ВЕРНУТЬСЯ

       Ақан төрт-бес
шаруа қожалығының жерін жалға алып, жүгері екті. Айтысынша, бұл шаруаға жүгері
өсірудің қыр-сырын әбден зерттеп алып барып кіріскен көрінеді. Жүгері дәнінің
өзегі өліп қалмайтындай етіп дұрыс сақталса, қымбат бағаға сатуға болатынын
ауылдастары Ақаннан естіген. Бірақ, қашанғы әдеттерінше ешқайсысы ештеңеге
сенген жоқ. Сол жылғы жүгері бітік шығып, Ақан 
шаш-етектен пайдаға кенелгенде ғана «аһ!» деп қалды ауылдастары.

      Келер жылы
көктемде Ақан анаған барса да жерін бермейді, мынаған барса да жерін бермейді.
Сөйтіп, тұқымдыққа сақтап алып қалған жүгерісі малға жем болып, өзі қор болып
құрыды Ақан. Жаз бойы ары өткен, бері өткенде қаратікен басып тұрған егістікті
көріп, ауылдастарына деген реніші құсаға айналды. Кейін білсе, былтырғы
өнімінен үлес бермеді деп өштесіп, әлдебір әкімқараның ұйымдастырып істеп
жүрген қарау ісі екен бәрі. Қолынан іс келетінге емес, кім атқа мінсе соған
жүгінетін қазақтың осындай да бір жаман әдеті бар.