ВЕРНУТЬСЯ

   Премьер-министр ішкі істер министріне қатты шүйлікті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жиналысын ішкі істер министріне қарсы күреске
арналған жиналысқа айналдырып жіберді. Жұрт: «Осымен министрдің саудасы біткен
шығар», - деп ойлап қалған. Премьер-министрдің өзі де ішінен: «Енді қайтып
тұрмастай қылдым бәлемді», - деп түйген еді. Осы екпінмен:

   - Қазір сыбайлас
жемқорлар біздің үкіметімізбен құдаласқысы келіп жүрген сыңайлы. Бір қарасам,
екі жақты табыстырып жүрген бас құда өзің бе деп қалам. Бірақ қай жақтың атынан
жүрген құда екеніңді білмеймін, - деп барып тоқтаған.

    Ішкі істер
министрі қолын шошайтты. Сөз сұрағандағы түрі. Премьер-министр мұндай мәселеге
ұқыпты қарайтын. Әрі ішкі істер министрінің көп сөйлемейтінін де жақсы біледі.
Орнына отыра беріп, сыпайы ғана басын изеді.

   - Мені  мақтап айтқан сөзіңіз үшін сізге үлкен
рахмет, - деді мінбеге көтерілген ішкі істер министрі. - Сіздер көрсеткен
сенімнен шықсақ дегеннен басқа бөтен ойымыз жоқ. Алдағы уақытта да осылай жұмыс
істей береміз.

    Залдағылар мұны естіп,жым-жырт бола қалды.
Ішкі істер министрі мінбеге көтерілетін үш басқыштан ұзын адымымен бір-ақ аттап
түсті. Сол беті ешкімге назар аудармастан алдыңғы қатардағы орнына келіп қонжия
кетті. Бір ырғалып орнығып  алған соң
барып қана көрді, Премьер- министр ыздиып мінбеде тұр екен.

    - Мен сені
мақтағамын жоқ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті дұрыс ұйымдастыра алмай
жатқаныңды айтып сынадым, - деді ол. - Сен сірә, менің айтқандарымды дұрыс
түсінбей қалған шығарсың. Жаңағы менің санамалап көрсеткенімдей, сенің
кемшіліктерің бірталай. Сыннан қорытынды шығарып, жұмысты жөндеуің керек.

     Премьер-министр
осыны айтты да, жұрттың уақытын алғысы келмей, мінбеден тез түсіп кетті. Орнына
барып енді отыра бергенде, ішкі істер министрі қайтадан қолын шошайтты. «Жұрт
алдында кешірім сұрағысы келген болар» деп ойлап, басын ықыластана изеген.

     - Негізі мені
мақтамай-ақ қойсаңыз да болатын еді, - деді Ішкі істер министрі мінбеге шыға
салып, беті шімірікпестен. - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу біздің
міндетіміз ғой. Біздің бұл жұмысымызға жоғары баға бергеніңіз үшін сізге барлық
тәртіп сақшыларының атынан үлкен рахмет айтамын.

     Залдағылар гу
етіп барып басылды. Олар өз құлақтарына өздері сенген жоқ. Ішкі істер
министріештеңе болмағандай жайбарақат. Бұл жолы үш басқышты санап басып,
мінбеден әкесінің үйінде жүргендей талтаңдап асықпай түсті.

   - Мен тағы да
қайталап айтамын, мен сені мақтағамын жоқ, - деді қайтадан мінбеге көтерілуге  мәжбүр болған Премьер-министр шытынай қалып.-
Сен сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді күрес жүргізе алмай отырсың.
Кейбіреулер осыған қарап, министрдің өзі жемқорлармен сыбайласып алған деп жүр.
Егер сен маған рахмет айтсаң, жұрт Премьер-министр де бұлармен сыбайлас екен
деп  қалуы мүмкін. Так что, маған
ешқандай рахметіңнің керегі жоқ.

   «Осымен әңгіме
біткен шығар», - деп ойлады Премьер-министр. Бұрыла беріп, көз қиығын тастап
үлгерген. Жүрегі зу ете түсті. Ішкі істер министрі шошайтып қолын көтеріп отыр
екен. Еріксізден еріксіз басы изеліп кетті. 

      - Сізге,
құрметті Премьер-министр, біздің азғантай ісімізді елеп-ескеріп, мақтау
айтқаныңыз үшін көп рахмет, - деді Ішкі істер министрі. -Сіздің бұл жылы
сөздеріңізден кейін біз енді дандайсып кетпеуіміз керек. Сіз мақтай беріңіз,
біз естімеген болып өз жұмысымызды адал атқара берейік. Осы уәдем-уәде!

    Премьер-министр
орнынан қалай ұшып тұрғанын өзі де білген жоқ. Жыларман халде бет-аузы жыбыр
қағып, мінбеге қарай жарбаңдап тұра ұмтылды. Мінбеден түсіп келе жатқан Ішкі
істер министрін қағып кетіп, қалпақтай түсіре жаздады.

    - Мен сені мақтағам ж-о-о-қ! - деп айғай
салды ол. - Мен сені оңдырмай сынадым жаңа. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы түк
бітірген жоқсың дедім. Сенімен бірге су түбіне кеткім келмейді менің. Істей
алмасаң, орынды босат дедім, ал! Бір ауыз да мақтау айтқаным жоқ сенің атыңа!
Ендігәрі мені арандатушы болма, рахметің өзіңе!

    «Осымен әңгіме
бітсе екен», - деп тіледі Премьер-министр. Мінбеден                    

түсіп келе жатқан кезінде залға қарамауға тырысты. Орнына
барып отырғаннан кейін көзін тарс жұмып алды. Бірақ Ішкі істер министрінен
бәрібір құтыла алған жоқ. Зал іші сілтідей 
тына қалды да:

    -  Сізге мың да бір рахмет, құрметті
Премьер-министр! - деген таныс дауыс жетті құлағына.  - Сіздің 
мақтауыңыз бізге үлкен жігер, күш-қуат беріп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы күресте сіз бен біздің бір сапта екеніміз анық болды. Рахмет!

    - Қайдағы рахмет?!.

    - Рахмет!..

    Премьер-министр
құлағын баса қойды. Бірақ, сонда да «рахмет, рахмет!» деген дауыс құлағында
жаңғырып тұрып алды. Миы шатасып: «Әлде, бұл «Рахмет»деген менің атым ба екен ?»
- деп ойлады Премьер-министр. «Е, бәсе, «Рахмет» деген менің атым екен ғой.
Шатасып отырған өзім ғой. Рахметпін мен! ...Мен Рахметпін!..» - деп қуана айғай
салды бір кезде.

    Залдағылар не
істерлерін білмей үрпиісіп қалды. Ішкі істер министрі орнынан тұрып, оларға да:

    - Сіздерге де
рахмет! - деп  иіліп тағзым етті.

    ...Осы жиналыстан
кейін «Рахмет» деген біреу орталық базарда ән салып жүр деп естідік. Бірақ,
қолында құжаты жоқ болған соң, оның шын аты кім екенін біле алмадық.