ВЕРНУТЬСЯ

    Атқамінерлер үшін жиналыс өткізу зор мейрамға айналды.
Жиналыстан ұлы мейрам жоқ оларға. Осы жиналыс үшін өмір сүріп жатқан сияқты
бәрі. Басқа елдер футболдан, хоккейден, теннистен, тағы басқа да спорт
тұрлерінен жарыстар өткізілгенде бір дүрлігіп қалады. Ал біздің елемізде оның
орнын жиналыс алмастырған. Ішерге ас, тігерге тұяғымыз болмаса да жиналысты
тамашалаудан асқан бақыт жоқ бізге.

    Әуелі жиналыстың
хабары шыққаннан-ақ бір қызық басталады біздің елде. Әп дегеннен-ақ
орынбасарлар мен көмекшілер, кеңесшілер мен жандайшаптар биік лауазымды
атқамінерлерді шар ғып үрлей бастайды. Жел жақсы кіретін жақсы бір тесігін
тауып алады да, ауыздарын толтырып үрлейді кеп, үрлейді кеп. Әбден тырситып
үрлегеннен кейін тесіктің аузын жел шықпайтындай ғып байлап тастайды.

    Ең қызығы сол,
тыңдайтын да, сөйлейтін де тесік қалмай қалады. Құлақ түріп тыңдаса, не ауыз
ашып сөйлесе пыш етіп желдері шығып кетеді. Оның арты не болары айтпаса да
түсінікті ғой.

    Әне, ақ сарайға
олардың өздері де келе жатыр. Бір ұшып, бір қонып, домалап келеді. Жел соқпаса
екен,  тыныштық болса екен деп  жатқаны қандай тамаша. Барлық телеканалдар
көрсетеді. Бұдан артық қандай мейрам керек сіздерге.

    Ойбай, айтпақшы,
бұл жерде қатты тыныстап демалуға да болмайды. 
Ауыздан шыққан леп адамшарларды белгіленген орындарынан қозғап жібермеуі
үшін де абайлап, ақырын тыныстау керек. Ал енді бәрінен бұрын түшкіргеннен
құдай сақтасын сізді. Егер байқамай түшкіріп қалсаңыз бар ғой, адамшарлардың
ұйқы-тұйқысы шығып, сеңдей соқтығысады. Сондықтан да сарайдың шетінде арнайы
бөлмеге барып түшкіріп келеді. Әлсін-әлсін сол жақтан «әт-пшу, әт-пшулеген»
дауыстар естіліп қалады. Бірақ, оның залдағыларға түк те әсері жоқ.

    Әйтсе де бұл адамшарлар «үп» дегенге ұшып кете
салады екен деп ойлап қалмаңыз. Мәжіліс залына әлгі орынбасарлар мен
көмекшілер, кеңесшілер мен жандайшаптар жіберілмейді. Бұл жөнінен тәртіп қатал.
Олардың орнын ішке кірген соң қара халықтың атынан жіберілген өкіл тышқандар
басады. Бұл өкіл тышқандардың арасында кімдер жоқ дейсіз. Табандары бұдырсыз
депутаттар да, өздерін зиялы қауымбыз деп жүрген топшылдар да, жалған партия
құрушылар да, кейбір жағымпаз газеттердің тілшілері де бар.

    - Ұшты-ұшты!..
Ұста-ұста!.. - деп шуласады олар салбыраған жіп ұшын қармап.

   - Ұшты-ұшты! Қаржы
министрі ұшты!.. Жібермеңдер, мықтап ұстаңдар!.. - деп қиқуласады содан соң.

    - Кетті!.. Әкетті!..
Кіріс министрін әкетті!,- деп шыр-пыр болады молда-тышқан.

    - Ойбай, ішкі
істер министрінен айырылып қалып масқара болмайық! - деп жан даусы құраққа жете
шыңғырады кәсіпкер-тышқан.

    - Масқараның
көкесі мұнда болып жатыр!.. Премьер-министрімізді жел шайқай бастады!.. Көмекке
келіңдер!.. - деп шырылдайды әйел-тышқан.

    Қызылды-жасылды
адамшарлардың бұл айқай-сүреңде еш шаруасы жоқ. Көз алдыңа үлкен мейрамның
көрінісін елестетіп, ары-бері тербеледі келіп, тербеледі келіп. Мінбе жақтан
соққан құзырлы жел жұлып әкетеді-ау деп те қорықпайды. Пыш еткізіп біреуінің
жамбасына ине сұғып алса ғой одан да деп тілейсің мұны көріп отырып. Біздің бұл
мысық тілеуімізді сезе қойған бөтен ойлы бір тышқан:

    - Мына инені оқсатып тұрып сұғып алайын ба,
а?! - деп жағасының астына түйреп қойған инесін жылтың-жылтың еткізді.

    - Ойбай, ине сұға
көрмеңіз, үстімізге құлайды бұлар, - деп жалбарынды оған бір депутат-тышқан.

    - Ә-ә-әт-пішу!...
Қалай екен, ә?... Ә-ә-әтпішу!.. - деп бөтен ойлы біреу түшкіретін бөлмеде
өзімен-өзі әлекке түсіп жатыр.

    Жиналыс аяқталып
қалмаса екен, мейрам созыла түссе екен деп тілейді адамшарлар. «Соқ, самал-жел,
соға түс!» - деп тілейді олар. Өстіп ырғалып-жырғалып отыра бермекші, отыра
бермекші. Аузындағы сөзіңді біреу айтып тұрса, басыңдағы ойыңды біреу ойлап
отырса, ішіңдегі қыжылыңды біреу ақтарып жатса, одан артық не рахатшылық керек.

    Олар осылай
беймарал отырғанда біреу сырттан емен есікті дүрс еткізіп қағып қалды.
Адамшарлар бір пәленің келгенін сезе қойып, ары-бері сапырылысып, сеңдей
соғылысып кетті.

    - Бұл кім?! - деді
есік көзінде тұрған бір тышқан күжірейіп.

    - Бұл менмін ғой!
- деді сырттағы дауыс нықтанып.

    - Менің кім?!
Қандай есікті қағып тұрғаныңды білемісің, сен пақыр?! - деді әлгі тышқан одан
сайын күшеніп.

    - Білем ғой!.. Мен
құйынмын ғой! - деді сырттағы дауыс еш саспастан.

   - Ах! - деп тұрған
жерінде талып түсті тышқан байғұс.

   Қапсырмалы емен
есік екі жаққа сарт етіп ашылып кетті. Қызылкөз бір құйын құтырынып ішке
кіріп-ақ келді сол кезде. Әп дегеннен-ақ адамшарларды орындарынан дүр көтеріп
әкетті. Жіптен айырылығысы келмеген тышқандар адамшарлармен бірге аспаннан
бір-ақ шықты.

        Бұл байғұс
тышқандар адамшарлармен бірге аспанда ұшып жүр қазір. Ол жақта ішетін сусын,
жейтін тамақ, бағатын мал, егетін егін жоқ. «Бізге осындай атқамінерлер керек»,
- деп шулап еді, өздеріне де сол керек.