ВЕРНУТЬСЯ

      Оның ең жақын досы әйелі емес еді, баласы да,
бауыры да емес. Ешқашан көңілін қалдырып көрмеген жан қимас жақын досы бар.
Серіктесіп көп жүрген дағдымен екеуі Сарқырамаға барған. Биік қапталда аяғы
тайып кетіп, ернеудегі бір түп көк аршаға табанын тіреп қалды. Досы дастархан
жайған аралықта бұл ұйқтап кетіп, сол көк аршаны түсінде көрді,- тағы да аяғы
тайып кетіп, табанын тіреп қалды. Ояна келсе көк арша бұта-бұта күйінде тас
ошақта бытырлап жанып жатыр екен. Досы ылдым-жылдым шауып әкеле қойыпты. Әлі мың
жыл өмір сүретіндей жас арша көрінді. Қайтар жолда әдейілеп қас қылғандай, тап
сол жерде тағы да аяғы тайып кеткені. Аршаның ағарған түбіртегіне қолы ілікпей,
жарқабақтан төмен сырғып-ақ жөнелді. Құлап бара жатқанында жоғарыда жан дауысы
шыға бажылдаған досы туралы ештеңе ойлап үлгерген жоқ, үйінде панасыз қалған
бала-шағасы ғана жалт етіп көз алдына келгендей болды. Келесі сәтте ол ұзына
бойы бұратыла түсіп, қып-қызыл қына тастардың үстінде жайрап жатты.