ВЕРНУТЬСЯ

       Әлі есімде,
бала күнімізде әкемнің Коля деген тамыры сұқсырдай қатынымен бірге үш аяқты
мотоциклімен үйімізге жиілетіп келе беруші еді.

    Кейін білсем, әкемнің қарамағындағы жерге көкөніс егіп, шөп
шауып алады екен. Түн жарымында өздері де қисалаңдап, әлгі үш аяқты
мотоциклдері де қисалаңдап, құдайдың зорымен әрең кететін. Әкем бір күні
жұмыстан таңға жуық дабырлап келді. Қатты сел жүріп, тоған басын күзетіп, кеш
қалыпты. Қоржынында тоғанда жиналып қалған судан ұстап алған бес-алты балығы
бар.  Жоқ жерден олжалы болып әрі шаршап
тұрған соң, әуелі: «Менің Валям тауықты өйтіп қуырады, балықты бүйтіп
қуырады»,- деп қуырдақ жеген сайын бөсетін тамыры есіне түсіпті. Түн ортасында
егістікке жақын жердегі кішкене ғана қалашықта тұратын Коляны іздеп жетіп
бармай ма содан соң. Мұндай қызықты кім естіген, әкеміз неше жылғы досының үйін
таба алмай, түн ішінде қалашықтың иттерін шулатып-шулатып босқа қайтыпты. «Әй,
бұл Коляның үйіне сонша жылда бір рет те қонақ боп барып көрмептік қой»,-деп
дабырлап жүргені содан екен.