ВЕРНУТЬСЯ

   Өміріңнің  біраз  уақыты өтіп, 
арада бала сүйіп,  орнығып-ақ
қалған  тұсында  әйеліңді 
жақсы  көрмейтініңе, әншейін
тіршіліктің  ыңғайымен ғана маталып
жүргеніңе  көзің жете түссе  еңсеңді 
енді қайтып  көтертпестей  бір ұзақ 
көңілсіздік  басады екен.  Бірақ бұл болатын  оқиғаның 
Құсайынның  ә десе аш бүйірін
таянып,  қаймыжық  ернін 
шүйіріп,  бетінің ұшы  көкшулаңданып сазара  қалатын 
кермеқасына түк те  қатысы жоқ.
Тек жаңа ғана  жұмыстан   шаршап келіп,   қанша 
илігейін  десе де  әйелінің 
жоқ нәрсеге  сазарған сұрқына  іші жылымай, 
арсалаңдаған екі күшігінің 
маңдайларынан  бір-бір иіскеп,  қайтып сыртқа шығып кеткен.

            Дүңк  еткен дыбысқа 
жалт қарап,  көршісінің  өз қорығындағы  тасты мұның қорығына  шарбақтан асыра  лақтырып жатқанын көрді.  Аласа бойлы шапаты  денесімен 
жұмырықтай  түйіліп,  еңгезердей 
дәу жігіттің  қасына бульдог иттікіндей
салпиған марғау тұмсықтың астынан періп кеп 
жіберетіндей-ақ  құлдыраңдап  жетіп барды. Анау темір қадаға үш қатар  сым тартып, 
арасынан тікені тебендей қызылағаштың бұталарын қатарлай тізіп өткізіп
тастаған ескі үлгідегі жаңа шарбақтың  ар
жағында, бұл бер жағында тұр.

            - Мұның
не?! - деді  қоңырқай жүзі  күреңіте, қою қара  мұртының ұшы 
жыбыр-жыбыр етіп,  қабағын  түкситіп. - Неге  лақтырасың?! Басқа жер таппадың ба?!

            - Сенің
жерің менің жерімнің бүйірінен қадалып, 
көрдің бе...  -  деді анау беті шылп етпестен.  - Өзің де  жел жағыма шығып алыпсың. Сенің  иіс-қонысың 
келгенде  мен үндемеймін ғой.
Қорығыңда бәрібір  тас көп сенің.

            - Не тантып
тұрсың? Қане,  қай жерден тас көрдің?!

            Онсыз да
ашу қысып тұрған  Құсайын  қарадай күйіп кетті. Екеуі  былтырдан бері көрші. Құлтемірдің  жері үлкен. Көгерген ылдиды  кең молынан 
қоршап алған.  Одан кейін  сол ылдидың 
қырқа бетінен  Құсайын  жер сатып алды. Жер  ыңғайы 
солай болып,  Құсайынның  қорығы Құлтемірдің  иелігіне 
бір бүйірден сұғына кіріп,  бұл
кейінгісіне  әжептәуір  жайсыздық 
тудырғаны рас еді.  Бірақ
енді  Құлтемірдің  сенің 
жеріңде тас көп  дегені  өтірік. Әдейі құтыртып:

             - Қорыңғыңның 
астының  бәрі тас. Арық қазсаң да,
көшет  ексең де  тас шығады. Соның бәрін  менің қорығыма  тастамағанда, 
басқа қайдан  тастап жүрсің, - деп
бәле  жауып тұр.

            - Атаңның
басы!.. - деп  боқтап  жіберді 
бұл аузына басқа  сөз түспей
булығып.

Әй,  тарт тіліңді!
Неге  боқтайсың?!

Боқтасам, 
өзіңсің  тіленіп  тұрған!

- Әй, сен  мына  түріңмен 
мені таспен ұрып жіберуден 
тайынбайсың ғой, ә! Қане, 
көрсетші,  қойныңа  тас тығып 
тұрған жоқпысың?!

            Мынасы шыны
ма,  қалжыңы ма деп, Құсайын  сасып қалды. 
Құлтемір  бастырмалатып  келіп, 
жуан саусақтары  барбиған  ұзын қолдарын 
шарбақтың үстінен  ұмсына
созып,  мұның  жағасынан шап беріп  ұстай алды. Шынымен де  қойнынан 
тас іздегендей, былғары 
күртесінің  түймелерін  бытырлата 
үзіп,  сілкіп-сілкіп  жіберді. Қаңғалақ  қағып, 
шарбаққа  соғылған  Құсайынның 
бет-аузын тікен  тырнап кетті.  Тыпырлап 
қанша  жұлқынса да  алқымынан сығымдаған  тегеурінді қол босатпай  қойды.

- Мен сені  күнде  өстіп тексеріп тұрамын енді, - деді  Құлтемір 
гүжілдеген өктем үнмен. - Керек болса, 
күнде  жыртам  жағаңды!

            - Қойныңа
тас тығатын  пасығың мен емес!  Басыңды 
жарғым келсе,  жерден  алам да жарам да тастаймын. Түк  істей 
алмайсың маған сен!

            - Әліңе
қара,  шірік неме! Кіммен  ұстасып 
тұрғаныңды білемісің?! Тұрған жеріңде 
жерге қазық қып  қағып
жіберейін  бе осы!

            - Мен  қарап тұрады екем саған!

            Құсайын  не болса ол болсын,  бүйтіп 
қорлатқанша  қолында  өлейін 
деп ойлап,  шарбақтың  тесігінен 
аяғын көстең еткізіп, 
Құлтемірді  борбайлата  теуіп-теуіп  
жіберді.  Жұмсақ  сан етке 
табаны былқ етіп тиген,  бірақ
онысын  Құлтемір  шыбын шаққан 
құрлы көрген жоқ. Екі қолымен 
күртесінің  жағасынан  умаждап 
ұстаған күйі  кеудесінен  қатты түйіп 
қалды.  Аяғы-аяғына  шалынысып, 
тәлтіректеп  кеткенмен, оған
Құсайын да жалп етіп  құлап түскен жоқ.
Екеуі де  әйтеуір  бұл алғашқы 
текетіресте абыройларын сақтап қалды.

            Кешкі астан
кейін тоқ басып,  Freddie Mercuryді  тыңдап 
отырған  Құлтемір  тұмсығы біздей болып  сұңқиған 
шата қатыны  мен топ-толық  болып томпиып 
өсіп келе жатқан  қызына:

            - Бүгін
Құсайынды тәубасына  келтірдім, -
деп  масаттанды.

            Қатыны  сайқалдана күліп:

            -
Бұрын  алдымды  қыздар орап 
жүргізбейді деп,  жігітшілігіңді  айтып 
мақтанушы едің, енді кім көрінгенмен 
төбелескеніңді айтып, 
сотанақтығыңа мақтанатын болғансың ба? - деп қағытты.

            Тап сол
уақытта   бауырына  тығылған 
екі  күшігін  әлдекімдердің 
қиянатынан   қорғағысы келгендей  құшағына 
қыса түскен  Құсайын:

            -
Бәлемді  борбайынан  оңдырмай 
теуіп-теуіп  жібердім, -  деп кіжінді.

            Құсайынның
тұрмыс  тауқыметін  көре-көре, осы күні  әбден ашынып алған кермеқасы неге
жолдары  болмай  жүргендерін, 
бар пәле  өздеріне   осы  Құлтемірдің  қысастық 
жасай  беретінінде  жатқанын 
жаңа түсінгендей:

            - Дұрыс қылғансың!
Маған  жібермедің бе, ит терісін басына  қаптайтын едім, - деп тепсінді.

Арада біраз уақыт өтіп, бұл оқиға ұмытыла бастағанда, кешкі  ымырттағы бір қараңғы, бір жарықта өз
шаруасымен, өз қорығында  түртінектеп
жүрген Құсайынды:

- Әй,  қойныңдағы  томпайған не? -  деген дауыс селк  еткізді.

Жалт қараса, 
шарбақтың  ар жағынан Құлтемір:
«Ал, тиістім,  маған не істеп аласың?»
дегендей  күжірейіп  тұр екен. Қойнында  томпайған 
ештеңесі жоқ, омырауы 
ашық-шашық  бұл  ананың пәле тілеп тұрғанын іші сезсе де  қырыстанып:

Сенің  қорығыңнан  ұрлап алған әңгелек қой, - деді.

- Әңгелек  болса
ештеңе  емес. Мені ұрам деп тас
тығып  жүрген жоқсың ба? Қане ашшы,  көрейін.

            Құлтемір  ашықтан-ашық 
мұқатып тұр. Тағы да бір 
тәубасына келтіріп алайын дегені шығар. «Тәубасына  түсірдім дегенің қане, қорығында
кердең-кердең  басып жүр ғой», -  деп шата 
қатынының  құлағына сыбырлағаны  да көңілін құйқылжыта түскен.

            - Қойнымда
тас жоқ, - деді Құсайын  тіктеліп,  осы сөзді 
айтуға  өзін-өзі  зорға 
көндіргендей  күмілжіп.

            Қойнын  ашып көрсете салуға намысы  жіберетін 
емес.  Тек қойнында  түк жоқ екенін  көрсетіп, екі алақанымен күртесінің  өңірін төмен қарай  сыпыра сипап өтті. Әттең,  осы сәтте 
қойнында  тас болғанда жұлып
алып,  қарақұстан  періп кеп 
жіберер еді.

            - Жоқ,  сен күртеңді шешіп,  сілкіп 
көрсет. Әйтпесе  сенбеймін, -
деп  қарауланды Құлтемір.

            - Енді
сен  мені 
ішіңнен боқтап тұрсың, - деп тағы тиісті.

            Өзі
аяғын  балпаңдай басып,  шарбаққа 
жақындап келе жатыр. Оның қолында 
жұдырықтай  тас бар екенін бұл
жаңа  байқады. Бірақ сыр берген жоқ,  қашқан жоқ. Анау бұған  қыр көрсетіп, 
қолындағы   тасты
салмақтап-салмақтап қойды.

            -  Сонымен 
не істейтін  болдық? Күртеңді  шешесің бе, 
шешпейсің бе?

- Жоқ, шешпеймін!

Неге?!

Оны өзім  білем!

Әне, айттым ғой, қойныңда 
тас бар деп.

Бар болса қайтесің?!

Онда, мә, саған!..

Құлтемір  екі
арадағы  шарбаққа  тақау 
салынған  мұның  үйіне қарай 
қолындағы тасты құлаштай 
лақтырып  кеп жіберді. Терезе
әйнегі  шаңғыр етіп,  төгіліп түсті. Құсайынның  кермеқасы 
іштен бажылдап  ытып шықты.

- Қараң қалғыр,  мұ
несі-ей?! Бомбы  тастады ма біреу?!

Құсайын 
қапелімде  жан-жағынан  ілігетін ештеңе  таппай, 
жер сипап  қалды. Әрі  Құлтемірдің 
сыртын ұлу  таспен  қаптап, төбесін ақ жылтыр  қаңылтырмен жапқан үйі де  қорықтың 
құлаш  жетпейтіндей  арғы 
түкпірінде еді. Соны білген Құлтемір де 
арада түк  болмағандай,  балпаң-балпаң 
басып жайына кетіп  барады. Үйінен  сұңқиып 
шыға келген  шата қатынын:

- Үндеме,  тағы
да  бір тәубасына түсіріп қойдым, - деді
есік көзінен  кері қайырып.

            Осының бәрі
сырт көзге мүлдем түсініксіз  жайт
болатын.  Құлтемірдікі  саудың 
асын ішіп,  жындының  қылығын 
істейдінің  керіндей еді. Сөйтсе
де  басқа 
көршілер:

            «Құлтемірдікі  дұрыс емес. Бірақ адам  бекерден-бекер  біреудің 
үйіне тас лақтыра ма? Әй, осы Құсайында да бір пәле бар болуы керек. Тас
лақтырмай-ақ, бізге айтса,  бір амалын
табар едік қой», десті.  Бәрі де
Құлтемірдің  өздерімен  сырт көзге 
болса да бір ауыз  тіл  қатыспағанына өкініш білдірді.  Есіктерінің 
алдында өздері де  түкке
түсінбей  состиып  тұрған Құсайын  мен оның 
кермеқасында  ешкімнің  жұмысы болған жоқ. Құсайын «қап бәлем, сені
ме!» деп, тісін  қайрап қалды. 

            Бірақ ол
жонын  қанша  дүрдиткенмен, өзіне  ашықтан-ашық үстемдік  жасай бастаған  нойыс Құлтемірмен  ұстасқысы 
келген жоқ.  Тіпті,  енді 
біраздан соң  көршісі  қойнында тас бар екен деп ойлап  қалмасын деп, 
күртесінің  омырауын  әдейі ашып тастап жүретін болды. Кейде  Құлтемірдің 
одырайып  қарап тұрғанын
көрсе,  шынымен де  осы менің 
қойнымда тас жоқ па деп, 
өз-өзінен  қуыстанып,  сипаланып 
қалатын әдет тапты.

            Бір
күні  түнде онысы  түсіне де кірді. Құлтемір  шарбақтың 
түбінде  жауырынын  күжірейіп 
теріс қарап тұр екен дейді.  Бұл
оның ту сыртынан басбағып келе жатыр. Қойнында томпайған  жұдырықтай 
тасы бар.  Жақындап  келіп тасын 
қойнынан алып,  қарақұстан  дәлдеп 
тұрып енді ұра бергенде, 
Құлтемір  сезіп қояр ма екен деп,  дем ала алмай тұншығып,  оянып 
кетті.

            Төсегінен
тұрып отырып  ойға қалды. «Мен бұл
Құлтемірге  не жаздым?»  деп ойлады. Сығыр құдайдың   онымен 
бақастырып  қойғанына
назаланып,  қатты қынжылды. «Ендігі
өмірім не болады, балаларым  қайтеді?»
деп  қапаланды.  «Қой, бүйтіп жүре бергінім  болмас. Қойныма  тықпасам да 
қораға біраз тас әкеліп қояйын. Ол тас атса,  мен де атайын.  Ол бас жарып, 
көз  шығарса,  мен де бас жарып, көз шығарайын»,  деп алдағы күндерге  дайындық 
жасауға  бекем бел буды.  Сол оймен 
көшеде  жатқан бір-екі тасты  қорасына 
әкеліп  тастай салды. Құдай
атқанда, онысын Құлтемір  байқап қалыпты.
Ертесі  күні-ақ:

            - Қораңа
неге  тас жинап жатырсың? - деп
қақпа  алдында  қодыраңдап тұрды.

Менің  қорамда не
жұмысың бар сенің?! - деп 
шақарланды  бұл.

- Жоқ, сен маған қораңның ішін көрет, - деп тепсініп  қоймады анау.

            Құсайын
оның   соншалықты  қорлағанына өлердей  намыстанып кетті. Шынында да  Құлтемірдің 
мұның әр  басқан  қадамын аңдығаннан басқа  жұмысы жоқ сияқты. Әлде оны  сырттан біреулер  қоздырып 
жүр ме екен? Дем  сәттік  ойы неше 
саққа  жүгірген  Құсайын: «Жоқ, бұл ауру  шығар», - деген  тоқтамға келді. «Мұныкі  анда-санда 
өзінен-өзі  қозып кететін   бір 
жұмбақ  ауру болды», - деп
түйді.  Бірақ «сынықтан  басқаның бәрі жұғады», демекші,  ол аурудың 
өзіне де  жұға бастағанын
Құсайын  білген жоқ.

            - Әй,  өгіздей боп өңкиген  әкеңнің гөрі! Әкіреңдеп  болмадың ғой тіпті. Менде не ақың бар сенің?
Кіргізбеймін қорама,  ал қайтесің? - деп
ақшаңдап, Құлтемірдің  жолына талтайып
тұра қалды.

            - Ондай
құдірет  қайдан біткен саған?
Осыныңа  қарағанда менен тыққан пәлең
бар. Кет былай жолымнан!  Өзім кіріп  көрем! - деп Құлтемір  Құсайынға тап берді.

            Екеуі  қақпа алдында ұстаса кетті.  Өз үйінің 
қақпасы болған соң  Құсайын  өліспей беріспеуге бекінген. Еңкейе  беріп, 
Құлтемірдің  қампиған қарнына
иығын тіреп,  тапжымай  табандап тұрып алды.  Екі қолы 
Құлтемірдің  қайыс
белдігінде,  басы қолтығында. Олай
лақтырса олай,  былай лақтырса
былай,  табанымен  жерге дік етіп қадала қалады.

            Құлтемір
бір  уақытта оны ішінен  тізесімен 
түйіп кеп жіберді. Құсайын ыңқ етіп ішін басқан  күйі 
шегіншектеп  кетті. Сол беті  басын 
көтерместен  қайтадан  ұмтылып келіп,  белінен тағы жармасты. Құлтемір  оны қайтып 
жығарын  білмей,  таскенеше 
жабысқан немені  не көтеріп соға
алмай,  олай да, бұлай да лақтырып,  тағы да ит әуреге түсті. Батпандай  жұдырығымен 
бүйірінен де соққылады, жотасынан да төмпештеді. Құсайын   сонда да қыңқ  деген жоқ. 
Арсыл-гүрсіл  арпалысқан екеуі
де  шаршауға айналды.  Құлтемір 
оны тік  көтеріп алып,  жерге бір ұрады.  Құсайын мысықтабандап тұра қалады.
Құлтемір  ырсылдап,  оны тағы да көтеріп алады, сол беті  айналдырып, айналдырып әкеліп,  лақша лақтырып жібермек болады.  Құсайын 
ұстаған  жерінен  айырылмайды, 
белі бұралып барып табанымен дік ете түседі.

            Енді бір сәтте  Құлтемір 
мұны жайына тастап,  өз
жөніне  кеткісі келген сыңай  байқатты. Құсайынды  басынан, 
екі иығынан  итермелеп,  белін 
босатып алғысы келді. Бірақ 
Құсайынның  саусақтары темірдей
екен,  білегінен  ұстап 
қанша  жұлқыласа да белдігін  жібермей қойды.    Ақыры 
болмағасын  көшеге қарай  мықшия 
тартып,  дырылдата сүйретіп
әкетті.  Кішкене жүріп барып,  алқына тоқтап:

            - Әй, ит,
қал енді, - деді иығынан  әлсіз итеріп.

            -
Екінші  қайтып маған тиісесің бе? -
деп  сол сәтте  Құсайын басын аңдаусыз  көтере берген.

            Құлтемір  аңдып-ақ тұр екен,  күректей 
алақанымен  жақтан салды да
жіберді. Құсайын көзінің  оты жарқ
етіп,  тымақша  ұшып кетті. 
Құлтемір  оны  жатқан жерінде  бас-көзге 
қарамай тоқпақтай  жөнелді.  Былшылдатып 
ұрып та жатыр,  сартылдатып  теуіп те жатыр.  Құсайын екі 
қолымен  бетін  басып, 
қорғалақтағаннан  басқа түк  істей алған жоқ. Дем  сәтте 
айналасы  қызылала  қан болды. 
Ұрып-ұрып  жалыққан Құлтемір
оны  кеудесінен  аяғымен 
басып тұрып:

            - Бұдан
кейін қолым босағанда,  қораңды  тексеріп 
тұрам, - деді  нығарлап.  - Қарсылассаң бұдан да зорғыны  көресің. Қатын-балаңмен қосақтап  қойып сабаймын.  Маған сот жоқ екенін жақсы білесің,  есепте тұрамын ғой мен. Отырған жеріңнен  тас көрсем болды,  сол таспен 
басыңды жарам. Тас көрсең  сен
өзің де  айналып қаш. Әйтпесе менен  жақсылық күтпе.

            Сөйтті
де  ол ащы  мысқылмен 
аярлана  мазақтай  күліп, 
Құсайынның  басынан аттап
кетті.  Омырау  түймелері 
ағытылып,  етек-жеңі
алқа-салқа  болып,  ұзай берді де 
анадайдан  артына омсырая  бұрылып қарады.  Құсайынның 
үсті-басын қақпастан 
қалбайып,  бет-аузының қанын да  сүртпестен 
әлденеге  таңырқағандай  тесіле 
қарап тұрғанын көріп, 
жауырыны  мұздап кетті.

            Құлтемір  жүйкесінде 
аздаған  кінәрат, ақыл-есінде
ептеген ауытқу  бар деген  себеппен 
жындыханада  есепте тұратын,
бірақ  өзін солай  ауырамын-ау 
деп ешуақытта  ойлаған емес. Қайта
оған  өзінен басқа  жұрттардың 
іс-әрекеттері  кейде  түсініксіздеу көрініп,  екінің бірі 
оспадар  күліп, орынсыз
сөйлеп  жүргенге  ұқсайтын. 
Кейде мынау  Құсайынның  қылықтары да 
оғаштау  көрініп  кететін, 
қойнына  тас тығып алғандай
бүгежектеп, сипаланып,  көзінің  астымен қарап,  қиығымен 
шолып жүрген  жүрісі  еріксіз 
күдік  шақыратын.  Итше  
тепкілеп  тастағаннан кейінгі
қазіргі  қалбайған тұрысы,  айғайлап-аттандамағаны,  басын құшақтап отырып  қалмағаны, 
бет-аузының қанын да  сүртпегені
еш қисынға  келген жоқ. Құлтемір  содан қорқып, 
аяғын  жылдамдата  әр-әр жерге 
бір тастап басып,  үйіне
қарай  дедектей  жөнелді.

            - Не, тағы
да тәубасына түсіріп келдің бе? - деді 
сұңқиған  шата қатыны алдынан  көлбең 
етіп шығап келіп.

            - Бар ары!
- деп Құлтемір  оны шынтағымен  қағып 
жіберді.

            Оның
бұл  шалдуарлығында: «Осының бәрі
құлағыма  сыбырлап  айтқан 
сенің тілегің ғой», дегендей  бір
міндетсу  бар еді. Сол екпіндеген
беті  сырты былғарымен  тысталған 
қаптама есікті  шалқайта ашып
жіберіп,  босағадан  аттай бергенде біреу: «Құсайын  енді не 
істер екен?...» деп күбір  ете
қалғанға ұқсады.  Ол шошына  жалт қарап, 
бұрышта тұрған  теледидардан  Ирактағы соғыс  жағдайы 
туралы  хабар беріліп жатқанын
көріп,  еріксіз  кідіре қалды.      

            Түнгі
Бағдаттың  үсті жарқ-жұрқ етіп,  американдықтар атқан «Томагавк»  гүрсілдей 
жарылып жатыр. Қайшыласқан 
жарықтан құлаған  үйлер мен  үйіндінің 
астында қалған  адамдардың  қып-қызыл қанға боялған  денелері, 
біреуінің епетейсіз қисая  
салбыраған басы,  тағы
біреуінің  ербиген  жансыз кеудесі, тырбиған арық  сұлбасы, тас 
арасына жалғыз-жарым өсіп шаққан ағаш бұталарындай  селтиген 
қол-аяғы  көзге шалынады. Біреулер  жаралыларға 
көмек  көрсетіп жүгіріп
жүрсе,  енді біреулері  бастарын құшақтап,  естерін жия алмай  есеңгіреп отыр. Биік үйлердің  төбесіне 
орнатылған  зеңбіректер  түпсіз 
аспанға  жарқылдаған оқ
тізбегін  үсті-үстін жөнелтіп  жатыр. Сірә, 
бомбалаушы ұшақтар да келіп қалған болуы керек. Дегендей-ақ,  қала ішінде 
гүрсілдеген  жарылыс  көбейіп, 
үйлер тағы да құлай  бастады.  Бас сауғалап 
қашып бара жатқан біреуді 
бомбаның  жарықшағы ма, әлде  құлаған 
үйден ұшқан тас па,  бірдеңе
жұлындай  түсірді.  Қаршадай бір бала  қара саннан 
үзіліп түскен  аяғын  құшақтап, 
домалады да қалды. Осыншама 
жантүршігерлік  көріністерді
асыға-аптыға  баяндап  жатқан хабар 
жүргізуші: «Биыл  Клинтонның  айызы 
қанған шығар,  бірақ  Саддам 
Хусейн  оңайлықпен  мұқала қояр ма екен?» - деген  екіұшты 
сауалмен  сөзін аяқтады.  Хабарының 
соңын  тұздықтап, биік  үйге 
дөп түскен бомбаның  қалай
жарылғанын  көз алдыға тоса қойды.  Терезелер  
күл-талқан болып,  тас  қабырға 
қақырай  жарылып,  бұрқ етіп 
шаң  көтеріліп,  зәулім үй 
жартылай  омырылып құлап түсті.

            -
Пешенеңе  жазылғаны  сол болса қайтесің,  көнесің де, 
бәтшағар, - деп күңк  етті
Құлтемір.

            Осы
тұрғысында ол іштей  Саддам Хусейнге  жақтасып тұр еді. «Хусейнге обал болды-ау»
деген ой көпке дейін  миынан шықпай
қойды. Ал жаңа  ғана өзі өлімші ғып
сабап  кеткен Құсайын  туралы мүлдем 
ойлаған жоқ.

            Құсайын
болса түнімен  Құлтемірге  тісін қайрап шықты.  Ақыры таңға жуық  шыдамай 
төсегінен  тұрып кетті.
Біраздан  соң көзі  қызарып, аузынан  түкірігі 
шашырап,  ашудан  қалш-қалш етіп,  ақылы ауысқан 
бейбақ  жұдырықтай бір тасты
Құлтемірдің  үйіне қарай  атып кеп жіберді.

            ... Сол
түні алыстағы Саддам  Хусейн де
қатты  қапаланып, қолынан  басқа ештеңе 
келмеген соң, Құдайға  жалбарынып,  Американың 
үстіне  бір алып  жұлдызтас 
құлап түссе  екен деп тілеп
жатты...