ВЕРНУТЬСЯ

    Ат шаптырым кабинеттің төрт қабырғасы түгел қызыл
ағашпен  көмкерілген. Көзің демалып,
жаның жадырап, жеңіл тыныстайсың. Әсіресе, осынау сән-салтанаттың бір бөлшегі
екеніңді сезінгенде тіпті маңғаздана түсесің. Қайткенде де кешегі күні солай
еді.

    Кірсең шыққысыз
кабинеттегі жағдай бүгін басқаша. Күдік әркімнің ойында бар. Мұнда соңғы рет
кіріп отырған жоқ па екен? Құйрығына қоңырау байланған бір-екеуінде тіпті маза
жоқ. Аш қалмайды, бірақ бас қала ма, қалмай ма, соны ойлап отыр.

    Премьер-министр
келіп кірді. Бәрі жапырлап орындарынан тұрды. Жапырлай қайта отырды. Қожайынның
өңі суық екен. Қызыл ағашпен көмкерілген кабинеттің іші де біртүрлі сұстанып
кетті. Бәрі қорқып отыр, неге қоқады екен?

    - Президенттің
қайта сайлануына байланысты барлығыңыз отставкаға кетесіздер, - деді
Премьер-министр қабағын ашпастан. - Осы шақырылғандар енді орындарыңызға қайта
тағайындаласыздар. Бірақ елдегі жағдай өте ауыр. Мұнайдың бағасы арзандап
кетті, ақша қат болып тұр. Сондықтан да мемлекет қазынасын толтыруды өз
қалтамыздан бастауымыз керек.

    - Өте дұрыс, -
деді Премьер-министрдің орынбасары өз орнына қайта қонжиятынына қуанып. -
Құлағындағы сырғасын шешіп берген Тансу Чиллер құрлы жоқпыз ба? Оған қарағанда
біз еркекпіз ғой. Түріктер әйелдердің сырға, жүзіктерімен-ақ қазынасын
толтырған. Ұсынысыңызды айтыңыз.

    -  Сендердің әйелдеріңде жұмысым жоқ, - деп
Премьер-министр даусын салмақтай түсті. - Мәселен, менің өзімнің Швейцарияның
банкісіндегі жеке есепшотымда бес жүз миллион доллар ақшам бар. Бельгиядағы
қорғантасымды сатсам, екі жүз елу миллион долларға қазір-ақ өтіп кетеді. Соның
бәрін салдым ортаға!

    Министрлер мұның
айтып отырғаны шын ба, өтірік пе деп аңтарылып қалды. Бір сәтке құлаққа ұрған танадай
жым-жырт тыныштық орнады. Мұндай көп ақшамен ойнауға болмайды, демек бұл тегін
емес. Миларында сартылдай жөнелген есепті сықыр еткен дыбыс бөліп жіберді.
Сүйегі сықыр етіп орнынан тұрған вице-премьер екен.

    -Менің Канар
аралдарында екі қорғантас үйім бар. Оған қоса шетелдегі есепшотымда төрт жүз
елу миллион доллар ақшам жатыр. Ортаға салдым!

    Шаруашылық
министрі монтансып орнынан тұра беріп еді, жол министрі оны етегінен тартып
қалды. Ананы орнынан сылқ еткізді де, өзі бірнәрседен құр қалғандай атып тұрды.

    - Мен ешкім
білмесін деп Африкада үлкен қорғантас үй салдырғам. Сөйтсем, ол жақта
қорғантастың ешкімге керегі жоқ екен. Бірақ, Мәрмәр теңізіндегі Бүйікадаға
салдырған қорғантасым өте қымбат тұрады. Оған қоса төрт жүз миллион доллар
ақшам тағы бар. Тастадым ортаға!

    Қомпаңдап орнынан
тұра берген шаруашылық министрінің алдын бұл жолы қағілез есеп-қисап министрі
орап кетті.

    - Үш жүз елу
миллион доллар! Голландиядағы жүгері өңдейтін зауыт! Анталиядағы демалыс үйі!
Қостым қазынаға!

    Тәртіп министрі
мен зейнет министрі орындарынан қатар көтерілді.

            - Үш жүз
миллион доллар, плюс Канададағы жабық стадион, плюс Сочидегі саяжай.

    - Вице-премьердің Канар аралдарындағы
қорғантасының қасында менің де шағын үй-жайым бар. Оған қоса екі жүз елу
миллион долларымды... Жо-жоқ, үш жүз миллион долларымды алыңыздар...

    Премьер-министр
әріптестерінің өктемдігіне өкепелеп, томсарып отырған шаруашылық министріне иек
қақты. Анау орнынан созалаңдай көтерілді.

    - Қолымда
нақпа-нақ сақтаулы екі жүз сексен мың долларым бар. Былтыр Алматыда төрт
қабатты үй салдырғам...

    Біреу оқыстан
қарқылдап күліп жіберді. Бәрі бір кісідей селк ете қалып, солай қарай жалт
қарасты. Кәрі емендей қайқайып тұрған соттардың сотын көріп, көздері атыздай
болды. Жаңа жоқ сияқты еді, бұл қайдан келе қалды, апаннан түсті ме, жерден
шықты ма деп аң-таң.

    - Жә, жарайды, мен
сендердің шамаларыңды білгелі келгемін. Төрт қабатты үйді де байлық деп айтып
отырсыңдар ма? Қазынаға мен жеті жүз миллион доллар қосамын, ал қайтесіңдер?

    Министрлер
соттардың сотының да өз қатарларына қосылғанына қуанып кетті. Орындарынан
жапырлай тұрып, көгендерінен ағытылған қошақандардай жамырай ұмтылысып,
кезек-кезегімен қолын қысып жатыр. Алақандары оттай ыстық.

    - Тоқтатыңдар,
қанеки, - дедеі кенет Премьер-министр қатқыл дауыспен. - Ойнасақ та біраз жерге
бардық қой деймін. Шынымды айтсам, менің шетелде қорғантасым да, бағанағы бес
жүз миллион долларым да жоқ. Ал, сендердің айтқандарыңның бәрін үнтаспаға
түсіріп алдық. Түгел мемлекет қазынасына құясыңдар. Тағы да жинап аласыңдар
ғой, өкінетін ештеңе жоқ. Біз сендермен бұдан кейін де бірге жұмыс істейтін
боламыз.

    Премьер-министр
суық жымиып, орнынан тұрды. Министрлер төбелерінен тас түскендей мәңгіріп
отырып қалды.

    - Мен облыс
әкімдерімен кездесуге кеттім, - деді Премьер-министр қуақылана жымиып.