ВЕРНУТЬСЯ

       Қаланың екінші
басындағы үйіне таксимен қайтып еді, басы изеңдеп келе жатып мызғып кетіпті.
Босфор бұғазының үстіндегі аспалы көпірмен сыңғытып өтіп бара жатыр екенмін дей
ме, әйтеуір өң мен түстің арасындағы бұлың-бұлың бір тәтті елес бойын баурап алды. «Аға, сізден
бес жүз теңге»,- деген дауыстан селк етіп оянып, жан-жағына қаранса су да
жоқ, көпір де жоқ, дым да жоқ. Сөйтсе, таксиде бағанадан бері құйқылжып түрікше
музыка ойнап келе жатқан екен. Осыдан үш ай бұрын Стамбулды аралап, Мәрмәр теңізіне шомылып, Түркияда он күндей армансыз демалып
қайтқаны есіне түсіп, лекіте күлді. «Түсіме Қытай кірмей, Түркияның кіргеніне
де шүкір»,- деп артынан жымиып тағы күлді. Қытайда Түркиядағыдай он күн
емес, тұп-тура жарты ай жүргенде күндіз-түні құлағына тынбай
құйылған ән-әуен кейін қайта-қайта тіліне оралып пәле болған әйтпесе.
«Қазақстанға келген туристер қандай ән айтып қайтар екен,ә?»- деп еріксіз
күрсініп жіберді содан соң. Бірақ, бұл мәселені Қадыржан сол сәтте-ақ тарс ұмытты.
Бұл да қазақтың әдеті.