. Қос
жанарынан қос моншақ домалап түскен қыздың да дымы өшіп, тез қатайып алды.
Қараңғы түн басқан далаға кірпік қақпай қадалған оның не көргені, нені
елестеткені белгісіз. Ал жігіттің көз алдында нағашы жұртындағы кедей ауыл,
ондағы маңдайшасына қызыл байрақ ілген қызыл отау тұрды. Қызыл отауда не бар
екен, кіріп көрсе ғой, шіркін.

Оның босаға жағында білегі майысып, сұлу Шекердің қымыз құйып
отырғаны қандай жарасымды. Бай қызы деп жолатпайды, әйтпесе Сағидолла жаман
бөркін аспанға ататын еді. Қайран Шекер, маңдайға сияр ма, симас па, соны
ақылға салған жігітке қызыл отаудың тұтқасын ұстап, төбесі көкке жеткен
нағашысы жанына бай қызын ерткен жиенін көріп, жабырқап қалатындай секілденеді.
Жігері құм болып, жиеніне өкпелеп, теріс қарап жатып алатындай көрінеді. Бір-ақ
күнде жағы сопайып, жүдеп кететіндей елестеді. Сағидолланың тығырыққа тіреліп, қиналған
жері де осы болатын. Өзін екі оттың ортасында қалғандай сезініп, жаны
қуырылған. Оны жүрегін сыздатқан бұл ой тұманынан тағы да қүлақ түбінен
естілген нәзік дауыс айықтырды.

Атымды ерттеші,- деді Шекер қиыла өтініп.

Ат  ерттегені  несі?- 
деді  ол  түкке 
түсінбегендей абдырап.

Ертте!

Бай қызы дауысы саңқ етіп, өктем тіл қатты.

Қой, Шекержан, не айтып отырсың?

Ертте!

А?..

Қараңғыда бай қызының жанары от жарығы түскен көмірдей жалт
ете қалды. Жалшы жігіт үйренген әдетімен отырған орнынан тоңқалаңдай тұрып,
аттар жайылып жүрген жаққа қарай ұша жөнелген. Ақбозды ұстап, тұсауын шешіп
жатып: "Асыл текті жануарым-ай, тұқымың жат жұртқа бұйыратын болды
енді",- деп қыстыға жылап жіберді.