ВЕРНУТЬСЯ

   Үстінен жер мен күннің иісі шығып тұрғандай көрінді. Сөйтсек, біз білмейміз ғой, ол кісі таудағы саяжайында тұрады екен. Иіссу себінген мипаз жазушылардың ішінде тым қарапайым көрінді. Жұқалау өңді, бірақ қағаз сорып тастаған басқалардай бозаң емес. Ептеп тотыққан, күнсіген, бұл жерге адасып келіп қалған біреу сияқты. Сырттай сабырлы көрінгенмен, кеткісі келгендей тықыршығаны байқалды. «Опыр-топыр ортаны ұнатпағаны ма екен?» деп ойлаймын қазір. Сөйтіп әдеби жыл қорытындысына келді де кетті. Көктем мезгілі болатын. Содан қайтып өз басым оны көргемін жоқ. Алайда бір жолы сол ағамызға қатысты дауға іліктім.

  Ол жағдай былай болды. Өтежан Нұрғалиев «Сендер оның алма ағашқа асылып қалғанын неге жасырасыңдар?» деді. Бақсақ, бір баллада жазып, сонысы ішіне сыймағандай болып отыр екен. Балладаны алдық та газетке бастық та жібердік. Ертесіне Баққожа Мұқаи ағамыз телефон шалды, дауысы қатқыл шықты. Мұның алдында біреулермен сөйлесіп, әбден қызынып алғаны аңғарылып тұр. Біраз әңгімелескеннен кейін өзіне өзі келді, өзіне өзі келген соң түсінді. 

  Шын жазушы − жұмбақ. Жан дүниесі телегей адам өз тереңіне өзі бата береді, бата береді. «Біз отарланған елде өмір сүріп жатырмыз, осы жайында Біріккен Ұлттар Ұйымына хат жазуымыз керек», − деген сөз ол заманда қандай көкіректен шығады әйтпесе. Өтежен Нұрғалиевтың да: «Ол осы өлімімен бірдеңе айтқысы келген шығар, ал!» − деп жүргені де жайдан жай ма?! 

  Әлденеден астар іздеп, күмән келтірген Қадыр Мырза Әлиді де оқыдық. «Оны қала сыртындағы саяжайында асылып тұрған жерінде арқаннан суырып алды. Бұл, әрине, жұмбақ жағдай. Бірақ, түсінетін адам үшін жұмбақ түгі де жоқ! Ол кек, Қауіпсіздік комитетінің кегі болатын»,− деп жазады Қадыр Мырза Әли. Не заманда оның ізінде «үш әріп» жүргенін Мұзафар Әлімбаев та жазды жақында. «...Журналдағы жұмысынан кетуіне сыртқы бір күштің ызғары тиді ме екен?»,− депті Мұзағаң. Ал, өмірден кетуіне ше?..  

  Әсілі бойында қарсылықтың белгісі жоқ жазушының оқылуы қиын. Жалғандық пен жасандылық жайлаған орта тас мешел, бірақ. Бұл орта Қажығұмар Шабданұлының есімін қазақтың классик жазушыларының қатарына әлі қоспай келе жатыр. Біздің кейіпкеріміз де ол тізімге бірде қосылса, бірде түсіп қалады. Қасаң тізімді тіпті тәуелсіздік те түзей алатын емес.

  Осы аталған екі жазушының рухында рухани бір көтеріліс жасалмаса, қазақ әдебиетінде бәрібір серпіліс болмасы бүгінде бесенеден белгілі болып қалды. Әдебиеттегі шынайылыққа қол жеткізбесек, өсти-өсти «Өлгендер қайтып келмейдіні» жазған адамға «адасқан ұрпақ» санасынан орын тимей қалуы да бек мүмкін. Кім көрінген кемсінткен қазақ әдебиетінің онсыз да жоғалтқаны аз емес. Ал, жазушының болмысы шып-шырғасы шықпай, шынайы қалпында шығармасына тұтастай көшкен «Өлгендер қайтып келмейді» романынан, сол біз жоғалтқан ...жер мен күннің иісі шығады!

    Ол, түсінсеңіз, өзіміздің «Жүз жылдық жалғыздығымыз»...