ВЕРНУТЬСЯ

    Премьер-министріміздің жабыла күлкіге ұшыратып, ақыры
орнынан алдыртып тындық. Қанша күлкіге ұшыраса да, оның әйтеуір мінезі, сосын
көп-көп ақшасы бар еді. Оның орнына келген жаңа Премьер-министріміздің
бұрынғысындай сайқымазаққа айналдырып жүрген жоқпыз, бірақ бұл жаңа
Премьер-министріміз күшті деген сөз емес. Күлкі етуге тұрмайды деп та айта
алмаймыз. Тек оның басқа бір қолайлы Премьер-министр табылғанша уақытша оқи
тұру үшін жазылған көркем шығарма екенін бәріміз де жақсы білеміз. Сондықтан да
әзірге Премьер-министр туралы емес, «Премьер-министр» деп аталатын көркем
шығарма жайында ғана сөз ете тұруға болады.

Иә-иә, біздің бұл көзі алақандай үлкен, жауырыны қақпақтай
кең, бойы да көп-көрім ұзын Премьер-министріміз - нағыз көркем шығарма. Оның да
кәдуілгі бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек аталатын саусақтарының арасын
қалам қажап, том-том кітап жазып жүрген біз бен сіз сияқты нақтылы авторы бар.
Бір қызығы, ол Құрметті авторымыз бас-аяғы келісті сом жаралған осы жаңа көркем
шығармасының ішкі діңі осалдау, арқауы босаңдау екенін жақсы біледі. Және бір
қызығы, кітап болып басылып шығып, жұртшылық назарына ұсынылып, оқырманның алды
оқып тауысып қалған бұл шығарманың соңында... нүктесі жоқ!

Иә-иә, көлемі әжептәуір шығарманың ұзына бойында үтір мен
сұрау белгісінен басқа ешқандай тыныс белгісі жоқ. Тіпті реті келіп тұрса да,
соңына нүкте қойылмағаны қайран қалдырады. Әрине, көзге көрінер-көрінбес
титімдей бір ноқатты қондыра салудың еш қиындығы болмас еді, бірақ сол ноқат
қойылмаған!

Былғарымен тысталған жұмсақ мұқабасын жайлап ашып, бірінші
бетінен «Біздің Премьер-министріміз...» деп оқи бастасаңыз, ары қарай еш тоқтай
алмай, ентігіп есіңіз шығады. «Енді жеттім-ау», деген тұсыңызда бір жамбастай
қисайып жатып алып қарсы алған үтір, сол сәтінде-ақ шынтақтап жатқан күйі
«жолың болсын, бауырым» деп ілгері шығарып салады. Ерніңіз кезеріп, таңдайыңыз
таңдайыңызға жабысып, дымыңыз құрып, әбден діңкелеген кезіңізде: «Бұл арада
менен басқа ешкім жоқ», - деп ілмиіп сұрау белгісі тұрады. Қасында қайқайып леп
белгісі тұрса, риторикалық сұрақ болар еді, өз жауабы өзінде дер едік, бірақ ол
жалғыз!

Нүкте деген тиянақ қой, әрбір аяқталған істің соңында нүкте
тұруға тиіс. Ал мына көркем шығарманың соңына нүкте қойылмағаны мүлдем
түсініксіз. Оқып шыққан адамдар ол туралы «не жақсы, не жаман» деген бірде бір
пікір айтқан жоқ. Құдай біледі, табан тіреп тұра қалатын нүктесі болмаған соң,
екпіндерін тежей алмай, кітап аяқталған жердегі қолдан жасалған биіктен гүп
етіп құлап кеткен болулары керек.

Біздің қазақ кітапқұмар халық қой, әлі қаншама ел оқиды бұл
шығарманы. Солардың бәрі аяғына жеткенде тоқтай алмай, гүпілдеп құлай берсе
несі қалады? Әйтеуір жаңа шығарма туғанша уақытша оқи тұру үшін жазылған кітап
екендігі ғана көңілді алдарқатады. Бұдан кейінгі үміт етіп отырғанымыз мүлдем
басқа кейіптегі кітап болатын шығар. Авторды сонда қаттырақ мақтайтын шығармыз:
«Е, енді дұрыс болды, нүктесі түгел екен, тіпті леп белгісі де бар екен», -
деп.

Ал тек қана үтір мен сұрау белгілерінен тұратын  мына шығарманы көңіл үшін мақтай салуға да
болар еді, бірақ оны ешкім түсінбейді ғой. Бұл шығармада нүкте ғана емес, тіпті
мазмұн да жоқ. Терең оймен талданып жазылмаған жалаң сюжет желісі мазмұнға
жатпайды.

Осындай кемшіліктері болғаннан кейін де бұл шығарма
эмоциялық әсерден мүлдем ада. Қанша үңіліп оқыса да, оқырман сезімін селт
еткізбейтін неғылған суық шығарма екенін бір құдайым білсін.  Мұндағы бүгінгі өміріміздегі сіз бен бізді
ашуландыратын,  ренжітетін,
мазасыздандыратын, алаңдататын,тағы да басқа жанымызды ауыртатын жайттар туралы
бірде бір сөйлем кездеспейді. Ең қызығы, кез-келген тарауын жұлып алып тастай
берсеңіз де, сюжет желісіне еш нұқсан келмейді. Ал, біз үшін ең бір қынжылтатыны,
бұл шығармада ұлттық бояу жоқ.

Қазір біріміз біліп, біріміз білмей, әйтеуір қолда тұрған
соң жаппай оқып жатырмыз. Бірақ ертең басқа бір көркем шығарма жазылғаннан
кейін, оның жазылатыны айдай ақиқат, бұл шығарма мүлдем оқылмай қалады. Бұл
шығарманы орталық кітапхананың шаң басқан сөресінен ешкім де сұратып алмайды.
Оның кейінгі тағдыр-талайына авторының жанашырлығы болмаса, өңге ешбір адам
қызықпайды. Тіпті Құрметті авторымызға сіздің сондай да бір сәтсіз шығармаңыз
болған еді деп те ешкім айтайды. Орнын басқа бір қуатты шығармаға босатып
беріп, кітапхана сөресіне көшкеннен кейін ол бірден ұмытылады. Өйткені, ол о
баста ұмытылу үшін жазылған шығарма болатын.